Мақсаты: Студенттердің климаттың өзгеруі, озон қабатының жұқаруы, шөлейттену, биологиялық алуантүрліліктің азаюы, әлемдік мұхиттың ластануы, өндіріс пен ауыл шаруашылығының интенсивтілігіне байланысты экологиялық факторлар. Қоршаған ортаның физикалық, химиялық және биологиялық ластануы және экологиялық генетикалық салдары сияқты ғаламдық экологиялық мәселелер туралы білімдерін кеңейту.
8.1 Әлемдік экологиялық мәселелер
Әлемді тұтас қамтитын табиғи, табиғи-антропогендік немесе таза антропогендік құбылыстар. Осы құбылыстардың даму процесі жаһандану деп аталады. Қазіргі танда халықаралық деңгейде мынадай ғаламдық мәселелер бар: ресурстар мәселесі, азық-түлік немесе ашаршылық мәселесі, энергетикалық мәселе, демографиялық мәселе, климаттың өзгеруі, экологиялық мәселелер, «Үшінші әлем» елдерінің артта қалуын жою, қауіпті ауруларды жою, әлемдік мұхит пен космосты игеру, қылмыспен және терроризммен күрес, нашақорлықпен күрес. Ғаламдық мәселелерді ерекше білім саласын глобалистика зерттейді. Аталған ғаламдық мәселелер өзара тығыз байланысты және барлығы іс жүзінде жердегі экологиялық дағдарыстың даму процесімен қамтылады. Әрбір ғаламдық мәселені міндетті түрде шешу қажет. Ғаламдық мәселелерді шешу үшін ғаламдық, аймақтық, ұлттық бағдарламалар жасалады. Ғаламдық мәселелерді шешуге жұмсалатын шығындардың жартысына жуығын экологиялық мәселерді шешу шығындары құрайды. Ғаламдық экологиялық мәселелер – ғаламдық, аймақтық және ұлттық деңгейлерде айқындалған экологиялық мәселелер кешені. Зор геосаяси мәселенің экологиялық қауіптілігінің мынадай көріністері бар: табиғи экожүйенің бүлінуі, озон қабатының жұқаруы, атмосфераның, Әлемдік мұхиттың ластануы, биологиялық әралуандылықтың азаюы және т. б. Олар тек қана барлық елдердің қатысуымен, БҰҰ-ның басқаруымен шешілуі мүмкін. Экологиялық мәселелердің ғаламдығы оны шешу үшін барлық елдердің жігерін жұмылдыру қажеттігін тудырып отыр; қарудың барлық түрлерін азайтпай экологиялық дағдарыстан айырылу мүмкін еместігі; биосфераның жалпыға ортақ ластануына қарай ядролық соғыс ғана емес, тіпті жай соғысты жүргізудің мәнсіздігі; қазіргі өркениеттің технологиялық құрылымын қайта құру, өмір негізі болатын табиғатпен өзара іс-әрекеттің жаңа сапалы әдістері мен құралдарын жасау; қоршаған ортаны қорғау мәселесі бойынша БҰҰ органдары жұмысының тиімділігін арттыру және оларға төтенше өкілеттік беру.
Озон қабатының бұзылуы. Атмосферадағы озонның мөлшері бар болғаны 0,004 %-ды құрайды. Стратосферада (10–50 км. биіктіктегі) қалыңдығы 2–4 мм-ді құрайтын қабат. Атмосферада электр зарядтарының, Күннің ультракүлгін радиацияларының әсерінен оттегінің молекуласынан (O2) озон молекуласы (О3) түзіледі. Озон қабаты биосфераның жоғарғы шекарасы болып есептеледі. Одан жоғары орналасқан қабаттарда тіршілік нышаны білінбейді. Жер бетіндегі барлық ағзалардың тіршілігіне қауіпті Күннің өте қысқа ультракүлгін сәулелерін сіңіріп отыруына (6500 есе) байланысты озон қабатын «қорғаныш қабаты» деп те атайды. Озон қабатының 50 %-ға бұзылуы ультракүлгін радиацияларды 10 есеге көбейтеді. Озон қабатынан күннің ұзын толқынды ультракүлгін сәулелері (290–380 нм) өтіп кетеді. Біраз мөлшерде тіпті бұл сәулелер адам үшін пайдалы да: терімізді қарайтып күйдіреді, ағзалардың қорғаныштық қызметі артады. Тал түсте ультракүлгін сәулелердің концентрациясы көп болғандықтан, күнге күйіп қыздырыну процесін шаңқай түске дейін жүргізген жөн. Озоносфераның бұзылуы орны толмас жағдайларға, тері ісік ауруының күрт көбеюіне, көз катарактасына, жүйке жүйесінің әлсіреуіне, мұхиттағы планктонның жоғалуына, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің мутациясына алып келеді. 1980 жылдары Антарктидадағы ғылыми жұмыс станцияларында жүргізілген зерттеулерден атмосферадағы озон құрамының төмендегені байқалған. Осы құбылыс «озон тесігі» деген атау алды. 1987 жылдың көктемінде Антарктиданың үстіндегі «озон тесігі» барынша үлкейіп, оның ауданы шамамен 7 млн. км² -ді құрады, яғни, ауадағы мөлшері қалыпты нормадан 30–50 %-ға төмендеген. Антарктидадағы бұл құбылыс қыркүйек-қараша айларында байқалып, маусымның басқа кездерінде озонның мөлшері нормаға жақын болады. Кейін анықталғандай, атмосферадағы озонның мөлшері Солтүстік жарты шардың орта және жоғары ендіктерінде қыс-көктем (қаңтар-наурыз) айларында, әсіресе Европа, АҚШ, Тынық мұхит, Ресейдің европалық бөлігінде, Шығыс Сібір, Жапония үстінде жылдан-жылға азайып келеді. 1995 ж. көктемде Арктиканың озонды қабаты шамамен 40 %-ға дейін азайған. Сонымен бірге Канаданың солтүстік аудандарында және Скандинавия түбегінің, Шотландия аралдарының, Қазақстанның, Якутияның үстінде «мини-тесіктер» қалыптасқаны тіркелген. Озон қабатының бұзылу процесіне ғарыштық аппараттар, дыбыстан да жылдам ұшатын ұшақтар және ондағы толық жанып бітпеген отын өнімдері және ядролық жарылыстардан бөлінген заттар әсер етеді. Алайда озон қабаты үшін ең қауіпті заттар үй тұрмысы мен өнеркәсіпте пайдаланатын мұздатқыштар мен аэрозольді баллондарда пайдаланатын фреондар. Осы заттар атмосфераның жоғарғы қабаттарына көтерілгенде қарқынды түрде озонды бұзатын хлор немесе басқа галогендердің атомын түзетін фотохимиялық ыдырауға ұшырайды, ал олар әрі қарай озонның оттегіне айналу процесін жылдамдатады. Дүниежүзі бойынша шамамен 1,3 млн. тонна озон ыдыратушы заттар өндіріліп отырған. Оның 35 %-ын АҚШ, 40 %-ын Европа елдері, 10–12 %-ын Жапония, 7–10 %- ын Ресей өндіреді. Озон қабатының бұзылуы адам денсаулығы мен қоршаған ортаға өте зиян. Озон қабатын сақтау үшін халықаралық келісімдер қажет. 1987 ж. Монреаль хаттамасында фреондарды өндіру және пайдалануды бақылау жайында 70 мемлекет арасында келісім жасалды. Ол құжат бойынша озон қабатына қауіпті фреондарды өндіру 2010 жылға дейін тоқтатылуы керек болатын.
