Биосфера және оның тұрақтылығы


Мақсаты: Студенттерге биосфера шегінде әлемдік жағдайлардың өзгерісін, биосфераның эволюциясын, ондағы тіршіліктің тұрақтылығын сақтауын, адам–қоғам–биосфера арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіре отыруын, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысынан негіздеп үйрету.

5.1 Биосфераның эволюциясы

Алғаш рет “Биосфера” терминін 1803 жылы Жан Батист Ламарк өзінің «Гидрогеология» туралы еңбегінде Жер бетіндегі тірі заттар қауымдастығын белгілеу үшін қолданды. Кейін термин ұмыт болды. Биосфера – грек тілінен аударғанда «биос» – тіршілік және «сфера» – шар, «тіршілік аймағы» мағынасын білдіреді. 1875 жылы терминді жаңадан айтқан Вена университетінің профессоры, геолог Эдуард Зюсс болды. Биосфера терминін кейін 1914 жылы В. И. Вернадский өзінің Жер қыртысындағы рубидийдің тарихы туралы мақаласында қолданды. 1926 жылы академик В. И. Вернадский өзінің “Биосфера” атты классикалық еңбегін басып шығарды. Биосфера бірден пайда болған жоқ. Ол өте көне заманнан бері қарай күні бүгінге дейін біртіндеп дамып келеді. Биосфераның ертеден бері қарай құралып келе жатқанын дәлелдейтін палеонтологиялық материалдар қарапайым тірі ағзалардың қалдықтары жер қыртысының әрбір қабаттарынан табылады. Осы қабаттарға сүйене отырып, ғалымдар биосфераның негізгі пайда болу жолдарын анықтады. Биосфераның ең бірінші заманы Архей деп аталады. Бұл кезде биосфера қандай жағдайда дамығаны және қандай тірі азғалар болғаны туралы ешқандай деректер жоқ. Протерозой эрасы – биосфераның екінші дәуірі боп есептеледі. Бұл заман 700 млн жыл бойына созылған. Протерозойда тірі ағзаның қарапайым түрлері тіршілік еткен. Олардың сол дәуірде тасқа жабысқан қалдықтары әртүрлі тау жыныстарынан қазіргі кезде де байқалады. Биосфераның Палеозой эрасы немесе ертедегі тіршілік кезеңі. Бұл дәуір шамамен алғанда бұдан 570 млн. жыл бұрын басталып, 300 млн. жылға созылған. Бұл эра кембрий, ордовик, силур, девон, карбон және пермь дәуірлері болып бірнешеге бөлінеді. Кембрий дәуірінде барлық өсімдіктер теңіз суларында өскен. Олар көк жасыл балдырлар болатын. Силур кезеңінде өсімдіктер құрлыққа біртіндеп шыға бастап, дами түсті. Девонның аяқ кезінде бұлардан басқа қырықбуындылар, плаундар және папоротниктер қаулап өсе бастады. Өсімдіктер құрлыққа шыққаннан кейін фотосинтездің ықпалымен атмосфералық ауаның химиялық құрамы өзгеріп, құрлық жануарларының дамуына жағдай туды, өйткені фотосинтез процесі арқылы ауада оттегі көбейе түсті. Тас көмір дәуірі (карбон) жылы