Мақсаты: Тірі ағзалардың жалпы мекен ететін тіршілік орталарымен таныстыру. Экологиялық факторлардың жіктемесін оқып, олардың тірі ағзаларға әсерін қарастыру.
2.1 Тіршілік орталарына сипаттама
Кез келген тірі ағза өзін айнала қоршаған табиғи ортамен тығыз байланыста ғана өмір сүре алады. Олар топырақ, су, минералды заттар, жер бедері және атмосфералық әр түрлі құбылыстар. Табиғи ортаның компоненттері тірі ағзаларға оң немесе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан әрбір ағзаның өзіне ғана қолайлы ортасы немесе мекені болуы тиіс. Мәселен, көлбақа үшін қалыпты өсіп–көбеюіне қолайлы орта ылғалы мол көл жағасы, ал қуаң дала немесе шөлейтті жерлер ол үшін қолайсыз, өмір сүре алмайтын орта болып табылады. Бірақ та ағза үшін табиғаттың барлық элементтері белгілі мөлшерде қажет және жиынтық күйінде әсер етеді. Олардың біреуі өте қажет, екіншілері орташа, ал үшіншілері мүлдем қажет емес зиянды болуы мүмкін. Сонымен орта дегеніміз – ағзаның өсіп-көбеюіне, тіршілігіне, дамуы мен таралуына тікелей жанама әсер ететін айнала қоршаған орта компоненттерінің жиынтығы. Ал ағзаға қажетті жағдайлар деп – тек сол ағза үшін алмастыруға келмейтін табиғи ортаның элементтерін айтамыз. Тіршілік етуші негізгі орта және оларға ағзалардың бейімделуі. Жер бетіндегі тірі ағзалар тіршілік етуіне байланысты мына төмендегі төрт тіршілік ортасына бөлінеді.
1) cулы орта. Су – тіршілік ортасы ретінде өзіндік ерекшеліктермен ерекшеленеді, яғни, қысымы жоғары, қысымы бірден төмендейді, оттегінің аздығы, күн сәулесін күшті сіңіреді. Сулы ортада өмір сүретін ағзалар – гидробионттар деп аталады. Гидробионттар – суда өмір сүретін экологиялық топтарға жататын – планктондар (өсімдіктекті ағзалар – фитопланктондар, жануартекті ағзалар – зоопланктондар) жатады. Судың жоғарғы қабатында өмір сүретін, ауалы қабатпен жанаса өмір сүретін ағзалар – нейстондар деп аталады. Суда жақсы жүзетін, су ағысына төтеп бере алатын жануарлар нектондар деп аталады. Су түбінде мекен етуші ағзалар бентостар деген атқа ие болды (Өсімдіктекті ағзалар – фитобентос, жануартекті ағзалар – зообентостар). Гидробионттардың бейімделу ерекшеліктері. Су жануарларының сулы ортада бағытын табуы, көру бағытының шектеулілігі, дыбысқа жоғары бағыттылығы болып табылады (эхолокация – дыбыс толқындарының таралуын қабылдау (киттәрізділер). Фильтрация (сүзу) – қоректену көзі. Кейбір гидробионттар қоректенуі жағынан өзгелерден ерекшеленеді, олар көп мөлшердегі суды сүзіп, ондағы кездесетін органикалық заттар текті ағзалармен көптеген ұсақ ағзаларды ұстап қорек етеді. Су тоғандарының кеуіп қалу жағдайларына бейімделушілік ерекшеліктері. Бұндай су тоғандары негізінен өзен тасқындарынан, қатты жаңбырдан, қардың көп мөлшерде еруінен кейін уақытша пайда болады да, жануарлар тоғанға ерекше жағдайдағы өмірге гипобиозға бейімделіп алады, ол кезде олар аз қозғалады;
