Тұрақты дамудың концепциясы мен принціптері


Мақсаты: Студенттерге тұрақты дамудың терминінің пайда болуын, негізгі концепциясын мен принціптерін, тұрақты дамудың факторларын: экологиялық, экономикалық және әлеуметтік, тұрақты дамудың деңгейлерін: локальді, жергілікті, ұлттық, мемлекетаралық және әлемдік (ғаламдық) қарастыру.

6.1 «Тұрақты даму» терминінің пайда болуы, тұрақты дамудың факторлары, бағдарламалары мен принціптері. Тұрақты дамудың деңгейлері

«Тұрақты даму» термині алғашында табиғатты пайдалануда, яғни балық және орман шаруашылығында Канадада 1960-шы жылдары пайдаланылды. Бұл терминді су қоймаларында ондаған жылдар бойы өнім бере алатын балық қорын максималды деңгейде аулауда пайдаланды. 1970 жылдардың ортасына қарай бұл терминді алмастырып, мағынасына өзгеше сипат енгізді. Табиғат қорын (балық ресурсын) оның таусылу шегін және орнын қайта толықтыра алу қабілетін ескере отырып пайдалануы, қолданысқа енгізу болып табылды. Табиғатқа деген оптималды көзқарастың қалыптасуымен ұласты. 1981 жылдан бастап Л. Браун sustainable development терминін экологиямен байланыстыра отырып, оның аясынан шығып адамның өзге іс-әрекеттерінде пайдалануды алғаш ұсынды (қалалар дамуы, ауыл шаруашылығы, өндіріс, экономика және т.б.). Қазіргі кезең адамның ерекше биосфералық қызметі – биосфераны қорғау мен сақтап қалу қызметімен анықталып отыр. Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін адам ретсіз дамудан тиімді, реттелген, табиғат пен қоғамның даму заңдарына негізделген дамуға өтуі тиіс. Тек осы кезде ғана адамзат қоғамының дамуы үздіксіз, ұзақ уақыттық, бірқалыпты жағдайда, табиғи және әлеуметтік дағдарыссыз дамиды. Мұндай дамуды – тұрақты даму деп атайды. Бірақ бұл үшін адамдардың сана-сезімі, олардың мақсаты мен адамгершілік бағыттылығы өзгеруі тиіс. Тұрақты даму дегеніміз – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, келесі ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтындай даму болып табылады. БҰҰ анықтамасы бойынша, тұрақты даму дегеніміз – экономиканың дамуы барысында қазіргі қоғам мүшелерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету процесі. Тұрақты даму дегеніміз – экономиканың даму қарқындылығы деген сөз емес, ол табиғат ресурстарды бұрынғыша шексіз өндіріп, шексіз пайдалана бермей, біздің қоршаған табиғи ортаға ұқыптап қарап, байлықтарын ысырапсыз, халықтардың әл-ауқат деңгейін жоғарылату бағытында жаңа технологияларды қолдану арқылы дамуы деген сөз. Рим клубы адамзат болашағы мәселесі мазалаған қоғам қайраткерлері мен әр түрлі саладағы ғалымдарды біріктірген үкіметтік емес ұйым болып табылады. Бұл ұйым 1968 ж. Италияның қоғам қайраткері Аурелио Печчейдің бастауымен құрылған. Клубтың алғашқы президенті – А. Печчей, ал қазіргі президенті – А. Кинг. 1972 жылдың соңында Д. Н. Медоуз, Д. Л. Медоуз, Л. Кондер және В. Беренс “Өсу шегі” атты кітап жазып, Рим клубына тапсырады. Бұл кітап Дүниежүзі шаруашылығын ұйымдастырудың екінші үлгісі болып табылады. Дүниежүзін он аймаққа бөліп: 5 өркениет, 5 артта қалған елдер аймағына бөліп қарастырған. 70–ші жылдардың жаңа көрсеткіштерін салып, өркениет елдер мен артта қалған елдер арасындағы алшақтықты азайтып, азық-түлік және энергетика тапшылығын шешу жолдарын ұсынды. Қоршаған орта туралы БҰҰ-ның бірінші конференциясының декларациясы (Стокгольм, 1972 ж.). БҰҰ-ның адамды қоршаған орта мәселелері бойынша алғашқы конференциясы Стокгольм қаласында 1972 ж. өтті. Бұл конференция барысында маңызды 3 халықаралық бағдарламалар, 7 үкім және 26 принцип қабылданды. Бағдарламалар: M&B – Адам және Биосфера, GKP – Бүкіләлемдік климатық бағдарлама, GBGP – Бүкіләлемдік биосфера-геосфералық бағдарлама. Конференция декларациясында басты назар қазіргі қоғамның барлық шаруашылық, өндірістік, ғылыми-техникалық бағыттарын экологияландыру мәселесіне ауысқан болатын. 7 үкімді тоқталып айтқанда, бұл сатыға шығу үшін адам өзінің биосфераның қорын тек пайдаланушы ретіндегі маңызын сол ресурстарды қайта қалпына келтіруші негізгі күш немесе механизм маңызына алмастыру керек. Конференцияның 1-ші принципі: Адам тек қана таза ауа, таза қоршаған ортаға және берекелі өмірге құқылы ғана емес, сонымен қатар, сол ортаны қайта қалпына келтіруге, бұзбауға міндетті.

