Дәрістің мақсаты: Фразеологизмдердің қолданылу аясына тоқталып, фразеологизмдердің стиль түрлеріне қатысын түсіндіру. Тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипатына түсінік беру.
Дәріс жоспары:
1. Фразеологизмдердің қолданылу аясы;
2. Фразеологизмдердің стиль түрлеріне қатысы;
3. Тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты.
Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын неғұрлым күрделі әрі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек. phrasis сөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологияллық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді.
Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 ж. шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ оларды жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер. Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркесінің барлық түрі де жатады. Олар тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен сөйлемшелер, коммуникативтік тұрақты қолданыстағы әр түрлі номинативтік бірліктер, қос сөздер мен қосарлы тіркестер, ресми ісқұжаттарындағы даяр сөз орамдары, т.б. түрінде болуы мүмкін.
Фразеологизмдердің осы айтылған түрлерінің құрылымыдық, мағыналық, қолданымдылық сипаты, лексикологияға қатысты бірыңғай емес. Сондықтан тәжірибе жүзінде фразеологизмдер кең және тар мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген.
Тар мағынадағы фразеологизмдерге құрамы тұрақты, мағынасы біртұтас, даяр қалпында қолданылатын, лексикалық бірліктермен мағыналас, сырттай жай сөздеріне ұқсас тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер жатады. Шынында, фразеологизмдерді сақтай отырып, сөз мағынасына жақын не парапар мағынаны білдіреді. Мысалы: ұзақ түнді көзімен атқызды фразеологизмі – ұйықтамады, дүние салды – өлді, бетінен оты шықты – ұялды, мұрнына су жетпеді, мұрнынан шаншылды, мұршасы келмеді – жұмысбасты болды, ұзын арқан, кең тұсау – еркіндік, үн жоқ, түн жақ – үндемеді дегенді білдіріп, өзара мағыналас болып тұр.
Ал кең мағынадағы фразеологизмдерге жататын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың, номинативтік бірліктердің, т.б. өздеріне тән лексика-грамматикалық, стильдік ерекшеліктері бар. Олар сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қолданылатындығы, құрылымның тұрақтылығы жағынан ғана фразеологизмдерге жатқызылады, бірақ олардың мағынасы лексикалық бірлік ретінде сөздің беретін мағынасына балама, парапар емес, одан әлдеқайда кең. Мысалы, мақал-мәтелдер байымдау, түйіндеу, көбінесе бейнелі түрде астарлы мағынада жұмсалады. Мысалы: еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, мың сіз-бізден бір шыж-быж, алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала, т.б. мақал-мәтелдердің сипаты осындай.
Қазақ тіл білімінде, түркологияда, фразеологияның жалпы проблемалары бұл күнге дейін түбегейлі зерттеліп, өзінің тиянақты шешімін тапқан жоқ. Басқаша айтқанда, сан алуан фразеологиялық тізбектер дербес зерттеу объектісі болудан гөрі, ілгері-кейінді жазылған сөздіктерде, мақалаларда иллюстрация материалы дәрежесінде ғана қолданылып келді. Тіпті жалпы түркологияда елеулі орын алатын бұрынғы сөздіктерде де идиомдық және басқа тұрақты сөз тіркестері тым сирек кездеседі. Тек соңғы кезде ғана қайсыбір түркі тілдерінде осы салада еңбектер туа бастады. Фразеологизмдер – тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі. Өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшеліктер бар.
Тілімізде көкейге қонымды, көркем, орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасы жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланады. Мақал-мәтелдермен бара-бар жоғары бағалап, оларды қастерлей сақтап келеді. Сол сан-салалы тізбек, қалыптасқан сөз топтарын жинау, бір ізге түсірудің мәні өзінен-өзі түсінікті.