Парниктік эффект (жылу эффекті). Жанғыш қазбаларды өртеу және басқа да өнеркәсіптік процесстер әсерінен бөлініп, атмосферада жинақталатын көмір қышқыл газ (С02), көмірсутектер, яғни, метан (СН4), этан (С2Н6) және т. б. (жоғары концентрациясы болмаса бұл заттар жекелей аса қауіпті емес) газдары парникті эффектінің пайда болуына алып келеді. Парникті эффектінің механизмі қарапайым. Бұлтсыз ауа-райы ашық кезде күн сәулелері Жер бетіне оңай жетіп топырақ, өсімдіктер жамылғысымен сіңіріледі. Жер беті қызған соң жылу энергиясын ұзын толқынды сәулелену түрінде атмосфераға қайта береді. Алайда бұл жылу энергиясы атмосферада шашырамай жоғарыда айтылған газдардың молекулаларымен сіңіріліп (С02 жылу энергиясының 18 %-ын сіңіреді), молекулалардың қарқынды қозғалысына және температураның көтерілуіне алып келеді. Атмосфералық газдар (азот, оттегі, су парлары) жылу сәулелерін сіңірмей, керісінше оларды шашыратады. С02-нің концентрациясы жыл сайын 0,8–1,5 мг/кг-ға көтерілуде. Зерттеулер бойынша СО2-нің мөлшері ауада екі есе көбейсе, орташа температура 3° С–5 °С-қа көтеріледі. Бұл өз кезегінде климаттың ғаламдық жылуына, яғни, Антарктидадағы мұздықтардың жаппай еруіне, Әлемдік мұхиттың орташа деңгейінің көтерілуіне, көптеген жердің су астында қалуына және басқа да жағымсыз жағдайларға алып келеді.
Климаттың ғаламдық жылуы биосфераның антропогендік ластануының бір көрінісі. Бұл климаттың және биотаның өзгеруі: экожүйедегі өнімділік процестерінің, өсімдіктер қауымдастықтары шекараларының, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігінің өзгеруінен білінеді. Әсіресе климаттық өзгерістер Солтүстік жарты шардың жоғары және орта ендіктерінде қатты байқалады. Бұл аймақтардың табиғаты әртүрлі әсерлерді қабылдағыш келеді, сондықтан да оның қайта қалпына келуі өте баяу жүреді. Болжамдар бойынша, температураның көтерілуі дәл осы жерлерде жоғары болады. Тайганың аумағы кей жерлерде солтүстікке қарай 100-200 км-ге, кей жерлерде одан азырақ жылжиды. Температураның көтерілуіне байланысты мұхиттардың деңгейі 0,1-0,2 м. көтеріледі. Бұл өз кезегінде үлкен өзен аңғарларының (әсіресе Сібір өзендерінің) су астында қалуына алып келеді. Мәліметтер бойынша келесі ғасырдың басына дейін Жер бетінің температурасы 1,4° С-қа көтеріледі. 1997 ж. Киото хаттамасына сәйкес, өнеркәсібі дамыған елдер 2008-2012 жылдары 1990 жылмен салыстырғанда парникті газдардың атмосфераға бөлінуін 55 %-ға дейін азайту керек. Алайда бұл хаттаманың шешімдері әлі күнге дейін күшіне енген жоқ. Өйткені дамыған елдер бұл шешімнің дұрыстығына күмәнмен қарауда. 2000 жылы Гаага қаласында өткен конференцияда әрбір индустриалды елде зиянды заттарды атмосфераға бөлуді азайтудың ұлттық саясаты жүргізілу керектігі туралы шешім қабылданды. Өкінішке орай, көптеген елдер көміртегінің атмосферадағы азаюын ормандар мен топырақтың сіңіруінен емес өздерінің іс-әрекеттері арқасында деп көрсеткісі келеді. Қазақстан да 2006 жылға дейін 2008-2012 жылдар аралығында парникті газдарды атмосфераға шығаруды азайту бойынша міндеттеме алып, анықталуы керек еді. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе тек қағаз жүзінде қалып отыр.
Қышқыл жаңбырлар. Алғаш рет “қышқыл жауындар” терминін 1872 жылы ағылшын зерттеушісі Роберт Смит енгізген болатын. Ол өзінің зерттеулерін Манчестердегі смогтан бастаған болатын. Ғаламдық негізгі экологиялық мәселелердің бірі атмосферадағы ластаушы заттардың ұзақ қашықтықтарға тасымалдануы. Алғашында бұл мәселе радиоактивті заттардың үлкен қашықтықтарға таралуына байланысты пайда болды. Негізінен күкірт диоксиді және оның қосылыстары, азот оксиді және оның қосылыстары, ауыр металдар (әсіресе сынап), пестицидтер, радиоактивті заттар сияқты улылығы жоғары заттардың таралуына баса назар аударған жөн. Күкірт диоксиді мен азот оксидтерінің жуылуы күкірт жөне азот қышқылдарының түзілуіне әсер етеді. Бұл үлкен территориялардағы табиғи ортаның жалпы қышқылдануына, айтарлықтай экологиялық өзгерістерге алып келді. Түзілген қышқылдар және олардың қосылыстары жауған жауын-шашынның құрамында, қардың, жер бетіндегі су айдындарында және топырақтың құрамында кездесіп экожүйелерге жағымсыз әсер етуде. Күкірт диоксиді және азот оксидтерімен болатын қышқыл жаңбырлар орман биоценоздарына үлкен зиян әкелуде. Қышқыл жаңбырлардан жалпақ жапырақты ормандарға қарағанда қылқан жапырақты ормандар қатты зардап шегеді. Қышқыл жаңбырлар топырақ қышқылдығын тудырады. Нәтижесінде минералдық тыңайтқыштардың пайдасы азаяды. Әсіресе бұл шымды күлгін топырақтарда қатты байқалады. Адам ағзасындағы алғашқы жағымсыз реакциялар ауа құрамындағы сульфаттардың концентрациясы 6–10 мкг/м3, күкіртті газ – 50 мкг/м3-ге жеткенде пайда болады. Бұл қосылыстарды әсіресе өсімдіктер өте сезгіш. Қыналардың кейбір түрлері күкірт қышқылының концентрациясы 10–30 мкг/м3, қылқан жапырақтылар – шекті мөлшерден бар болғаны 3–4 есе көбейгенде тіршілігін жояды. Тұщы сулардың қышқылдығы рН < 5,5 (табиғи суларда 5,6-ға жақын) көрсеткіште балықтардың көбеюі төмендеп, рН=4,5 жағдайда көбею жүрмейді. Қазіргі таңда антропогендік әсерден бөлінетін күкірт диоксидінің мөлшері жылына 150 млн. тоннаны құрайды. Көмірді пайдалану күкірттің көп бөлінуіне алып келеді. Жер шарының кейбір аудандарында, әсіресе Европада, Солтүстік Америкада антропогендік күкірттің түсуі көп мөлшерге жетті. Жер бетіне түскен қышқылдар мен сульфаттар топырақ құрамына (топырақтың қышқылдануы), өсімдіктер жабынына, су айдындарының қышқылдануына алып келуде. Атмосфераны күкірт диоксидінен қорғау, оларды ауа бассейнінің жоғары қабаттарында шашырату арқылы жүзеге асыруға болады. Ол үшін жылу электр орталықтары мұржаларының биіктігі 180, 250, тіпті 370 м. биіктікте болуы керек. Одан басқа жолы отынды пайдаланбас бұрын құрамындағы күкіртті отынды бөліп алу қажет.
