Мақсаты: қазіргі кездегі жаһандық әлеуметтік экологиялық мәселелерді түсіндіру.
Әлеуметтік-экологиялық мәселелердің жалпы себебі адамдардың техникалық мүмкіндігімен өмір сүру стратегиясының өте қарапайымдылығымен түсіндіріледі. Әлеуметтік-экологиялық мәселелер халықтың өсуімен, ресурс дағдарысымен және генофондының өзгеруімен түсіндіріледі. Халық санының өсуі. Жерді мекендеген халық саны соңғы 2000 жыл бойында өсуде, соның ішінде соңғы 200 жыл ішінде жедел қарқынмен өсуде. Қазіргі кездегі Жердегі халық күніне 250 мыңға көбейсе, аптасына 1 млн 750 мыңға, айына 7,5 млн-ға, ал жылына 90 млн-ға көбеюде. 1960 жылғы 500 млн халық 1987 жылы 5 млрд-қа, ал 2000 жылы 6 млрд асты. БҰҰ-ның мәліметі бойынша негізгі халықтың өсуі дамушы елдер үлесіне тиеді. Бұл елдердегі халық өсуі – экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шиеленістіреді. Жер бетінде адам санының көбеюі әр адам қажетті ресурстардан өз үлесін ала алмаған жағдайда тоқталуы қажет. Сондай қажетті өмірлік ресурстардың бірі – тамақ, оның жетіспеушілігінен кейбір елдерде халықтың өсуін тежей бастады. Күн сайын әлемде аштықтан 12 мың адам өледі, 10 млн. баланың дұрыс тамақтанбаудан өмірлері қауіпті жағдайда. Тек қана Үнді елінде толық тамақтанбағандықтан жыл сайын 1 млн. бала өледі. Халықтың өсуі мынадай жағдайларға әкеп соғады: тұтынудың көбеюі, қала халқының өсуі (урбанизация), қоршаған ортаның ластануы, өмір сүрудің өзгеруі, өмір сүру деңгейінің төмендеуі, халықтың құрылымының өзгеруі, тығыздануы. Үшінші әлем мемлекттеріне тән осындай демографиялық хал-аһуал жағдайына екі қарама-қайшы көзқарастар қалыптасқан:
1) неомальтузиандық көзқарас (пессимистер). 1789 жылы ағылшын экономисті Томас Роберт Мальтус гипотезасы негізінде жасалған, заман талаптарына сай өзгертіліп ұсынған. Бұл жақтастар ойынша, егер қазіргі уақыт тенденциялары сақталса, халық саны күрт өсіп, ластанулар тез тарап, ресурстардың көп түрі жойылып кетеді.
2) корнукопиандық көзқарас (лат. cornucopia – байлық нышаны, “молшылық мүйізі”) оптимистер. Бұл көзқарасты жақтайтындар негізінен экономист мамандар болып келеді. Олардың айтуы бойынша, қазіргі тенденциялар сақаталатын болса, онда технологиялық жетістіктер адам саны тұрақтанған, қоршаған орта аз ластанатын және табиғат ресурстары сақаталатын әлемге алып келеді.
Адам санының күрт артуына байланысты, оларды тезірек тағамдық ресурспен қамтамысыз ету өз кезегінде экологиялық халдің нашарлауына әкеп соғады. Академик, экология саласындағы білікті маман С. С. Шварц: “Биосфера бұзылуының бірден – бір себебі – примитивті халық шаруашылығын ғасырлар бойы пайдалану және оның ауданын сұранысқа байланысты ессіз кеңейте беру” деген болатын. Әрбір секунд сайын халық саны 3 адамға артып отырады. Халық тығыздығының артуына байланысты ауыл шаурашылық жерлері тарылып, бір алқапты үздікісіз пайдалану көбейді. Ол өз кезегінде топырақ құнарлығының төмендеуіне, алынатын өнім сапасының нашарлауына, құнарлы жерлердің шөлді немесе шөлейтті аймақтарға айналуына алып келеді. 1970 жылдардан бастап Азия мен Африка құрлықтарында шөлді далалардың ауданы 120 млн. га.-ға ұлғайған. Қарапайым жұмыс құралын пайдалануына байланысты бір африкандық шаруа маусымына 600 кг бидай жинаса, американдық фермер – 80 т. өнім алады. Туылуды шектейтін отбасын жоспарлау мемлекеттік бағдарламалары жалпы 20 мемлекетте бар және ол бағдарламалар БҰҰ қызметкерлерінің қатаң қадағалауымен жүреді.