Тіл-тілдің өзіне лайық ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан (ярустарынан) байқалатын мәлім. Сол қасиет, әрине тиянақты сөз тіркестерінен де анық қөрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз етіп байлығы деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизімдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда, сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология дейтін болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін саланы фразеология деп атау әбден орынды. Бұл саладжағы ғылыми топшылауларды 1944 жылы айтқан болатынбыз. Елімізге есімдері мәшхүр ориенталист ғалымдар – М.О Әуезов, С.Е. Малов, Н. В. Юшманов кезінде осы мәселе жөнінде өте құнді пікерлер білдірген еді.
Әр тілдің заңдары, өзіне лайық ерекшеліктері бар; оларды зерттейтін фонетика, морфология, синтаксис, лексика, семасиология тәріздері ярустары, яғни тараулары бар. Фразеологизмдер бұрынды соңды еңбектерде көбіне, осы лексика тұрғысынан зерттеліп келгенін жоғарыда атадық. Соның өзіндеде екі тілді сөздіктерде илюстрация ретінде сөз болды. Басқаша айтқанда біз ұсынып отырған “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” атты еңбектегі қыруар фактілердің кейбірі оқулықтарда т.б мысал ретінде ғана жол жөнекей айтылып келеді. Революциядан бұрынғы революциядан кейінгі қырқыншы жылдарға дейін тиянақты сөз топтары тіпті туркология көлемінде де зерттеушілердің арнаулы теориялық обьектісі болған жоқты. Кейінгі он он бес жыл ішінде түркі тілдерінде фразеология проблемалары жан жақты тексеріліп, тың ойлар ғылыми жұртшылық талқысына түсуде. Бұдан тысқары құрылымы бөлек өзге тілдер жайында келелі концепциялар кездеседі. Әсіресе славян, герман, роман тілдері бойынша бұл саладан отан ғылымдарының бағалы теориялық пайымдаулары, айтыс пікірлері көптеп кездеседі. Шетел зерттеушілерінің де бір қатар мақалалары бар. Бұл тарапта негізгі прторитет совет ғалымдарына тән екенін арнайы атағанымыз жөн. Дегенмен барлық мәселе әбден үзілді кесілді шешілді деу қиын. Әр автордың пікір сайысына бөлек тоқталудың нақ қазір қажеті жоқ. Бұл жолы талай жылдарды артқа салып, қазақ тілінің бай фактілерін негізге алып, өзгеде ғұламалардың шалымды топшылауларынескере отырып, фразеологизмдер өз алдына терезесі тең лингвистика саласы екенін баса атағанымыз мақұл.
Фразеологизмдерге тән үш түрлі ортақ белгі болғанымен, бұлар бір-бірінен әрдайым ашық ажыратыла бермейді. Бұл белгілер, әсіресе мағына тұтастығы бірінен ап-айқын көрінсе, екіншісінен көмескі, үшіншілерінен өте солғындау болып кездеседі. Сондықтан фразеологизмдерді түр-түрге бөліп топтастыру тіл біліміндегі ең күрделі де қиын мәселелердің бірінен саналады. Зерттеушілер бірде тұрақты тіркестің біртұтас мағынасы мен солардың құрамындағы сыңарлардың ара қатысына қарай жіктеп бөлсе, екіншілері құрылым-құрылысы жағынан, үшіншілері атқаратын қызметі мен стильдік мәні жағынан топтастырады. Орыс тілі білімінде академик В. В.Виноградовтың классификациясын негізге алып бөледі. Бұл классификацияны Отандық тіл ғылымына басшылыққа алғылы 30-40 жылда уақыт өтті. Қазақ тіл білімінде осы классификацияны бірден-бір арқау етіп келе жатырмыз.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдер де фразеологиялық тізбек болып, негізінен үш топқа жіктеледі.