және ылғалды болды. Мұның өзі құрлық өсімдіктерінің қаулап өсуіне мүмкіншілік жасады. Әсіресе сәнді орман ағаштарының көлемі үлкен аймақтарды қамтыды. Бұл дәуірдегі өсімдіктер негізінен плаундар, қырықбуындар және папоротниктер болды. Бұлар псилофиттен таралып, тас көмір дәуірінің басында солардың орнын түгелімен басты. Пермь дәуірінің бас кезіндегі өсімдіктерде тас көмір дәуіріндегі өсімдіктерге ұқсас көптеген белгілер болды. Бірақ пермь дәуірінің ортасында жер бетіндегі өсімдіктерге кенет өзгеріс кірді. Ағаш тәрізді плаундар, каламиттер, папоротниктер мүлдем жойылып кетті. Бұлардың орнына жалаңаш тұқымды өсімдіктердің тұқымынан өсіп шыққан қылқандылар, цикада тәрізділер және шикгалар өсе бастады. Мезозой эрасы немесе орта тіршілік кезеңі бұдан 135 млн. жыл бұрын басталып, 115 млн. жылдан астам уақытқа дейін созылған. Үш дәуірге бөледі: триас, юра, бор. Триаста тау құрылу процестері баяуланды. Бұл эраның құрлық өсімдіктері біркелкі болды. Юра дәуірі жылы болды. Теңіз жағалауларындағы ормандарда папоротник, қырықбуындылар, жалаңаш тұқымдылар – гинасомер, қылқан жапырақтылар қаулап өсіп, дами түсті. Мезозой эрасындағы, әсіресе соңғы кезінде – бор дәуірінде, қазіргі флора қалыптасудан бұрын, жер бетіндегі органикалық тіршілікке үлкен өзгеріс енді. Осы кезде теңіз сулары азайып, құрғақ жерлер көбейе бастады. Бор дәуірінің аяғында Шығыс Азия мен Америкадағы Анд аймақтары жоғары көтеріле түсті. Бор дәуірінде климат кенет өзгеріп кеткен. Профессор М. И. Голенкин бұл өзгеріс жерге түсетін күн сәулесінің интенсивті болуымен байланысты деп жорамалдайды. Ауа-райының бір мезгілде кенет өзгеруі өсімдіктер эволюциясында жаңа ароморфоз пайда болуына себеп болды. Мұнда көптеген жаңа прогрессивті белгілер жетілді Мысалы, аналықтың, сондай-ақ қосарлы ұрықтану, гүлдің пайда болуы және т. б. Кайназой эрасы бұдан 70 млн. жыл бұрын басталған. Осы уақыттан бері барлық эралар бойынша қазіргі кезден флораның қалыптасу процесі жүрді. Кайнозой эрасы екі дәуірге бөлінеді. Ол үштік және төрттік кезеңдер. Үштік дәуірде тау құрылу процесі дами түсті. Жер бетіндегі ең биік Альпы-Гималай таулары пайда болды. Осы кезде Қара теңіз бен Жер Орта теңіздері оқшауланып өз алдына бөлініп қалған. Төрттік дәуір жер бетінде тіршілік дамуының ақырғы және ең қысқа дәуірі болып саналады. Ұзақтығы 1 млн. жылдай ғана болды. Бұл дәуірге тән жағдай сол суық кезеңдер және мұз дәуірі жылы ылғалды ауа райымен алмасып отырғаны байқалады. Өйткені өсімдік әлемі мен жер қыртысының даму процесі біркелкі емес. 

