Дәрістің мақсаты: Сөз және оның тілдік бірліктерімен таныстыру. Лексикалық мағына мен грамматикалық мағына айырмашылығын түсіндіру. Мағына категориясына тоқталып, түсінік беру.
Дәріс жоспары:
1. Сөз және оның басқа тілдік бірліктерден ерекшелігі.
2. Мағына категориясының тіл білімінде қойылысы.
3. Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы.
Сөз – тілдің ең маңызды, ең басты категориясы.
Сөз – ұғымның материалдық көрсеткіші.
Белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығы лексика деп аталады. Лексика тіл білімінде сөздік құрам деген терминнің синонимі ретінде қолданылып, тілдегі барлық сөздердің жиынтығы, белгілі бір тілдің бүтіндей сөз байлығы деген ұғымды білдіреді.
Тіл-тілде сөздердің түрлері көп. Тілдегі сөздердің басым көпшілігі өмірдегі сан алуан құбылыстарды (зат, сап, белгі, іс-әрекет) белгілейтін атау сөздер болып келеді. Мысалы: үй, көл, жер т.б. зат, қимыл, сапа-сын атаулары. Бұлардың әрқайсысында толық лексикалық мағына, логикалық ұғым бар. Және мұндай сөздердің тобы – тілдің сөздік құламының ұйытқысы, сөздікті дамытудың, жаңа сөз жасаудың қайнар көзі, сөздік ұғымы, атауыштық мәні, синтаксистік қызметі бар сөздер. Яғни мұндай сөздерге зат есім, сын есім, етістік, үстеу сөздер жатады, орыс тілі ғылымында бұл топқа енетін сөздер – знаменательные слова деген ортақ атаумен аталады.
Тілімізде бұдан басқа толып жатқан есімдік, сан есім, одағай, шылау сөздер де бар. Бұл сөздерде алдыңғы топтағыларға тән қасиеттердің бірі болса, бірі болмайды: олардың жасалатын туынды сөздер де көп емес, сондықтан тілдің сөздік құрамын дамыта алмайды. Бұлардың атауыштық мәні мен ұғымға қатынасы жоқ.
Сонымен лексиканың, негізінен, қарастыратыны – табиғат пен қоғамдағы сан алуан құбылыстар мен заттардың аттары болатын дербес сөздер.
Табиғат пен қоғам өміріндегі құбылыстардың бәрі де тілдегі сөздермен аталады. Дүниеде бар нәрсенің сөзбен аталмағаны жоқ десе болады. Адам күнделікті қоғамдық еңбек процесінде айналадағы заттардың, жаратылыс құбылыстарының өзі бұрын білмеген сырларын таниды, түсінеді. Адамның айналадағы заттарды танып, білуі сөз арқылы тұрақты ұғым болып қалыптасады. Зат пен құбылыстың тілде сөзбен аталатыны жайлы және айрықша белгісі бойынша аталатыны туралы В. И. Ленин Л. Фейербахтың мына сөзін келтіреді: “Сезім арқылы қабылдау затты береді, ал ақыл-ой оған ат береді. Сезім арқылы қабылдауда жоқ нәрсе ақыл-ой да жоқ, бірақ сезімдік қабылдауда шын бар нәрсе ақыл-ойда наминалдық түрде, аты жағынан ғана болады. Ақыл-ой жоғары тұрған нәрсе, әлемнің әміршісі, бірақ шындық жағынан емес, аты жағынан ғана. Ал аты дегеніміз не? Ерекше белгі, көзге түсетін бір белгі, затты өзімнің жан-жақты білуін үшін затты сипаттайтын бұл белгіні мен заттың өкілі етемін.
Сөз бір затты, құбылысты немесе қимылды, сапаны олардың бір-біріне қарым-қатынасынсыз атайды (стол, кітап, қызыл, жүру, бару). Сөздердің мағыналарында сол заттар мен құбылыстардың өмірдегі қолданылуы мен түсінілуіндегі ең басты қасиеті мен ролі қоғамдық ұғыныс (общественные понимание) ретінде бейнеленеді. Сондықтан да әрбір тілдегі сөздер сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы халықтың барлық адамдарына түсінікті болады.