2) құрлықты орта. Ауа ортасындағы тіршілік сулы ортаға қарағанда эволюциялық дамуда кейінірек пайда болды. Сулы ортаға қарағанда бұл ортадағы өмір күрделірек. Жануарлар денесі ауамен қоршалған – газтәрізді ортада қысымы төмен, оттегінің мөлшері жоғары, су тамшыларының мөлшері керісінше төмен. Бұлар тыныс алу жағдайын күрт өзгертеді, сонымен қатар, су алмасу мен тірі ағзалардың қозғалысы да өзгереді. Көптеген түрлерде ауа лектерінің көмегімен таралу – анемохория дамыған. Ауа лектерімен ағзалардың пассивті қабылдануы – аэропланктондар деп аталады. Бұл ортаның өзіндік ерекшелігі температураның жылдам өзгеруі болып табылады. Құрлық – ауалы ортаның жағдайы ондағы ауа-райының өзгерісіне тікелей байланысты. Ауа-райының өзгерісіне байланысты жер бетінің 20 км. бетіндегі атмосферасының үздіксіз өзгерісіне әкеледі (тропосфераның шегі). Ауа-райының көп жылдық тұрақты өзгерісі сол жердің климатына сәйкес сипатталады. Сонымен қатар, жерүсті тіршілігі үшін ол жердің жарық түсу жағдайы, жергілікті жер рельефі және грунтының құрамы, жауын-шашындардың (жауын, бұршақ, қар) мөлшеріне де көп байланысты;
3) топырақ – тіршілік ортасы. Топырақ – құрлық үстінің жұқа борпылдақ, ауамен байланысып жататын бөлігі. Бұл үшфазалы жүйе, оның қатты бөлігі ауамен, сумен қоршалып жатыр. Олар газ бен сулы ерітінділермен толтырылған жолақтардан тұрады. Бұндағы температура өзгеріп отырады, жер беті өлген жан-жануарлар мен өсімдіктер қалдықтарының шіріндісінен пайда болған органикалық және минералдық қорлармен жинақталған. Сондықтан да топырақ тіршілікке бай. Топырақтағы ағзалардың экологиялық топтары:
Микрофауна – топырақтағы өте ұсақ ағзалар (қарапайымдылар, колораткалар, тихоходтар мен нематодтар және т. б.). Олар үшін топырақ – микросу тоған жүйесі.
Мезофауна – недәуір ірілеу ағзалар (0,1–ден 2–3 мм-ге дейінгі) жиынтығы, негізінен буынаяқтылар (кенелер, алғашқы қанатсыз жәндіктер мен қанаттылардың ұсақ түрлері, қырықаяқтар және басқалар). Олар үшін топырақ ұсақ үңгірлер жүйесі сияқты.
Макрофауна – 2–20 мм.–ге дейінгі көлемдегі денелі жәндіктер (құрттар, қырықаяқтар, жәндіктер, шаянтәрізділер). Оларға топырақ қатты орта болып есептеледі де, қозғалыс кезінде аздаған механикалық кедергілер келтіреді.
Топырақ мегофаунасы – бұлар ірі жер қазушылар, негізінен сүтқоректілер болып келеді (жертесерлер, көртышқандар және т. б.), олар өмірін топырақ астында өткізеді де, қазуға бейім келеді. Інде тіршілік етушілер (суырлар, борсықтар, саршұнақтар, тышқандар, қояндар және т.б). Олар негізінен жердің үстінде қоректенеді де, көбеюі, қыстаулары, тынығулары, өз жауларынан қорғанысы топырақта жүреді. Топырақ жануарлардың эволюциялық дамуында өте үлкен маңызды қызмет атқарды;
4) тірі ағзалар – тіршілік ортасы. Тірі ағзалардың денесін тіршілік ортасы ретінде пайдалану – табиғаттағы бұрыннан келе жатқан табиғи құбылыс. Тіпті микроағзалар (бактериялар, біржасушалы балдырлар) паразиттер мен симбионттардан тұратын бірлесе тіршілік ететін ағзалармен қатар өмір сүреді. Паразиттік өмір сүру жағдайларының өзіндік оңды жақтары мен кемшіліктері бар. Оңды жақтары: a) қорекпен өзінің тіршілік етуші қожасының ағзасы арқылы үнемі толық қамтамасыз етіліп тұрады. Паразиттердің тез өсуі көбеюге және басқа ағзаларды залалдауға себепші болады. ә) сыртқы ортадан туатын әсерлерден толық қорғанышта болады. Кемшіліктері: а) ұлпалар мен жасуша ішіндегі өмір сүрушілер үшін тіршілік кеңістігі шектеулі; ә) оттегімен қамтамасыз етілуі күрделі; б) қожа ағзасының паразиттерден қорғанысы да шектеулі. Осындай жағдайларға қожа ағзасы да, паразиттер де эволюциялық даму жағдайында әркімнің өзіндік бейімделушілігі қалыптасқан.