Фразеологиялық тұтастық. Бұл топқа фразеологизм құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады. Мәселен, мұрнынан шаншылыпжүр, мұрнына су жетпеді дегеннен қолы тимеді, бұрылуға мұршасы болмады дегенді түсінеміз. Бұл мағына осындағы үш сөздің тұтас жиынтығынан келіп шығады. Түйдек ішіндегі жекелген сөздерге талдау жасап, бірін екіншісінен бөліп алуға көнбейді. Түйені түгімен жұтты дегеннен біреуден ойсырата пара алып, елді қанады деген мағына туады.бұл мағынаның жасалуына түйе, түк, жұту сөздерінің тікелей қатысы жоқ, соларды бірінен соң бірін тіркеп, жұбын жазбай қолдану арқылы пайда болған. Жағына пышақ жанығандай дегеннен тарамысына ілінген арық, жүдеу дегенді түсінеміз. Бұл мағынаны жасауға жақ, пышақ жану сөздердің тікелей қатысы болмаған. Иегінен тағалы ат тайып жығылғандай дегеннен сақал-мұрттан жұрдай, көсе дегенді ұғынамыз. Мұнда да мағына тұтастықтың бірлігін айқын байқаймыз. Фразеологиалық тұтастық жеке сөздердің тұтас жиынтығынан пайда болғанымен, олар іштей түрлі бөлшектерге бөлінбей, іс-әрекетті, сапа мен белгіні, зат пен құбылысты бір бүтін атау ретінде көрсетіп бере алады.
Фразеологиялық бірлік. Бұлар да фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі жағынан өте тианақты болып келеді. Алайда құрамындағы сөздердің мағынасаның қаншалықтытасалануы, я болмаса, тасаланбауы жағынан елеулі өзгешеліктері болады. Бұлар ең алғашқы еркін тіркесті ауыс мағынада қолданудан келіп шығады. Мәселен, ескі жараның аузын ашты дегеннен өткенді қайта қозғады, ұмытып кеткенді еске салды дегенді түсінеміз. Бұл фразеологиялық мағынаның жасалуына ең алғашқы еркін тіркестегітура мағынасы негіз болған. Сол мағынаға басқадай мән беріп, ауыстырып қолдану арқылы жасалғандығы бірден көзге шалынады. Жатқан жыланның құйрығын басты деген фраза біреудің қытығына тиіп, жоқ жерде бір пәлеге тап болды дегенді білдіреді.
Бір қимыл-әрекетті басқа әрекетпен салыстырып қолдану арқылы фразеологизмдерге айналып кеткен. Ит байласа тұрғысыз дегеннен адам түгілі ит екеш ит те тұрып болмайды дегенді түсінеміз. Соңғы фразеологиялық мағынаның жасалуына еркін тіркестегі бастапқы (лексикалық) мағына тірек болғандығы айқын байқалады. Көз көрмес, құлақ естімес жер дегеннен аяқ жетпейтін жер, қиыр шет деген фразалық мағына пайда болған. Соңғы мағына мен алғашқы мағынаның өзара байланыстылығы анық сезіліп тұрады.
Фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірліктің ара жігін ажырату кей жағдайда қиынға соғады. Мәселен, ит басына іркіт төгілді (ағыл-тегіл молшылық) дегенде екі жақты түсінік қалуға болады. Малмен көзі шыққан адамдар үшін бұл тіркес фразеологиялық бірлік болса, малдан сырт жүрген, әсіресе кейінгі жастар мұны фразеологиялық тұтастық деп тануы сөзсіз. Тұрақты тіркестің алғашқы заттық мағынасы неғұрлым көмескіленіп, тасалана, күңгірттене бастаса, соғұрлым оның мағына тұтастығы да күшейе түспек. Мәселен, қарғы бау деген тұрақты тіркестің үш түрлі мағынасы бар: 1) иттің мойнына тағатын бау; 2) қалың малдың алдына ала берілетін жоралғысы; 3) Тамыр - таныстықпен қалап - сұрап алған зат үшін берілетін төлем ақы.
Қарғы бау тәрізді тұрақты тіркестерді жасалу үлгісіне қарай (тамақ бау, балақ бау, аяқ бау т. Б ) күрделі сөздің тобына да жатқызуға болады. Алайда мұның соңғы екі мағынасы тұрақты тіркес екендігін, оның ішінде фразеологиялық тұтастыққа жататындығын бірден танытады. Сол сияқты мойнына мініп алды деген фразаның да екі мағынасы бар: 1) басынды, иықтады; 2) біреудің арқасында күн көрді, масыл болды.