Ресурстық дағдарыс. Жақындағы уақыттарды экологиялық және экономикалық мәселелерге байланысты әлемдегі жалпы өнімнің кемуін күтуге болады. Бұл түсінік жер және энергетикалық ресурстарды қамтиды. Жер ресурстар дағдарысы топырақтың тозуымен оның құнарының азаюымен түсіндіріледі. Энергетикалық дағдарыс қайтіп қалпына келмейтін энергетикалық ресурстарды (мұнай, тас көмір, табиғи газ) пайдаланумен түсіндіріледі.
Генофондтың өзгеруі. Адамның шаруашылық әрекетінің нәтижесінде өмір сүруші ортаның өзгеруі – адам популяциясына кері, көп жағдайда ыңғайсыз әсер етеді. Қоршаған ортадағы ыңғайсыз өзгерістер, қорытындылай келгенде генофондының өзгеруіне әкеп соғады, бұл жағдай әлемдік масштабта байқалады. Мутация (гендік өзгеруі), мейлі олар физикалық әсерлермен (иондық сәулеленудің барлық түрлері), мейлі олар химиялық қосылыстар әсерінен пайда болсын көбінесе теріс сипатта болады. Ортаға тұрмыстық және өндірістік ластағыш қосылыстар ретінде түсетін жүздеген мың әр түрлі химиялық қосылыстардың, тек 20 % мутагендік белсенділік көрсетеді. Нәтижесінде генетикалық салмақ көбейіп (теріс мутациялардың жиналуы), тұқым қуалайтын аурулар түрлерінің көбеюіне әкеледі.
Соғыс әрекетінің қоршаған ортаның экологиялық жағдайына ықпалы. Соғыс – әлеуметтік құбылыс, мемлекеттер, халықтар, ұлттар арасындағы қоғамдық-саяси, экономикалық, идеологиялық, сондай-ақ ұлттық, діни, аумақтық және басқа да қайшылықтарды қару қолдану арқылы шешу нысандарының бірі. Соғыстар сансыз адамдардың өмірін жалмайды, қисапсыз материалдық және рухани игіліктер жойылады, қоғамды орасан шығындарға, жойқын апатттарға душар етеді. Қазіргі соғыстарға әскер ғана емес, бүкіл ел қамтылады, зкономика соғыс мүддесіне бағынады, ғылымның бағыты өзгереді, тіпіті жаратылыстану ғылымының өзі де қару түрлерін жетілдіруге пайдаланылады. Мамандардың есептеуінше соғыстардың зардаптары туралы кейбір мәліметтер мынадай болған: соңғы 5,5 мың жыл бойында адамзат 14550 үлкенді-кішілі соғысты басынан кешірген. Өмір сүрген бүкіл тарихы бойында адамзат 292 жыл ғана бейбіт тіршілік еткен. 1801 жылдан 1913 жылға дейінгі аралықта соғыстарда 5,6 млн адам қаза тапқан, ал соңғы екі дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар, аштан, індеттерден өлгендер саны 85 млн. асып, 48 млн адам мүгедек болып қалған. Бұл соғыстарды жүргізуге кеткен 4,5 трлн. долларға мысалы: 200 млн. жайлы пәтер салуға болатыны есептелген. 1945 жылдан бері дүниежүзілік және үлкенді-кішілі 150 соғыс жанжалы болып, оларда қаза тапқандар саны 25 млн. асқан. 1971 жылғы үнді-пәкістан жанжалдарының өзінде ғана 10 млн аса адам қырылған. Соғыс уақытын айтпағанның өзінде, бейбіт уақытта соғысқа дайындалу салдарынна адамды қоршаған табиғи ортаға келген зиянның мөлшер шамасы да талай триллион долларға жеткені анық. Бірінші дүниежүзілік соғыс адам баласынынң бүкіл тарихындағы ең қырғын, жойқын соғыс болды. Соғысқа халықтың саны 1,5 млрд. жететін 33 мемлекет тартылды. Шайқастарда 10 млн. адам опат болып, одан екі есе көп адам жарақат алды. Соғыс шығындары мен қиратулар сол кездегі бағамен 300 млрд. долларға тең болды. Мыңдаған