Тіршілік ету мерзімінің ұзақтығына қарай бөлінуі:
1) уақытша паразитизм паразитпен иесінің аса тығыз емес және уақытша ғана жанасуымен сипатталады. Уақытша паразиттер иесін қоректену үшін ғана пайдаланады (соналар, масалар, кандалалар және т.б.) қалған өмірінде иесінен тыс тіршілік етеді. Олар барлығы бірдей дерлік эктопаразиттерге жатады;
2) стационарлық (тұрақты) паразитизм деп паразиттердің иесінің организмінде ұзақ уақыт, кейде тіпті өмірбақи (ішінде не сыртында) мекендеп, оны қорек алу үшін пайдаланады, бұлардың көбі эндопаразиттерге жатады. Паразиттер даму цикліне қажетті иелер санына қарай да бөлінеді:
а) гомоксенділер (бір иелі) барлық даму сатылары бір ие организмінде өтетін паразиттер (эймерия стиедэ үй қоянында, боофилюс кенесінің тек ірі қара терісіндегі тіршілігі);
ә) гетероксенділер (көп иелі) даму циклінің сатылары екі немесе бірнеше түрлі ие организмінде өтетін паразиттер (шошқа таспа құрты ересек сатысында – адамның ішегінде, ал балаңқұрт сатысында – шошқаның бұлшықеттерінде).
Паразиттің даму сатысына байланысты:
а) имаголық паразитизм – жыныстық жетілуі аяқталған, ересек сатысындағы паразиттерге тән, ал балаңқұрттар ерікті тіршілікте болуы ықтимал (гемонхтың имаго сатысы күйіс қайырушы малдардың ұлтабарында тоғышарлық етеді, ал балаңқұрттары қоршаған ортада ерікті тіршілікте болады);
ә) ларвалдық паразитизм – аралық ие организмінде паразиттің балаңқұрт сатысының (личинкасы) тіршілік етуі бұл уақытта осы паразиттің ересек сатыдағы өкілдері қоршаған ортада еркін тіршілікте болады (оқыра бөгелегінің личинкалары ауыл шаруашылық мал организмінде, ал ересек бөгелектер – қоршаған ортада).
Ие организміндегі мекендеу орнына байланысты:
а) эндопаразиттер – иесінің табиғи қуыс-кеңістіктерінде, ішкі мүшелерінде, ұлпалары мен торшаларында мекендейді (гельминт, қарапайымдылар);
ә) эктопаразиттер – уақытша немесе ұдайы иесінің дене үстінде (сыртында) паразиттік тіршілік етеді (қосқанатты жәндіктер, биттер);
б) үстемепаразитизм кейде өзі паразиттік тіршіліктегі организмде басқа паразиттер мекендейді. Мұндай құбылыс буынаяқтылар арасында жиі кездеседі. Аскаридалардың бактериялармен, мониезиялардың буностомамен залалдануы да кездеседі.
2.2 Биологиялық жүйелердің ұйымдастырылу деңгейі
Тірі материяның иерархиялық ұйымдасуы, оны шартты түрде келесі деңгейлерге жіктеуге мүмкіндік туғызады. Оларды былай бөліп қарастырады:
1) молекулалық (молекулалық-генетикалық). Бұл деңгейде тіршіліктің келесі процестері жүреді: зат алмасу, энергияның ауысуы, тұқымдық ақпараттың берілуі;
2) жасушалық. Жасуша тіршіліктің элементарлық, құрылымдық және функционалды бірлігі болып табылады. Бұл деңгейде тіршілікке тән барлық процестер байқалады: өсу, қоректену, көбею, даму;
3) ұлпалық. Ұлпа – құрылымы ұқсас, шығу тегі бір жасушалар және жасушааралық заттар жиынтығы. Ол жасушалар тобы белгілі бір қызмет атқаруға негізделген;
4) мүшелік. Мүше – көпжасушалы ағзаның бөлігі болып табылады. Ол белгілі бір қызметтер атқарады. Мысалы, көру, есту, ас қорыту және т.б.
