ДӘРІС 10. СӨЗДЕРДІҢ СТИЛЬДІК ҚЫЗМЕТІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ТҮРЛЕРІ


Дәрістің мақсаты: Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлерімен таныстыру. Стильаралық бейтарап лексика, кітаби лексика және оның қолданылу аясына тоқталу.

Дәріс жоспары:

1. Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері;

2. Стильаралық бейтарап лексика;

3. Кітаби лексика және оның қолданылу аясы.

Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері. Сөйлеу я жазу үстінде сөз қалай болса солай қолданылмайды. Адам қашанда өзінің айтайын деген ойына, мақсатына лайық сөздерді халықтық лексикадан іріктеп, талғап-таңдап қолдануға тырысады. Мысалы, сөздердің күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде айтылуы мен жазба тілде қолданылуы бірдей емес. Жазба тілде ой әр стильдің өзіне тән, оған телінді сөздерімен жүйеленіп, бірбеткей баяндалып отырса, сөйлеу тілінде тыңдаушыларға лайықтанып, жазба тілдік үлгіден ауытқып отырады. Сол сияқты қарапайым заттық-логиккалық ұғымы бар сөздер мен адамның сезіміне әсер ететін бояулы-мәнерлі сөздердің стильдік қызметі де бір-бірінен ерекше. Осыдан барып сөздердің функционалдық-стильдік қызметіне байланысты түрлері пайда болады. Сөздердің қызметіне қарай жіктелуі функционалдық стильдердің түрлерімен үйлес келіп отырады. Стильдің әр саласында сөзді қолданудың қалыптасқан үйреншікті орны, үлгісі болады. Әр сөз өзінің дағдылы орнында тап басып қолдануды талап етеді.

Тілдегі функционалдық стильдер іштей сараланып, әлденешеге бөлінгенімен, тіпті де бір-бірінен алшақ жатқан, кереғар дүние емес, олар өзара байланысты, аражігі жылжымалы. Стильдің бір түрінен басқа стильдерге тән сөз қолданыстарды кездестіруге болады. Функционалдық-стильдік салалардың негізінде жалпы халықтық лексика жатыр. Мәселе сол жалпыхалықтық лексиканың қалай, қандай мақсатта қолдануына байланысты.

Стильаралық бейтарап лексика. Стильаралық лексикаға функционалдық стильдердің ешқайсысына да жатқызуға болмайтын сөздер жатады. Мысалы, нақты заттар мен құбылыстарды білдіретін: еңбек, күнкөріс, кемшілік, көпшілік, ауарайы, банк, базар, келісім, сауда-саттық, көше, кітап, жаратылыс, трамвай, машина, жәрдем, пенсия, қоғам, ғылым, т.б.; белгі, сапа, қасиетті білдіретін: байыпты, икемді, пайдалы, зиянды, сулы, таулы, малды, даусыз, білімді, қоғамдық, азаматтық, пікірлес, қызметтес, жатық, ширақ, ортақ, өнерпаз, мәдени, алғыр, білгір, т.б.; қимыл-әрекетті білдіретін: көтеру, аудару, күресу, қуану, ренжу, мойындау, жүгендеу, есептеу, т.б. Жалпыхалықтық сөздердің стильаралық сипаты бар. Бұл тәрізді сөздер функционалдық стильдердің бәрінде де қолданылады, олардың қолданылуына стиль жағынан шек қоюға болмайды. Керісінше, көптеген сөздер белгілі бір стильге телулі болады да, қолданылу жағынан шектеліп отырады. Мысалы: тағайындалсын, міндеттелсін, осы анықтама берілді, қаулы етеді, жарлық етеді, түсініктеме – ресми іс-қағаздар стилінде; ағымдағы істер, ақпарат хабарлар, ресми сапар, алдыңғы қатардағы, көпшілік қолды – публицистикалық стильде; гербарий, жылу энергиясы, сингармонизм, дифтонг, қатты дене, гамма-сәуле, молекула, ерітінді – ғылыми стильде қолданылатын сөздер болып табылады.

Бұл айтылғандардан стильаралық лексиканың жалпылық, ал функционалдық стильдердің шектеулі сипаты бар екенін көреміз. Стильаралық сөздер нақты бір стиль дәрежесінде емес, стильдердің бәріне қатысты болғандықтан, бейтарап лексика деп те аталады. Стильаралық бейтарап лексика өзінің осындай қасиеттеріне байланысты функционалдық стильдерден ерекшеленіп отырады.