Рио-де-Жанейродағы (1992 ж.) және Йоханнесбургтегі (2002 ж.) бүкіләлемдік саммиттер. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау мен дамыту мәселелеріне арналған екінші конференциясы мемлекет және үкімет басшыларының қатысуымен 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өтті. Бұл маңызды конференцияда 114 елдің басшысы мен 178 елдің дипломаттары, 1600 мемлекеттік емес бірлестіктердің өкілдері болды. Осы конференцияда қоршаған ортаның мәселелері мен дамуын бір-бірінен бөліп қарауға болмайтыны атап көрсетілді, елдің экологиялық, кедейлік және даму деңгейінің бір-бірімен байланыстылығы айтылды, сол сияқты әлемдік қоғамдастықтың ХХІ ғасырда тұрақты түрде даму жолына түсу керектігіне шешім қабылданды. «Тұрақты даму» дегенде қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму деп түсіну керек. «Біз ата-бабаларымыздың Жерін мұраға алған жоқпыз. Біз оны өзіміздің балаларымыздан қарызға алдық» (БҰҰ материалынан). Конференцияда 6 бағдарламалар, 27 принциптер қабылданды. Бағдарламалар:  Қоршаған орта мен оның дамуы туралы Рио-Де-Жанейро декларациясы; ХХІ ғасыр күн тәртібі; Орманның барлық түрінің тұрақты дамуы, басқарылу мен сақталу принциптері туралы өтініш; Климаттың өзгеру мәселелерінің Рамалық Конвенциясы; Биоалуантүрлілік бойынша Конвенция; Тұрақты даму концепциясы. «ХХІ ғасырдың күн тәртібі» атты ауқымды бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламада шешілуі болашақта тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жалпы мәселелер қарастырылған. Тұрақты даму стратегиясының принциптері:

а) саяси құқықтық-демократиялық құндылықтар, парасатты заңдар мен салықтар, әлеуметтік әділеттілік;

ә) экономикалық меншік түрлерінің дұрыс үйлесімділігі, тауар өндірушілер мен сатушылардың еркін бәсекелестігі, материалдық және мәдени құндылықтардың жеткілікті болуы;

б) экологиялық – табиғат пен қоғамның қатар үйлесімді дамуын, азаматтардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи ресурстар өндіру, пайдаланудың жаңа инновациялық технологияларын ендіру, табиғат қорғаудың әкімшілік, экономикалық, құқықтық негіздерін жетілдіру;

в) әлеуметтік – аштық пен кедейшілікті жою, мектепке дейінгі тәрбие, орта, кәсіптік білім беру жүйелерін дамыту, қарттарға, мүгедектерге қамқорлық;

г) халықаралық – бейбітшілік үшін күрес, дүниежүзілік қауымдастықта халықаралық құқықтық демократия принциптері негізінде қызмет етуге ат салысу;

д) ақпараттық – ғылым мен техниканың жоғары даму жетістіктерін халық ағарту және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату және халық шаруашылығының барлық салалары мен мәдениетті ақпараттандыру, жаңа инновациялық технологияларды қолдануды кеңейту, дамыту;

е) глобальды ойлап – локальды әрекет ету;

ж) техногенді әсерлердің күшеюі мен адам денсаулығының қоршаған орта жағдайына тәуелділігінің артуына байланысты экологиялық болжаулардың дәлдігін жоғарылату принципі;

з) экономикалық даму мақсаттарына бағытталған іс-шараларды алдыңғы кезекте жүзеге асыру принципі.