5) ағзалық. Ағза тіршіліктің барлық қасиеттерін сипаттайтын өмірдің негізгі таратушысы «қорабы». Қазіргі таңда «онтогенетикалық» деңгейді бөліп қарастырады. Ол келесі деңгейлерді құрамына біріктіреді: жасушалық, ұлпалық, мүшелік, ағзалық;
6) популяциялық-түрлік. Популяция – бір түрге жататын, жекеленген генетикалық жүйе құрайтын бірыңғай абиотикалық факторлары бар кеңістікте тіршілік ететін даралар жиынтығы. Түр – популяцияның, дараның жиынтығы, олар өзара шағылысып, дүниеге өсімтал ұрпақ береді және географиялық кеңістіктің белгілі бір аумағын иеленеді (ареалын);
7) биоценотикалық. Биоценоз – белгілі бір территорияда тіршілік ететін әртүрлі ұйымдасу деңгейлері бар әр түрге жататын даралар, популяциялар жиынтығы. Егер, осы ретте тіршілік ортасының абиотикалық жағдайы ескерілсе, онда ол биогеоценоз болып табылады;
8) биосфералық. Биосфера – жер қабаты, оның құрылымы және қасиеттері тірі ағзаның өткендегі немесе қазіргі таңдағы тіршілік әрекетімен сипатталады. Бұл ретте атап өтетін жайт, тірі ағзаның биосфералық деңгейін бөліп алып қарастырмайды, себебі, ол биокостты жүйе болып табылады, яғни құрамына тірі және өлі компоненттер кіреді.
2.3 Экологиялық факторлар және оның жіктемесі
Экологиялық факторлар дегеніміз – ағза үшін қажетті немесе теріс әсерін тигізетін ортаның элементтерін айтамыз. Табиғатта экологиялық факторлардың әсеріне әр түрлі реакция береді. Мәселен: ащы суда тіршілік ететін ағзалар үшін тұз және минералды заттар шешуші маңыз атқарса, ал тұщы су ағзалары үшін қажеті шамалы. Факторлар үш негізгі топқа жіктеледі: абиотикалық, биотикалық және антропогендік.
1) абиотикалық факторлар дегеніміз – ағзаларға әсер ететін бейорганикалық ортаның жиынтығы. Олар химиялық және физикалық деп бөлінеді. Сол сияқты жердің рельефі, геологиялық және геоморфологиялық құрылымы, ортаның сілтілік немесе қышқылдығы, космостық сәулелер т.б факторлар ағза үшін әр түрлі деңгейде әсер етеді. Абиотикалық фактордың түрлері:
а) климаттық (жарық, ылғал, қысым, температура, ауа қозғалысы);
ә) эдафикалық (топырақтың құрамы, ылғал және жылу сыйымдылығы, тығыздығы, ауа өткізгіштігі);
б) орографиялық (рельеф, теңіз деңгейінен биіктігі, жартастың экспозициясы);
в) химиялық (ауаның газдық құрамы, судың тұздылығы, қышқылдық);
2) биотикалық факторлар дегеніміз – тірі ағзалардың бір-біріне және ортаға жағымды немесе жағымсыз әсер етуі. Бұл өте күрделі процестер жиынтығы. Өйткені, тірі ағзалар бір-бірімен қоректену, бәсекелестік, паразиттік, жыртқыштық, селбесіп тіршілік ету арқылы алуан түрлі қарым-қатынаста болады. Аталған қарым-қатынастар өсімдік пен өсімдік, жануар мен өсімдік немесе жануарлар мен жануар арасында болуы мүмкін. Биотикалық факторлардың түрлері:
- фитогенді (өсімдіктер)
- зоогенді (жануарлар)
- микробиогенді (вирустар, бактериялар)
- антропогенді (адамның іс-әрекеті);
3) антропогендік факторлар дегеніміз – айнала қоршаған ортаға тигізетін адам баласы іс-әрекетінің тікелей немесе жанама әсері. Адам баласы өзінің материялдық игілігі үшін табиғат байлықтарын игеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде, ірі кешендер, өнеркәсіп, зауыт, кен байыту, автокөліктер, ауыл шаруашылығы салалары дами түседі, ал олардан зиянды әр түрлі газдар, қалдықтар, лас сулар, химиялық зиянды қосынды заттар айнала қоршаған ортаға түседі.
