Қоршаған орта жағдайын бағалаудың әдістері. Экологиялық мониторинг, аудит және сараптама


Мақсаты: Қоршаған орта жағдайын бағалаудың әдістері, экологиялық мониторинг, аудит және сараптама туралы білім беру

Соңғы жылдары эколог-болжаушылардың арасында XX ғасырдың 20-шы жылдарында қоршаған ортаға байланысты қолданылған мониторинг ұғымы кең таралған. Экологиялық мониторинг – антропогендік факторлар әсерінен қоршаған орта жағдайының, биосфера компоненттерінің өзгеруін бақылау, баға беру және болжау жүйесі. Мониторинг ұғымы кең ұғымда экономикада, өнеркәсіпте, және басқа да бақылаулар жүргізілетін салаларда қолданылады. Ғылыми оқулықтарға бұл ұғым Стокгольмдегі БҰҰ-ның ұйымдастыруымен (маусым, 1972 ж.) өткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі конференңиядан кейін енді. Қазіргі таңда мониторинг ұғымы негізгі үш түрлі жұмыстардан тұратын қоршаған табиғи ортаны бақылау жүйелері ретінде қарастырылады: а) қоршаған ортаның жағдайын жүйелі түрде бақылау; ә) табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен табиғатта болуы мүмкін өзгерістерді болжау; б) қоршаған орта жағдайын ретке келтіру шараларын басқару. Бақылайтын обьектілердің ерекшелігіне, түріне және бақылау әдістеріне байланысты мониторингтің бірнеше түрлерін ажыратады, олар: жүргізу әдістері бойынша мониторингтің мынадай түрлері бар: биологиялық (биоиндикаторлар көмегімен); дистанционды (авиациялық және космостық); аналитикалық (химиялық және физика-химиялық талдау). Бақылау обьектілері бойынша: қоршаған ортаның жеке компоненттері мониторингі (топырақ, су, ауа); биологиялық мониторинг (өсімдіктер және жануарлар дүниесі). Мониторингтің негізгі мақсаттары мен міндеттері. Қоршаған орта жағдайы мониторингі: Міндеті: бақылау – қоршаған орта жағдайының өзгеруі; анықтау – адам іс-әрекеті арқасында қоршаған орта жағдайының өзгеруіне алып келетін себептері. Мақсаты: бағалау – адам іс-әрекеті әсерін анықтап, өзгерістерді бақылау; болжау – қоршаған орта жағдайында болатын өзгерістер; шешім қабылдау – адамның теріс іс-әрекеті нәтижесіндегі зардаптарды жою; жетілдіру – қоршаған орта мен қоғам арасындағы тиімді қатынастар стратегиясы. Сонымен, мониторингтің технология процестерін алгоритм түрінде былай бейнелеуге болады: өлшеу, талдау, сипаттау, моделдеу, дұрыс жолын таңдау. Ic-әрекеттердің мұндай алгоритмі қоршаған ортаның кез-келген мониторингіне тән. Экологтар үшін негізгі мынадай мониторинг түрлері бар:

1) биологиялық мониторинг. Биологиялық орталардағы (ағзаларда, биоценоздарда) табиғи және антропогендік процестерді бақылау (ауыр металдардың, пестицидтердің жинақталуы). Мұндай мониторинг тіршіліктің қоршаған орта компоненттерімен өзара барлық байланысын қамтиды.

2) базалық мониторинг. Жалпыбиосфералық, яғни, тек қазіргі кездегі ғана емес, жақын аралықтағы 50-100 жыл ішінде болатын негізінен табиғи құбылыстарды бақылау.

3) биосфералық мониторинг. Биосферадағы өзгерістерді: атмосфераның шаңдануы, әлемдік су балансы, Әлемдік мұхиттың ластануы, құрлық пен мұхиттағы биологиялық өнімнің өзгеруі және т.б. ғаламдық деңгейде бақылау.

4) биоэкологиялық мониторинг. Табиғи ортаның жағдайын оның адам денсаулығына әсері тұрғысынан бақылау. Адамның тыныс-тіршілігін көрсететін көрсеткіштер – ауруға ұшырауы, туылуы, өмір сүру ұзақтығы және т.б. қолданылады.

5) геоэкологиялық мониторинг. Табиғи экожүйелердегі өзгерістерді бақылау. Географиялық стационарлық бақылаулардың жүйелеріне сүйене отырып, экожүйелердің биологиялық өнімділігі, өздігінен тазаруға қабілеттілігі, заттардың шекті мүмкін концентрациясы көрсеткіштері қолданылады.

6) қашықтық (дистанциондық) мониторинг. Бұл авиациялық және космостық мониторингтің жиынтығы. Кейде бұл ұғымға, көрсеткіштері ақпараттарды жинау орталығына беріліп отыратын, адам аяғы басуы қиын жерлердегі приборлар арқылы алыстан ақпараттарды беру әдістерін (радио, спутник) де жатқызады.