Улы және фотохимиялық тұман. Үлкен қалаларға тән, жиі байқалатын құбылыс улы туман (тұман мен түтіннің қосылысы). Улы тұмандар үш түрлі – ылғалды, құрғақ және мұзды болып келеді. Ылғалды улы тұман (Лондондық тип) – газтәрізді ластаушы заттар, шаң және тұман тамшыларының қосылыстары. Бұл қосылыстағы заттар бір-бірімен химиялық реакцияға түсіп бастапқы түрлерінен әлдеқайда қауіпті қосылыстар түзеді. Атмосфералық ауаның 100–200 метр биіктігінде улы, сарғыш түсті лас, ылғалды улы тұман осылай пайда болады. Мұндай тұман теңізге жақын, тұманды, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жоғары елдерде түзіледі. Құрғақ улы тұман (Лос-Анджелестік тип) – озонның пайда болуы кезінде химиялық реакциялардың әсерінен атмосфералық ауаның екінші рет ластануы. Құрғақ улы тұман Лос-Анджелесте (АҚШ) қалың тұман емес, көкшіл түтін түзеді. Улы тұманның үшінші түрі – мұзды улы тұман (Аляскалық тип). Ол Арктика мен Субарктикада антициклон кезінде төменгі температурада пайда болады. Мұндай ауа-райында ластағыш заттардың аз мөлшерде бөлінуінің өзі мұздың майда кристалдарынан тұратын қалың тұманның пайда болуына алып келеді. Сондай-ақ улы тұман шұңқырлы жерлерде орналасқан қалаларға, мысалы, Алматы, Ереван, Кемерово, Новокузнецк, Братск, Мехико және т. б. тән. Улы тұман кезінде, жарықтың әсерінен зиянды заттардың ауа, ылғал компоненттерімен фотохимиялық реакциялары нәтижесінде қосымша улы өнімдер (альдегидтер, кетондар) түзіледі. Атмосфералық ауаның тұмандануы қала микроклиматының нашарлауына тұманды күндердің көбеюіне, атмосфераның тұнықтығына, мөлдірлігіне әсер етеді. Мысалы, 1948 ж. 26 қазанда Донора (АҚШ, Пенсильвания) қаласында қалың тұман мен түтіннің қосылуынан (улы тұман) жолдың көрінуі өте нашарлап қаланы қара күйе басып қалған. Адамдардың тыныс алуы қиындап, тамақтары ауырып, көздері ашып, құсқылары келген. Сөйтіп жаңбыр жауғанға дейін 3–4 күннің ішінде 14000 қала тұрғындарының 6000 тұрғын ауырып, 20 адам қайтыс болған. 1952 жылы желтоқсанда Лондон қаласында улы тұманның әсерінен 3–4 күн ішінде 4000 адам қайтыс болды. Себебі ауасы лас қалада жел болмай, атмосфералық ауа құрамындағы күкіртті ангидридтің мөлшері қатты көбейіп кеткен. XX ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап Лос-Анджелес қаласында да жылдың жылы маусымында, әдетте жазда және ерте күзде ылғалдылығы 70 % құрайтын тұман пайда бола бастады. Бұл тұманды фотохимиялык, тұман деп атайды. Улы тұман кезінде көріну қабілеттілігі нашарлап, үй жануарлары (ит, құс) өле бастайды. Адамдардың тыныс алуы қиындап, көздері жасаурап, тамақ пен мұрынның шырышты қабаттарының тітіркенуіне, өкпе және басқа да созылмалы аурулардың қозуына алып келеді. Улы тұман өсімдіктерге, әсіресе бұршақ, қызылша, астық тұқымдастар, жүзім және сәнді өсімдіктерге де зияны көп. Алдымен жапырақтары ісініп, біраз уақыттан кейін жапырақтың төменгі жағы ақшылданады және сарғаяды да, өсімдік қурай бастайды.
Әлемдік мұхит мәселелері. Жер бетінің 2/3 бөлігін алып жатқан Әлемдік мұхит – суының салмағы 1,4–1021 кг-ды құрайтын үлкен резервуар. Мұхит суы планетадағы су қорының 97 %-ын құрайды. Сондай-ақ Әлемдік мұхит планета халқының тағам ретінде пайдаланатын барлық жануарлар белоктарының 1/6 бөлігімен қамтамасыз етеді. Жер бетіндегі тіршілікті сақтауда негізгі маңызы мұхитқа, оның ішінде мұхиттың жағалаудағы аймақтарына жатады. Өйткені планета атмосферасына түсетін оттегінің 70 % планктондарда жүретін фотосинтез процесінің нәтижесі. Әлемдік мұхит биосферадағы тепе-теңдікті сақтауда үлкен маңыз атқаратын болғандықтан, оны қорғау халықаралық экологиялық өзекті мәселелердің бірі. Әлемдік мұхиттың зиянды және улы заттармен, мұнаймен және мұнай өнімдерімен, радиоактивті заттармен ластануы үлкен алаңдатушылық тудырып отыр. Ластанудың масштабын мына мәліметтерден көруге болады: жағалаудағы суларға жыл сайын 320 млн тонна темір, 6,5 млн. тонна, фосфор, 2,3 млн. тонна қорғасын бөлінуде. 1995 жылы тек Қара теңіз бен Азов теңіздерінің өзіне ғана 7,7 млрд/м3 лас тұрмыстық және өнеркәсіптік ағын сулар төгілген. Әсіресе Персия және Аден шығанақтарының сулары және Балтық теңізі мен Солтүстік теңіздің сулары да қатты ластанған. 1945–1947 жылдары кеңес, ағылшын және американдық команда басқармалары қолға түскен және өздерінің улы заттары бар (иприт, фосген) 300 мың тонна оқ-дәрілері суға батырылды. Суға батыру операциялары асығыс, экологиялық қауіпсіздік нормалары сақталмай жасалды. Судың әсерінен қазіргі кезде химиялық оқ-дәрілердің корпустары қатты зақымдалды, ал мұның арты жақсылық қа апармайтыны белгілі. Мұхитты қатты ластаушылардың бірі мұнай және мұнай өнімдері. Әлемдік мұхитқа жыл сайын орта есеппен 13–14 млн. тонна мұнай өнімдері төгілуде. Мұнаймен ластанудың екі түрлі қаупі бар: біріншіден, су бетінде теңіз фаунасы мен флорасына қажетті оттегіні жібермейтін пленка түзіледі; екіншіден, мұнайдың өзі жартылай ыдырауы ұзақ уақытқа созылатын улы зат болып есептеледі. Судың құрамында мұнайдың мөлшері 10–15 мг/кг жағдайда планктон мен майда шабақтар қырылып қалады. Үлкен танкерлердің апатқа ұшырауы кезінде мұнай өнімдерінің суға төгілуін нағыз экологиялық апат деп айтуға болады. Әсіресе радиоактивті қалдықтарды (РАҚ) көму кезіндегі радиоактивті ластану өте қауіпті болып табылады. Алғашында радиоактивті қоқыстардан арылудың жолы РАҚ-ды мұхиттар мен теңіздерде көму болды. Әдетте бұлар 200 литрлік бөшкелерге салынып, үстіне бетон құйып теңізге тастайтын белсенділігі төмен қалдықтар болды. Алғашқы РАҚ-ды АҚШ Калифорния қаласынан 80 км. қашықтықта көмді. 1983 жылға дейін РАҚ-ды ашық теңіздерге көмуді 12 ел жүргізіп келді. Тынық мұхит суына 1949–1970 жылдары арасында РАҚ салынған 560 261 контейнер көмілген. Соңғы уақытта Әлемдік мұхитты қорғауға арналған бірнеше құжаттар қабылданды. 1972 жылы Лондонда жоғары және орташа деңгейдегі радиациялар қалдықтарымен теңіздерді ластауды тоқтату бойынша Конвенцияға қол қойылды. Орташа және төмен деңгейдегі радиоактивті қалдықтарды көму тек арнайы рұқсатпен жүргізілетін болды. 70-ші жылдардың басынан бері 10 теңізді бірге игеретін әлемнің 120 мемлекетін біріктіретін БҰҰ-ның «Аймақтық теңіз» экологиялық бағдарламасы жұмыс жасап келеді. Аймақтық көпжақты: Солтүстік-Шығыс Атлантика теңіз ортасын қорғау Конвенциясы (Париж, 1992 ж.); Қара теңізді ластанудан қорғау бойынша Конвенция (Бухарест, 1992 ж.) және бірқатар басқа да келісімдер жасалды.