Мұздар жер бетін басқан кезде жылулықты сүйетін өсімдіктер оңтүстікке қарай ығысып кетті. Бірте-бірте ауа-райы жылынып, өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдайлар туды. Ең алғаш адамтәріздес тіршілік иесі Африкада бұдан 2,5 млн. жыл бұрын пайда болғанымен, адам от жағып, отты меңгерудің арқасында, тек осыдан 40 мың жыл бұрын ғана табиғаттан бөлініп шықты. (Орасан қалың күл қабаты бар алау сілемінің және жануарлардың күйген сүйектерінің табылуы синантроптардың бұдан 300 млн. жыл бұрын отты сақтауды ғана емес, жағуды да білгенін айғақтайды.) Адам жаратылуының қоғамдық форма ретінде алғашқы өркениеті тек 10 мың жылға жуық бұрын ғана бастапқыда Мысырда, Месопотамияда, Қытайда және Үндістанда пайда болды.Қазіргі есептеулер бойынша биосфера осыдан 3,5-4,5 млрд. жыл бұрын пайда болған. Адам қоғамының дамуы өз кезегінде биосфераның қалыптасуында маңызды қызмет атқарды. Жер биосферасының эволюциясын ғалымдар 3 кезеңге бөледі:

1) Бірінші кезең – тотықсыздану, космостық жағдайларда басталып, Жерде гетеротрофты биосфераның пайда болуымен сипатталады;

2) Екінші кезең – әлсіз тотығу, фотосинтез пайда болды. Аэробты фотосинтез цианобактериялардың тегінен басталып, кейін көк-жасыл балдырлармен жалғасты. Биосинтездің пайда болуы атмосфераның сипатын күрт өзгертті. Оттегінің көп мөлшерде синтезделуі өз кезегінде анаэробты ағзалардың көп түрінің жойылуына және аэробты ағзалардың жаңа түрлерінің пайда болуына себепкер болды;

3) Үшінші кезең – тотығу, фито-автотрофты биосфераның дамуымен сипатталды. Құрлықтарда өсімдік жамылғысының артуына байланысты фотосинтез қарқынды түрде жүріп, оттегінің мөлшері күрт ұлғайды.

Оттегімен тыныс алатын жануарлар пайда бола бастады. Прокариоттар басымдығы эукариоттардың басымдығымен алмасты. Тірліктің құрлыққа ауысуы нәтжесінде салмақтық үлесі де ұлғайды. Биосфераның тұрақтылығы. Биосфера тұрақты тәртіпте жұмыс істейтін күрделі экологиялық жүйе болып есептеледі. Биосфераның тұрақтылығына ағзалардың үш тобының – түзушілердің (автотрофтар), тұтынушылардың (гетеротрофтылардың) және ыдыратушылардың (минералды ағзалық қалдықтар) себепкері болады. Бұл күй «биосфера гомеостазы» деп аталады. Биосфера гемеостазы (биосфера тұрақтылығы) оның эволюцияға бейімділігін жоғалтпайды. Биосфера эволюциясы тарихының үлкен бөлігі мынадай негізгі екі фактор әсерінен жүзеге асты: бірінші фактор – бұл Жер тарихындағы табиғи геологиялық-климаттық өзгерістері; екінші фактор – ағзалар эволюциясы және олардың биосфера құрам бөліктеріне әсері. Тек ондаған, мыңдаған жылдардан соң «үшінші фактор» – адам факторы пайда болды. Бұл фактор биосфераны едәуір өзгертті. Адамның арқасында жасанды суқоймалар, орасан зор ауыл шаруашылық жер келбеті, алып қалалар пайда болды. В. И. Вернадский бойынша биосфера Жер шарының уникалды геологиялық қабықшасы, геохимиялық және энергетикалық ауысымдар тірі ағзалардың белсенділігімен айқындалатын жердің ғаламдық күрделі жүйесі болып табылады. В. И. Вернадский биосферада әр алуан, бірақ геологиялық тығыз байланысқан 7 типті заттарды бөліп қарастырды: тірі зат – Жерде мекендейтін барлық тірі ағзалардың жиынтығы; биогенді зат – тірі ағзалардың тіршілік әрекеті негізінде түзілген геологиялық жыныстар: тас көмір, әктас және т.б.; косты зат – тірі заттың қатысынсыз түзілетін заттар қауымдастығы, мысалы, жанартау атқылағанда түзілетін тау жыныстары; биокосты зат – тірі ағзалардың бірлесе атқарған іс-әрекеттері нәтижесінде түзілетін заттар (топырақ); радиоактивті заттар – өздігінен сәулеленетін және радиактивті сәуле шығару қабілеті бар заттар және олардың изотоптары, мысалы, уран, торий, стронций және т. б.; шашыраңқы атомдар – гелий, сутегі, оттегі атомдары; космостық табиғаты бар заттар – метеориттер мен космостық шаң-тозаң. Биосфераның орташа қалыңдығы 12–17 км–ге тең болса, максималды қалыңдығы 33–36 км–ден аспайды. Бұл шектеулер шартты болып келеді. Биосфераның келешектегі геологиялық кезеңін – ноосфера деп атайды. Ноосфера кезінде адамның саналы іс-әрекеті табиғаттағы басым бағыттаушы күш болып табылады. В. И. Вернадский ноосфера туралы ой-пікірін тек өмірінің соңына қарай қарастырған болатын. Оның ойы бойынша қоғамның табиғат жағдайларын ескере отырып дамуы үшін арнайы құрылымдық ұйымдар мен комиссиялардың құрылуы қажет. В. И. Вернадскийдің «Ғылыми ой – планеталық құбылыс» атты еңбегінде ноосфераны қалыптастыру үшін нақты жағдайлар қатары келтірілген: адам Жердің барлық аудандарында орналасу керек; мемлекеттер арасында ақпараттармен алмасу құралдарын алмастыру; мемлекеттер арасындағы саяси байланыстарды нығайту; адам өзінің геологиялық іс-әрекетін өзге әрекеттерге қарағанда жоғары қою керек; биосфера шектерін кеңейтіп, ғарыштық кеңістікті игеру; энергияның жаңа көздерін ашу; әр дінге және нәсілге жататын адамдардың арасында теңдіктің орнауы; ішкі және сыртқы саяси сұрақтарды шешуде қоғамның маңызының басым болуы; қоғам өмірінде соғыстарды болдырмау; ғылыми ойдың тар шеңберден шығуы; халықтық білім берудің ойластырылған жүйесін қалыптастыру.