2002 жылы Йоханнесбургте (Оңтүстік Африка) өткен тұрақты даму бойынша жоғарғы деңгейдегі Дүниежүзілік кездесудің Декларациясы мен шешімдерін орындау жоспарында қайта білім берудің негізгі факторларының бірі ретінде білім беру жүйесінің барлық тұрақты дамыту тұжырымдамасын енгізу қажеттігі атап көрсетілді. Бұл жоғарғы деңгейдегі кездесу қызығушылық танытқан жақтардың үлкен тобын ұйымдастырды. 22 мыңнан астам қатысушы болды, соның ішінде 100-ден астам мемлекет басшылар, 8000-нан астам ҮЕҰ-ң (үкіметтік емес ұйымдар) белсенділері, бизнесмендер, 4000-нан астам БАҚ қызметкерлері есептелді. Мемлекет-жақтастар Тұрақты даму бойынша Йоханнесбург декларациясын және шешімдердің орындалу жоспарын талқылап, қабылдады. Бұл кездесу тұрақты дамудың халықаралық күн тәртібіндегі маңызды сұрағы екенін тағы бір дәлелдеді. Тұрақты даму концепциясы құжатына толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, жаңа әлемнің сипатына сай жасалды.

Европалық қалалардың тұрақты дамуының хартиясы (Дания, Ольборг қаласы, 1994 ж.). Қала тұрғысында даму тұрақты даму принциптерін іске асырудың орталықтары ретіндегі қалалардың маңыздылығы 1994 жылы Альборгте өткен Ірі және кіші қалалардың тұрақты дамуы бойынша Еуропалық конференцияда атап өтілді, онда «Тұрақты даму үшін Еуропа қалаларының Хартиясы (Аальборг хартиясы)» қабылданды. Бұл құжатта «әрбір қала басқа қалаға ұқсас емес болғандықтан, біз бәріміз тұрақты дамуға апаратын өз жолымызды табуымыз керек. Жергілікті саясаттың барлық бағыттарында тұрақтылықтың принциптеріне негізделген жөн және әрбір нақты қаланың күшті жақтарына сүйене отырып жергілікті тұрақты даму стратегияларын әзірлеу керек» деген. 1994 ж. Маусым айында өткізілген екінші «Қалалар және тұрақты даму» мәселесі бойынша әлемдік саммитте (Манчестер, Ұлыбритания) көлік, кедейшілікті жеңу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қаржы және ресурстарды бөлу міндеттерімен байланысты қалалардың тұрақты даму бағыттары талқыланды. Әлем қауымдастығының берілген мәселелеге назар аударуының нәтижесі БҰҰ елді мекендер орталығы қолдайтын «Қалалардың тұрақты дамуы» арнайы бағдарламасының пайда болуы болып табылады. Бұл бағдарламада әлемнің 80 астам елдері қатысады. БҰҰ анықтамасы бойынша «тұрақты қала, онда қоғамдық, экономикалық және физикалық дамудағы жетістіктер тұрақты болып табылады. Тұрақты қала, тұрақты дамуы тәуелді болатын табиғи қазбалармен тұрақты қамтамасыз етілген. Тұрақты қала тұрғындарының қауіпсіздігін, соның ішінде табиғи апаттардан да ұзақ мерзім бойында сақтайды». Басқа сөздермен айтқанда, қаланың тұрақты дамуы, оның халқының қауіпсіздігін және жоғарғы өмір сапасын қамтамасыз етеді. Тұрақты даму стратегиясы аясында қалалық деңгейде әртүрі қызмет салаларындағы мәселелер шешіледі. Тұрақты даму бағдарымен жүріп келе жатқан әлемнің барлық қалаларында онда миссиясы, орта немесе ұзақ мерзімді перспективаға анықталатын қаланың тіршілігінің барлық негізгі салаларын дамытудың жалпы тұжырымдамасы айқындалатын стратегияларды (стратегиялық жоспарларды) әзірлеу тәжірибесі қабылданған. Мұнымен бірге, қаланың жалпы жағдайының ерекшелігі ескеріледі. Тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялары бар қалалардың мысалдары: «Оттава – 2020» Өсуді басқару стратегиясы; Канберра – 30 жылға арналған қаланы дамыту жоспары, үш өзара байланысты бөлімдерден тұрады – Әлеуметтік жоспар, Аумақтық жоспар және Экономикалық даму жоспары; 2006 жылға дейінгі Праганы дамытудың стратегиялық жоспары; Мельбурнды 2030 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспары; Софияның 2010 жылға дейінгі даму стратегиясы.

