ДӘРІС 7. ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СӨЗДІК ҚҰРАМЫ МЕН НЕГІЗГІ СӨЗДІК ҚОРЫ


Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ тілі лексикалық құрылымы мен шығу арналарымен таныстыру. Қазақ тілінің сөздік құрамы мен негізгі сөздік қоры жайында түсінік беру. Сөздік құрам мен сөздік қордың ара қатынасын түсіндіру.

Дәріс жоспары:

1. Қазіргі қазақ тілі лексикалық құрылымы мен шығу арналары;

2. Қазақ тілінің сөздік құрамы мен негізгі сөздік қоры;

3. Сөздік құрам мен сөздік қордың ара қатынасы.

Сөздік құрамға негізгі сөздік қордағы байырығы сөздермен бірге туынды сөздердің, жаңадан пайда болған сөздердің басым көпшілгі, сондай-ақ арнаулы терминдер, белгілі бір кәсіпке, шаруашылықтың түріне байланысты сөздер (профессионалдық лексика) енеді. Бұдан басқа қазақ лексикасында басқа тілдерден енген көптеген сөздер (араб, парсы, иран, монғол, орыс тілінен), тарихи қат-қабаттар да бар.

Сөздік құрамның арналары, оның (сөздік құрамының) – ең басты бөлімі болып саналатын негізгі сөздік қордың ерекшеліктері, сыр-сипатымен тығыз байланысты.

Негізгі сөздік қор. Негізгі сөздік қорға қазақ тілінде ертеден бері өмір сүріп келе жатқан байырғы сөздер, сонымен бірге, кейін де жасалған, бірақ әбден қалыптасып, қазірде жаппай қолданылатын кейбір жаңа сөздер де енеді. Негізгі сөздік қор – сөздік құрамның ең басты бөлімі, оның ұйтқысы болады. Негізгі сөздік қор өте-мөте тұрақты болып, ұзақ өмір сүреді.

V-VIII ғасырлардың ескерткіші Орхон-Енисей жазу нұсқаларында күн, түн, ұлығ, көк, боз, бар, алтын, күміс, темір деген сөздер кейбір дыбыстық ерекшеліктерін ескермегенде, осы күнгі мағыналарында кездеседі.

Бұл келтірілген мысалдар, біріншіден, қазақ тіліндегі байырғы сөздердің ғасырлар бойы өзгеріссіз сақталып келе жатқандығын, екіншіден қазақ тілінің өзге түркі халықтарының тілімен туыстас, бір тілдік негізден дамып шыққандығын дәлелдейді. Алайда негізгі сөздік қор тұрақты болады дегеннен ол мүлдем өзгермейді, тілдің даму тарихында ешбір өзгеріссіз қалады деген ұғым тумауға тиіс. Маркстік тіл білімі негізгі сөздік қордың уақыт озған сайын, тілдің тарихи даму процесінде баяу болса да өзгеретіндігін көрсетеді.

Негізгі сөздік қор жаңа сөздердің жасалуына негіз, ұйтқы, база болады: етік-етікші, күн-күндік.

Негізгі сөздік қорға жататын сөздердің бәрі де жалпы халықтық болып келеді.

Ғасырлар бойына өмір сұріп келе жатқан негізгі сөздік қордағы сөдердің басым көпшілігінің айрықша ерекшелігі – олардың көптеген туынды сөздердің ұяларын, тобын жасауға икемділігінде.

Мысалы: бас, су, өн деген сөздерден төмендегідей көптеген сөздер жасалады.

Бас – баста, бастау, бастауыш, бастаушы,бастама, басқарма, басшы, бастық, бассыздық.

Су – сулы, сусыз, сулық, суарма.

Өн - өнім, өнімді, өнімділік, өндір, өндіру, өндіріс.

Бұл мысалдардан негізгі қордағы түбір сөздердің сөз тудырушы ролінің күшті екенін көруге болады. Тілдің тарихи дамуының мыңдаған, жүздеген жылдар бойына негізгі сөздік қордағы сөздер сан алуан туынды сөздердің жасалуына негіз болып отыр, соның нәтижесінде тілде көптеген жаңа сөздер туып, тілдің сөздік құрамы өрбіп, өсіп, дамып келеді.