5.2 В. И. Вернадскийдің биосфера туралы ілімі

В. И. Вернадскийдің биосфера туралы ілімдеріндегі тірі заттардың концепциясы. Тірі зат – Жерде мекендейтін барлық тірі ағзалардың жиынтығы. В. И. Вернадский тірі заттың, яғни биотаның Жер қабаттарының физикалық және химиялық қасиеттерін түзуде және сақтап тұруда маңызын алғаш айтқан болатын. Барлық тірі заттар жиынтығы өзінің аз массалық үлесіне қарамастан су қабатында және Жер бетінде өтетін барлық физикалық, химиялық процестерде және геологиялық эволюцияларда өте үлкен орын алады. Тірі зат барлық биосфераны қамтып, оның түзілуінде және өзгеруінде маңызды қызмет атқарады. Қазіргі таңдағы есептеулер бойынша жалпы тірі заттардың салмағы 2420 млрд. т. құрайды. Тірі заттың орташа элементарлы құрамы жер қыртысының құрамынан көміртегінің көп мөлшерімен ерекшеленеді. Тірі ағзалар өздерінің дене құрылысына ғана жұмсалатын элементтерді сіңіреді. Тіршілік барысында ағзалар оңай сіңірілетін атомдарды пайдаланып, олардан күрделі жоғары молекулалық қосылыс түзеді.