Сөз жеке нәрсені аңғартады, сонымен оның әрқашан жалпылама мәні болады. Мысалы, өзен, тау деген сөздерді әрқайсысы бір ғана затқа тағылған ат емес, осы категорияға жататын бір тектес нәрселердің барлығына бірдей айтылатын, жалпылама атау. Өзен деген сөз белгілі бір өзенді ғана атап қоймайды, жалпы өзен атаулының атауы. Ол өзен терең бе, таяз ба, ұзын ба, қысқа ма – ол жағы тәптіштелмей, әйтеуір, өзен атаулының бәрі бірдей жалпылама аталады. Сол сияқты тау деген сөз тек белгілі бір ғана тау дегенді білдіріп қоймайды, жалпы тау атаулыны білдіреді. Сөздердің осындай жалпылама қасиеті болатындығы туралы В.И.Ленин: “Сезімдер, реалдылықты көрсетеді. Ой мен сөз жалпы болады”, - дейді. Сөздің жалпылаушы қасиеті оның ең басты ерекшелігі болып табылады.
Сөз. Сөздің дыбыстық және мағыналық жағы. Сөздің екі жағы болады: бірі – материалдық жағы, дыбыстық жағы да, екіншісі – идеялық жағы, мағыналық, ұғымдық жағы. Бұл екеуі өзара тығыс байланыста болады.
Сөздің дыбыстық жағы. Тіл дыбыстары – тілдің материалдық единицасы. Дыбыс – материалдық единица, сөзді құрастырушы бөлшек. Сөздің лексикалық единица ретінде өмір сүруі үшін оның дыбыстардың тіркесімен аталуы шарт. Дыбыстар – “құлаққа естілетін жай ғана дыбыстар емес”, тілдің материалдық таңбалары, олар есту мүшесі арқылы қабылданады және бір сөзді екінші сөзден ажыратады (кел, ел).
Сөз белгілі бір (дыбыстық тіркес) комплекс арқылы айтылады, белгілі бір дыбыстық комплекс арқылы құлаққа естіледі, сол арқылы сөз түрінде қабылданады. Екінші сөзбен айтқанда, сөз ұғымының материалдық көрсеткіші жеке тұрып та белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіреді, сөйтіп, атауыштық функция атқара алады. Сонымен, сөз деп басқаға тәуелсіз жеке қолдануға болатын, жеке тұрып-ақ белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіретін тілдің бір бүтін мағыналық бөлшегін айтамыз.
Сөздердің атқаратын ең негізгі функциясы – атауыштық қызметі. Сөз – затқа, құбылысқа я олардың сыр-сипатына қойылған шартты атауы.
Сөздің мазмұны, ұғымы, оның мағынасын жасайды да, сөздің формасын оның дыбыстық құрамы жасайды. Ұғымның сөзбен айтылуы қаншалықты міндетті болса, сөздің дыбыстардың тіркесімен (жеке дыбыстан тұратын сөзден басқалары) айтылуы да соншалықты міндетті. Тіл дыбыстары – тілдің материалдық единицасы. Материалдық единицалардан (дыбыстардан) құралған сөздерді бір-бірінен тіркестіріп қолдану арқылы ғана ойды білдіруге, пікір алысуға болады.
Сөздің дыбыстық жағы мен мағыналық жағын айта келіп,
А.И.Смирницкий: “Звуковая материя языка крайняя существеная для него (языка), без которой он не может существовать иразвиваться как действительно важнейщее срество общения, составляет все же лишь одну его сторону, внешнеюю; у языка есть и другая сторана, внутреняя, смысловая сторона значений”, -- деген. Бұдан тілдің дыбыстық жағының тіл үшін қаншалықты маңызды екендігін көреміз. Егер сөздер дыбыстардың өзара тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір құралы да бола алмас еді. Лексикалық элементтер болсын, грамматикалық элементтер болсын белгілі бір дыбыспен немесе дыбыстардың тіркесімен атылады, сол арқылы өмір сүреді. Тілдің дыбыстық жағы оның дамуына, ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне мүмкіндік береді.
