Қазақстан Республикасының тұрақты даму жолындағы қазіргі кезіндегі өзекті экологиялық мәселелері


Мақсаты: Қазақстан Республикасының тұрақты даму жолындағы қазіргі кезіндегі өзекті экологиялық мәселелерімен таныстыру.

13.1 Арал маңының әлеуметтік-экологиялық мәселелері

Арал теңізі ірі экологиялық апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066 км2, тереңдігі – 30–60 м., тұздылығы – 10–12 % болған. 1966 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдан Өзбекстан мен Тәжікстан 1,5 есеге, Түрікменстанда 2,4 есеге, Қазақстанда 1,7 есеге өсті, ал Амудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987 жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай 1970–1980 жылдар аралығында аралға құйылатын су мөлшері азайды. Оның негізгі себептері – антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқынды дамыды (Шардара). Аралға 1960–1965 жылдар арасында 44 мың м3 су құйылса, 1990 жылдары екі есеге қысқарды. Нәтижесінде, Арал теңізінің деңгейі 23 м-ге дейін төмендеп, оның су айдыны 30-200 км-ге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40 %-ға дейін артты. Арал апатына себеп болған факторларға: жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу; ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау; суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу; жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдалнбау; табиғат ресурстарын пайдаланудағы жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады. Арал теңізін құтқару жөнінде бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар. Олар: Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту, Арал теңізін жартылай сақтап қалу, Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу, Жер асты суларын пайдалану, Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуын күту.

13.2 Семей ядролық полигоны

Адамзат үшін ядролық сынақтардың салдары. ҚР территориясындағы Семей және басқа да полигондар болып саналады. Семей ядролық сынақ полигонының жалпы сипаттамасы: Полигон ауданы – 18 500 км2, құрылу мерзімі – 21.08.1947  ж., жабылу мерзімі – 29.08.91 ж., 1-ші сынақ – 29.08.1949 ж., соңғы сынақ – 19.10.1989 ж. Негізгі алаңдары: Дегелен, Балапан (сары өзен), тәжірибелі алаң. Атом көлі. 1965 жылы 15 қаңтарда жер асты сынақтан кейін пайда болды. Тереңдігі – 8 м., ауданы – 500 м2., су көлемі – 10 млн3. Азғыр полигоны. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Азғыр ауылынан 10 км. қашықтықта орналасқан. Сынақтар саны – 17. Сынақтарды өткізу мерзімі – 1966–1979 ж. ж. 10 сынақ алаңы бар. Лира полигоны. БҚО (Орал), Ақсай ауданынан 30 км қашықтықта орналасқан. Сынақтар саны – 6. Сынақтарды өткізу мерзімі – 1982-1984 ж. ж.

Невада-Семей антиядролық қозғалысы. Невада-Семей ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыс – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жылы 26 ақпанда құрылып, қазан айында ресми тіркелді. Оның ұйымдастырушысы белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов болды. Республика халқынан кеңінен қолдау тапқан қозғалыс ядролық жарылыстарға қарсылық білдіріп, әлемдегі ядролық қауіпті жоюды мақсат етті, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарды тоқтатуға қол жеткізді. Қазақстанның көптеген қалалары мен аймақтарында, сондай-ақ Ресей, АҚШ, Италия, Жапония, Түркия, т.б. елдерде ұйымның бөлімшелері құрылған. Қозғалыстың белсенді қызметінің арқасында БҰҰ БА-ның 53-сессиясы “Қазақстандағы Семей өңірі адамдары денсаулығы мен экологиясын сауықтыру және экономикасын дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық пен іс-қимылды үйлестіру” қарарын қабылдады.

13.3 Каспий теңізінің экологиялық мәселесі

Каспий теңізінің алып жатқан географиялық орнына байланысты (шөл зонасы) еліміздің шаруашылық саласында атқаратын маңызы өте зор. Сонымен қатар сол маңдағы шөлді алапқа ылғал әкелуші су айдыны ретінде де үлкен маңызы бар. Солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнай кәсіпшілігінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын нашарлатты. Соңғы жылдары бұл аймақ мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл аймақ табиғи апат жағдайына ұшырады. Табиғи қорларын игеруде де, бұл аудандағы табиғат компоненттерінің өзгеруіне байланысты мынадай мәселелер туындауда:

- экологиялық апатты аймаққа жататындықтан, негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты тұрғын халықтардың денсаулығының күрт нашарлауы;

- мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты тіршілік дүниесінің өзгеруі, балықтардың (бекіре) қырылуы, уылдырық шашатын көксерке балықтарының кеміп кетуі;

- осы теңізге ғана тән (эндемикалық) итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы.