Тұрақты даму факторлары: экологиялық (өркениет дамитын коридор шегі), экономикалық (нарықтық жүйенің өзгеруі), әлеуметтік (ауыл шаруашылық саласы, адам құқығы, демография). Әлеуметтік даму – бұл дамуда табиғат ресурстарын пайдалану адамзаттың теңдігі мен әлеуметтік шындықты, әділеттілікті жүзеге асыруға бағыттайтын болу керек. Экономикалық даму – қазіргі кезде қалыптасқан адам капиталы (ақпараттық, мәдени капиталы) материалды капитал және табиғи капиталды сақтап қалу. Мұнда материалды капиталды барынша қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына бағыттау. БҰҰ-ның 1992 жылы өткізген Рио-де-Жанейродағы конференциясында тұрақты дамудың бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаның негізінде қоршаған орта, оның ресурстары мен планета адамзатының саны мен экономикасы арасында балансты жағдайды қалыптастыру жатыр. Осы бағдарламалық ақпарат бірнеше деңгейде атқарылуы тиіс: жергілікті, ұлттық, мемлекеттік, аймақтық, халықаралық, ғаламдық.

Тұрақты дамудың негізгі принциптері: жердегі барлық тірлік иелеріне құрметпен және қамқорлықпен қарау, өмір сапасын арттыру, экожүйелер алуантүрлілігін сақтау, экожүйе сыйымдылығы шегінде даму, адам іс-әрекеті стереотиптерінің өзгеруі, қалпына келмейтін ресурстарды тиімсіз пайдаланудың алдын алу; әлеуметтік-экономикалық даму және қоршаған ортаны қорғау интеграциясын қарастыратын ұлттық концепциялар құрастыру.

Әр деңгейдегі тұрақты дамудың мүмкіндігін айқындайтын факторлар: тұрақты дамуды қамтамасыз етеін халықаралық қызметтестік, тұрақты даму теориясын ғылыми негіздеуде халықаралық ұйымдардың атқарар қызметі, тұрақты дамудың бір аспектісі ретінде табиғат ресурстарын тиімді пайдалану. Табиғи ресурстар – қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процестерінде пайдаланылатын құрамдас бөліктері. Адамзат әр уақытта табиғатқа бағынышты болып, оның ресурстарын өз қажеттілігіне жұмсап келген. Сонымен бірге адамдарда үнемі табиғатты “бағындыру” арманы болған. Қалай болғанда да адамның табиғатқа, табиғи ортаға деген көзқарасы болашақ ұрпақ мүддесі үшін тиімділілікті, саналылықты керек ететін көзқараспен ұштаса жүруі қажет. Табиғат ресурстарының классификациясын Ресей геологы Протасов 1985 жылы табиғат ресурстарын шығу көзіне, өндірісте пайдаланылуына, сарқылу деңгейіне байланысты жіктеп берді. Олар: биологиялық ресурстар (биосфераның барлық тірі компоненттері, өсімдік және жануарлар әлемі), минералды ресурстар (қолдануға жарамды литосфераның заттық құраушы бөлігі, шаруашылықта минералды шикізат немесе отын көзі ретінде пайдаланылады. Егер шикізат отын түрінде (көмір, мұнай, газ, ағаш, атом энергиясы), сонымен қатар, двигательдерде энергия көзі түрінде пайдаланылса, онда оны отын – энергетикалық ресурс деп атайды), энергетикалық ресурс (күн, космос, атомды-энергетикалық, отын-энергетикалық, термальды энергия және энергияның т.б. көздерінің жиынтығын атайды).