Бірақ заттың аты мен оның дыбыстық комплекстерінің араларында іштей табиғи байланыс болмаса да, сол дыбыстық комплекстің әрқайсысы белгілі бір ұғымның шартты белгісі я таңбасы ретіңде қызмет етеді. Міне, осындай белгілі бір ұғымның атауы (белгісі, таңбасы) ретіңде қолданылатың дыбыстық комплексті сөз дейміз. Сонымен, әр бір сөздің бір-бірінен тығыз байланысты екі жағы болады екен. Оның бірі – сөдің сытқы дыбыстық жағы (сыртқы дыбыстық жамылғышы), екіншісі сол дыбыстық комплексі арқылы айтылатын, ұғынылатын мазмұны.
Дыбыстық комплекс белгілі бір затқа немесе құбылысқа атау ретінде бекітіледі. Бірақ дыбыстық комплекс өзі белгіленген заттың немесе құбылыстың қасиеті мен сапаларын көрсетеді. Анығырақ айтқанда, дыбысталудың табиғаты мен белгіленетің заттың арасында тікелей органикалық байланыс болмайды.
Дыбыстық комплекс (сөз) пен заттың арасында ешқандай табиғи байланыс болмағандықтан, дүние жүзіндегі әр алуан тілдерде белгілі бір зат немесе құбылыс әр басқа сөзбен аталады. Мысалы, бір ғана жәндік атауы. Қазақ тілінде – “балық”, орыс тілінде – “Рыба”, неміс тілінде – “fisch” т.б. аталады. Сөз бен оның атының арасында тек тарихи байланыс қана болады.
Сөздің мағыналық жағы. Дыбыстық құрам (дыбыстық комплекс) арқылы түсінілетін айналамыздағы зат я құбылыс жайындағы ұғымның аты, я атауы сөз дейміз дедік. Ал атаудың (сөздің) қоғамдық өмірде өзіне телінген мағынасы болады. Мағына сөз үшін сыртқы бірдеме болып саналмайды, сөздің өзіне тән және сөз
Негізгі мағыналарынан басқа туынды мағыналарға не болып, әр түрлі мағыналарда қолдануға икем келеді. Мысалы, көз деген сөздің әр түрлі келуін алып көрелік:
Бұл мысалдарда көз сөзі – адамның көру мүшесі, күннің сәулесі, жарығы, судың қайнар жері деген әр түрлі мағыналарда қолданылып тұр, ол маыналардың арасында жақындық, ұқсастық бар. Аталған әр түрлі заттардың көз деген бір сөзбен аталуын сол заттардың белгілерінің, қалайда болмасын, бір-бірімен ұқсастығына туған деп түсінеміз. Сонымен, мағыналарының арасында қалай да семантикалық байланысы бар, әр түрлі мағыналары сөз – көп мағыналы немесе полисемантизмді сөз деп аталады.
Сөз көп мағыналы болғанда, әр түрлі мағыналардың қатысы біркелкі болмайды. Сол әр түрлі мағыналардың ішінде бір мағына басым болып, басқаларына негіз болады. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы көз сөзінің әр түрлі мағыналарының ішінен “көру мүшесі” (адамның көзі) негізгі мағына болып саналады да, әр түрлі мағыналардың орталығы болып табылады.
“Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” ауыз деген полисемантизмді сөздердің әлденеше мағыналары төмендегіше көрсетілген:
Ауыз зат. 1. Адам, жануарлар тағы басқалардың тамақтанатын мүшесі. Әшімбек басын көтеріп, аузын жыбырлатты да, балықтарға қайта үңілді
(Ғ. Мұстафин). Қара қасқа тұлпары Арандай аузын ашады, ілгері қарай басады
(“Қамбар батыр” жыры). 2. Үйдің, басқа заттың кіріп-шығатын жері, есігі. Көмір суырдың қазған інінің аузына шығып қалыпты (Ғ. Мүсірепов). 3. Ыдыс, сауыт, сауыттың мойын жағы, ашық жағы. Ол... бутылканың аузын аша бастады (Ғ. Мұстафин) т.б. мағыналары көрсетілген. Мұндағы ауыз сөзі көп мағынада қолданылып тұр.