Биосферадағы тірі ағзалардың қызметі: Энергетикалық қызметі. Биосфераның қалыпты тіршілігі үшін және оның дамуы үшін энергия қажет. Ондай негізгі энергия көзі – Күн. Жасыл өсімдіктер фотосинтез процесі кезінде Күн сәулесін өзіне сіңіріп, мүшелерінде органикалық заттардың қорын жинақтайды. Өсімдіктердегі органикалық заттарды басқа азғалар пайдаланады. Жасыл өсімдіктерде жинақталған энергияның есебінен бүкіл биосферадағы тіршілік қалыпты жүріп отырады. Газдық қызметі. Газдардың тасымалдануы және олардың бір күйден екінші күйге өзгеруі тірі ағзалардың қатысуымен жүреді. Газдық қызмет арқылы биосфераның газдық құрамының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Жер бетіндегі көптеген газдар биогенді жолмен пайда болған. Тірі ағзалардың тіршілігі нәтижесінде оттегі, азот, көмірқышқыл газы, күкіртті сутегі, метан, т.б. газдар тасылмалданады. Жинақтау қызметі. Тірі азғалар коршаған ортадан алған, биогенді элементтерді өз мүшелерінде жинайды. Тірі азғалар құрамында болатын элементтердің қоршаған ортада кездесетін элементтерден едәуір айырмашылығы болады. Тірі ағзалардың құрамында сутек, көміртек, азот, оттегі, натрий, магний, кремний, күкірт, т. б. элементтердің жеңіл атомдары көбірек кездеседі. Мұндай элементтердің тірі ағзаларда жинақталуы қоршаған ортаға қарағанда жүздеген, мыңдаған есе көп болады. Осы арқылы биосфераның химиялық құрамының әр түрлі екендігі байқалады. Тотығу-тотықсыздану қызметі. Тірі азғалар топырақ арасында және гидросферада бұл қызметін үнемі атқарып отырады. Тірі азғалар заттарды тотықтыру арқылы оксидтер түзеді, ал кейбір заттарды (көмірсутек, күкіртті темір, т. б.) қалпына келтіреді. Кейбір ұсақ азғалар пайдалы қазбалар (әктас, боксит, т. б.) түзуге де қатысады. Биохимиялық қызметі. Тірі ағзалардың биохимиялық қызметі қоректенуі, тыныс алуы, көбеюі және (өлген ағзалардың) ыдырауы мен шіруі кезінде байқалады. Бұл кезде элементтер атомдар түрінде бір орыннан екінші орынға ауысады. Кейде адамның іс-әрекетінің нәтижесінде, биосфераға тән емес әрі биосфераға зиянды әсер ететін зат айналымы байқалады. Мысалы, өнеркәсіп орындарынан, көліктерден улы қоспалар бөлініп ауаны ластайды. Ал қышқыл жаңбырдың да табиғатқа зияны мол. Сондықтан да табиғатты мұндай ластанудан корғау шараларына ерекше мән беру қажет.

Жердің компоненттерінің сипаттамасы: литосфера, гидросфера және атмосфера. В. И. Вернадский биосферада негізгі 3 геосфераны бөліп қарастырды: газ қабаты (атмосфера); су қабаты (гидросфера); қатты қабат (литосфера). Жердің газды немесе газтәрізді қабаты – атмосфера басқа аспан денелерінің газ тәрізді қабатынан әлдеқайда ерекшеленіп тұрады. Жер атмосферасы газдар қоспасынан, су буларынан және қатты заттардың ұсақ бөлшектерінен тұрады. Атмосфера негізі – ауа, ол өз кезегінде келесі газдар қоспасынан құралған: азот, оттегі, аргон және көмірқышқыл газы. Литосфера – (гр. «литос» – тас) жер қыртысының жоғарғы қабатын құрайды. Литосфераның құрамына жер қыртысы және жердің жоғарғы мантиясының бөлігі кіреді. Қалыңдығы: құрлықта – 50 км–ден 75 км–ге дейін, мұхит түбінде – 5–10 км. Литосфераның жоғарғы қабатын (2-3 км. тереңдікте) литобиосфера деп атайды. Бұл қабатта анаэробты тіршілік иелері шоғырланған.

Гидросфера – Жердің су қабаты. Ол мұхит, теңіз, көл, өзен суларымен бірге жер асты суларын және мәңгі қар мен мұздық суларын да түгелдей қамтиды.

Биосфераның негізгі қасиеттері. Биосфера – орталықтанған жүйе. Биосфераның орталық буыны тірі ағзалар (тірі заттар) болып табылады (антропоцентризм). Биосфера – ашық жүйе. Биосфераның өмір сүруі сырттан келетін энергиясыз мүмкін емес. Биосфера әрқашан күн сәулесі түседі. Биосфера – өзін-өзі реттелуші жүйе. Бұл жүйеге ұйымдастық гомеостаз тән. Биосфера – көп түрлілікпен сипатталатын жүйе. Көптүрлілік кез-келген экожүйенің және биосфераның тұрақтылығын негізгі шарты. Биосфераның маңызды қасиеті – заттар айналымын қамтамасыз ететін механизмдердің болуы және соларға байланысты жеке химиялық элементтердің және олардың қосылыстарының таусылмастығы. Зат айналымы және олардың адаммен бұзылуы. Заттар айналымы 2 түрге бөлінеді: үлкен немесе геологиялық (құрлық пен мұхит арасында) және кіші немесе биологиялық (экожүйе ішінде). Кіші зат айналым геологиялық зат айналымның бір элементі болып табылады.