Стильаралық сөздер сөйлеу тілінде болсын, жазба тілдіе болсын қолданылатын лексиканың негізін қалайды. Оларсыз ауызша, болмаса жазбаша қарым-қатынас жасау мүмкін емес. Функционалдық стильдердің қай-қайсысы болсын тек өздеріне тән, қолданылуы шектеулі сөздерден тұрмайды, керісінше, олардың сөздігі стильаралық лексикаға негізделеді. Ал кейбір функционалдық стильдерде, мысалы, осы күнгі ауызекі сөйлеу стилі мен публицистикалық стильде, бейтарап лексика жиі қолданылады.

Стильаралық лексиканың басқа функционалдық стильдердің лексикасынан негізгі айырмашылығы зат, құбылыс, сапа, қасиет, іс-әрекет атауларын қарапайым, нақты қалпында білдіретіндігінде. Негізінен алғанда, зат, құбылыстарды, олардың қасиеттерін бейнелеп, мәнерлеп қолдану стильаралық стильге тән емес. Дегенмен, сөздің негізгі заттық-логикалық мағынасына байланысты оның кейбір экспрессивті сипатын білдіруі мүмкін. Мысалы, дәулет «байлық, қазына, дүние, мүлік» сияқты негізгі заттық мағынасынан басқа, «бақ, ырыс» деген қосалқы мағынаға да ие. Дәуір сөзі «тарихи кезең» деген негізгі мағынасынан басқа «дегені болып, билігі жүріп тұрған кез»деген туынды мағынаға ие.

Синонимдердің стильдік қызметі. Белгілі бір ұғымыд жан-жақты толықтырып айтуда, сәл ғана мағыналаық әзік айырмашылқтарды қамтып, оралымды етіп жеткізуде синоним сөздердің стильдік мәні өте зор.

Сонымен бірге, синонимдердің стильдік қызметі мынада: сөйлеуде я жазуда бір сөзді қайта-қайта қайталау, мысалы: алдыңғы сөйлемде қолданылған сөзді, келесі сөйлемде қайталай беру стильдік жағынан кемшілік туғызады. Мұндай жағдайда сол сөздің синониммін табып қолдану керек.

Мысалы, ұлы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан алыңған сөйлемдегі сөздерге назар аударып көрейік.

«Қазіргі Тоғжан жүзінде бір шақ кетпейтін үлбіреп, толқып, лезде келіп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңі жоқ». Осы сөйлемдегі жүз, рең; кезде, сәтте деген сөздер – бір-біріне синоним. Жазушы оззара мәндес сөздердің нәзік айырмашылықтарын жете біліп, синоним сөздердің сыңарларының айтылатын ойға сәл келетінін тауып қолданған. Соның нәтижесінде оның ойы келіргі болып шыққан.

Тіл байлығының көрсеткіші болып табылатын синонимдерді жете білудің мәні зор. Лексиканы синоним сөздерге бай адамның жазганы да, сөйлегені де ұдайы қүлпырып, түрленіп тұрады.

Тілде синонимдердің мол болуы сол тілдің сөздік құрамының бай әрі дамыған тіл екенін аңғартады.

Антонимдердің стильдік қызметі. Қарама-қарсы құбылыстарды саластыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде және тәсіл арқылы айтылатын ойды ашық, айкын етіп көрсетуде антонимдер айрықша қызмет атқарады.

Ерте шықсаң, алдыңнан күн шығады;

Кеш шықсан, алдыңнан түн шығады (Мақал).

Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп (Мақал).

Өтірік - қанбақ, шын-салмақ (Мақал).

Антоним сөздерің белгілі бір тобымен тіркесу якиркесе алмау мүмкіндігі олардың мағыналаының қай кенде көрінуіне байланысты болады. Ал сөз мағынасының реңі контексте ғана ашылады. Антонимдік контекстер турасында бірсыпыра ғалымдардың антонимдік контекстің мына сияқты төрт түрін атап көрсетеді.

1. Антонимдерің бір сөйлем ішінде қатар қолданылуы.

2. Іргелес сөйлемдерде қооданылуы.