Фразеологиялық соңғы мағына алғашқы заттық мағынадан келіп шыққандығына қарамастан, фразеологиялық тіркестің мағыналарының тым көнеленіп, ескіре, күңгірттене бастауымен тығыз байланысты. Демек, тұрақты тіркестің мағына тұтастығы кейде кім қалай түсінумен байланысты шешіледі.
Фразеологиялық тізбек. Бұл да фразеологиялық бірлік сияқты еркін тіркесті ауыспалы мағынада қолданудан келіп шыққан. Яғни тұрақты тіркес сыңарларының бастапқы лексикалық мағынасы бүтіндей жойылмағанымен, жойылуға жақындап, күңгірт тарта бастаған. Мұнда ерікті мағынасындағы сөзбен фразеологиялық қалпында, сөздің тіркесуінен жасалып, сол қалпында, тізбек күйінде қолданылады. Мысалы: бота көз, қоян жүрек, асқар бел, тоң мойын, сойдақ тіс, қауға бас, оймақ ауыз, бауырсақ мұрын, кем иек, ала қол, қара бет, жел аяқ, қарсақ жон, қолаң шаш, мысық мұрт, алтын айдар, жуан жұдырық, қозы жауырын, ақ саусақ, балды бармақ, кең қолтық, көк езу, қалам қас, ай қабақ, теке сақал, торсық шеке, жез таңдай, бір ұрт, қызыл тіл, күміс кемей, қамыс құлақ, жөп желке, қу жақ, қызыл кеңірдек, біз тұмсық, бір төбе, зор кеуде, шер көкірек, аршын төс, қабырға ағайын, көк жұлын, жүйке тамыр, аш бүйір, еркек кіндік, салқын қанды, т. Б.
Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті (тура) мағынадағы сөз сан алуан сөздермен тіркесіп жұсалу қабілеті болса, фразеологиялық туынды мағынадағы сөз бірді-екілі сөзбен ғана шектеліп қолданылады. Мәселен, көз ұшында, көз жеткісіз, көзін тырнап ашқалы, көзі тірісінде, көзшалым жер, көз барда , көзімдей көр, көзі жоғалды, көзі ілінді, көзі жетті, т. Б. Фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздің қолдану шеңбері шектелулі болады.
Фразеологизмдер құрылым-құрылысы жағынан екі топқа бөлінеді:
фразеологизмдер. Мысалы: шақша бас, қарақат көз, ашық ауыз, ала қол,
бүйрек бет, қамыт аяқ, құба жөн, қалқан құлақ, мұрты шағылмаған, жауырын құрлы көрмеді, саусақпен санарлықтай, кең иықты, ат жықты, иығы босады, алақанның аясындай, бармақ қазы, езуі жиылмады, тісін басты, қас қарайды, кірпік қаққанша, сақалды басымен, қу тілді, кеңірдектен келді, тұмсығы батпады, еңбегі қатпаған, төбесі тесік, өр көкірек, арқасы бар, бүйірі шықты, мұрынның қанындай т. б.
бір қолын екі ете алмады, екі иғынан дем алды, үш ұйықтаса, ойда жоқ, ел бетін көрместейболды, табанын жерге тигізбеді, аузына ақ ит кіріп, қара ит шықты, ішкен асы бойына тарамады, көзіне көк шыбын үймелетті, көрер таңды көзімен атырды, ашса алақанында, жұмса жұмырығында, ішкен асын жерге қойды, аяқ-қолын бауырына алдыбасы ауырып, балтыры сыздады, женген иттің желкесінен алды, көңілі су сепкендей басылды, қашпаған қара қашардың уызына қарайтын, қой үстіне боз торғай жұмыртқалады, т. б.