7) теңіздердің ластануы мониторингі. Теңіздер мен мұхиттардағы судың сапасын білу мақсатында ақпараттар алу үшін олардың жағдайын болжау, бағалау және бақылау жүйесі. Бұл теңіз су ресурстарын үнемді пайдалануға және оларды ластанудан қорғау шараларын жүргізуге қажет.

8) құрлықтағы сулардың ластануы мониторингі. Су ресурстарын үнемді пайдалану және оларды ластанудан, құрғап кетуден қорғау шараларын жүргізу үшін құрлықтағы сулардың жағдайы туралы ақпараттар алу мақсатында болжау, бағалау және бақылау жүйесі. Су сапасының көрсеткіштеріне – температура, минералдану, рН, түсі, еріген оттегі, дәмі, ауыр металдар, мұнай өнімдері, фенолдар, пестицидтер және ең бастысы натрий, калий, кальций, магний, хлор, сульфат, карбонат, нитрат иондары жатады.

9) ластаушы көздер мониторингі. Ластаушы көздер арқылы су обьектілеріне, атмосфералық ауаға, топыраққа бөлінген заттардың мөлшерін және ластану деңгейін болжау, бағалау және бақылау жүйесі.

10) аймақтық мониторинг. Антропогендік әсерге ұшыраған үлкен өнеркәсіп орындары, қалалар және олардың айналасындағы аймақтар биосферасы туралы ақпарат алу үшін бақылау.

11) классификациядағы мониторингтердің деңгейіне сәйкес – халықаралық және аймақ аралық басқару деңгейлері ғаламдық деңгейлермен байланыста болуы, ал ұлттық – аймақтық деңгеймен байланыста болуы керек.

Экологиялық мониторинг жүйесінде биологиялық мониторингтің, яғни, экожүйенің биотикалық құрамы мониторингі ерекше маңыз атқарады. Биологиялық мониторинг бұл қоршаған табиғи ортаның жағдайын тірі ағзалар көмегімен бақылау. Биологиялық мониторингтің негізгі әдісі биоиндикация, антропогендік факторларға байланысты биотадағы кез-келген өзгерістерді есепке алып отыру. Экологиялық мониторинг нысандарына табиғи, антропогендік немесе табиғи-антропогендік экожүйелер жатады. Экологиялық мониторингтің мақсаты тек қана деректер жинау емес, сондай-ақ, жүргізілетін тәжірибелер, болжамға негіз ретінде алынатын процестердің үлгілері кіреді. Ғаламдық көлемде мониторинг жүргізуге авиациялық, ғарыштық және есептеу техникалары пайдаланылады. Қазіргі уақытта экожүйені зерттеуге аэроғарыштық әдістер кеңінен қолданылады. Осы әдіс арқылы табиғатта болып жатқан құбылыстарды, табиғи қорлар жиынтығын, мөлшерін, т.б. экожүйелерді сипаттайтын мәліметтерді білуге болады. Экологиялық мониторинг әр түрлі деңгейдегі буындардан тұратын иерархиялық ұйымдасқан бақылау жүйесі болып табылады. Ондай буындарға ғаламдық (биосфералық), ұлттық, аймақтық, жергілікті экологиялық мониторингтер жатады. Мысалы, ғаламдық экологиялық мониторинг халықаралық ынтымақтастық негізінде, ұлттық экологиялық мониторинг бір мемлекеттің шегінде арнайы құрылған ұйымдар арқылы, аймақтық экологиялық мониторинг ірі-ірі аудандардың көлемінде, ал жергілікті экологиялық мониторинг елді мекендерде, өнеркәсіп орталықтарында, кәсіпорындарда қоршаған ортаның сапалық өзгеруіне бақылау ретінде жүргізіледі. Экологиялық мониторинг түрлері: химиялық, физикалық, биологиялық. Химиялық мониторинг – атмосфера, жер бетіндегі сулар, мұхит пен теңіздің сулары, жауын-шашындар, топырақ, өсімдіктердің химиялық құрамын, сонымен бірге, химиялық ластаушы заттардың таралу динамикасын бақылау жүйесі. Физикалық мониторинг – физикалық процестер мен құбылыстардың қоршаған ортаға әсерін (су басу, цунами, жер сілкіністері) бақылау жүйесі. Биологиялық мониторинг – биоиндикаторлардың көмегімен жүргізілетін мониторинг.