3. Бірнеше антоним сөздердің бір сыңары одан кеін берілуі.

4. Антонимдерді аралас қолдану.

Филология ғылымының докторы Ә.Болғанбаев та антонимдерді негізінен осылай топтастырады.

Антонимдік контекстерді тұлғалық және мағыналықжағынан Ж.Мусиннің топтауы жоғарыдағыдан гөрі өзгешелеу.

1. Жалпылық мәнде болатын антоинимдер. Мұнда антоним сөздер бір сөйлем ішінде қатар келеді:

Мысалы:

1) Ит үрер жақсыға да, жаманға да.

2) Алыс пенен жақынды жорытқан білер. (Мақал).

2. Тікелей қарама-қарсылық мәнде болатын антонимддер. Мұнда сөйлемнің бірыңғай мүшесі түрінде қарсылықты жалғаулықтар немесе болымсыздық мәндегі сөздер болып келеді.

1) Енді еңбек бейнет емес, зейнет (Мақал).

2) Күлкісі аз, бірақ нұры мол қара көзі ақылды, ойлы адамды аңғартады.

3. Алтернативті мәнде болатын антонимдік контекс сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарып, жұрнақтар немесе жалғаулар арқылы байланысады.

Мысалы: Ендеше, не ер бол да ақтал, немес илан да жазала.

Мұндай алтернативтік мәнді терендете түсіп, әсірелей көрсететін де түрі кездеседі. Мысалы:

Сөнда, ұйқы мен ояудың, түс пен өңнің арасында, әсіресе шаршаған күнгі ұйқыда болатын қызық бір аралық хал еді. (М.Әуезов).

4. Философиялық ой, түйін, тұжырым, пікір мәнде болып келетін антонимдік контекстер. Антонимдік сөздер мұндай контексте көбінесе сөйлемнің баяндауыш қызметін атқарады. Мысалы: Еңбек түбі-зейнет (Мақал).

Тілімізде нақ осы контекстің қатарласып, жарсып қолданылуы жиі ұшырасады. Ондайда бірнеше антонимдік жұп тұтасып, бүтіндей бір түйдек жасайды. Мысалы:

Ашу-дұшпан, ақыл-дос;

Шабыспақ-оңай,

Табыспақ-қиын (Мақал).

а) Антоним сөздер –субъект-предикаттық қатынаста болып келетін контекстер. Мұнда антонимдердің мағына қарсылығы солғындау болады. Мысалы:

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен қайта келмек (Абай).

Антонимдік контекстердің мұндай түрі шешендік, нақыл сөздерде, фразеолоғиялық тіркестерде, поэзияда жиі кездеседі.

5. Көркем әдебиетте заттың, құбылыстың сыр-сипатын аз сөзбен нақты да дәл бейнелеу, айқын сүретті мақсатында немесе кейіпкердін ішкі дүниесін, жай-күйін дәл көрсету үшін кейде қарсы мағыналы сөздер тіркеу қолданылады. Фигураның Оксюморон метафора аталатын бұл түрі жеке алғанда бір-біріне қарсы мағыналы болып, антонимдік жұп құрайтын сөздер тіркесі арқылы жасалады. Мысалы: тірі өлім, тірі аруақ, құрғақсу, жақсы өлім.

Жайнаған түың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай…

Жақсы өліпсің, япырмай (Абай).

Мұнда синтаксистік тіркес құрап, анықтауыш анық талғыш қатынасқа жұмсалып тұр. Осындағы жақсы өліпсің-оксюморон, өйткені өлім болған соң, оның жақсысы болуы мүмкін емес.

Сол сияқты, сараң бай, тірі өлік, өлі жан, зар күлі дегендер және кіріп-шықты, келіп-кетті,ұшып-қонды, дегендер де оксюморонға жатады.

Тілімізде антонимдердің кейде өзінің негізгі мағынасына тікелей қарсы мәнде жұмсалатыны да бар. Басқаша айтқанда, сөз өзінің антониміне айналып кетеді. Мысқылдау мақсатында сөзді әдейі кері мағынасында қолдану. Мысалы: қорқақ деудің орнына батырдеу, қара кісіні аппағым деу.

Менде де бар бір жаман,

Не қылайын қазақтын,

Жүйрігі мен жорғасын

(“Айман-Шолпан” жыры).