Азот айналымы: Азоттың негізгі көзі атмосфера болып табылады. Атмосферадан топыраққа өсімдіктерге (N) нитраттар (NO3) түрінде енеді. Нитраттар азот бекітуші ағзалардың іс-әрекеті нәтижесінде түзіледі. (N) өсімдіктер үшін екінші көзі – органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде, атап айтқанда, ақуыздң ерекше тобы аммоний түзуші – ағзалар. (NH2–>NH3–>NO2–>NO3). Азоттың атмосфераға қайта оралуы денитрификациялаушы-бактериялар іс-әрекеті процесінде жүреді (2NO3–>N2+3O2).

Көміртегі айналымы. Атмосферадағы көміртегі фотосинтез процесі кезінде өсімдіктердің органикалық заттарына еніп, әрі қоректену тізбегіне қатысады. Ағзалардың тыныс алу процесінде көміртегі органикалық заттардан босатылады. Көміртегі негізгі массасы өлі органикалық заттардан редуценттермен (бактериялар, саңырауқұлақтар) бөлінеді. Көміртегінің аз бөлігі В. И. Вернадскийдің айтуынша, заттар айналымынан «геологияға кетеді» торф, көмір, мұнай, су экожүйелеріндегі карбонаттар түрінде. Көміртегі циклінің негізгі бұзылуы геологиялық құрылымдардан бөлінетін заттарға байланысты. Сонымен қатар, өсімдіктер бірлестігінің ауданы мен өнімділігінің өзгеруі нәтижесіне де байланысты. Осы көміртегі бір бөлігі атмосферада көмірқышқыл газы мен метан түрінде жиналып, «булыжай эффектісі» пайда болуына ықпал етеді.

Күкірт айналымы. Күкірт ең күшті және көп таралған ауа ортасының ластаушысының бірі. Күкірт айналымының негізгі бұзылуы органикалық заттарды жағумен, күкіртті рудаларды өндірумен, топырақта күкірт жүйесі циклінің бұзылуымен байланысты. Күкірт бұл кезде атмосфераға улы қосылыс түрінде, диоксит (күкіртті ангидрид) ретінде енеді.

Фосфор айналымы. Фосфор айнымалының газ тәрізді фазасы болмайды. Фосфор ағзаларымен бірнеше рет тұтынылғаннан кейін құрлық пен сулы ортаның тұнба түрінде түбіне кетеді. Фосфордың қайтып оралуы мұхиттың ағзаларымен орнын толтырмайды, яғни құрлықтың қажеттілігін толтыра алмайды. Фосфорды пайдалану тұнбалық циклмен бітетін, біржақты процесс болғандықтан, ағзалар үшін фосфордың жетіспеушілік қауіпі туады. Сондықтан оның адаммен орнын толтыру минералдық тыңайтқыштарды енгізу арқылы жүреді. Фосфордың бір бөлігі құрлыққа мұхиттан теңіз өнімдерімен енеді.