Аймақтық экологиялық мәселелердің бірі – ормандардың азаюы. Жаңбырлы тропикалық ормандар оттегінің басты көзі және оттегі тепе-теңдігін сақтауда үлкен маңыз атқарады. Сондықтан тропикалық ормандарды «планетаның жасыл өкпесі» деп те атайды. Соңғы 50 жылда адамның қатысуымен Жер бетіндегі ормандардың 2/3 бөлігі, ал соңғы 100 жылда Жер бетіндегі орман массивтерінің 40 % жойылған. Жыл сайын дүние жүзінде 15–20 млн. г. (Финляндия аумағындай) тропикалық ормандар жойылуда. Соңғы 10 жыл ішінде ормандардың жойылу қарқыны 90 %-ға өсіп, жылына 1,8 %-ды құрайды. Ең көп шығынға ұшырап жатқан елдердің қатарына Бразилия, Мексика, Үндістан, Тайланд жатады. Егер тропикалық ормандар осындай қарқынмен жойыла берсе 30–40 жылдан соң Жер бетінде мұндай ормандар қалмайды. Тропикалық ормандар аумағының азаюы әсерінен атмосферадағы оттегінің мөлшері XX ғасырдың ортасымен салыстырғанда жыл сайын 10–12 млрд тоннаға азайып, ал көмір қышқыл газының мөлшері 10–12 %-ға көбеюде, яғни, оттегі тепе-теңдігінің бұзылу қаупі бар. Ормандардың жойылуының басты себептері: орман алқаптарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін өңделуі, ағаш отындарға сұраныстың артуы, ормандарды өнеркәсіп қажеттігі үшін қырқу және дамудың үлкен масштабты жобаларының іске асуы. Халықтың тропикалық аймақтарға көшуін мысалы, Бразилияда (Амазонияны колонизациялау жобасын іске асыру үшін) ауыл шаруашылығы үшін жаңа жерлерді игеру мақсатында кейде үкімет деңгейінде қолдайды. Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде экспортқа шығару үшін мал шаруашылығын дамыту саясаты тропикалық ормандарға үлкен зиянын тигізді. Дамушы елдердегі кедей халық санының өсуі энергетикалық кризиспен бірге ормандардың жойылуының тағы бір себебі болып табылады. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріндегі ауыл тұрғындарының шамамен 90 %, қала халқының 30 % негізінен ағаш отындарды пайдаланады. Коммерциялық орман дайындау жұмыстары әдетте қырқылған ағаш орнына ағаш егілмей, экологиялық талаптар орындалмай жүргізіледі. БҰҰ-ның Рио-де-Жанейродағы конференциясынан (1992 ж.) соң дамушы елдер орман ресурстарын сақтау мәселесі бойынша халықаралық келісімге дайын екендіктерін растады. 1993 жылы Бандунг қаласындағы (Индонезия) кездесуде әлемнің барлық климаттық аймақтарында орман шаруашылығының дамуын қамтамасыз ететін бағдарламалар жасау және оны бақылау туралы халықаралық комитет құру жөнінде ойлар айтылды. Қазақстан аумағының 3,2 % ғана орманды алқап. Мамандардың пікірінше, еліміз орман қорғау ісі бойынша әлемдік тәжірибеден көп артта қалып қойған. Осы күнге дейін ұлттық орман саясаты қалыптасқан жоқ. Соңғы кездері ағашты заңсыз кесу әрекеті белен алды. Әсіресе еліміздің орман қорының 40 %-ын құрайтын сексеуілді отау күшейіп барады. Ал сексеуілдің онсыз да эколоғиясы нашар, ылғалы аз, топырағы құнарсыз, құмды аймақтарда өсетіні бәрімізғе белгілі. Айта кетерлігі, 1992 жылы орман көшеттерін отырғызу ісі 80,7 мың гектар болса, он жылдан сон 2002 жылы бұл көрсеткіш 8,9 мың гектарға дейін қысқарған.
Су тапшылығын көптеген ғалымдар соңғы кездегі атмосферада көмір қышқыл газы мөлшерінің көбеюіне байланысты температураның көтерілуімен байланыстырады. Осыдан бірін-бірі тудыратын мәселелердің тізбегін жасау қиын емес: энергияның көп бөлінуі (энергетикалық мәселелерді шешу) парникті эффект, су тапшылығы, азық-түліктің жетіспеуі (өнімнің болмауы). Соңғы 100 жылда температура шамамен 0,6° С-қа көтерілді. Әсіресе 1995–1998 жылдары температура қатты көтерілді. Көмір қышқыл газы, метан және басқа да газдар жылу сәулелерін сіңіріп парникті эффектіні (жылу эффектін) күшейтуде. Одан да маңызды фактор тұрмыстық және өнеркәсіптік мақсатта су шығынының артуы. Осының әсерінен Үндістан, Қытай, АҚШ-тың кейбір аудандарында жер асты суларының деңгейі айтарлықтай төмендеді. Кейбір жерлерде суғару жұмыстары үшін жаңбыр суын емес, тереңде орналасқан қазба суларын пайдалануға мәжбүр. Қытайдық ұлы өзендерінің бірі Хуанхэ бұрынғыдай Сары теңізге тек ылғалды жылдары ғана жетеді, АҚШ-тағы ірі Колорадо өзені де Тынық мұхитқа жылдағыдай құя бермейді. Амудария мен Сырдария өзендері де бұрынғыдай Арал теңізіне жете бермейді. Судың тапшылығы көптеген аймақтарда экологиялық ахуалды нашарлатып азық-түлік тапшылығына алып келуде.
Шөлейттену. Экожүйедегі тепе-теңдіктің бұзылуына және белгілі бір территориядағы органикалық тіршіліктің барлық формаларының деградацияға ұшырауына алып келетін табиғи және антропогендік процестердің жиынтығы, яғни, адамның қатысуынсыз табиғи экожүйенің орнына қайта келмейтіндей өсімдіктер жамылғысын жоғалтуы шөлейттену деп аталады. Шөлейттену негізінен ылғалы тапшы аудандарда табиғи және көбіне антропогендік факторлардың әсерінен (орман ағаштарын кесу, жайылымдарды үздіксіз пайдалану, суару жұмыстары кезінде су ресурстарын үнемсіз пайдалану және т. б.) пайда болады. Шөлейттену әлемнің барлық табиғи аймақтарында жүруде. Қазіргі таңда әлемнің әртүрлі елдеріндегі шөлейттенудің басты себебі – табиғи ресурстарды шаруашылықта пайдалану құрылымының сол ландшафтың табиғи мүмкіншілігіне сәйкес болмауы, халық санының өсуі, антропогендік қысымның артуы, кейбір елдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі. БҰҰ-ның 1985 жылғы мәліметтері бойынша, сол кездің өзінде антропогенді шөлейттенудің көлемі 9 млн км²-ге жеткен және жыл сайын 7 млн. гектар жер пайдаланудан шығып қалуда. Шөлейттену процесі жалпы жер көлемінің Азияда – 19 %, Африкада – 23 %, Австралияда – 45 %, Оңтүстік Америкада – 10 %-ын құрайды. Сахара шөлі оңтүстікке қарай жылына орташа 6 км жылдамдықпен жылжуда. Орта Азияның таулы аудандарында, Арал және Балқаш төңірегінде, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның биік зоналы геожүйелерін қоса (Тянь-Шань, Памир-Алтай) шөлейттену процесі қарқынды жүруде. Амудария мен Сырдария өзендерінің суларын ауыл шаруашылығының қажетіне пайдалану Арал теңізінің сусыз жерлерінде сортаң, тақыр жазықтықтардың пайда болуына алып келді. Сондай-ақ Арал төңірегі ландшафтарының деградацияға ұшырауы көлді-батпақты және тоғайлы табиғи кешендердің тұздың жиналуы молая түскен гало-ксерофитті кешендерге алмасуда. Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар түзілген жерлерінде пайдаланбайтын, ауыл шаруашылығының басқа саласында өнім ретінде немесе қайта өңдеу арқылы пайдалануға болатын өнеркәсіп, тұрмыс, транспорт және т.б. қоқыстар тұрмыстық (коммуналдық) қалдықтар адам өміріндегі заттарды (монша, кір жуу, асхана, емхана және т. б. қоса) пайдаланғаннан кейін қалатын, тұрмыста пайдаға аспайтын қатты (сондай-ақ ақпа сулардың қатты бөлігі тұнбалары) қалдықтар. Тұрмыстық қалдықтар әлемнің көптеген елдерінің мәселесі. Мысалы, АҚШ-та жыл сайын 150 млн. тоннадан аса, Жапонияда – 72 млн. тоннадан аса қалдықтар бөлінеді. Осыған байланысты қазіргі кезде көптеген елдерде қоқыстарды өңдеу қондырғылары (тәулігіне 900 тоннаға дейін) орнатыла бастады. Соңғы жылдары тірі ағзалардың улануына алып келетін қауіпті (улы) қалдықтардың мөлшері көбеюде. Бұл ауыл шаруашылығында пайдаланбай қалған улы химикаттар, құрамында канцерогенді және мутагенді заттары бар өндіріс орындарының қалдықтары. Бұрынғы КСРО территориясында химиялық «тұзақтар», яғни кезінде көміліп ұмытылып кеткен, бертін келе тұрғын үйлер және басқа да обьектілер салынған көптеген қауіпті қалдықтардың орындары бар. Уақыт өте келе сол жердегі тұрғылықты халық әртүрлі ауруларға ұшырай бастайды. Мұндай қалдықтар көмілген жердің санақ бойынша АҚШ-та 32 мың жерде, Германияда – 50000, Нидерландыда – 4000 кішкентай, Данияның өзінде – 3200 көзі бар.