Тілде туынды жаңа сөздер негізгі сөздік қордағы сөздердің базасы негізінде түрлі тәсілдер арқылы жасалып отырады. Мысалы: ек, ор, ки, су, іс, көк деген түбір сөздер де, егін, орақ, киім, қолтық, баста, өндір деген туынды түбірлер де негізгі қорға жатады.

Бұл айтылғандардан, әрине, тек түбір сөздер ғана немесе тек қана негізгі қордың сөздері ғана сөз тудырудың бұлағы бола алады дегендік тумайды. «Құрамның» көп сөздері де туынды сөздер тудыра алады. Алайда, бір есте болатын нәрсе: құрамның бұл сөздерінің өздері көбінесе түбір сөздерден жасалған туынды сөздер болады. Мұнымен бірге, құрамға қарағанда негізгі сөздік қордың сөз тудырушылық ролі әлдеқайда күшті екені ақиқат.

Қазақ тілінің негізгі қорындағы кейбір сөздердің сөз тудыру қабілетінің жоққа тән екендігін көруге болады: сол, анау (есімдік); торы, жирен (сын есім); қырық, сексен (сан есім).

Негізгі сөздік қорға жататын сөздердің сөз тудырушылық қабілеті бәрінде бірдей емес. Мысалы: есімдік, сан есім, сын есім, үстеу сөздерге қарағанда, зат есім, мен етістік тобындағы сөздердің сөз тудыру мүмкіншілігі әлде қайда басым. Тіліміздегі туынды сөздердің басым көпшілігі осы зат есімдер мен етістіктерден жасалған. Ал негізгі сөздік қордың құрамындағы кейбір сөздердің сөз тудырушылық мұмкіншілігінің болмауы (тіп шамалы болуы), «негізгі сөздік қор тілде жаңа сөздердің жасалуына база болады» деген негізгі қағиданың әлсірете алмайды. Өйткені негізгі сөздік қордың құрамындағы сөздердің басым көпшілігінің өнімділігі, сөзі тудырушылық мүмкіншілігі күшті болып, жаңа сөздер жасауға ұйтқы, негіз болып келеді.

Сөз тудыруға икемсіздік, өнімсіздік жалпы сөздерге ғана қатысты. Негізгі сөздік қордағы сөздердің тұрақты заттар мен құбылыстардың ұғымдарын білдіріп, мыңдаған жылдар бойы өмір сүсрүінің өзі олардың сөзі тудыруға негіз болып, көптеген жаңа сөздер жасауына зор мүмкіндік береді. Міне осының нәтижесінде негізгі сөздік қордың барысында тілдің сөздік құрамы байып өсіп келеді.

Негізгі сөздік қорға қарым-қатынас жасауда қоғамдағы адамдардың мамандығына, қызметіне, білім дәрежесіне қарамай, олардың бәріне бірдей түсінікті, кең түрде жаппай қолданылатын сөздер жатады.

Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік құрам немесе лексика деп аталады. Сөздік құрам белгілі бір халықтың тұрмыс жағдайын, күнкөріс тіршілігін, кәсібін түгел қамтып көрсетеді. Белгілі бір халықтың қоғамдық, шаруашылық, мәдени-тұрмысы неғұрлым күрделі болса, соғұрлым оның тілінің сөздік құрамы да бай болады деген сөз. Мәселен, 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» 100 000-ға жуық лексикалық тұлға (фразеологизмдермен қоса) енген екен. Бұған енбей қалған қаншама сөз бар десеңізші! Алайда, сөздікке енген сөздердің бәрі бірдей осы тілде сөйлейтіндерге түп-түгел таныс болмауы мүмкін. Кейбіреуі танымал болғанымен, енді біреулері мүлдем бейтаныс болуы ғажап емес. Өйткені қазақ тілінің лексикалық құрамына ғасырлар бойы сақталып келе жатқан байырғы сөздер де, кірме сөздер де, кейін пайда болған неологизмдер мен термин сөздер де, әдеби сөздер мен ауызекі тілге тән қарапайым сөздер де, диалектизмдер мен кәсіби сөздер де, қысқасы, тіліміздегі барлық сөздер кіреді. Мұның бәрін түгелдей жеке адамдардың білуін тілейміз. Осыншама мол сөздің қолданылу жиілігі, қалыптасу тарихы атқаратын қызметі де бірдей емес. Соған байланысты сөздік құрам өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді.

Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу жиілігіне қарай актив сөздер және пассив сөздер деп, ең алдымен екі салаға бөлінеді.

Актив сөздерге осы тілде сөйлейтін адамдар тек түсініп қана қоймай, әрі олар жиі қолданылатын сөздер жатады. Актив сөздер тіл дамуының белгілі бір кезеңінде осы тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ болып келеді. Бұған күнделікті өмірде өзіміз айтып, қолданып жүрген таныс сөздердің бәрін жатқызуға болады.

Пассив сөздерге түсінуін түсінгенмен, бірақ онша қолдана бермейтін сөздер кіреді. Бұған әр ғылымның өзіне тән тар көлемдегі терминдері, көнерген сөздер, тарихи сөздер, диалектизмдер, кітаби сөздер жатады.

Сөздердің актив және пассив қабаттарға бөлінуінде белгілі дәрежеде шарттылық бар. Бір заманда актив қолданған сөздердің бірқатары келесі бір заманда пассив қабатқа ауысуы ықтимал. Мысалы: жаугершілік заманда жиі қолданылған атой салу, қарамсақ, адырна, кіреуке, дулыға, сауыт, шерік, қол, т.б. сөздер және сол кездегі лексиканың актив қабатында болды. Әлеуметтік құрылысқа байланысты хан, ханзада, ақсүйек, төлеңгіт, жатақ, қарашы, болыс, майыр, онбасы, елубасы, жүзбасы, қарашығын жаңғақ салғы, барымта, шабарман, малай, т.б. сөздер ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы лексикада жиі қолданылған сөздер. Бірақ бұлардың бәрі де қазіргі қазақ лексикасының пассив қабатындағы сөздер болып табылады. Сол кезде халық тілінде актив қолданылған ай, жыл аттарын (наурыз, көкек, маусым, тышқан, қой, жылқы, т.б.) Кеңес өкіметі жылдарында (1930 – 1940 жылдарынан бастап) халықтың көпшілігі (әсіресе, жастар жағы) қолданбайтын болды. Кейін Республиканың тәуелсіздік алуына байланысты бұл сияқты сөздер қайтадан лексиканың актив қабатынан орын ала бастады. Бұл мысалдардан лексиканың актив, пассив қабаттарындағы сөздердің құрамы үнемі бір қалыпты болмайтынын, оның жылжымалы екенін көреміз.

Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу сипатына қарай бірнеше топқа бөлінеді. 1) сөздің әдеби және әдеби еместігіне қарай: әдеби лексика мен диалектілік лексика болып; 2) әдеби тілдегі сөздердің халыққа таныс және онша таныс еместігіне қарай жалпыхалықтық лексика мен арнаулы лексика болып; 3) тілдегі сөздің жұмсалу аясы мен көркемдік мәніне қарай бейтарап сөздер мен экспрессивті сөздер болып бөлінеді.

Қоғам өміріндегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер тілге әсер етіп отырады. Әсіресе оның этикасы өзгеріске неғұрлым бейім, неғұрлым сезімтал келеді. Тіл адамның барлық жұмыс саласындағы іс-әрекетімен түгелдей байланысты болғандықтан, сөздік құрам қоғам өмірінде не бар соны дереу және тікелей көрсетіп отырады. Мәселен, Кеңес өкіметі жылдарында қазақ тілінің сөздік құрамында мынадай басты өзгерістер болды:

1. Қазақ тілінің лексикасы жаңа сөздермен толығып, байыды. Бұлар өндіріс, ауылшаруашылығы, техника және ғылым салаларындағы жаңалықтармен байланысты еді. Соның нәтижесінде қазақ лексикасында неологизмдер, терминология салалары пайда болды.

2. Ескі салт-сана, әдет-ғұрыпқа қатысты, көне құрылыс жүйесіне байланысты бір қыдыру сөздер күнделікті қолданыстан шығып қалды. Сөйтіп, сөздік құрамдағы пассив сөзге айналды.