Тілдерде көп мағыналы сөздердің жиі кездесуі неліктен? Олар қалай пайда болған?
Адам баласы қоғамының даму барысында танылып болмаған алуан түрлі заттар мен құбылыстар, олардың бір-біріне қарым-қатысы бір тіндеп танылып отырады. Жаңадан танылған заттар мен құбылыстардың тілде сөзбен аталу қажеттігі әр уақытта жаңа сөздерді тудыра бермейді. Оларды тілдің сөздік қорындағы бұрыннан бар сөздермен де атауға болады. Осының нәтижесінде ол сөздердің бұрынғы қалыптасқан, дағдылы мағынасының үстіне қосымша мағына үстеледі. Мысалы, көйлектің етегі, таудың етегі дегенде көйлектің етегі деген әбден қалыптасқан негізгі мағына да, ал таудың етегі дегенде таудың етегі көйлектің етегіне ұқсастығы негізінде туған қосымша мағына.
Сөздің түрлі-түрлі мағынада қолдануға икемділігі оның жалпылауыш қасиетімен тығыз байланысты. Сөздің жалпылауыш қасиеті оның бұрынғы негізгі мағынасының үстіне қосымша жаңа мағыналардың үстелуіне мүмкіндік береді. Әр түрлі мағынада қолдануға икемділік сөздің өз табиғатында бар қасиет екені байқалады.
Сөйтіп сөз белгілі бір заттың не құбылыстың арнаулы аты бола отырып, ұқсас белгілері бар басқа затқа да (не құбылысқа) атау болады да, осыдан келіп, сөздің негізгі мағынасына басқа да әр түрлі мағыналар үстеліп қосылады.
Белгі (таңба) ретінде жұмсалады. Мәселен, нан, сүт, ет, су деген сөздерді алсақ, осылардың әрқайсысының әрі нақтылы, әр жалпылық ұғымы бар. Су деп ыдысқа құйып, ішкелі тұрған немесе арықтағы ағып жатқан бақша-бау суаратын суды да, сонымен қатар дүние жүзіндегі мұхит, теңіз, көл, өзен, бұлақ, құдық біткеннің суын да атай беруімізге болады. Сондықтан да сөз қандай күрделі болса, оның мағынасы да сондай күрделі деп есептеледі. Тілдегі сөздердің білдіретін мағынасы мен сөйлемдегі атқаратын қызметіне қарай әлденеше топқа сала-сала болып бөлінеді. Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық белгілеріне қарай атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер болып ең алдымен үш топқа бөлінсе, бұл топтың әр біреуі іштей лексикалық – грамматикалық белгіллеріне қарай тағы да жіктеледі. Мәселен, атауыш сөздердің өздері өзара есімдер және етістіктер болып бөлінсе, есімдердің өзі атауыш есімдер және үстеуші есімдер боп екі салаға топталады. Ал атауыш есімдер зат есім, сын есім, есімдік болып ажыратылса, үстеуші сөздердің өзі іштей үстеу сөздер және еліктеу сөздер болып сараланады.
Қазақ тіліндегі атауыш сөздер әр алуан зат есім, сын есім, етістік, үстеу заттар мен құбылыстардың, қимыл-қозғалыс пен іс-әрекеттің, сапа мен белгінің аттары болғандықтан, әрқайсысында толық лексикалық мағына және белгілі логикалық ұғымы болады. Бұл топтағы сөздер өзінің дербестігін сөйлем ішінде де, сөйлемнен тыс тұрып та сақтай алады. Тіліміздегі бірқыдыру сөздердің өзіне тән дербес лексикалық мағынасы мен белгілі логикалық ұғымы болмайды да, сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің арасындағы қатынасты білдіру үшін немесе сөзге қосымша мағына үстеу үшін жұмсалып, грамматикалық амал ретінде қызмет атқарады. Сөздердің бұл тобы өзінің дербестігін сақтай алмайды, тек сөйлем ішінде абстрактылы грамматикалық мағынаға ие болады. Мұндай сөздерге септеуліктер, жалғаулықтар, демеуліктер (шылаулар) жатады. Осындай мағыналық ерекшеліктері ескеріліп, тілдегі негізгі сөздерден бөлініп шылаулар көмекші сөздер деп аталады.