Алғаш рет 1927 жылы «ноосфера» терминін енгізген Сорбеннде геохимиядан оның лекциясын тыңдаған В. И. Вернадскийдің жас замандастары, философ, математик, палеонтолог, антрополог Эдуард Леруа мен палеонтолог, антрополог Пьер Тейяр де Шарден болды. Олар ноосфера деп – табиғат эволюциясының адам санасы пайда болған кезеңдерін түсінген. Ал В. И. Вернадский, адам еңбегіне бағытталған адамның саналық маңызы мен барлық өсуші геологиялық күштері зор болатын биосфераның даму кезеңін  ноосфера деп атады. Ноосфера саналы адамзаттың іс-әрекеттері дамудың негізгі анықтаушы факторы болатын қоғам мен табиғаттың әрекеттесу сферасы. Ол биосфера эволюциясындағы адамның маңызын бағалауға байланысты пайда болған. Ноосфера жөніндегі В. И. Вернадский ілімінің аса бағалылығы, оның тіршіліктің геологиялық, планетарлық процестердегі биосфераның қалыптасуы мен дамуындағы тірі заттың, ағзалардың және планетадағы тірі заттардың алуантүрлілігін анықтауында. Тірі ағзалардың ішінде зор геологиялық күш ретінде адамды ерекше көрсетті. Бұл жер ортасында және жер жанындағы кеңістіктегі («жақын» космос) биогеохимиялық және де басқа процестердің барысына әсер етуге қабілетті күш. Адамның, оның еңбегінің нәтижесінде бұл орта ерекше өзгерді. Ол бүкіл жер тарихының геологиялық тарихы бойынша қалыптасқан, түзілген биосфераның өзгеруіне соқтыратын адамның қажеттіліктері мен түсініктеріне сәйкес өзгертуге қабілетті. В. И. Вернадскийдің пікірінше, ноосфераның қалыптасуы «біздің планетамыздың кездейсоқ құбылысы емес», «еркін сананың қалыптасуы», – деп айтқан. Басқаша айтқанда, ноосфера зат пен энергия алмасуының табиғи процестері қоғаммен бақыланатын адамды қоршайтын орта. Адам «белгілі бір функциясын» атқаратын биосфераның бөлігі болып табылады. Адамзат қоғамның табиғатқа әсері тірі заттардың басқа формаларының әсерлерінен сипаты жөнінен мүлдем өзгеше болды. Тірі ағзалар бұрын өздерінің өсуі, көбеюі, қоректенуі, тыныс алуына қажетті атомдардың тарихына әсер ететін қазір өмірдің өркениетті формасын түзуге және техникаға қажет элементтерге әсер ете отырып, бұл шеңберді адам кеңейтті, нәтижесінде «геохимиялық циклдердің мәңгілік жарысын» өзгертті. Көптеген ғалымдардың пікірінше, ноосфера болашақта Күн жүйесінің ерекше аймағы болады. «Биосфера ерте ме, кеш пе ноосфера жағдайына көшеді. Дамудың белгілі бір кезеңінде адам планета әрі қарай эволюциясына жауапкершілікті алуға міндетті, олай болмаса оның болашағы болмайды», – деп В. И. Вернадский қорытынды жасады. Адамзаттың ғылыми еңбектері биосфераны өзгертетін жаңа фактор болып табылады.

Нәтижесінде биосфера жаңа кезеңге ауысып, жаңа күй ноосфераға көшеді. Жердің жалпы антропогендік дағдарыстары. Қазір күнделікті өмірде біз «экологиялық мәселелер» және «экологиялық дағдарыс» терминдерін жиі қолданамыз. Экологиялық мәселе «тірі жүйе – қоршаған орта» жүйесіндегі тепе-теңдіктің бұзылуынан туатын қарама қайшылық. Экологиялық мәселелер өзекті (планетаның бүкіл биосферасына әсерін тигізеді), аймақтық (нақтылы аймақ) және жергілікті (нақтылы территория, орын) болады. Экологиялық дағдарыс – (гректің krisis – бұрылмалы пункт) кездейсоқ табиғи құбылыстардың әсерінен (су тасқыны, жанартаудың атқылауы, қуаңшылық, өрт, күннің күрт суытуы, жер сілкінісі және т. б.) немесе антропогендік факторлардың әсерінен (қоршаған ортаның ластануы, табиғи экожүйелердің бұзылуы, ормандардың кесілуі және т. б.) экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы нәтижесінде экожүйелерде (мысалы, биосферада) туатын жағдайлар. Экологиялық дағдарыстың кінәлісі адамның шаруашылық іс-әрекеті болғанда, ол антропогендік экологиялық дағдарыс деп аталады.

Бақылау сұрақтары:

1. Биосфераның даму тарихы?

2. В. И. Вернадскийдің биосфера туралы ілімі?

3. Тірі зат және оның ерекшеліктері?

4. Биосферадағы тірі заттардың қызметтері?

5. Ноосфера туралы ілім?

Әдебиеттер [1–5, 8, 17, 19, 21, 25, 27, 34, 42]