Табиғатты қорғау аспектілері:

а) қоршаған ортаны ластауға қойылған лимиттер (шектеулер) – ластағыш затардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемінің, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсері деңгейлерінің қолайлы қоршаған орта сақталатын шектері;

ә) шығарылудың, тасталудың үлес нормативі өнімнің, қуаттың, көлік немесе өзге де жүріп-тұру құралдарының бірлігіне шаққанда атмосфераға, су объектілеріне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, тастаудың ең көп массасының нормативі. Ол технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы және тұрақты көздері үшін белгіленеді;

б) өндіріс қалдықтары өнімдерді шығару, өзге технологиялық жұмыстарды орындау кезінде пайда болған және техногендік минералдық түзілімдер мен ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтарын қоса алғанда, тиісті өндірісте қолдануға қажетті бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе біраз жоғалтқан шикізаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары;

в) коммуналдық-тұрмыстық қалдықтар адамның тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болған қалдықтар;

г) қалдықтардың түрі ортақ химиялық, физикалық, биологиялық белгілері бар қалдықтардың жиынтығы;

ғ) қалдықтардың қауіптілік сыныбы адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсер ету дәрежесі бойынша анықталатын қалдықтардың зияндылық көрсеткіші;

д) қалдықтарды орналастыру объектісі полигондар, күл-қоқыс сақтау орындары, қалдық сақтау орындары, кен жыныстарының үйінділері мен қалдықтарды сақтауға және көмуге арналған басқа да арнайы жабдықталған орындар;

е) қалдықтардың паспорты қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасын куәландыратын құжат.

Табиғатты тиімді пайдаланудың теориялық негізі ретінде қоршаған ортаны оптимизациялау.