Өнеркәсіптік қалдықтар. Өнеркәсіптік (өндіріс орындары) қалдықтар өнімдерді шығару және әртүрлі жұмыстарды орындау кезінде бастапқы тұтыну қабілетін толық немесе жарым-жартылай жоғалтқан шикізат, материалдар, жартылай фабрикаттар қалдықтары. Олар қайтымды және қайтымсыз (технологиялық шығындар: буға айналу, бықсық түтін, кеуіп кету) болуы мүмкін. Мәліметтер бойынша, Европа одағы елдерінде жыл сайын: қайта өңдеу өнеркәсіп орындарында – 400 млн. тонна, өндіріс орындарында – 160 млн. тонна және т.б. қалдықтар түзіледі. 90-шы жылдардың бас кезінде барлық қалдықтардың (2,2 млрд. тонна) жартысы ауыл шаруашылығындағы өндіріс орындарының еншісіне тиді.
Қала экологиясы. Урбанизация (адамның планета территориясын игеруі және өзіне қажетті обьектілерді салуы) табиғатқа елеулі әсер етеді. Халықтың сапалы тіршілігін қамтамасыз ету үшін оның жолдарын, құралдарын, әдістері мен шешімдерін экологиялық негізделген жағдаймен шешуді урбоэкология (қала салудағы экология) саласы қарастырады. Қалалардағы адам мен табиғат үшін қолайлы ортаны сол жерде өмір сүретін тұрғындардың психологиялық, әлеуметтік жайлылығы, қаланың үйлесімді, орнықты әлеуметтік және экономикалық дамуы қамтамасыз етеді. Қалалық орта сонда тұратын халық үшін жоғары дәрежеде және әрқалай әсер ететін табиғи, табиғи-антропогендік және әлеуметтік-экономикалық кешенді факторлар болып табылады. Адамның қаладағы өмірі – бұл пәтер ішіндегі ортаның, пәтерден тыс ортаның (өндіріс орны, көше, транспорт және т.б), мәдени ландшафттар ортасының (бақтар, саябақтар), табиғи ортаның, сондай-ақ әлеуметтік-психологиялық және әлеуметтік-экономикалық орталардың жиынтығы.
Жер бетіндегі адамдардың көпшілігі күнделікті өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы қалада тұратыны мәлім. Алайда қалалар негізгі экологиялық мәселелердің де орталығы болып табылады. 2001 жылы тарихта алғаш рет қалалардағы тұратын халық саны планетадағы адамдардың 50 %-нан асты. Болжамдар бойынша 2030 жылға қарай қалада тұратын адамдардың саны ауыл тұрғындарының санынан 2 еседей көп болады деп күтілуде. Соңғы ғасыр ішінде қалаларға байланысты ауқымды экологиялық қиыншылықтар байқала бастады, олар көптеген қалалардағы ластанудың өсуі, ластағыштардың қоршаған орта мен адам ағзасына түсуі, қала аумақтары мен қала халқы санының өсуі, халықтың тығыз орналасуы, мегаполистердің халық саны ондаған миллионға жететін одан да ірі урбоареалдарға айналуы, табиғатты ығыстыру, табиғи ландшафтардың жасанды ландшафтарға ауысуы, адамның табиғатпен тікелей байланысының (көзбен, иіс сезу, түйсік, дыбыс арқылы) жоғала бастауы, табиғи сезім мүшелерінің жағымсыз жасандыға ауысуы және олардың қарқынды түрде өсуі, адамның табиғи биологиялық ырғағына әсер (түннің шектен тыс жарық болуы, шуыл, ұйықтау орнына түнде жұмыс істеу және т. б.). Қалалық орта экологиясы – қалалық ортаның мәселелері және оларды жетілдіру жолдары туралы кешенді ғылым. Осындай кең көлемдегі мәселелерді шешу оған қатысы бар адамдардың (қала басқарушылары, инвесторлар, архитекторлар, құрылысшылар, қала халқы) экологиялық білім деңгейіне, ғылыми зерттеулерге, бөлінетін субсидияға, азаматтардың қатысуына және олардың ақпаратпен қамтамасыз етілуіне байланысты. Мұндағы басты міндеттер қалалық ортаны құруда әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторларды біріктіру, сапалы өмір сүру ортасы жоғары дәрежеде болу үшін қаланы және оның маңайын жоғары сапалы экологиялық инфрақүрылыммен қамтамасыз ету, энергетиканы, өнеркәсіп орындарын, транспортты, суды пайдалануды, қалдықтарды және т. б. экологияландыру, тұрғындар қажеттіліктерін экологияландыру және осы қалалық ортаны құруға қатысы бар барлық адамдар санасында экологиялық этика негізін құру. Қазірдің өзінде бірқатар елдерде қалалар алып жатқан территориялардың үлесі көп. Мысалы, Бельгияда – 28 %, Англияда – 12 %, Данияда – 11 % ел территориясы қалалардың үлесіне тиеді. Мұндай үлкен урбанизацияланған аумақтарда қалалар мен табиғат арасындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау мүмкін емес. Әлеуметтік-экономикалық дамуы нашар басқарылатын қалалардың қоршаған ортаға тигізетін жағымсыз әсерлері көбейе түсті. Урбанизация қазіргі кезде негізгі әлемдік тенденция болып отыр. 1900-2000 жылдар аралығында қала халқы шамамен 0,2-ден 2,9 млрд. адамға көбейді. Ал осы уақыт ішінде халық саны 1 миллионнан асатын қалалар 17-ден 388-ге дейін көбейді. Қалалар құрлықтың аз ғана бөлігін алып жатыр, алайда мұнда бүкіл халықтың жартысына жуығы тұрып жатыр. Урбанизация процесінің дамуына байланысты қалалық ортаның көптеген мәселелері (урбанистикалық, құрылыс-архитектуралық, технологиялық, әлеуметтік, экологиялық) пайда болды. Оның ішінде қала саны мен көлемінің өсуі, өнеркәсіп орындарының, транспорттың, тұрғындар санының артуы да бар. Ауыл тұрғындарының қалаға көшуіне байланысты ауыл мен қала тұрғындарының саны үнемі өзгеріп отырады. Қала халқының саны және қалалар саны мен көлемдері де өсуде. Қала халқының сандық пайызы әлемнің әртүрлі аймақтарында әрқалай. Ең үлкен көрсеткіштер әлемнің дамыған елдері – Солтүстік Америка мен Европаның үлесінде (70 %-дан жоғары), ал ең төменгі көрсеткіш – Азия және Африка елдерінің еншісінде. Үлкен қалалар өздерінің маңайымен және кішкене қалалармен қосылып, ұзындығы жүздеген километрге жететін урбанизацияланған ареалдардың (мегаполистердің) түзілуіне алып келді. Қазіргі кезде ең ұзын мегаполис «Босваш» (Бостон-Вашингтон) 500-дей қаланы біріктірді. Мұнда АҚШ халқының 20 % (45 млн. адам) тұрады. Түнгі уақытта бұл территория Жер спутниктерінен жарық дақ сияқты көрінеді. Мұндай урбоареалдардың саны әлемде 10-нан асты. Оның әрқайсысы 30–40 агломерацияларды «жұтып қойды». Қалалардың демографиялык, және экономикалық тұрғыдан өсуі әсерінен экожүйеге техногенді әсердің артуы тек қала маңында ғана емес, олардан біршама қашықтықтарда да біліне бастады. Осыған байланысты қаланың экологиялық жағдайы көптеген өнеркәсіпті қалаларда нашарлап кетті. Қалалар планетамыздың азғана бөлігін алып жатуына байланысты, қалған табиғаттың бөлігін аман сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қалалар – адамзаттың болашағы. Аристотель айтқандай «Біз қалаларды тұрғызамыз, ал қалалар бізді қалыптастырады». Урбанизацияның экожүйелер үшін жағымсыз болуы міндетті түрде емес, ал оны экологияландыру жағымды құбылыс. Қала және қалалық орта сонда өмір сүретін халықтың Қажеттіліктерін өтеуге, денсаулығына, өмір сапасына қатты әсер етеді. Сондықтан қазіргі таңда қалалық ортаны экологияландыру адамзат үшін өмірлік қажеттілік болып табылады.