Қазақ тілінде, барлық басқа тілдердегі сияқты, фразеологиялық түйдек емес (идиом емес), фразеологизмдер орасан көп. Бұлар да идиом секілді орын тәртібі жағынан тұрақты. Бірақ мағыналық тасалану, тасаланбауы, яғни құрамындағы сөздері өзінің тура мағынасын сақтауы, сақтамауы жағынан фразеологиялық түйдектің фразеологиялық тіркестен елеулі айырмасы бар.
Бұл екеуі де белгілі сөз тізбектері: түйдек тобындағы сөздер өзінің жеке тұрғандағы негізгі мағынасынан айырылып қалады да, өзара жымдасып, бір ғана негізгі фразалық мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, түйдек ішіндегі компоненттер өзінің бастапқы лексикалық сипаты мен семантикалық қасиетін жоғалтады да, сырт сиқын ғана сақтайды. Сөйтіп, оның компоненттері ширала келе, негізгі бір кесек, фразеологиялық единица тұрпатында болады. Синтаксистік қызметі де біртұтас, көбіне дерлік, сөйлемнің нақтылы бір ғана мүшесі дәрежесінде жұмсалады. Фразеологиялық түйдектің беретін мағынасы оның жеке сыңарларынан шығатын мағынамен байланыспауына бірер мысал: қабырғаңмен кеңес; жүрек жалғады; қырғи қабақ болды; тонның ішкі бауындай. Қабырғаңмен кеңес дегеннің мағынасы “қабырға”, “кеңес” деген сөздердің тікелей мағынасынан туып отырған жоқ (мұның беретін ұғымы “ойлан”, “асықпай-саспай ойлан”), не болмаса жүрек жалғады (мағынасы “азын-аулақ ас ауыз тию”, “жеңіл-желпі тамақ ішіп алу”); қырғи қабақ болды (мұның мағынасы “араздасу”, “өкпелесу”, “қырын қарау”); тонның ішкі бауындай (“өте тату”, “жең ұшынан жалғасқан”, “әкей-үкей”). Осындағы келтірілген әрбір түйдек сыңарлары тұтасып барып қана, өзара бір шоқ жаңа мағына туғызып тұр. Түйдек тіркестерді ішіндегі элементтеріне қарай талдау жасап, бірін екіншісінен жырып алуға болмайды.
Ал фразеологиялық тіркес ішіндегі сөздер негізгі мағынасынан жарым-жартылай ғана айырылып қалады. Мысалы: белін қынай буынды, ата жолын қуды, егіліп жылады, шалқар көл, жосадай қан, мидай дала.
Сөздердің фразеологиялық түйдек тобы болсын, фразеологиялық тіркес тобы болсын, екеуіне де ортақ қасиет – тиянақтылық. Бұл екеуінің де компоненттері өзара бекем орынға, белгілі тәртіпке ие болуы шарт; компоненттер бөтен сөздерге жанаспай, олардан бойын аулақ салып, өзінің арнаулы сөздерімен үйірлес келеді. Демек, “егіліп” дегенді “жылады” дегеннің алдына қоюға болады, “қынай” деген сөз “буынды” деген сөзбен жанаса алады. Сол сықылды қырғи қабақ болды, қырық пышақ болды, ақ түйенің қарны жарылды, жауырды жаба тоқыды, менің сағым сынды деген тізбектердегі компоненттер де осы сипаттас. Әсіресе, соңғы екі фразеологиялық единицаның компоненттері өзара тығыз байланысты: “тоқы” деген етістік тек осы тізбектегі сөздермен ғана (“жауырды жаба тоқыды”) жанаса алады; сағым сынды дегендегі “сақ” сөзі де “сынды” етістігімен ғана жанаса алады.