2.4 Экологиялық факторлардың ағзаларға тигізетін әсері
Экологиялық факторлардың ағзаға әсер етуі мен оған ағзалардың реакциясы бірдей болмайды. Сондықтан ағза үшін факторлардың бұрыннан қалыптасқан жиынтығы ғана қажет, ал басқа факторлар оның қалыпты тіршілігіне кері әсерін тигізеді. Әрбір ағзаға әсер ететін факторлардың төменгі және жоғарғы шегі болады және бір фактор шешуші маңыз атқарады. Бұл заңдылықты неміс химигі Ю. Либих (1848 ж.) ашқан. Оны «Минимум заңы» дейді. «Минимум» заңының өмірде практикалық маңызы зор. Өйткені, ағзалардың ең қажетті шешуші факторларын біле отырып мол өнім немесе табиғат ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады. Шешуші факторлармен қатар ағзаның факторлар жиынтығына деген ең жоғары төзімділік қасиеті болады. Төзімділік заңы В. Шелфордтың есімімен аталады. Заңның негізі организімдердің факторларға деген талғамының шектелуі. Ортаның ағзаға деген жалпы кешенді әсерінде, сол ағзаға ерекше қатты әсер ететін, тіршілігін тоқтатуға бағытталған факторлар бөлініп шығады. Бұл заңдылықты алғаш рет В. Шелфорд (1913 ж.) ашқан. Ағзаның тіршілігіне қатер төндіруші экологиялық фактордың минимум көрсеткіші мен максимум көрсеткіші де болуы мүмкін. Ал ортасындағы диапазон ағзаның осы факторға деген төзімділігін (толеранттылығын) айқындайды.
Стенобионтты және эврибионтты ағзалар. Егер ағзаға әсер ететін фактордың шектері неғұрлым кең болса және сол шектер араларында ағза тіршілік ете алса, онда сол түрдің экологиялық иімділігі және төзімділік шегі соғұрлым жоғары болып келеді. Толеранттылық шегі кең ағзалар төзімді болып, оларды эврибионтты ағзалар деп атайды. Жағымды факторлардың бір көрсеткіші минимумға немесе максимумға ауытқыса, онда белгілі бір түрлер сол ареалдан ауысып кетуге тырысады немесе өлімге ұшырайды. Осындай ағзаларды стенобионты деп атайды. Олардың экологиялық иімділігі мен толеранттылық диапазоны өте төмен болып келеді. Экологиялық фактордың тікелей немесе жанама әсер етуі олардың белгілі бір биотопқа бейімделген тіршілік формаларын қалыптастырады. Тіршілік формасы дегеніміз – ағзалардың өзінің тіршілік ортасының ерекшелігіне қарай морфологиялық жағынан бейімделуі. Әсіресе, жануарлар дүниесінің тіршілік формасын ажырату өте күрделі. Жануарлардың тіршілік формаларын жіктеу Д. Н. Қошқаровтың жүйесі бойынша алынады: а) жүзгіш формалар (нектон, планктон, бентос); ә) жартылай суда тіршілік ететіндер (уақытша қорек үшін сүңгитіндер); б) қызғыш формалар (жер бетіне шықпайтындар, жер бетіне уақытша шықпайтындар), в) құрлық формалар: 1) ін қазбайтындар (жүгіргіштер, секіргіштер, жорғалаушылар); 2) жартас жануарлары; әуе формалары; г) ағашқа өрмелейтіндер: 1) ағаштан түспейтіндер; 2) ағаштарда жүретіндер; ғ) әуе формалары: 1) әуеден жемтігін ұстайтындар; 2) әуеден қарауылдайтындар.