Климаттың өзгеруі бойынша үкімет аралық сарапшылар тобының (IPCC) болжамы бойынша, 2040 жылы Европада жаздың күндері 2003 жылдың жазғы күніндей температура 38° С–48° С-ты құрайтын болады. Мұндағы негізгі мәселе адамдардың көптеп өлуі емес, өсімдіктер өспей Европада азық-түлікті өсіру тоқтаудың алдында болады, – дейді. Бұл ұйым тобының есебінше, 2040 жылы Сахара шөлі Европаның ортасына, тіпті Берлинге дейін жылжиды.
Әлеуметтік-экономикалық мәселелер. Азық-түлік тапшылығы. Әлем бойынша астық, ет, балық және басқа тағам түрлерін адам басына шаққанда өндірілуі 1985 жылдан бері төмендеп келеді. Болжамдар бойынша, 2010 жылға қарай бидай мен күріштің бағасы екі еседен аса қымбаттайды деп күтілуде. Бұл кедей елдерде халықтың жаппай ашаршылыққа ұшырауына алып келуі мүмкін. Азық-түлік тапшылығының басты себебі 1956 жылдан бері адам басына шаққанда егістік жерлерінің көлемінің қысқарып, басқа мақсаттарға пайдаланылуы және топырақтың эрозияға ұшырауына байланысты. «Жасыл революцияға» байланысты 1970-ші жылдары жаңа сорттарды енгізу, суғару, тыңайтқыштар мен гербицидтерді пайдалану арқылы өнімнің төмендеуі тоқтатылды. Алайда суғару үшін судың тапшылығына байланысты Австралияда, Африкада бұл әрекеттер іске аспады. Қазіргі таңда суғару жұмыстары үшін судың тапшылығы Азияда, Америкада байқалуда. Сондай-ақ балық қоры да күрт азайды. 1950 жылдан 1989 жылға дейін әлем бойынша балық аулау 19 миллионнан 89 миллионға жетті.
«Жасыл революция» және оның салдары. «Жасыл революция» ғылыми-техникалық революцияның бір көрінісі – ауыл шаруашылығының қарқынды: ауыл шаруашылығын техникаландыру (машина мен техникаларды пайдалану); өсімдіктер мен жануарлардың жасанды жолмен алынған жаңа сорттарын қолдану; химияландыру (улы химикаттар мен тыңайтқыштарды пайдалану); мелиорация (суармалы жерлердің көлемін ұлғайту) жолдармен дамуы. «Жасыл революцияның» екі түрі бар.
1) XX ғасырдың 60–70 жылдары пайда болды. Оның бастамасын көтерген мексикандық селекционер Норман Берлоуг болды. Ол ескі сорттарға қарағанда өнімді 3 есе көп беретін жаңа «Мексикале» сортын сұрыптап шығарды. Н. Берлоугтан кейін басқа селекционерлер де жаңа жүгері, мақта, күріш сорттарын сұрыптап шығара бастады. Тек жем-шөппен ғана емес, витаминдермен, антибиотиктермен, сондай-ақ салмағы тез артуы үшін өсу стимуляторларымен өсірілген өнімділігі жоғары жануарлар пайда болды. Осы революцияның арқасында астықты дақылдардың өнімділігі 2-3 есе артып, өнімдердің ассортименті екі есе көбейді. Қазіргі шығарылып жатқан өнімдердің жартысынан көбі 1950 жылдарға дейін шығарылмаған. Кейбір дамушы елдер, мысалы, Үндістан астыққа деген сұранысын өзі қамтамасыз ете бастады. «Жасыл революция» халықтардың тағамға деген сұранысын қанағаттандырғанмен, көптеген жағымсыз жағдайларға: топырақтың деградацияға ұшырауына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің төмендеуіне және т. б. алып келді;
2) 80-ші жылдардың ортасынан бастап ғалымдар, егер ауыл шаруашылығы антропогендік энергияны дәл осылай жұмсай берсе екінші «Жасыл революцияның» болатыны туралы айта бастады. Оның негізінде ауыл шаруашылық дақылдарын, мал шаруашылығы өнімдерін экологиялық технология бойынша өңдеуге ауысу принциптері жатыр. Селекционерлер «рекордшыл» сорттарға қарағанда қолайсыз жағдайларда, тыңайтқыштың аз мөлшерінде, арам шөптерге, зиянкестерге және ауруларға шыдамды біршама жоғары өнім беретін сорттарды шығаруға ауыса бастады. Бұл үшін жергілікті мәдени өсімдіктер популяциясы кеңінен қолданылуда. Екінші «Жасыл революцияның» бір бағыты, экожүйелерге антропогендік әсердің салдарларымен күресетін «экологиялық таза» әдістерді қолдану. Ал негізінен – қоршаған ортаға әсерді мейлінше азайту, антропогендік энергияны төмендетіп, өсімдіктер зиянкестерімен күресу де биологиялық әдістерді пайдалану болып табылады.