Экологиялық аудит – экономикалық субъектілер қызметінен келетін экологиялық тәуекелдің ауқымын айқындау жоне оларды төмендету, болдырмау мақсатымен олардың қызметінің ұлттық табиғат қорғау заңдарының талаптарына, таңдаулы экологиялық іс-тәжірибеге немесе компанияда қабылданған саясатқа сай келуін тәуелсіз бағалаудың арнаулы рәсімі. Ішкі және сыртқы экологиялық аудит түрлеріне бөлінеді. Экологиялық аудит экологиялық аудитті жүргізу жоспарына сәйкес жүргізіледі, оны экологиялық аудитор осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып жасайды және ол тапсырыс берушімен және аудиттелетін субъектімен келісіледі. Экологиялық аудит жүргізуді жоспарлау кезінде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекіткен, ұсынымдық сипатта болатын экологиялық аудитті жүргізу жоспарының үлгілік нысанын басшылыққа алады. Экологиялық аудитті жүргізудің сатылары мыналар: 1) аудиттелетін субъектімен алдын ала танысу; 2) аудит жүргізу жоспарын әзірлеу; 3) қажетті ақпаратты жинау және жүйелеу; 4) аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал жүргізу; 5) арнайы зерттеулер көлемін айқындау; 6) арнайы зерттеулер жүргізу; 7) экологиялық тәуекелдерді айқындау; 8) экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу; 9) экологиялық аудиторлық есеп жасау болып табылады. Экологиялық аудит жүргізудің жоспарын әзірлеу үшін экологиялық аудитор аудиттелетін субъектінің ерекшеліктерімен алдын ала танысады.

Экологиялық сараптама, экологиялық экспертиза (лат. expertus – тәжірибелі) – адам іс-әрекеттерінің табиғатқа зиянды әсер етуіне жол бермеу және табиғат қорғау саласында қабылданған заңдардың орындалуына қатаң бақылау жасау. Экологиялық сараптама мемлекеттік немесе қоғамдық негізде жүзеге асырылады. Экологиялық сараптаманың негізгі қағидалары – оның өкілеттілігі, медицина-биология тұрғыдан қауіпсіздігі, халық шаруашылығының барлық салаларының мүддесін қорғайтындығы, ешкімге тәуелді болмауы және іс-әрекеттерді кешенді түрде жүргізу. Экологиялық сараптама міндетті түрде ұзақ уақыт дамуға арналған бағдарламалы құжаттармен және сызбанұсқалармен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, экологиялық сараптама жүргізу үшін техника-экономикалық тұрғыдан ғылыми негізделген және алдын ала жоспарланған жобалар мен жоспарларға негізделіп қадағалау жасалынады. Бұларға қоса құрылыс, табиғат байлықтарын қалпына келтіруге арналған, өндіріс орындарын, т.б. нысандарды қайта жабдықтау немесе олардың жұмысын біржола тоқтату туралы жобаларға талдау жасалынады. Табиғатты тиімді пайдалану мақсатында белгіленген ережелерге және әдістемелік нұсқауларға сүйене отырып, адамның іс-әрекеттерін шектейтін құжаттарды талдайды. Кейбір табиғи аумақтардағы телімдерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәртебесін беру үшін кешенді түрде экологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуге немесе экологиялық апатты және табиғатты пайдалану кезінде төтенше жағдайларға қатысты материалдарды, шараларды жүзеге асыруға арналған бағдарламаларға сараптама жүргізеді. Табиғатқа зияны жоқ жаңа техниканы, технологиялық әдістерді пайдалануға негізделген құжаттарды талдау; табиғатты тиімді пайдалану үшін шетелдік өндіріс орындарымен, фирмалармен бірге жұмыс істеуге қажетті құжаттарға сараптама жасалады. Экологиялық сараптама әскери мақсаттағы өндіріс орындарының, т. б. нысандардың жұмыстарына да қадағалау жасауға құқылы. Экологиялық сараптама адамның барлық іс-әрекеттерінің экологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатын көздейді. Мемлекеттік Экологиялық сараптама ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жанынан құрылған арнайы комиссияның сарапшылары арқылы жүзеге асырылады. Қоғамдық экологиялық сараптаманы жеке қоғамдық ұйымдардың ұйытқысы болуы негізінде топтастырылған арнайы мамандар жүргізеді. Қоғамдық негізде жүргізілген экологиялық сараптама мен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізетін мекемелер қорытындылары бір-бірімен үйлестіріліп отырады. Қазақстанда арнайы “Экологиялық сараптама туралы” заң қабылданған (1997 ж.).