6.2 Киото хаттамасы

Киото хаттамасы – жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге арналған, 1997 жылы Жапонияның Киото қаласында қабылданған халықаралық құжат. Киото хаттамасы – халықаралық деңгейде экологиялық мәселемен бірлесе күресуге бағытталған тұңғыш құжат. 1980 жылы әлемдік қоғамдастықтың назары ғаламдық жылыну мәселесіне ауды. Атмосфераның ластануы, жыл сайын ауа температурасының көтерілуі полюстердегі мәңгілік мұздардың еруіне алып келіп, соның салдарынан мұхит суларының деңгейі көтеріліп, жағалау бойында орналасқан ірі қалалар, елді мекендер су астында қалады деген қауіп айтыла бастады. Бұл алдымен адамның табиғатқа тигізіп жүрген залалын ойлан бастан жасаған шаруашылық қызметінің салдары, көмірқышқыл газы мен метанның ауаға шамадан тыс бөлінуінің әсері деген ғалымдар пайымдауы біраз жайды аңғартты. Шынында да, жыл сайын әуеге көтерілген метан мен көмірқышқыл газы жерді қатты қызып кетуден сақтайтын инфракүлгін сәулелерді жұтып, планета температурасының көтерілуіне алып келді. Әсіресе, жылу, жарық беретін станциялардан, қаладағы кәсіпорындардан бөлінген көмірқышқыл газы атмосфералық қабатқа өтетін газдың 1/3 бөлігін құрайды. Планетадағы жасыл алқапты ормандар бұл газдың біраз бөлігін қажетіне жаратқанымен, барлығын жұтуға шамасы жетпейтін болды. Зиянды газдардың ауаны былайша ластауы Солтүстік Америка мен Еуропаның дамыған елдерінде және Қиыр Шығыстың индустриясының дамуын қарқын алған елдерінде көбірек орын алуда. Осындай атмосферадағы антропогендік өзгерістердің Жер шарының жылыну мәселесіне алып келетіндігін ресми мойындау 1980-жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында БҰҰ Климат өзгеруін зерттейтін үкіметаралық сараптау тобының баяндамаларынан бастау алады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Жаһандық орнықты даму саммитінде антропогендік өзгерістерге ұшырамау үшін ауаға бөлінетін газдың мөлшерін тұрақтандыру, климаттық балансты сақтау міндеті қойылды. Бұл конвенцияға 186 ел қосылатындығын білдіріп, ол 1994 жылдан бастап күшіне енді. Мұхит сулары терең қабаттардағы мұздай сумен араласуынан Жер шарының оңтүстігінде олардың жылыну деңгейі төмен, ал солтүстіктегі құрлықта жылыну жоғары. Спутник арқылы жүргізілген зерттеулер 1960 жылдан бері екі полюстегі мұз қабаттарының аумағы 10 пайызға азайғандығын көрсеткен. Әсіресе, Солтүстік жартышарда оның аумағы 15 пайызға дейін кеміп, мұздың қалыңдығы 40 пайызға жұқарған. Гренландия мен Арктика мұздарының жылдамдықпен еруі зардабының дәмін алғашқы болып солтүстіктің ақ аюлары татып жатса керек. Бұл орайда, Вашингтон университетінің ғалымдары Игнатиус Ригор мен Джо Валластың соңғы 25 жылдың ішінде жүргізген зерттеулері де көңіл аударарлықтай. Мұз көлемінің азаюы мен жұқаруының Солтүстік мұзды мұхитындағы ағыстар мен Арктикаға ғана емес, Солтүстік Атлантикаға да әсері бар. Ғалымдар арада 30-40 жыл өткенде Солтүстік мұзды мұхитының жылдың жылы мезгілдерінде толығымен мұз құрсауынан босайтынын алға тартады. Әлемнің ең биік мұз шыңы Гималай тауларының да мұздақтарына еру қаупі төнген. Егер дәл бүгінгі қарқынмен ол әрі қарай жүре берсе, онда 2060 жылдары мұздақтардың үштен екісі, ал 2100 жылдары барлығы еріп кетеді. Экожүйедегі ауытқулардың фауна мен флораға әсері де айтарлықтай. Жыл құстары ерте келіп, кеш кетуді бастаса, өсімдіктердің 30-40 пайызына ортасының өзгеруіне байланысты жойылып кету қаупі туған. Өйткені, жүздеген, мыңдаған жылдар бойына қалыптасқан тіршілік ырғағының ауысуына тез арада ілесе алмау жер бетіндегі түрлердің жұтаңдануына алып келмек. Ауа температурасы 1 градусқа жылыған күнде ормандардың да басына қауіп төнеді екен. Орман жүйесі болса көміртегінің 80 пайызын табиғи сіңіруші, ал орман ағаштары типтерінің ауысуы орасан мол мөлшерде көміртегін бөлу арқылы жүреді. Климаттың антропогенді өзгеруінің салдары көлік және басқа да инфрақұрылымдарға да орасан зор зиянын тигізбек. Бұл жаһандық тұрғыда алға шығатын экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелердің қаншалықты күрделі болатындығын бүгінгі күннің өзінде ұғындырса керек. Ал эмиссия көлемі жөнінен ТМД мемлекеттері ішінде Ресей мен Украинадан кейін тұрған біздің еліміз үшін ол