Тіліміздегі сан есім, есімдік, одағайларға жататын сөздер өздерінің мағынасы мен қызметіне қарағанда атауыш сөздер мен көмекші сөздердің аралығында тұрған сөздер. Бұлардың білдіретін мағынасы сөйлемнен тыс тұрғанда нақтылығы оншалықты айқын емес, атауыш сөздердің біреуінің көлеңкесінде не жетегінде жүріп айқындалады. Мысылы: Қазақстан өткен жылы Отан қоймасына бір миллиард пұттан астам астық құйды. Осындағы миллиард деген сандық ұғымдағы сөздің нақтылы мағынасы заттық ұғымдағы сөздермен тіркесіп келгендіктен ғана айқындалып тұр. Сөйлемнен тыс тұрғанда миллиард деген сөз тек жалпы ұғымды ғана білдіре алады. «Мен дағы көп есіттім жастың назын» (Абай). Осындағы мен деген жіктеу есімдігі заттың атауы емес, атаудың орынбасары ретінде жұмсалып тұр.
Одағайлар адамның көңіл күйін, сан алуан эмоциялық сезімін білдіреді. Бұларда ұғым да, дербес лексикалық мағына да болмайды. Мысалы: Япырау, әттеген-ай, атын сұрамаппын ғой (М.Әуезов). Қап, мұғалім қазір тақтаға мені шақырар ма екен (Б.Соқпақбаев). Ах, айтса, айтқандай (Ш.Хұсайынов). Аһ, Ержан ғой, дауысы қандай ащы (Т.Ахтанов). Осындағы япырау, әттеген-ай, қап, ах, аһ деген одағайлар айырықша интонациямен айтылып, адамның сан қилы күйініш-сүйініш сезімін білдіріп, сөйлемде эмоционалды-экспрессивті атқарып тұр.
Тіліміздегі атауыш сөздермен қатар көмекші сөздер мен одағайлар да мағына жағынан ала-құлалығына қарамастан, лексикалық единица ретінде танылады. Тілдің лексикология бөлімі де бұларды негізгі мәселе ретінде қарамағанымен, қосымша түрде объекті етіп зерттейді. Көмекші сөздер мен одағайлардың негізгі қызметін көбінесе тіл білімінің грамматика саласы тереңірек қарастырады. Сөздік құрамымыздағы сан мөлшері жағынан ең басым көпшілігі – атауыш сөздер. Бұлар ана тіліміздің негізгі ұйтқысы, жаңа сөздердің қаулап өсуіне бірден бір тірек болып табылады. Қазақ тілінің синонимдік байлығын жан-жақты зерттеп қарағанымызда, бұларды (синонимдерді) сөз табына қатыстығына қарай топтастырғанда да сан жағынан ең көбі атауыш сөздер екендігін анықтадық. Әсіресе етістіктер, онан соң зат есімдер, үшінші орынды сын есімдер алатындығы айқындалды. Осы меже тек синонимдерге ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі сөз байлығының сан мөлшерін айқындауға да жорамал бола ма деп ойлаймыз. Демек, мұнан былыйғы лексикологияға объекті етілетін зерттеулер негізінен атауыш сөздер болмақ. Айтылмақ теориялық қорытындылар мен заңдылықтар да атауыш сөздердің бойыннан шыққан ерекшеліктер деп түсіну қажет.