Экологиялық қауіп. Экологиялық мәселелерді түбегейлі шешу көптеген аспектілері және бағыттары бар жауапкершілігі мол экологиялық саясат жүргізу жағдайында ғана мүмкін. Кез келген шаруашылық іс-әрекет нәтижесінде экологиялық зардаптардың мөлшерін минималды, мейлінше төмен жасауды білдіретін экологиялық қауіп концепциясы осы ережелердің бірі болып табылады. Бұл жағдайда қоршаған ортаға тигізетін зардаптың қауіп деңгейі басты мәселе болып табылады. Экологиялық қауіп концепциясының талабына сәйкес алдымен адамның тұрмыс-тіршілігі мен қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін факторлар кешенін анықтау қажет. Осының негізінде әртүрлі шешімдердің ішінен ең қолайлысы таңдап алынады. Экологиялық қауіп бұл қазіргі кезде немесе болашақта жоспарланып отырған адамның іс-әрекеті әсерінен, қоршаған табиғи ортаның экологиялық деградацияға немесе тұрақсыз, құбылмалы жағдайға ұшырау ықтималдығы. Экожүйе өздігінен дамиды, табиғи тепе-теңдік пен жүйенің орнықтылығын бұзатын факторлар болмаған жағдайда өзін-өзі толтырып, қалыпқ а әкеліп отырады. Тепе-теңдікті бұзатын, қауіпті көздер – табиғи стихиялы құбылыстар (жер сілкінісі, топан су), тірі табиғат (эпидемиялар, эпизотиялар), сондай-ақ антропогендік факторлар (авариялар, катастрофалар) болуы мүмкін. Экологиялық қауіп адам қателігі, адамзат қоғамының іс-әрекеті нәтижесінде тіршілік ағымының бұзылу ықтималдығы. Жақсартуға талпынамын деп, адам көбіне керісінше қарама-қарсы нәтиже алып жатады. Бір жүйені жақсартамын деп, басқа жүйелердің мүмкіншілігін ескере бермейді. Техникалық ғимараттар мен коммуникацияларды пайдалану кезінде экологиялық қауіп арта түседі. Республика аумағында құбыр желілерінің зақымдануы, темір жол апаттары, өнеркәсіптегі үлкен авариялар жиі болып тұрады. Мәліметтер бойынша, АЭС-та қатерлі жағдайлардың 45 %, авиаапаттардың 60 %, теңіз апаттарының 80 % адам қателіктеріне байланысты. Қоршаған ортаның деградацияға ұшырау мен болып жатқан экологиялық жағдайларға бақылаудың жоқ екенін, мысал түрінде айта кетуге болады. 1972 жылы қант қамыстарына зиян келтіретін көртышқандармен күрес жүргізу үшін Ямайкаға мангустар (Herpestes) алып келінді. Бірақ ол жануарлардың тек көртышқандарды ғана емес, жергілікті фаунаның көптеген түрлерін де құртып жіберетінін ешкім ескерген жоқ. Бар болғаны 10 жыл ішінде Ямайкада биоценоздарда үлкен өзгерістер жүріп, көртышқандар өздері үшін жаңа экологиялық қуыс тауып дәл бұрынғыдай қант қамысына зиян әкелуде. Ал жергілікті жерде жануарлардың пайдалы түрлерінің саны күрт төмендеп кетті. Шығыс Африкада леопардтарды (Panthera pardus) жаппай қыру, үй жануарларының қас жауына айналған павиандардың санының күрт көбеюіне алып келді. Ал Колорадо штатында койоттарды (Canis latrans) қыру фермерлер үшін үлкен мәселеге айналған қояндардың көбеюіне алып келді.
8.2 Қоршаған ортаның ластаушылар түрлері
Ластану кез-келген агентпен болуы мүмкін. Тіпті ең таза агент те ластаушы болуы мүмкін, яғни, ластаушы дегеніміз табиғаттың өз тепе-теңдігінен шығуына алып келетін фактор. Шығу тегі бойынша ластану табиғи және антропогендік (адамның қатысуымен) болып келеді. Табиғи ластану табиғи, әдетте үлкен апаттар, зілзалалар (жанартау атқылауы, жер сілкіну) нәтижесінде пайда болады. Өнеркәсіптің дамуына байланысты қоршаған ортаның ластануы антропогендік ластану болып отыр. Оларды өз кезегінде жергілікті және ғаламдық деп бөлуге болады. Жергілікті ластану өнеркәсіп аймақтарында немесе қала төңірегінде болуы мүмкін. Ғаламдық ластану үлкен қашықтықтарға тарап биосфералық процестерге, Жерге әсер етеді. Антропогендік ластану адам қатысуымен, олардын тікелей немесе жанама әсер етуінен пайда болады.
Атмосфералық ауаны ластаушылар – механикалық, химиялық, физикалық және биологиялық болып бөлінеді. Механикалық ластаушылар – шаң, қоқыс. Олар органикалық отынды жақ қанда және құрылыс материалдарын дайындау процестері кезінде пайда болады. Мұндай ластану кезіндегі ең қауіптісі диаметрі 0,005 мм-ге дейінгі бөлшектер. Көптеген аурулар ауаның шаң болуымен байланысты: өкпе құрт ауруы (туберкулез), кеңірдектің аллергиялық аурулары және т.б. ауадағы шаңның жоғары конңентрациясы мұрынның шырышты қабығының жұмысын нашарлатады, мұрыннан қан кетеді. Американдық ғалымдар халқының саны 1 млн-нан асатын қалалардағы тұрғындарда ауаның ластануы мен тыныс алу жолдарының қатерлі ісік (рак) ауруының жиілігі арасында тікелей байланыс бар екенін анықтады. Көз ауруы, созылмалы коньюнктивит көбіне ауаның ластануымен байланысты. Сондай-ақ атмосфералық ауадағы шаң Жер бетіне түсетін ультракүлгін сәулелердін мөлшерін де азайтады. Химиялық ластаушылар экожүйедегі концентрациясы нормадан жоғары немесе басқа жақтан енген заттар. Ауаның мейлінше ластануы өнеркәсіп қажеттілігі үшін отындарды жағу, үйлерді жылыту, транспорттардың жұмысы кезінде, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жағу, қайта өңдеу кезінде байқалады. Атмосфераны қатты ластайтын улы заттарға: көміртегі қосылыстары (көмір қышқыл газы, көміртегі тотығы, альдегидтер, қышқылдар), күкірт қосылыстары (күкіртті ангидрид, күкірт қышқылы), азот тотықтары (NO және N02) жатады. Екпе ағаштар газдар үшін механикалық бөгет және атмосфераның химиялық ластануына қорғаныш бола алады. Күкірт оксидін жақсы жұтатын ағаштарға: терек, жөке, қайың ағаштарын жатқызуға болады. Фенолдарды мамыргүл, аюбадам жақсы сіңіреді. Сондықтан жерге түскен жапырақтарды өртемей, жерге көміп тастаған дұрыс. Орман экожүйелері ядролық жарылыстардың зардаптарын төмендетуде үлкен маңыз атқарады. Ағаштардың қылқандары мен жапырақтары радиоактивті йодтың 50 % жинақтай алады. Орманы жоқ жерде радиоактивті тұнбалардың белсенділігі 32 есе жоғары болады. Қоршаған орта өндірістік қалдықтар мен автокөлік түтіндерінен ластанғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы төмендеп, сол арқылы адамдардың денсаулығы зардап шегеді. Әсіресе минералды тынайтқыштар мен зиянкестерге қолданатын пестицидтер жеміс-жидек арқылы адам ағзасына нитрат ретінде түседі. Мерзімінен ерте піскен көкөністерде (қарбыз, қауын, картоп, пияз, сәбіз және т. б. нитраттар көп болады. Мысалы, мамыр айларында піскен көкөністерде көбіне зиянды заттардың шекті мөлшері 2–3 есеге артып түседі. Физикалық ластаушылар бұл биосфераға техногендік себептерден түсетін энергияның артық көздері. Мысалы, жылу (атмосфераға қызған газдардың бөлінуі); жарық (жасанды жарықтың әсерінен табиғи жарықтың нашарлауы); шуыл (шуылдың мүмкін деңгейден артуы); электромагнитті (электр желісі, радио, теледидар); радиоактивті (атмосфера радиоактивті заттардың бөлінуі); озон бұзғыш (фреондардың атмосфераға бөлінуі). Қала үшін жағымсыз факторлардың бірі физикалық табиғаты әртүрлі дыбыс тербелісінен пайда болатын шуыл. Әдетте төменгі жиіліктегі автокөліктердің шуылы жоғары жиіліктегі шуылға қарағанда алысқа тарайды. Зерттеулер көрсеткендей, тіпті қысқа уақытты шуыл ағзаның барлық жүйелеріне (әсіресе жүрек-қан және жүйке жүйелеріне) жағымсыз әсер етеді. Адам 30–40 дБ шуылда өзін қолайлы сезінгенімен, 120 дБ-ден жоғары шуыл ағзаға үлкен ауыртпалық түсіреді. Өсімдіктер шуылдан қорғауда да үлкен қызмет атқарады. Үй қабырғасының жартысына дейін өсіп тұрған жүзім өсімдігі пәтердегі шуылды екі еседей төмендетеді. Өсімдіктердің шуылдан қорғау қасиеті өсімдіктің еніне (габитусына), қалың болуына, құрамына, биіктігіне байланысты. Шуылдан арнайы (бетонды, металл, әйнекті ағашты) қондырғылар жақсы қорғайды. Биологиялық ластаушылар – экожүйеде бұрын болмаған немесе мөлшері қалыпты жағдайдан аспаған ағзалар түрлері. Микрағзалармен ластануды бактериологиялық ластану деп атайды. Әсіресе кейбір елдердің қарулы күштерінің лабораторияларында жасалатын арнайы немесе кездейсоқ ауру тудырғыш микроағзалардың штаммдарымен атмосфераның ластануы өте қауіпті. Экожүйедегі өсімдіктер бөтен түрлермен өздері бөліп шығаратын фитонцидтер деп аталатын арнайы заттармен күресе алады. Кейбір фитонцид түрлері көп жасушалы ағзаларға қатты әсер етіп тіпті жәндіктерді өлтіріп те жібереді. Олар әсіресе бактериялы және саңырауқұлақты флораға қатты әсер етеді. Емен ағашының фитонциді қашықтан дизентерия мен паратиф қоздырғыштарын өлтіреді. Эвкалипт ағашының жапырақтары бөлетін фитонцидтер стрептококты, май қарағай қылқандары дифтерия қоздырғышын, қарағайдың қылқандары өкпе-құрт ауруы қоздырғыштарын өлтіреді. 1 га. арша тоғайы күніне 30 кг. фитонцидтер бөледі. Олар зиянды микроағзаларды өлтіріп қана қоймай, шыбындарды және басқа да жәндіктерді жолатпайды.