Өсімдіктер әлемін ғалымдар зерттей келіп, олардың тіршілік формасын жіктеуге ұмтылған. Соның ішінде ботаник С. Раункиер жүйесі негізге алынады. а) эпифеттер – топырақта тамыры болмайтын ағаштарға асылып шырмалып өсетін өсімдіктер; ә) фанерофиттер – жер бетінде өсетін барлық ағаштар, бұталар мен көптесін өсімдіктер жатады; б) хамефиттер – өркендері жер бетіне өсетін шөптесін жылдық өсімдіктер. Қыста өркендері үсімейтін өсімдіктер; в) гемикриптофиттер – жер бетіндегі өркендері қыста үсіп қалатын, ал пиязшықтары сақталатын өсімдіктер; г) криптофиттер немесе геофиттер – топырақтың терең қабатында тамыр түйнектері сақталып қалатын көп жылдық өсімдіктер; е) терофиттер – жер асты, жер үсті мүшелері тегіс үсіп немесе қурап қалатын бір жылдық өсімдіктер.
Жарық. Жарық тірі ағзалар үшін негізгі факторлардың бірі. Күн сәулелерінің жер бетіне келіп жететін барлық мөлшерінің 50% ғана бізге көрінсе, қалған бөлігін көрінбейтін инфрақызыл және ультракүлгін түсті сәулелер құрайды.
1) Жарық сүйгіш өсімдіктер (гелиофиттер) – ашық күн сәулесі түсетін жерлерде өседі;
2) Көлеңке сүйгіш өсімдіктер (сциофиттер) – қалың орман, тоғайлардың төменгі ярустарында өседі;
3) Жарыққа орташа талапты өсімдіктер – сирек және ашық далалы орман өсімдіктері жатады;
4) Жарық – жануарлар үшін бағдарлау қызметін атқарады. Жануарлардың даму эволюциясының нәтижесінде жарықты сезгіш мүше және күрделі көздер пайда болған;
5) Жануарлар әлемінде денесінен жарық шығаратын құбылыс болады. Оны биолюминесценция дейді. Бұл ағза денесіндегі күрделі органикалық қосылыстардың тотығу процесінің нәтижесі.
2.5 Қоршаған ортаға ағзалардың бейімделуі
Бейімделушілік (лат. аdaptatio – бейімделу) – жануарлар ағзаларының, олардың мүшелер жүйелерінің құрылысы мен қызметі жағынан белгілі бір тіршілік ортасына бейімделу процесі; бір биологиялық түрдің морфофизиологиялық мінез-құлық – популяциялық т.б. оған ыңғайлы табиғи ортада өзіне тән өмір сүруіне мүмкіндік беретін ерекшіліктері. Бейімделушілік әрбір түрдің барлық даму сатысында даму арқасында қалыптасады. Бейімделушілік жиынтығы ағзалардың құрлысы мен тіршілігінің табиғи қажеттілігін қалыптастырады. Адаптация түрлері: Морфологиялық адаптация. Көпшілік бұл адаптация түрлері, ағзаның үстіңгі бетінде жатады. Соның әсерінен ағзалардағы адаптацияны зерттеу басталды.
Бүркеніш рең. Адаптацияның бұл түрі ашық жерлерде тіршілік ететін ағзалардың жауынан қорғану белгісі. Көптеген көбелектер мен басқа да бунақденелердің қанаттарының, денесінің түрлі-түсті болуына сәйкес өсімдіктер арасынан ажырату қиын. Кейбір қоңыздар, шегіртке және жұлдызқұрттар жасыл реңді болады. Ұясын ашық жерлерге салатын құр, шіл сияқты құстардың ұясында отырған аналығын бірден аңғару мүмкін емес. Орманды, далалы жерлерде тіршілік ететін жануарлар әртүрлі жолақта, теңбілді белгілерімен ерекшеленеді. Мысалы, жираф, жолбарыс, жыланның түстері мекен ортасындағы жарық пен көлеңке дақтарының тез алмасып отыруына сәйкес келеді. Мұндай бүркеніш реңнің қалыптасуы – эволюциялық элементарлық жағдайлар әрекетінің нәтижесі.
Жасырушы рең – жануарлардың дене пішіні мен реңі тұрғысынан айналадағы заттарға сәйкес келуі. Мысалы, тропиктік орманда тіршілік ететін жыландардың ондағы лианалардан ажырату мүмкін емес. Судағы қалың балдырлар арасынан теңіз атбасы мен инебалықты ажырату да оңайға соқпайды. Ағаш діңінде кездесетін қоңыздар, өрмекшілер, көбелектер қыналырға өте ұқсас болғандықтан байқалмайды. Мүр көбелегінің жұлдызқұрты бұтаққа ұқсайды. Бразилияда тіршілік ететін жапырақ-балық өлі жапыраққа ұқсас ,тек айырмасы ол реңін өзгерте алады. Каллима туысына жататын көбелектің қанаттарының пішіні мен жүйкеленуі жапыраққа өте ұқсас болады.
