ДӘРІС 1. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКОЛОГИЯСЫ ПӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ


Дәріс мақсаты: Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы сипаттамасын түсіндіру. Пәннің арнаулы ғылыми пән екендігіне оның іштей жекелеген салаларына талдау жасату арқылы көз жеткізу. Лексикологияның ортақ және жеке мәселелерін ажырата білу.

Дәріс жоспары:

  • Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы пәні және оның зерттеу нысаны.
  • Лексикологияның мақсаты мен міндеттері.
  • Лексикологияның басқа салалармен байланысы.

Лексикология (гр. lexikos сөз туралы және logos ілім сөздерінен) тіл білімінің сөздік құрамды, тілдің лексикасын зерттейтін саласы. Сөздік құрам дегеніміз тілдегі барлық сөздердің жиынтығы, ол лексика деп те аталады. Сөздік құрамға байланысты лексикологияның қарастыратыны: тілдің негізгі бірлігі ретінде көрінетін сөз мәселесі, лексикалық бірліктердің типтері, сөздік құрамның құрылымдық сипаты, лексикалық бірліктердің функциялық қызметі, сөздік құрамның толығу, даму жолдары, лексиканың тілден тыс шындық өмірге қатысы, тілдің басқа салаларына сөздік құрамның қарым-қатынасы.

Қазақ тілінің лексикологиясы – қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым. Бүгінгі қазақ тілі сөз байлығы жағынан дамыған тілдердің қатарына жатады. Қазақ тілінің сөздік құрамы халқымыздың басынан кешірген бүкіл тарихының, шаруашылығы мен кәсібінің, материалдық байлығы мен рухани қазынасының айнасы. Куәсі іспеттес, ол ғасырлар бойы даму нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан. Лексикологияны жете түсіну үшін, оның нысаны болып табылатын сөздік құрам тұтас бір бүтін жүйе ретінде қаралуға тиіс. Сөздік құрам тұтас жүйе ретінде көп салалы болуымен бірге, тілдің басқа салаларымен де тікелей байланысты.

Шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарды тек сөз атап білдірмейді, сонымен бірге тұрақты сөз тіркестері де білдіре алады. Осыған орай лексикология сөз мағынасымен үйлесіп, сәйкесіп отыратын тұрақты сөз тіркестерін зерттейтін фразеологизмдерді де (гр. phrasis сөйлемше, logos ілім) нысан етіп қарастырады.

Тіл байлығы тек сөздің молдығынан көрінбейді, Тіл байлығы дегенді тілдің мағыналық байлығынан тыс қарастыру бір жақтылық болады. Бұл жағынан лексикология сөздердің мағыналық құрылымын зерттейтін семасиология (гр. semasia мән, мағына, logos ілім сөздерінен) ғылымымен тікелей байланысты. Семасиологияда шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды атап білдіретін атауыш сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы (лексикалық семантика) жан-жақты қарастырылады.

Қазақ лексикологиясы қазіргі қазақ тіліндегі сөздерді осы заманғы даму қалпын, мағыналық және құрамдық түрлерін, тарихи арналары мен қабаттарын, баю жолдарын, сөздердің экспрессивті-стилистикалық мәнін, қолданылу аясын қарастырады. Сөйтіп, қазақ лексикологиясының қазіргі жайымен бірге (синхрониялық күйі: гр. syn бірге, chronos уақыт) оның тарихи қалыптасу жайынан да (диахронологиялық күйімен: гр. dia арқылы, chronos уақыт) мәлімет беріледі.

Лексикологияның зерттеу нысаны-сөздік құрам, яғни лексика. Лексика болмысты бейнелейді, қоғам мен тұрмыстағы өзгерістерге байланысты болатын жаңа затқа, кұбылысқа, ұғымға қатысты үнемі толықтырылып отырады. Лексикологияда зерттеудің жалпы лингвистикалық тәсілдері қолданылады, олар: дистрибутивті тәсіл, субституция, компоненті-оппозитинті: трансформациялық тәсіл. Сапалық тәсілдермен бірге сандық-статистикалық тәсілдерде қолданылады. Лексикологияның салалары: ономасиология, семасиология, этимология, фразеология, лексикография. Сөз бен ұғым, сөз бен мағына, сөз бен зат. Сөз номинативті мағынаға ие.

Семасиология сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналарын зерттейді. Мағына түрлері. Полисемия, омонимдер, антонимдер, табу мен эвфемизмдер. Мағына ауысуының негізгі типтері: метафора, метанимия, синекдоха.

Ономасиология - атаулар туралы ғылым. Ономастика түрлері: антропоним, топоним, этноним. Сөздердің шығу тегі туралы ғылым – этимология. Этимологияның түрлері: ғылыми этимология, халықтық этимология.

Фразеология - тұрақты тіркестер туралы ғылым. Фразеологизмдердің түрлері: идиомалар, фразалар, штамптар,

мақал-мәтелдер, қанатты сөздер. Фразеологизмдерге тән қасиеттер:

мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, даяр күйде қолданылуы.

Түрлері: фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік,

фразеологиялық сөйлемдер, фразеологиялық тізбектер.

Этимология сөздердің шығуын зерттейді. Этимология өзі екіге бөлінеді: халықтық этимология және ғылыми этимология. Соңғы кездері халықтық этимология кеңінен зерттелуде.

Лексикография-сөздіктер жасаудың тәжірибесі және оның теориясымен айналысатын тіл білімінің саласы.

Лексикология мәселелерін жан-жақты, терең түсіну үшін, тіл білімінің оған шектес басқа салаларымен қандай байланысы бар екенін ашып қарастырудың зор мәні бар.