Адамзат өзінің өмірлік қажеттілігін қоршаған ортадан алады. Бұл үлес қазір артып келеді. Бүгінде қоғам қажеттілігінің 80%-ы табиғи қорлардан алынады. Осы қарқын алдағы уақытта да сақталса, мұның арты табиғи ортаның азуына, яғни деградацияға апарып соқтырады. Бұл – табиғаты күрделі аймақта орналасқан Атырау облысы үшін үлкен қауіп. Күн тәртібінде Каспий теңізінің су алып, су басып кеткен аймақтарындағы ұңғымаларды жою мәселесі тұр. Ұңғымаларды жою жөнінде шұғыл шаралар Каспий теңізінің акваториясы үшін жағымсыз салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін. Аймақта үш басты экологиялық мәселесін атап өтуге болады:

1) Қошқар-ата қалдық сақтау қоймасының мәселесі, онда 105 млн. тонна улы және радиоктивті қалдықтар сақталады. СКЗ және ХГМЗ зауыттарының толық тоқтап тұруына байланысты 1988 жылдан бастап ағынды сулар ағызылып жіберілмейді. Сұйық фазаның деңгейі төмендеуде. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 77 км. жер тазартылып, көлемі 30 км. жағажайлар пайда болды. Қалдық сақтау қоймасы жөніндегі мәселелерді шешу үшін миллиондаған қаражат қажет.

2) БН-350 реакторлық зауытының істен шығуы, оны радиациялық қауіпсіз жағдайға келтіру.

3) Каспий теңізінің Солтүстік теңіз қайраңында мұнай операцияларын жүргізу және Каспий теңізінің теңіз қайраңын игеру кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі мәселелерді шешудегі негізгі мәселелердің бірі – толыққанды экологиялық мониторингтің болмауы. Қазақстан Республикасының оны жүзеге асыру үшін тиісті база жасақталмаған. Аймақтың тағы да бір мәселесі қоршаған ортаны қорғау компоненттеріне жасалған толыққанды мемлекеттік мониторингтің жоқтығы болып табылады. Теңіз көлігінің көтеріңкі қарқынды қозғалысы нәтижесінде теңіз ортасына, оның флорасы мен фаунасына әсері өрши түседі, ол жағалаудағы аймақтарға және сулы ортаға экологиялық мониторинг жүргізуді талап етеді. Каспий теңізі жағалауының 1350 км. бақылаусыз қалып отыр. Қазіргі уақытта құрғақ жүктерден басқа жылына 5 млн. мұнады тасу жүзеге асырылатын теңіз портының жұмысына тұрақты бақылау жетіспейді. Зертханалар мен инспекторлық құрамның көптігінен теңіз портының акваториында, сондай-ақ Каспий теңізінің қалған аумағындағы теңіз суының сапалы құрамына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын жағдай жоқ. Соңғы жылдары бәрі Каспийден мұнай өндіру мәселесі қатты қолға алынып жатыр. Олар қазір ақ тер, көк тер болып теңізге мұнай соратын қондырғыларды орнатып жатыр. Пиғылы белгілі – оларға мұнай керек. Өткен жылдың шілде айында БҰҰ-ның шешімімен бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мараторий жарияланды. Қара уылдырықты экспорттауға да рұқсат етілмеді. «Атырау балық» бірлестігінің тоңазытқыш цехында 4 тонна уылдырық қалды. Ал сол уылдырықтың Америкадағы құны 14 млн. доллар. 2002 жылдың 7 наурызы күні «Хабар» арнасында теңіз жағасындағы бес мемлекеттің уылдырықты экспорттау мөлшері көрсетілді. Сонда Қазақстан 23,5 тонна уылдырық экспорттауға құқылы болды болып шықты. Бұрынғы кездерде сондай уылдырық бір самолетке тиеліп, шетелдерге жөнелтіліп отырған. Қысқасы, қазір теңіз тіршілігіне қатер төнуде. Балық қоры мүлдем азайды. Оны броконьерлерден көреді. Олар бір-бір ұшқыр моторларға мініп алып, балық сақшыларын маңайлатпай кетеді дейді. Осы тұрғыдан алғанда қызыл балықтарды броконьерлер тауысып жатыр деген пікір – алдамшы сөз. Оның бір ғана себебі бар, ол – Батыс, Шығыс Қашағанды қазу кезіндегі теңізге жіберілген лай су, ыссы фонтан, жер астынан атылған инертті газ. Нәтижесінде теңіз тіршілігі қырғыеға ұшырауда. Оны басшылар көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болады. Әрине, мұнай керек, бірақ теңіз табиғаты құрыса, ол байлықтың құны көк тиын. Теңіз тіршілігі қалай болғанда да жойылуға тиісті емес.