қалалар мен селолар, тұрғын үйлер мен мәдениет, оқу, денсаулық ошақтары, кәсіпорындар мен мекемелер қиратылып, көптеген ауыл шаруашылық жерлер қаңырап бос қалды, миллиондаған адамдар баспанасынан, мал-мүлкінен айырылып, азаматтықтарын және кәсіби мамандықтарын жоғалтып, жұмыссыз қалды, азу-тозғынға ұшырады. Соғыстың моральдік және әлеуметтік зардаптарын ешбір өлшеп, мөлшерлеу мүлдем мүмкін емес. Екінші дүниежүзілік соғыс алты жылға созылды. Оған 72 мемлекет қатысты, қарулы күштерге 110 миллионға дейін адам жұмылдырылды. Соғыста 60 млн. жуық адам қаза тапты. Соғыс қаупінен, цивилизацияның жойылып кетуінен сақтау, бүкіл планета көлемінде мемлекеттер мен халықтардың сындарлы, жасампаздық өзара іс-қимылын жолға қоюды табанды түрде талап етуде. Өйткені қазіргі кезде бүкіл дүние жүзіндегі соғыс шығындарынынң көлемі өте жоғары дәрежеге жетті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мерзімде бұл шығындар көлемі 4–5 есе өсті. Осы ресурстар мен шығындарды бейбіт мақсаттарға, адамзат игілігіне пайдаланатын болса ғаламдық мәселелерді дұрыс шешуге барлық мүмкіндіктер туар еді. Бір жылда жұмсалатын жалпы соғыс шығыны жас мемлекеттердің ширек ғасыр жиналған сыртқы қарыздарының көлеміне тең екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының есептеуі бойынша жер бетін жайлаған аштықты 2000 жылы болдырмау үшін 1,5 млрд. доллар қажет еді. Демек, бұл бір жарым жылда жұмсалған соғыс шығынына тең деген сөз. Осындай көлемдегі соғыс шығынының оннан бір бөлігін аялаған ортаға жұмсау оның ластануын айта қаларлықтай жақсартып немесе еркіне ие болған жас мемлекеттердің экономикасын едәуір жаңа сатыға көтеруге нақтылы мүмкіндік жасар еді. Соғыс шығынының көп болуы әлеуметтік ахуалға да әсер етеді. Демек, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй салу жүйелеріне, әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражат жұмсалады деген сөз. Оған қоса мемлекеттік бюджеттің тапшылығына әкеліп соғады. Мысалы, АҚШ-та осындай шығын көлемі 1972 жылы ұлттық өнімінің 1,6% болса, 1982 жылы 6,1% жетті. 1986 жылы АҚШ-тың мемлекеттік бюджетіндегі тапшылық 220 млрд доллардан асып түсті, ал соғыс шығыны 273 млрд долларға жетті. Дамып келе жатқан мемлекеттерде 1972 жылы соғыс шығынына – 17,2%, білім беруге – 12,7%, денсаулық сақтау жүйесіне – 4,6% ұлттық табыс кетті. 1983 жылы жағдай бұдан да қиындай түсті. Осы жылы соғыс шығыны өсіп, 19,5% жетті. Ал білім беруге және денсаулық жүйесіне арналған шығын азайып небәрі 4,7 және 2,7% болды. Бұл елдерде халықтың жаппай сауатсыз және медициналық көмекке өткір зәру екендігін бір сәт еске алсаңыз, соғыс шығынының қасіретін түсіну қиын емес.
Қазіргі капитализмде соғыс экономия секторы шаруашылық системасында басым орын алады. Сондықтанда ол шаруашылықтың басқа секторларына айта қаларлықтай ықпал жасайды және өз дамуында рыноктың заңдылығына бағынбайтын ерекше жағдайға ие болады.
Бақылау сұрақтары:
1. Қоршаған ортада пайда болған әлеуметтік-экологиялық мәселелерді сипатта?
2. Қазіргі кездегі ресурстық дағдарыс пен генофондтың өзгеруі?
Әдебиеттер [1, 4, 5, 8, 9, 14, 18, 22, 27, 38, 40]