8.3 Пестицидтер және олардың түрлері
Пестицидтер (латын сөздерінен «pestis» – жұқпалы ауру, «caedo» – өлтіремін) мәдени өсімдіктерді зиянкестерден, паразиттерден, арамшөптерден, аурулардан және микроағзалардан қорғау үшін қолданылатын барлық химиялық қосылыстар. Пестицидтерді пайдалану ауылшаруашылық өнімдерін 18–20 % сақтайды. Қазіргі кезде оларды көп қолданатын болғандықтан биосфера мен адамдарға зияны тиіп жатыр. Оларды пайдаланбай өнім алуға мүмкіндік жоқ, себебі зиянкестер өте көбейіп кетті. Бунақденелілер пестицидтердің бір түріне тез бейімделетін және ол қасиетін ұрпағына бере алатын қабілеті бар. Сондықтан пестицидтерді қолданарда зиянкестердің түріне қарай таңдап алу керек. Химиялық құрамы жағынан пестицидтер 5 класқа топтастырылады:
1) хлорорганикалық қосылыстар – гексахлоран, ДДТ (дуст) гексахлорциклогексан, полихлорпинен, полихлоркамфен т.б. Олар ағзаларда жинала алады да, ыдырауы бірнеше ондаған жылдарға созылады. Хлорорганикалық қосылыстар диоксиндермен қосылысып, тұрақты органикалық қосылыстар түзеді.
2) фосфорорганикалық инсектицидтер – карбофос, дихлофос, диазинон, фосфамид, метафос, амофос, өсімдіктің өсуін реттегіштер және т. б. Бұлар топырықта және басқа ортада тезірек ыдырайды.
3) карбаматты инсектицидтер – карбамин қышқылының күрделі эфирлері (севин). Бунақденелілердің жекелеген түрлеріне ғана әсеретеді, ал жануарлар мен адамдарға зияны жоқ.
4) хлорфеноксиқышқыл туындылары – дефолиант ретінде су қоймаларында өсетін өсімдіктерді жою үшін қолданады.
5) пиретроидты табиғаты бар пестицидтер – транс-хризантема қышқылы. Бұл инсектицидтердің жаңа түрі, оны табиғи материалдардан бөліп алған. Мысалы, түймедақ өсімдігінің сығындысынан табиғи пиретрин-І алынған. Бұдан басқа өте қатты әсер ететін жасанды пиретроидтер де алынған.
Химиялық табиғаты және патогендік қасиетіне байланысты пестицидтердің бірнеше: гигиеналық, химиялық, өнеркәсіптік түрі бар.
Пестицидтер улылық дәрежелерінің әртүрлі болуымен ерекшеленеді. Улылығын бағалау үшін тәжірибеге алынған жануарлардың 50 % өлетін дозаны, яғни орташа өлтіру дозасын (ЛД50) пайдаланады. ЛД50 мөлшеріне байланысты пестицидтерді: кушті әсер ететін улы заттар, улылығы жоғары, улылығы орташа және улылығы төмен деп бөледі. Тұрақтылығына байланысты пестицидтерді: өте тұрақты (ыдырау уақыты 2 жылдан көп); тұрақты (0,5–1 жыл); салыстырмалы тұрақты (1–6 ай); тұрақтылығы аз (1 ай) деп бөледі. Көбіне хлорорганикалық, фосфорорганикалық және сынапорганикалық пестицидтер жиі қолданылады. Әсер ету обьектісіне (арамшөптер, зиянды жәндіктер, жылы қанды жануарлар) және химиялық табиғатына байланысты пестицидтер мынадай топтарға бөлінеді: акарецидтер – кенелермен күресу үшін, альгицидтер – балдырлар мен басқа да су өсімдіктерін құрту үшін, антисептиктер – бейметалл материалдарды микроағзалардан қорғау үшін, бактерицидтер – өсімдіктердің бактериалды ауруларымен және бактериялармен күресу үшін; зооцидтер – кемірушілермен күрес үшін; инсектицидтер – зиянды жәндіктермен күресу үшін, лимацидтер – әртүрлі моллюскалармен күресу үшін, нематоцидтер – жұмыр құрттармен күресу үшін; фунгицидтер – топырақтағы саңырауқұлақтармен күресу үшін. Сондай-ақ пестицидтерге өсімдіктердің жапырақтарын жою үшін пайдаланатын – дефолианттар, өсімдіктің артық гүлдерін құрту үшін – дефлоранттар, өсімдіктің дамуы мен өсуін реттейтін – химиялық заттар, арамшөптерді жою үшін гербицидтер, жәндіктер, кемірушілер және басқа да жануарларды үркіту үшін қолданылатын химиялық заттар – репелленттер, жою үшін алдымен жәндіктерді еліктіретін – аттрактанттар, жәндіктерді жыныстық стерилдеу үшін қолданатын – стерилизаторларды жатқызады.
Пестицидтерді пайдалану ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының өнімдерін арттырғанымен топыраққа, қоршаған ортаға зиянды. Пестицидтердің ішінде – дихлордифенилтрихлорэтан (ДДТ) көп қолданылады. Кезінде дүние жүзінде жыл сайын осы пестицидтің 100 мың тонна мөлшері шығарылып отырған. Соңғы жылдары АҚШ, ТМД елдерінде, Венгрияда, Швеңияда, Нидерландыда және т.б. елдерде ДДТ-ның шығарылуы тоқтатылған. Себебі ауыл шаруашылығына тигізетін пайдасынан экологиялық тұрғыдан зияндылығы асып түскен. Жартылай ыдырау мерзімі 50 жылдан артық болғандықтан, қоршаған орта обьектілерінде жинақталған ДДТ қоректік тізбек арқылы адамдар мен жануарлардың денесіне өткен. Осы жағдайдың салдарынан әсіресе балалар өлімі, тұрғындардың арасында басқа да ауру түрлері көбейген. ДДТ-ның биосферада көп таралғаны соншалықты, Антарктидадағы пингвиндердің бауырынан да табылған.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазіргі кездегі антропогендік факторлардың әсерінен пайда болған әлемдік экологиялық мәселелерді ата?
2. Химиялық, физикалық және биологиялық ластау түрлерін сипаттап бер?
3. Пестицидтер түрлері ата?
Әдебиеттер [3, 4, 7, 9, 11, 14, 16, 19, 20, 25, 29, 33]