Сақтандырушы рең – көбінесе улы және шағатын жәндіктерге тән белгі. Улы жылан, сона мен аралар әр түрлі жолақта ашық реңіне байланысты бірден ерекшеленіп көзге түседі. Бұлардың қанында улы немесе жағымсыз иісті зат болғандықтан, жаулары жемейді. Мысалы, бұзаубастың үстіңгі қанаты жасырушы реңді, астыңғы қанаттары сақтандырушы реңді болады. Қауіп төнген кезде алдыңғы қанаттарын көтеріп жіберіп, оның астындағы ашық түсті сақтандырушы реңі бар қанаттарын жайып, жауын үркітіп жібереді. Морфологиялық адаптацияның ең маңызды типі ол қорғаныш рең (мимикария) – қауіпсіз, жәндіктердің пішіні, реңі, мінез-құлығы тұрғысынан улы, шағатын қауіпті жәндіктерге ұқсастығы. Мысалы, улы жыландарға ұқсауы. Бейімделгіштің бұл түрі қорғана алмайтын әр түрге жататын дараларда біркелкі мутациялар олардың тірі қалуына мүмкіндік беретін белгі деп түсіндіріледі. Өсімдіктердің де дәл осындай алуан түрлі бейімдеушілік белгілерін атауға болады.
Физиологиялық адаптация. Бұл адаптация екі топқа бөлінеді: статистикалық және динамикалық. Статистикалық адаптацияға физиологиялық белгілер жатады. Мысалы: дене температурасының тұрақты сақталуы, қандағы тұздың, қанттың концетрациясы және т.б. Динамикалық адаптация – ол ағза өміріндегі тұздардың, температураның тұрақталуы. Статистикалық адаптацияның қызметі – физиологиялық тұрақтылықтың сақталуы, ал динамикалық адаптацияның қызметі заттардың өзгеру процессі, яғни зиянды факторлардың әсерін азайту болып табылады. Мысалы: ағзалардағы тұздар концентрациясының артуы – жасушадағы және ұлпадағы процестерді нашарлатады.
Биохимиялық адаптация. Ол көп түрлі. Барлық биохимиялық процестерді қамтиды. Бұған жасушадағы ақуыздардың синтезделуі, тағамдағы ферменттердің әсерінен ақуыздардың ыдырауы, тыныс алу мен фотосинтез процесі кезіндегі глюкозаның синтезделуі т.б. жатады. Биохимиялық адаптация көбінесе ішкі факторларға байланысты. Мысалы: көптеген топырақтағы омыртқасыздардың, рептилиалардың және сүтқоректілерде аммиак ағзаларынан несеп қышқылы түрінде шығарылады. Егер тіршілік жағдайлары өзгерсе, бейімделушілік белгілері пайдасыз болып қалады. Мысалы: тасбақаның сауыты оны жауларынан жақсы қорғай алады. Бірақ жыртқыш құстар тасбақаны өте биікке көтеріп, жерге тастап жібереді де, быт-шыт болып сынған сауыт ішінен босаған денені алып жейді. Ақ құр қыстың ашық күндері қар бетіне түскен өз көлеңкесімен көрініп қалады. Жыртқыш балықтардың қашып, су бетіне шоршып шыққан ұшқыш балықты ауада альбатрос қағып алып жеп қояды. Кірпінің инелері оны жауларынан жақсы қорғағанымен, үкі кірпі денесін бірнешеге бөліп, әр бөлікті инесімен қоса жеп қояды.
Бейімделушіліктің салыстырмалы сипатта болуына, жануарлардағы көптеген рудименттер мен атавизм белгілері дәлел бола алады. Мысалы: кейбір құстардың қанаты рудимент түрінде сақталып, ұшу қызметін атқармайды, жылқының қоламса сүйегінің болуы, құрлыққа бейімделген тау қазының саусақтарының арасында жарғақтың болуы, маймылдар мен адамда үшінші қабақтың сақталуы, т.б. Адаптацияның салыстырмалы сипатын, органикалық дүниенің жойылып біткен формалары да айқын дәлелдейді.