Сөйтіп, антоним сөздер қолданылу ретіне қарай өз мағынасының антиподына айналады.

б) Жалпы есім орнына жалқы есіммен немесе керісінше атау әдісі антономазия делінеді. Бұл әдіс бойынша тілімізде кейбір антоним сөздердің орнына оғаш мінез, жат қылығымен баршаға мәлім болған адам атын қолданышылық жатады. Мысалы: сараң-Қарабай, мылжың - Мырқыбай.

Антонимдер антитезаның (шендестіру) бір тәсілі ретінде қолданылады.

Антитеза- арасы алшақ екі нәрсені бір-біріне қарама-қарсы кою. Сол арқылы айтайын деген ойды айқындап, мәнерлеп көрсету көркем әдебиетте көне заманнан келе жатқан нәрсе. Мысалы:

Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға (Абай).

Антонимдік контексте жаман жақсы көремін исяқтытіркестер де жатады. Антитеза көбіне антонимдер арқылы жасалады. Антитезаның небір тамаша түрін Махамбеттің “Қызғыш құс”, С. Торайғыровтың “Анау-мынау” т.б. шығармалардын кездестіреміз.

Алайда, антитезаның бәрі антонимдер арқылы жасала бермейді. Антитеза – стилистикалық әдіс, антонимдер – лексикалық құбылыс. Айырмашылықтары бар.

Антитеза екі мүшеден тұрады және олар жұбы жазылмастан қатар қолданылуы керек.

Оңға қарап қол созсам.

Теріске жорып пысқыршы

(С.Торайғыров).

Ал антоним сөйлемде жеке-дара қолданыла береді және одан оның антонимдік мәні жойылмайды.

Атаулары антоним бола алмайтын заттар мен құбылыстарды қарама-қарсы қою арқылы да антитеза жасауға болады. Мысалы: қамқа - боз.

Кітаби лексика. Қазақ тіл білімінде «кітаби лексика» деген ұғым тек өткен дәуірдегі жазба әдеби тілде қолданылған сөздер мәнінде түсіндіріліп келеді. Бұл мағынада «кітаби лексика» термині қазіргі жазба әдеби тіл лексикасынан ерекшелеп, ертедегі жазба әдеби тіл дәстүріндегі лексиканы білдіру мақсатында шартты түрде қабылданған еді. Шын мәнінде, «кітаби лексика» термині жалпы жазба тілде қолданылатын сөздерді білдіреді. Жазба тілсіз әдебиет, жазба әдеби тіл болмайтыны белгілі. Демек, жазба тілде қолданылатын сөздер әдеби лексикға жатады. Кітаби лексика дегеніміз әдеби лексика. Әрине, әдеби тіл дамуының барлық дәуірлерінде әдеби лексика бірдей болуы мүмкін емес, сол себепті ол өзінің даму, қалыптасу тенденциясына қарай іштей жіктеліп отырады. Мәселен, қазақ тіліндегі кітаби лексика тарихи және қазіргі тұрғыдан екі салаға бөлінеді: 1) ескі дәуірдегі кітаби лексика; 2) қазіргі кітаби лексика. Бірақ қай дәуірдегі әдеби тіл болмасын, онда сөз қолдануда қалыптасқан нормалық белгілердің болуы, стиль жағынан саралануы шарт. Бұл шарттылықты ескі дәуірдегі кітаби тілден де, қазіргі кітаби тілден де айқын көруге болады. Мысалы, қазіргі әдеби тілдегі мен, және, осы, жұрт, жолдас, жақсы, тура, тас, қойды, ұлы, облыс, құрметті, себепті, мұратқа, елдерді, сезеді, білмейді сияқты сөздер ескі кітаби тілде илә, илән, уа, диу, үшбу, йурт, йулдаш, яхшы, тұғры, таш, қойдылар, оғлы, уалаят, хурмәтлу, сәбәблі, мурадға, илләрни, сезедүр, білмейдүр болып жазылуы нормаға айналған. Бұл сияқты сөздер ескі кітаби тілде міндетті түрде жалпытүркілік сипатта осылайша айтылып жазылатын болған. Ескі кітаби лексика көне түркі тіліне негізделген.