әсер жоқ десек, шындықты бұрмалағанымыз болып шығар еді. Киото хаттамасының экономикалық негіздемесінің басты тіні етіп англо-америкалық экономист Рональд Коуздың экономикалық жеке меншік құқық теориясы алынған. Коуз теориясына дейін қоршаған ортаның ластануын зерттеушілер онымен күресте мемлекет өндіріс қалдықтарындағы зиянды заттар концентрациясының ең жоғары нормасын және ауаға шығарылатын зиянды заттардың ең жоғары нормасын анықтап, одан асып кеткенде нормативті бұзғаны үшін айыппұл салып, жауапқа тартып отыру қажет деп келді. Ал Коуз және оны жақтаушылар жоғарыда көрсетілген шаралардың жетімсіз болатындығын алға тартты. Олар бекітілген нормадан ауытқымаса да қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорынның ешкімге жауап бермейтінін, әрі жоғарыдағы нормалар барлық кәсіпорындар үшін бірдей алынғандығын көлденең тарта отырып, мұндай үдерістен пайда жоқ деп санайды. Сондықтан, реттеу шығарылған өнім қоғамға қаншалықты қажет деген критериймен өлшенуі керек дейді. Сол себептен, Коуз дау тудырушы нысан ретінде кәсіпорынның өзін емес, қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорынды пайдалану құқығын қарастырады. Мұндай құқық кәсіпорынның кімге тиесілі екеніне қарамастан, келісім мен сату және сатып алу нысанына айналады. Коуз идеясы бойынша, бұл құқық сату-сатып алу актілерін жасау арқылы түптің-түбінде нысанды тиімді пайдаланатынның қолына өтеді. Коуз көзқарасы қоршаған ортаны ластаумен күрестегі ұстанымдарды түбегейлі өзгертті. Енді, мемлекет зиянды қалдықтар шығуының нормативін жасаумен шұғылданбайды, тек зиянды заттар шығуының ең жоғары көлемін хаттама негізінде белгілейді, сол көлемде ластауға лицензия беріп, оны аукцион арқылы ең көп ақша төлегеніне сатады. Кейін лицензияға сәйкестік қана қадағаланып отырады. Сонда зиянды қалдықтар мен зиянды заттар концентрациясын бөлу ақылы болып, мемлекеттік аукциондарда лицензияны сатып алушы фирма оны басқаларға өсіріп сатуға да мүмкіндік алады. Осылайша кейбір дамыған елдер атмосфераға зиянды заттар бөлудің ұлттық рыноктарын құра бастады. Егер мемлекет өзіне тиесілі квотаны толық жұмсамайтын болса, онда өзінен артылған бөлігін өзге елге сата алады. Бұл ретте көршіміз Ресей өзінің квотасын толық көлемде жұмсай алмай отыр. Ал біздің елде квотаның мұрты да бұзылмайтындай шамада. Хаттаманың тағы бір маңызы дамыған елдер мен өтпелі экономикадағы елдер булы газдардың атмосфераға шығарылуын азайтуды бірігіп атқаратын мүмкіндігі бар. Мәселен, бір елдің атмосфераны ластау деңгейі төмен де, енді біреуінікі жоғары. Төмен деңгей көрсеткен ел атмосфераға газ шығарудан өзі жинаған бірліктерін жаңағы мұқтаж елге беріп, пайдасын көреді. Киото хаттамасына енудің экономикалық жағынан тиімділігін ұққан Ресей хаттаманы ратификациялады және өз экономикасына жылына 4-6 млрд. доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартуды көздеп отыр. Алайда, атмосфераға зиянды заттарды бөлудің алдыңғы легіндегі, барлық зиянды шығарындының 36,1 пайызын алып отырған АҚШ асығар емес. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдің хаттаманы ратификацияламауының ресми себебі – Қытай, Үндістан тәрізді ауа ластауда әжептәуір “үлестері” бар дамушы елдердің осы халықаралық құжатты ратификацияламауы. Бұл, екінші жағынан АҚШ-қа тиімді.

Қазақстан Киото хаттамасының тетіктері арқылы энергия үнемдеуге байланысты үлкен инвестиция тартуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, экономиканың шикізаттық бағыттылығы нысаналы түрде, біртіндеп жоғары технологиялық өндіріс үдерістеріне өзгеретін болады. Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Киото хаттамасының тетіктерін пайдаланса, инвестициялық жобалар бірнеше есе арзанға түспек. Сондай-ақ елімізде осы жолда озық технологиялар негізінде құрал-жабдықтарды жаңартып, өнім сапасын жоғарылатуға және әлемдік нарықта отандық өнеркәсіптің бәсекелестігін арттыруға болады деген пікірді жақтаушылар көбейді.

Бақылау сұрақтары:

1. «Тұрақты даму» терминінің пайда болу тарихы?

2. «Рим клубы» атқаратын негізгі шаралары?

3. «Тұрақты даму» принціптері?

4. Тұрақты дамудың факторларына сипаттама беріңіз?

Әдебиеттер [4, 7, 9, 12, 16, 19, 22, 26, 27, 32, 37, 43]