Этологиялық адаптация. Этология түсінігі әртүрлі мінез-құлық жиынтықтан тұрады. Көбінесе тіршілігін сақтап қалу әрекетіне бағытталған. Адаптациялық мінез-құлығы онтогенезде байқалады. Мысалы: қоректі жинау, табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғаныста болу, жыртқыштардан қашу,өзіне жұп табу, ұрпағына қамқорлық және т.б.
Түрлік адаптация. Адаптацияға конгруэнция, мутация, полиморфизм сияқты түрлері жатады. Конгруэнция – бұл морфо-физиканың үлкен тобы. Даралардың қызметін көбеюін, тіршілігін жалпы сипаттайды. Конгруэнцияның басым көпшілігі көбеюмен байланысты. Мысалы: аналық пен аталықтың бір-біріне сәйкес келуі, яғни бір-біріне белгі жіберуі. Олар белгілер бірнеше түрде болады. Мысалы: сезгіштік, дыбыстық, бақылағыштық. Бақылағыштық тітіркенгіштігі құстарда, өрмекшілерде байқалады. Олар денелерінің түсіне қарап өздерінің жұптарын, мінез-құлығын, қозғалысын, бір-бірін табу үшін бір-бірін ажырату үшін өте қажет. Көбінесе шағылысу кезінде. Мысалы: тюленнің аталығында шағылысар алдында мұрнының үстінде қап пайда болады. Ол оның шағылысуға дайын екендігін білдіретін белгі. Дыбыстық тітіркендіргіш жануарларда өте маңызды орын алады. Мысалы: қарапайым қара шегірткенің аналығы өзіне аталықты жақындату үшін дыбыс шығарады. Сезгіштік тітіркендіргіші көбінесе иіс шығару арқылы болады. Мысалы: қарапайым көбелекті алсақ, көбелектің аналығы арнайы иіс шығарып, өзіне аталық түрлердің көңілін аудартады. Сондықтан ол өте маңызды.
Репродуктивті кооперация. Репродуктивті кооперация ағзаның сәтті, нәтижелі дамып көбеюіне ықпал ететін түр болып табылады. Көбінесе даралардың жұпталып, жиналып өздеріне жұп табуы. Топтасып жүріп оларға ұрпақтарын сақтаудың ең тиімді жолы болып табылады.
Трофикалық кооперация – бұл ағзалардың топтасып жүріп өзінің қорегін табу жолының тиімділігін көрсетеді. Бұл тип жоғары сатыдағы жануарларда жақсы дамыған. Мысалы: жыртқыштардың бірігіп тамақ табуы.
Конституциялық кооперация – ағзалардың қолайсыз климаттық жағдайларында да өмір сүре алуы. Мысалы: пингвиндердің ең суық кездерде топтасып жүруі.
Түрішілік полиморфизм – өздерінің қоршаған ортасына қолайлы жағдай жасай отырып өмір сүруі. Полиморфизм құрамы генетикалық ерекшелік, модификациялық өзгергіштік ерекшеліктері болуы мүмкін. Бірақ екеуінің де нәтижесінде сұрыпталып жақсысы түрлі ортаға бейімделген түрлері қалады. Түрішілік полиморфизм морфологиялық, физиологиялық, биохимиялық болып бөлінеді.
Морфологиялық полиморфизм айқын көрінеді. Мысалы: көптеген балықтардың қарапайым аталықтарының арасында ергежейлі аталықтардың кездесуі.
Физикалық полиморфизм – морфологиямен тығыз байланысты. Мысалы: Европада кездесетін ұлудың бақалшығында полиморфизм көрінеді. Ол жауларынан қорғану қызметін атқарады.
Биохимиялық полиморфизм көбінесе өсімдіктерде байқалады. Мысалы: жүгері, бидай, т.б. Ал адамда ақуыздың полиморфизмі инфекциялық аурулардан қорғаудың басты қоры болып есептеледі.
Бақылау сұрақтары:
Әдебиеттер [2–5, 9, 12, 15, 18, 21, 23, 29, 37]