Ал қазіргі әдеби тілдің лексикасына келсек, оның нормалық белгілері қазақтың жалпыхалықтық лексикасында негізделген. Қазіргі әдеби лексика халықтық лексиканың сұрыптап екшелеген, жан-жақты дамып жетілген, айтылуы мен жазылу принциптері негізінен айқындалған түрі болып табылады.

Ескі кітаби лексикада болсын, қазіргі жаңа кітаби лексикада болсын, сөздер стильдік қызметі жағынан сұрыпталып, шектеліп отырады, осыдан барып кітаби лексиканың стильдік түрлері қалыптасады. Бірақ олар әр дәуірде бірдей болуы мүмкін емес. Мысалы, ескі кітаби тіл стиль жағынан 2-3 салаға бөлінсе, ал қазіргі әдеби тіл негізінен төрт-бес салаға бөлінеді: ресми іс-қағаздары мен құжаттар, публицистикалық, ғылыми, техникалық және көркем әдебиет стильдері. Кейбір стиль түрлері кітаби тілдің қай түрінде болсын кездесіп отырады. Мысалы, ресми іс-қағаздары стилі ескі кітаби тілде де, қазіргі кітаби тілде де бар. Тағы бір ескеретін жайт, кітаби тіл қай дәуірде болсын көркем әдебиетпен байланысты дамыған. Мәселен, «Құтадқу білік» (11ғ.), Қожа Ахмет Яссауидың «Хикметі» (12ғ.), «Хусрау уа Шірін», «Мухаббат наме», «Гүлстан», «Жүсіп – Зылиха» (13-16ғғ.), «Жәми ат-тауарих» (16ғ.) т.б. шығармалар ең алдымен өз заманындағы кітаби тілдің қалыптасуына әсер еткен көркем туындылар болып табылады. Сол сияқты барлық жанрда кеңінен дамыған қазіргі көркем әдебиет осы күнгі кітаби тілдің қайнар көзі екені белгілі.

Сөйтіп, кітаби лексика деп белгілі дәрежеде әдеби нормаға түскен, стилистикалық қолданысы жағынан сараланған жазба тілге тән сөздерді айтамыз.

Ескі дәуірдегі кітаби лексика. Бұрынғы дәуірдегі жазба мұралардың тілі, соларға тән жазу дәстүрі ескі кітаби тіл деп, ал сол нұсқаларда қолданылған түркі тілдеріне ортақ сөздер ескі дәуірдегі кітаби лексика деп аталады. Қазақ тілі түркі тілдерінің бірі болғандықтан, өткен дәуірден қалған түркі тілдері ескерткіштерінің тілі қазақ тіліне тікелей қатысы бар. Ескі дәуір ескерткіштерінің тілі қазіргі қазақ тілінен мүлдем алшақ жатқан, түсінбейтін, ұқсаспайтын кереғар дүние деп қарауға болмайды. Қайта грамматикалық құрылымы жағынан болсын, сөздік қоры жағынан болсын бір-біріне ұқсас жалпы түркі халықтарына еншілес, мұра екендігі аңғарылады. Түркі тілдерінің жазба ескерткіштері өте ерте кезден басталады. 5-10 ғасырлар аралығында Көне түркі дәуіріне қатысты Орхон-Енисей ескерткіштері жазылған. Одан кейін Орта түркі дәуіріне қатысты жазба ескерткіштер, көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштер, шағатай тілінде жазылған ескерткіштер, т.б. сақталған. Бұлар 11-17 ғасырлар арасын қамтиды.

Ескі кітаби тіл дәстүрі қазақ әдеби тілінің барлық кезкңдеріне де әсерін тигізген. Оны қазақтың ауыз әдебиет үлгілерінен де, 15-17, 18-19 ғасырлардағы әдеби тілден де, жаңа жазба әдеби тілдің негізін салған Абай, Ыбырай шығармаларынан да, тіпті 20ғ. басындағы қазақ әдеби тілінен де байқауға болады. 20 ғ. басында кітаби тіл дәстүрінде жазуды ұстанған Ш.Жәңгірұлы, М.Қалтайұлы сияқты шайырлар (ақындар) болғаны белгілі. Демек, көнетүркілік негізде дамыған кітаби тіл дәстүрі қазақ әдеби тілінің барлық кезеңдерімен жанамалас сақталып отырған. Қазақтың ескі кітаби тілі діни араб-парсы, шағатай, татар әдебиеттеріндегі тілдік нормаларды қамтып, таза қазақ тілінде жазылмаған.