13.4 Балқаш мәселесі

Балқаш көлі алабында да қүрделі экологиялық жағдай қалыптасып отыр. 1970 жылы Балқашқа құятын Іле өзенінде Қапшағай бөгені мен су электр станциясының (СЭС) салынуы Іле-Балқаш су шаруашылығы кешенінде бетбұрыс кезең болды. Іле өзенінің гидрологиялық режимі өзгеріп, жалпы Іле-Балқаш алабындағы экологиялық жағдай өзгере бастады. Қапшағай су торабын жобалау кезінде Іле өзенінің атырауындағы табиғат кешенінің жағдайы ескерілмеді. Соның нәтижесінде онда тіршілік ететін жануар дүниесіне (ондатр, балық, т. б.) және ауыл шаруашылығына көп зиян келеді. Ақдала алқабын суландырып, күріш егу жобасы да толық жүзеге аспай қалды. Қыруар қаржы текке жұмсалды. Іле өзенінің атырауы кеуіп, оның кері әсері Балқаш көліне тиді. Суармалы алқаптардың көлемінің есепсіз кеңейтілуі, төменгі Іле қоңыр көмір кен орнын игеруді бастау көлдің болашағы үшін қауіпті. Болжау бойынша, XXI ғасырдың басында, көлдің батыс бөлігінің мүлде кеуіп, шығысының тұзды шалшыққа айналуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Балқаш маңындағы ландшафтылар мен экологиялық жағдайларды түбірімен өзгертіп, тіршіліксіз шөлге айналдырады. Көл деңгейінің төмендеуі оның суының шамадан тыс минералдануына әкеп соғуда. Бұл, бір жағынан, егістік далалардан көлге қайта келіп құятын су құрамында әр түрлі тұздардың көп болуына байланысты. Сонымен қатар алаптағы өзгерістер Балқаш маңы аймағының климат жағдайларына да әсерін тигізеді. Су айдынының тәуліктік температураны, ауа ылғалдылығын реттеуші ретіндегі әсері өз күшін жояды. Ғалымдардың болжауынша, Балқаштың тартылуы Батыс Сібір мен Қазақстандағы географиялық зоналардың шекараларын өзгертуі мүмкін.

13.5 Үлкен қалалар мен өндіріс орталықтарында қоршаған ортаның ластануы

Ауаға шығатын улы заттардың концентрациясы (ауыр металдар, шаң-тозаң, күкірт тотығы, көмірқышқыл газы және т.б.) белгіленген мөлшерден он есе артық. Ең ауыр жағдай Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Балқаш, Риддер, Өскемен және басқа да қалаларда қалыптасқан. Осы қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойынша белгіленген мөлшерден 5–10 есе артады. Ауа кеңістігінің ластануы пайдалы қазбалар өндіретін аудандарда да байқалады. Атмосфераның ластануы Байқоңыр космодромында ғарыш кемелерін ұшыру кезінде де байқалады. Өнеркәсіпті аудандарда ауа кеңістігінің ластануымен катар ластану сол жердегі су көздерін қамтиды. Сырдария өзені ағысының 35–40 %-ы өндіріс орындарының қалдық суларынан түрады. Өзен суында дизентерия, паратиф, гепатит, сүзек ауруы қоздырғыштары мен өте қатерлі гексахлоран ДДТ кездеседі. Өнеркәсіп орындарының ластаушы заттарына жер игеру нәтижесінде пайда болған масштабы химиялық ластанудың көлемдері ұлғаюда. Өсімдік жамылғысын қорғайтын әр түрлі химиялық заттар, дефолианттар, пестицидтер, мөлшерден артық қолданған тыңайтқыштар, тек қана қоршаған ортаны емес, тамақ өнімдерін де ластауда.

Республика көлемінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстар жоспарлы түрде іске асуда. Олар: жер қойнауын тиімді пайдалану (минералды шикізаттарды кешенді пайдалану, игерілген жерді рекультивациялау және көгалдандыру).

Бақылау сұрақтары:

1. Арал маңындағы болған әлеуметтік-экологиялық мәселелерді ата?

2. Семей ядролық полигонының мәселелері қандай?

3. Каспий теңізінің, Балқаш көлінің экологиялық мәселелері?

4. Қала ортасындағы қоршаған ортаның ластануының мәселесі?

Әдебиеттер [4, 6, 8, 10, 11, 14, 17, 21, 27, 36, 38, 40]