Сөздің негізгі мағынасы. Сөздің лексикалық мағынасы заттың, құбылыстың нақ өзі болмағанымен, ұғым арқылы түсірілген солардың бейнесі деп есептеледі. Сондықтан сөздің мағыналарын саралағанда ең алдымен оның алғашқы негізі манынасын табуға тырысады. Сөздің негізгі мағынасы айтушы мен тыңдаушыға ортақ нақты заттық ұғымды білдіреді. Нақты заттық ұғым сөз арқылы сөйлемде өзге сөздермен ешбір қарым-қатынасқа түспей-ақ статикалық күйде ұғынылады. Бұлар шындық өмірдің көрінісі ретінде белгіленеді. Сөздің нақ осындай мағынасы әдетте лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы, негізгі мағынасы, тура мағынасы деген сөздер синоним ретінде жұмсалады. Мәселен, аспан, тоғай, өзен, қызыл, сары, қозғалу, көру, былтыр, таңертең, жаздай деген сөздер өзінің тура мағынасында осы тұрған қалпында айтушыға да, тыңдаушыға да бірдей түсінікті. Өйткені бұлар айналамыздағы бәрімізге танымал затпен құбылыстық атауы, күнделікті көріп жүрген шындық өмірдің көрінісі. Бұл көріністер баршаға ортақ белгілі дыбыстық комплекстер арқылы таңбаланып, бір тілде сөйлеуші коллективтің белгілеуімен жүзеге асқан үйреншікті сөз мағыналары арқылы түсінікті болып тұр. Сөздің нақтылығынан гөрі жалпылық қасиеті басым. Сондықтан ең алдымен адамның есіне сөздің жалпы мағынасы түседі. Мәселен, адам дегенде ойлау және сөйлеу қабілеті бар өмірге қажетті өндіріс құралдарына өндіре алатын және сол құралды қоғамдық еңбек процесіне пайдалана алатын жалпы жан иесін еске аламыз. Бүкіл адамзат біткенді айтамыз. Аң дегенде жабайы, тағы айуандардың жалпы жиынтығын түсінеміз. Мал дегеннен етін, сүтін, терісін, жүнін, күшін адам игілігіне пайдалануға болатын төрт түлік үй жануарлары деп білеміз. Сиыр дегеннен сүт пен май беретін аша тұяқты ірі қара, төрт түлік малдың бірін ұғынамыз.
Сөздің жалпы мағынасымен қоса, нақтылы мағынасы болады. Сөздің нақтылы мағынасы белгілі контексте айқын көрінеді. Мұндай мағынаны сөздің қосымша мағынасы немесе туынды мғынасы деп атауға болады. Сөздің туынды мағынасы оның негізгі номинативті мағынасы арқылы, соның негізінде түсініледі. Мәселен, адам деген сөзді негізгі лексикалық мағынасынан туған қосымша туынды мағыналарын белгілі контексте алып көрсеттейік. Мысалы: Естіп, көріп, ұстап, татып көрсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады (Абай). Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол дейді жақсылық (М.Әуезов). Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын. Қасыңа мені сендер неге алмайсың, өзім сері, өзім ақын кімге зармын (Біржан).
Осындағы бірінші сөйлем мен үшінші сөйлемдегі адам деген сөз бүкіл адамзат ұғымында емес, әйтеуір бір адам, белгілі бір кісі деген мағынада бүтіннің бөлшегі ретінде жұмсалса, екінші сөйлемдегі адам белгілі бір кісі емес, бүкіл адамзат та емес, солардың аралығындағы көпшілік, қауым, халық деген мағынада қолданылып отыр.