Түркі халықтарының жазба ескерткіштерінде кездесетін кітаби лексика мынадай тұлғаларда ұшырасады. Мысалы қаған (хан), беглер (бектер), йок (жоқ), оғлы (ұлы), учун (үшін), теңрі (тәңірі), будун (халық), йол (жол), йүз (жүз), йеті (жеті), іл (ел), йер (жер), тоқуз (тоғыз), тағ (тау), йүрт (жұрт), кіші (кісі), турук (тұрақ), сарығ (сары), улуг (ұлы, үлкен), еліг (елу), бары (бәрі), йүгүр (жүгір), йоқары (жоғары), йеме (және), алқыс (алғыс), йарым (жарты), тамға (таңба), екін (егін), йыл (жыл), ілчі (елші), йонт (жылқы), орду (орда), көр (көз), йашыл (жасыл), күмүш (күміс), йадағ (жаяу), башла (баста), сөзле (сөйле), йел (жел), бүкүн (бүгін), йізне (жезде), оғлақ (лақ), отачы (оташы), мүгүз (мүйіз), хатун (ханша), олтур (отыр), көк (аспан), үгү (үкі), інче (жіңішке), ачытай (ашудас), күн тоғұшы (күн шығыс), бітік (жазу), тутғун (тұтқын), сусун (сусын), өркен (жіп, арқан), йаратқан (жаратқан), солағай (солақай), йырынчы (жырынды), алтымыш (алпыс), бурун (бұрын) т.б.

Кітаби сөздің жазу стиліне тән басты және негізгі ерекшелігі сөздердің көне тұлғаларын, түркі тілдеріне ортақ формалары мен байырғы мағыналарын түгелдей сақтап жазуында еді. Кеңес дәуірінде КСРО-дағы түркі халықтары ескі кітаби тілдегі үлгілердің қажеттілерін өздеріне мұра етіп қалдырды да, онша үйлеспейтіндерін әр халық өз мүддесіне қарай жаңашалап, жаңғыртып пайдаланды. Сөйтіп, әр ел өздерінің тума жаңа жазба әдеби тілін қалыптастырды. Мәселен, кітаби тілдегі раст, дост, дұрыст деп жазылған сөздер жаңа жазба әдеби тілімізге соңғы т түсіріліп, рас, дос, дұрыс күйінде қабылданды. Араб-парсы тілдерінен ауысқан зат есімнен қатыстық сын есім тудыратын и қосымшалы сөздер ең әуелі түркі халықтарының жазба ескерткіштерінің тіліне енді де, солар арқылы қазақтың қазіргі әдеби тілінде орнығып кетті. Мысалы: әдеби, мәдени, ресми, ғылыми, рухани, діни, саяси, әскери, кәсіби, кітаби, табиғи, іліми, т.б. Демек, осылардың барлығын да кітаби тілдің қазіргі қазақ әдеби тіліне тигізетін игі әсері деп түсінуіміз керек.

Қазіргі кітаби лексика. Бұған сөйлеу тілінің тұрмыстық қарапайым лексикасынан, диалектизмдерден басқа, әдеби нормалық белгілердің қатаң сақталуын талап ететін публицистикалық, ғылыми және ресми құжаттар стильдерінде, көркем әдебиет тілінде қолданылатын сөздер жатады. Әрбір стильге тән сөздер олардың бәріне ортақ белгілерімен сипатталады. Атап айтқанда, ресми ісқағаздары стиліндегі сөздер өздерінің бірыңғай бірізде қолданылуымен, мейлінше нақты, дәлдігімен, жанрлық тақырыптарының (ресми іс-қағаздары, ақпараттық, дипломаттық, юристикалық, т.б.) тұрақтылығымен сипатталады. Мысалы, дипломатиялық құжаттарда сенім грамотасы, консул, атташе, елшілік, миссия, төтенше және өкілетті елші, нота, вербалдық нота, меморандум, ресми сапар, кезекті кездесу, сыртқы қатынастар, штаб-квартира, протоколдық шаралар, келіссөз, келісім-шарт, сенімді өкіл, резиденция, т.б. сөздер үнемі қолданылып отырады.