15.1 Қоршаған ортаның бақылау көрсеткіштері

Табиғатты қорғаудың басты механизмдерінің бірі гигиеналық және санитарлық-техникалық (немесе экологиялық) нормативтер негізінде санитарлық бақылауды жүргізу және ауа атмосферасы, су, топырақ сапасын нормалау болып табылады. Нормалау – бұл ластанудың адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен денсаулығына әсерінің қауіпсіз деңгейлерін сипаттайтын және қоршаған орта обьектілерінде олардың сандық көрсеткіштерін анықтау болып табылады. Адам ағзасында қайтымсыз өзгерістер болдырмау үшін медикалық жағымсыз факторлардың ағза тіршілігі үшін шекті мөлшерлі деңгейін белгілейді. Қоршаған ортаның нормалайтын факторына байланысты: Шекті мөлшерлі деңгей (ШМД) ағзаға әсері (жеке фактор өзі немесе басқа факторлармен бірге), ағзаға немесе онын ұрпағында биологиялық өзгерістерге, әртүрлі аурулар мен психологиялық өзгерістерге (интеллектуалдық және эмоционалдық қабілетінің төмендеуі, ақыл-ой жұмысының қабілеті) алып келмейтін жағымсыз фактордың жоғарғы мәні. Жағымсыз факторлар химиялық топтарға жататын болса, мұндай жағдайда шекті мөлшерлі деңгей – шекті мөлшерлі концентрация (ШМК) деп аталады. Шекті мөлшерлі төгінді (ШМТ) – су сапасының нормасын қамтамасыз ету үшін белгілі бір уақыт ішінде су обьектіне төгілетін ақпа сулардағы рұқсат етілген ең жоғарғы заттар салмағы.

Қоршаған ортаның бақылау көрсеткіштері: ШРК, ШРҚ. Қоршаған ортаның сапасын бағалау мақсатында қоршаған орта сапасының стандарттары жасалған. Стандарт экологиялық және өндірістік – шаруашылық болып бөлінеді. Экологиялық стандарт қоршаған ортаға шекті рауалы нормаларын белгілейді. Егер де осы экологиялық регламенттер негізінде есептелген және құқықтық статус алған антропогендік жүктеме шамасы белгіленген мөлшерден асатын болса, адам денсаулығына қауіп төнуі, ал өсімдіктер мен жануарлар әлемін құртатын әсер орын алуы мүмкін. Осы нормалар сақталған жағдайда экожүйелердің тозуы болмайды, биологиялық алуантүрлілік пен халықтың экологиялық қауіпсіздігі сақталады. Қоршаған табиғи орта сапасының барлық нормативтері үш түрге бөлінеді: санитарлық-гигиеналық, экологиялық (өндірістік-шаруашылық) және қосалқы. Санитарлық-гигиеналық нормаларға – адамды қоршаған ортаның санитарлық-гигиеналық жағдайларының және сапасының көрсеткіштері. Санитарлық-гигиеналық нормативтерге зиянды заттардың (химиялық, биологиялық) шекті рауалы концентациясы немесе шекті рауалы мөлшері, физикалық әсерлер, санитарлық қорғау аймағы, радияциялық әсерлердің шекті рауалы деңгейі жатады. Екінші нормативтер тобына экологиялық норматив – экологиялық регламенттер негізінде есептелген және құқықтық статус алған антропогендік жүктеме шамалары жатады. Қосалқы нормалар мен ережелердің негізгі мақсаты қолданылатын терминдерді, ұйымдастыру құрылымдарының және экологиялық қатынасты заң тәртібімен реттеу бірлігінде беріледі. Қоршаған табиғи ортаны сипаттайтын сапа нормативтерінің түрлері: санитарлық-гигиеналық: зиянды химиялық заттардың ШРК, физикалық әсердің ШМК, биологиялық заттардың ШМК, радиацияның ШРД, тағам өнімдеріндегі химиялық заттардың ШРК, санитарлық сақтау белдемінің нормативтері. Экологиялық: шығарынды мен төгіндінің нормативтері, шу мен вибрацияның нормативтері, биологиялық ластанудың нормативтері, радиация нормативтері, шаруашылықта химиялық заттарды қолдану нормативтері, құрылыстық, қала құрылысының ережелері. Қосалқы: терминология нормативтері, ұйымдастырушылық нормативтер, заңдылық нормативтер.

Қазақстан республикасының «Қоршаған табиғи ортаны қорғау» заңына сәйкес, осы нормативтер тобына зиянды заттардың шекті рауалы концентрациялары нормативтерін, радиация, шу, вибрация, магнит өрістері әсерінің шекті рауалы деңгейлері (ШРД) нормативтерін, зиянды заттардың тағамдық өнімдердегі шекті рауалы қалдық мөлшерлер (көкөністегі нитрат, ауыз судағы тұздар) нормативтерін жатқызады.

Бақылау сұрақтары:

1. Экологиялық мониторинг, аудит, сараптамаға түсінік бер?

2. Қоршаған ортаның бақылау көрсеткіштеріне сипаттама бер?

Әдебиеттер [1, 5, 6, 8, 10, 13, 15, 18, 27, 29]