Сөз дамуының басынан кешкен ұзақ тарихы бар. Сөздердің қалыптасуына, өзгеруі мен дамуына қатысты тарихи заңдылықтарын тарихи лексикология тексереді. Тарихи лексикологияның бір саласы – этимология (гр. etymon шындық, logos ілім) сөздердің шығу төркінін, олардың ең алғашқы түр-тұрпаты мен мағынасын анықтайды. Сөз этимологиясын ашуға нысан болатын материалдар тілдің өзіндегі көне формаларда, қос сөздерде, тұрақты сөз тіркестерінде, көне жазба нұсқаларда, туыс тілдердің сөздік құрамында аз емес. Соларды теріп жинап, этимология сандарына сәйкес зерттеу арқылы сөздің даму тарихының сырын ашуға болады.

Тілдегі жалқы есімдерді зерттейтін ономастика ғылымы мен лексикология тығыз байланысты. Ономастика (гр. onomastike ат беру, өнері) іштей антропономика және топонимика болып екі салаға жіктеледі. Антропономика (гр. anthropos адам, onyma ат, атау) кісі аттарын (есімдерін) зерттеу нысаны етіп қараса, топонимика (гр. topos - орын, мекен, + onyma - ат, атау) географиялық (жер-су) атауларын жеке нысан етіп зерттейді. Лексикология тіл білімінің грамматика саласымен де үнемі қарым-қатынаста болады. Тілдегі сөздер номинативтік (атауыштық) қызмет атқара отырып, грамматикалық формалар арқылы өзгеріске түсіп отырады. Бұл әсіресе, тілдің тарихи даму барысында лексикалық бірліктердің грамматикалану процесінен, сонымен бірге сөз тіркестерінің лексикалық бірлікке (сөзге) ауысу (лексикалану) процесінен айқын көрінеді. Мысалы, құлап қала жаздады дегендегі жазда сөзінің лексикалық мағынасынан айырылып, көмекші етістікке айналуы грамматикалану нәтижесі. Осындай жағдай басқа да бір қатар көмекші етістік мәніндегі (сал, бол, бер, қал, қой, дыр) сөздерінен байқалады. Сондай-ақ, абайсызда, қапыда, тұтқиылда, кенеттен, лажсыздан, жүресінен, етпетінен, шалқасынан, қырынан, түнімен, қыстай, жаздай, т.б. сөздер. Бастапқы төркіндерінен бөлініп, қимылдың әр түрлі күй-жайын білдіретін туынды үстеулерге айналып кеткен. Лексикалық метафоралар лексикалануға жатады. Мысалы, қоғам мүшесі, ұжым мүшесі, т.б. дегендей мүше: иненің көзі, құлақтың көзі, күннің көзі, т.б. дегендегі көз сөздерінде нақты мағынадан метафораланған атауыштық мағына туып тұр. Осындай жағдайда еркін тіркестерден жасалған фразеологизмдерден де көруге болады. Мысалы: күміс көмей, сиыр құйымшақ, ат жақты, қоян жүрек, суық тер, сиыр сәске, бүйірі бұру, қызыл кеңірдек, ала қол, санын соғып қалды, бармағын тістеу сияқты фразеологизмдер еркін тіркестік мәнінен айырылып, жеке сөздерге пара-пар мағынаға ие болып тұр.

Сондай-ақ лексикология фонетикамен де үнемі байланысты. Сөздер көбінесе бірнеше дыбыстың тарихи қалыптасқан тіркесімен айтылғанда ғана белгілі бір мағынаны білдіреді. Тілдегі сөздердің дыбыстық құрамының өзгеруі олардың мағыналарының өзгеруіне әкеп соғады. Мәселен, ал, әл, ол, іл, ұл дегенде дауысты дыбыстардың өзгеруінен әр түрлі мағына беретін сөздер жасалып тұр.

Тілде белгілі бір дыбыс өзгергенімен, сөздердің сыртқы тұлғасы да, мағынасы да оншалықты өзгеріске ұшырамай, үнемі ұқсасып келетін жағдайлары болады. Мысалы: айғай – айқай, бау – бақ, сұрау – сұрақ, шұқыр – шұңқыр, бәйге – бәйгі, үлгіру – үлгеру, түгендеу – түгелдеу, жұдырық – жұмырық, жаңқа – жоңқа, т.б. Кез-келген дыбыстардан әркім өз қалауынша сөз жасауына, болмаса грамматикалық тұлға жасауына болмайды. Лексикалық элемент те, грамматикалық элемент те дыбыстардың белгілі бір жүйелі тіркесі арқылы жасалады. Сол арқылы тілде жалпыға ортақ сөздер қалыптасады да, олар ұпақтан-ұрпаққа мұра болып, сақтала береді.

Сөйтіп, тіл ғылымының әрбір саласы өзінің дербестігі мен даралығын (өзінің қасиетін) сақтай отырып, өзара бір-бірімен байланысып отырады. Қазақ тілі фонетика, лексикология, морфология, синтаксис, стилистика, этимология, т.б. болып бірнеше салаға бөлінгенімен, осылардың барлығының да тексеретін – сөз. Тілдегі сөздерді бұлардың әрқайсысы әр жақтан алып қарастырады. Тілдің негізін жасайтын – оның грамматикалық құрылысы мен негізгі сөздік қоры. Бұлардың екеуі де фонетикалық құбылыстармен тығыз ұштасып жатыр.

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1. Лексикологияның жалпы сипаттамасы қандай?

2. Лексикологияның зерттеу нысанына нені жатқызамыз?

3.Лексикология қандай салалармен байланысты?

4. Лексикология саласын бөліп қарастырған кімдер?

5. Неліктен лексикология саласын бөліп алып қарастырған орынды?