Ресми ісқағаздарында кейде бір заттың я ұғымның атауы қолданылу орнына қарай әр түрлі аталады. Мысалы, адам деген сөз ресми құжаттарда – азамат, жолдас, телефон станциясында – абонент, ательеде – заказ беруші, шаштаразда – клиент, ауруханада – науқас, санаторийде – демалушы, тынығушы, транспортта – жолаушы, т.б. болып айтылады.

Публицистикалық стильдегі сөздер өздерінің әсерлілігімен, тартымдылығымен, баяндау қисындылығымен, ойға қонымдылығымен, ақпараттық мәліметтердің дәйектілігімен сипатталады. Қоғамдағы жаңалықтар, жаңа құбылыстар ең алдымен публицистикалық стильде көрініс табады. Мысалы, тек соңғы жылдардағы нарықтық реформа жағдайында: әлеуетті атқарушы өкімет, сыбайлас жемқорлықты тұншықтыру, қылмыстылықпен қажырлы күрес жүргізу, экономикада қалыпты реформа жасау, жұрттың өмір тіршілігін жақсарту, интеллектуалдық потенциал, ресми тіл статусы, жекешелендіру, тобырлық мүдде, фермерлер ассоциациясы, тоталитарлық тәртіп, нарықтық қатынас, нарық экономикасы, т.б. сөздер қолданысқа енді.

Ғылыми стильде қолданылатын сөздер айтылатын ой-пікірлердің дәлелді, объектінің берілуіне сай келіп, дерексіз ұғымдарды білдіруде кеңінен қолданылып, оларды қорытындылап жинақтау қасиетіне лайық болуға тиіс. Мысалы, абстракция, активтендіру, қозғалыс, бірлестік, бірлік, бірізділік, кеңістік, ой тұжырымы, оймен тану, теңестіру, т.б. сөздер дерексіз ұғымдарды білдіреді.

Ал көркем әдебиет стилінде жалпы халықтық сөздердің қолданылу көлемі әлдеқайда кең, онда көркемдеу тәсілдері арқылы өмірде бар я болуға тиісті көріністер мен құбылыстарды адамның ішкі сезіміне әсер ететіндей етіп суреттейтін сөздер, шындық өмір жайында автордың өз көзқарасын білдіретін сөздер мол қолданылады.

Қазіргі кітаби лексиканың негізінде сөйлеу тіліне де, әдеби тілге де ортақ жалпылама сөздер жатыр. Жалпылама сөздер ешбір мамандық талғамайды, бір тілде сөйлейтін халықтың бәріне бірдей, сөйлегенде де, жазғанда да, ұйытқы, тірек болады. Бірақ жалпылама лексика кітаби тілде табиғи халықтық қалпында ғана қолданыла бермейді, көп жағдайда баспа ретінде сөз шеберлерінің сұрыптап өңдеуінен өтіп, әдеби нормаға ие болып отырады. Бұл – әдеби лексиканың сөйлеу тіліндегі лексикадан ең басты айырмасы болып табылады.

Әдеби тілде сөйлеп, әрі жаза білу үшін жалпылама лексикамен қатар сол тілдің арнаулы сөздерін (терминологиясын), көнерген сөздері мен неологизмдерін, эмоционалды-экспрессивті сөздерін, біршама кәсіби сөздерін, бұрынғы кітаби сөздерін білу қажет. Осы аталған сөздердің барлығы да – әдеби тілдің аясында қолданылатын, соған телінді сөздер. Жан-жақты дамыған әдеби тілдің лексикасы тек осындай сөздерден құралады. Әр халықтың тұрмыс-жағдайына, сол елдің өзіндік ұлттық ерекшелігін сипаттайтын экзотикалық сөздері де әдеби тілдің лексикасына жатқызылады. Кейбір тіл мамандары экзотикалық сөздерге варваризмдерді де жатқызады.

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1. Сөздер стильдік қызметіне байланысты қалай жіктеледі?

2. Стильаралық бейтарап лексика дегеніміз не?

3. Стильаралық бейтарап лексика функционалдық стильдерден қалай ерекшеленеді?

4. Антономазия дегенді қалай түсінесіз?

5. Кітаби лексика дегеніміз не?

6. Әдеби лексиканың сөйлеу тіліндегі лексикадан ең басты айырмасы не?