Ұғым мен мағынаны бірдей, тепе-тең деп түсінуге болмайды. Сөз мағынасы ұғымды барлық қасиетімен түп-түгел қамтып көрсете бермейді. Ұғымның бір үзігін, ғана ұшқынын ғана көрсетеді. Сөздік ең негізі лексикалық номинативті мағынасының өзі ұғыммен пара-пар емес. Сондықтан сөз мағынасы қашанда ұғымнан кем түседі. Бірақ сол ұғыммен белгілі дәрежеде байланыс жасауға толық өкілдік ете алады. Белгілі мөлшерде сол объективті шндықтың нақ өзін ұғындырады. Алайда мағына белгілі шындықты жан-жақты,әрі толық ұғындыруда ұғымнан кем соққанымен ұғымға тән алуан-алуан қосымша қасиеттерді, сыр-сипатты сипаттап, мәнерлеп көрсетуге келгенде мағына ұғымнан асып кетеді. Белгілі ұғымнан оншама байқалмаған, бірақ соған тән ерекше сипаттағы сөз мағанлары арқылы көз жеткізуге болады. Әсіресе сөздің эмоциялық стильдік мәндерін сөз мағыналары арқылы танып білеміз. Мәселен, өлмелі кемпір, қаусаған шал дегендегі өлмелі, қаусаған деген сөздер, біріншіден, әбден қартайып жасы жеткендікті білдірсе, екіншіден, қолынан ештеңе келмейтін дәрменсіз деп кемсіту, қорлау мағынасы бар. Тіл ойды ғана білдірмейді, сөздер арқылы ерік пен сезімді билеу үшін де маңызды қызмет атқаратын ролін ұғым емес сөз мағыналары жеткізеді. Ой адамға түсінікті болып қоюы жеткіліксіз, оның үстіне нақтылы ой әсерлі де тартымды, әрі көрікті де мәнерлі болуы қажет. Сөздің мәнерлілік қасиеті сөз мағыналарының белгілі контексте түрленіп қолданылуы арқылы болады.
Сөзің нақтылы мағынасының өзі бірде ұлғайып, бірде кішірейіп отыратын шартты ұғым. Сондықтан да бұлар белгілі контеске бағынышты, тәуелді болып тұрады. Қосымша немесе туынды мағына негізгі лексикалық мағынаның бөлініп-жарылып қолданылуы, соның ұшқындап таралуы. Бұлар да заман өткен сайын тұрақталып бекиді, орнығып әбден қалыптасады. Сөйтіп, негізгі лексикалық мағынамен пара-пар болып, терезесі теңеліп, белгілі контекске түспей-ақ, қалай айтылса түсінікті болып тұра береді. Мәселен, сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды (Мақал) дегендегі сиыр төрт түлік малдың бірі, аша тұяқты ірі қара ұғымында емес, осы түліктің бұзаулайтын, сүт беретін аналығы деген мағынада айтылып тұр. Демек, бұл сөздің де жинақты жалпы ұғымымен қатар нақтылы кішірейіп айтылатын қосымша мағынасы да барылығын көреміз.
Қазақ лексикологиясының қаз тұрып өмірге келгеніне онша көп уақыт болған жоқ. Ол даму, зерттелу, жүйелену үстінде. Сол тәрізді лексикалық мағынаның түрлері мен оның даму, қалыптасу заңдылығы жалғыз біздің тілімізде ғана емес, дүние жүзіндегі ең озық жан-жақты дамыған деген тілдердің өзінде де түбегейлі зерттеліп бір жүйеге түскен деп айту әзірге қиын. Бұл ғылым әлі де зерттелу, даму үстенді деп ұғамыз.
Советтік тіл білімінде академик В.В.Виноградов жасаған сөздің лексикалық классификациясы негіз етіліп басшылыққа алынып жүр. Ол кісі сөз мағынасын: а) тура мағына, ә) фразеологиялық байлаулы мағына, б) синтаксистік шартты мағына деп үш топқа бөледі. Академик В.В.Виноградовтың теориялық идеясын қазақ тілінің фактісімен түсіндіргенде мынадай болмақ.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Лексика қандай ұғымды білдіреді?
2. Сөздің неше жағы бар?
3. Сөздердің атқаратын ең негізгі функциясы қандай?
4. Сөздің мағыналық жағына қандай мысалдар келтіруге болады?
5. Сөздің негізгі мағынасы деп нені айтамыз?
6. Академик В.В.Виноградов сөз мағынасын неше топқа бөліп қарастырады?