3. Сөздік құрамдағы бір қыдыру сөздердің мағаналары түрлі өзгерістерге ұшырайды: а) Көптеген сөздер бұрынғы мағанасының үстіне жаңадан үстеме мағана қосып, көп мағаналы болып қалыптасты. Мәселен, тап деген сөз революциядан бұрын ел, ру, ата,( тек) ұғымында ғана жұмсалатын еді. Қозғанбайдын табы Бәйнеке атанған бір жерде 12-13 үй қыстайтын (Қ. Тайшықов). Бұл сөздің бұрынғы тармағына сай кеңейіп орыстың клас деген тернмин сөзінің қазақша баламасы болуы мен бірге, тіл біліміндегі сөз табы деген терминді жасауға негіз болды. Сонымен тап деген сөз қысқа мерзімнің ішінде көп мағаналы актив сөзге айналып кетті; ә) Бұрынғы мағанасынан қол үзіп, басқадай мағанаға ие болған сөздерде кіреді. Мәселен, бұрын ұран деген сөз ел мен ел, ру мен ру жалғасқанда, ат жарыстырып, балуан күрестіргенде ата-бабасының аруағына шақырып рухтандыруды, білдірген сөз болса кейін қоғамдық мәні бар үндеу, шақыру дегенді білдіретін болды. Сол сияқты жасақ бұрын әскер, қол мағанасында айтлса, қазір қоғамдық тәртіпті ерікті жастар ұйымын білдіретін болды. Сөйтіп, бір дәуірде жаңа сөз көнеге, көнесі жаңаға, аз мағаналы сөз көп мағаналыға, актив пассивке, пассив сөз активке, бейнелі сөз қарапайым сөзге жай сөз бейнеліге ауысып отыру заңдылығы тілдің сөздік құрамына тән нәрсе. Бұлар үздіксіз дамып үнемі толығып өзгерумен болады. Мұндай заңдылықтар әлі де бола бермек.

Негізгі сөздік қор мен сөздік құрамның бір-бірінен түбірлі айырмашылықтары бола тұрса да, олардың аражігі сіресіп қатып қалған, өзгермейтін дүние емес, керісінші, бір-бірімен үздіксіз қарым-қатынаста болып отырады. Бұлардың өзара қарым-қатынасы мынадай жайттардан нақты көрінеді.

1. Негізгі сөздік қор мен сөздік құрам бір-бірін толықтырып, жаңғыртып отырады. Тіл дамуының бір кезеңіндегі негізгі сөздік қорға енетін сөздер, оның екінші бір кезеңінде сөздік құрамға ауысады. Мысалы: шидем, асадал, қорамсақ, киіт кию, отқасалар, малай, дүре, әмеңгер, сабан, тісағаш, құн алу, т.б. сөздер бір кезде халық өмірінде аса қажет ұғымдарды білдіріп, негізгі сөздік қорда болса, жаңа заманда ол ұғымдардың ескіріп қолданылмауына байланысты сөздік құрамға ауысып, оның пассив қабатынан (тарихи сөздер) орын алды. Керісінше, сөздік құрамдағы электр, радио, телефон, пошта, фото, бригада, арифметика, институт, зейнетақы, стипендия, автобус, трактор, комбайн, вокзал, т.б. сөздер тілге кейін енгеніне қарамастан жалпыхалықтық сипат алып, негізгі сөздік қорға ауысып отыр.

2. Негізгі сөздік қордың сөз тудыруға ұйытқы болатын қасиетінің арқасында сөздік құрам үнемі жетіліп, толығып отырады. Негізгі сөздік қор сөзжасам тәсілдері арқылы тілдің бүкіл лексикалық жүйесінің даму бағытын анықтап, әрдайым сабақтастырып отырады. Сол себепті бұлардың арақатынасының жылжымалы, шартты сипаты барРеспубликаның тәуелсіздік рр

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1. Негізгі сөздік қор дегенді қайлай түсінесіз?

2. Негізгі сөздік қор жөніндегі К.Маркстің идеясы?

3. Негізгі сөздік қорға жататын сөздердің бәрін жалпы халықтық деп атауы не себепті?

4. Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу жиілігіне қарай неше салаға бөлінеді?

5. Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу сипатына қарай неше топқа бөлінеді?

6. Негізгі сөздік қор мен сөздік құрамның айырмашылықтары қандай?