Фразеологиялық түйдек пен фразеологиялық тіркестер тілдегі қолданылу сәтіне қарай бағзы уақыт бірінің орнына бірі жүріп, ауысып отырады. Бұл екеуәнәі кей ретте шегін белгілеп, ажыратып алудың өзі қиын. Мәселен: күлін көкке ұшырды, жермен-жексен болды, жерден жеті қоян тауып алғандай қуанды, салы суға кетіп отыр, санын соғып қалды, бармағын шайнап қалды, төбе шашы тік тұрды деген тізбектердің бәрі де бейнелі (дәлірек айтқанда, туынды) мағынаға ие болып тұр. Мұндағы жермен-жексен болды дегендегі “жексен” сөзі парсы тілінде “бірдей”, “тегіс” деген мағынаны білдіреді, яғни “жер бетімен бірдей етті” (“көзін жоғалтты, құртты”) деген мағынаны беріп тұр. Санын соғып қалды деген тізбектің мағынасы да метафоралық мағына (“өкінді, күйінді, қапыда қалды”); жерден жеті қоян тауып алғандай қуанды деген екінші – жанама, туынды мағына беріп тұр. Сол сықылды салы суға кетіп отыр дегенді де басқа мағынада қолданып отырмыз. Егерде бұл сөздерді “салының суға кетуі” мағынасында тікелей түсінсек, фразеологиялық единица бола алмайды.
Фразеологиялық единицаларды сөздердің қалыс лексикада жеке тұрғандағы мағанасымен түсінетін болсақ, бұлар қарапайым сөз болып кетеді, не мағанасыз, мәнсіз, бірдеңе болып шығады. Айталық, қол көтерді деген сөзді ыңғайына қарап тікелей мағнасында да, туынды мағанасында да айтуға болады. “Біз жол жөнекей өтіп бара жатқан машинаға қол көтердік”десек, мұндағы қол көтердік өзінің тікелей мағанасында айтылып тұр; “біз оны жақтап қол көтердік” десек, мұндағы тізбек жанама мағынада айтылып тұр. Ал жүрек жалғап алайық, мойнына су құйылып отыр, бетіне қара күйе жағылды, бит ішегіне қан құйып отыр, бір тарының қауызына сыйғызды, бүйрегі бұрды, су жүрек сары ізіне шөп салып отыр деген тізбектерді сөздеодің тура мағанасымен айтып отырғанымыз жоқ. Сол себептен бұл тізбектерді құрап тұрған жеке элементтердің мағанасы ос тұрған қалпында дебес референттік мағына бола алмайды. Сондықтан екі немесе бірнеше сөздің түйісіп келіп,фразеологиялық түйдек болуы үшін, ол компоненттердің өзара байланысынан туатын мағынадан мүлдем басқа айтылуы керек. Сөйтіп, фразиологиялық түйдек пен фразиялогиялық тіркестің өзара айырмасы бұл екеуінің құрамындағы компоненттердің дара қолданылған к.йдегі негізгі мағанасынан айырылу, айырылмау дәрежесінен көрінеді.
Егерде фразиалогиялық түйдек, фраозиологиялық тіркес сөздер “трансформация” өзгерістері нәтижесінде пайда болады десек, осыдан барып тағы бір ерекшелікті байқаймыз. Ол ФЕ – лерді өзге тілге аудару мәселесі. Бұл жөніндегі практикада белгілі бір сөйлем ішіндегі сөздің алдымен лексикалық мағанасын есте тұтамыз. Осы тұрғыдан пайымдасақ, балама деген мен теңдес дегеннің арасалмағын ажырата қарау мақұл. Мәселен, “ палец в палец не ударить” сияқтыны екі қолын қусырып отыру деп аударуды әркім- ақ қолдайтын болар. Осы бізбен “ слонато не примители” дегенді көрмес пілдіде қөрмес демей, көрмес түйені де көрмес деген анағұрлым ұтымды емеспе? Олай болса, “ делать из мухи слона” дегенді түймедейді түйедей ету десек, кім күмән келтіреді?
Сөздің қысқасы, бқл жайлы проблеммалар қыруар. Филологтардың назарына тыс қалмайтын мәселе – осы аудару принціптері мен практикасы. Қорыта айтқанда, тиянақты тізбек әрдайым фразеологизм бола бермейді, ал фрозиологизм тиянақты тізбек болмасқа шарасы жоқ.
Қазақ тіліндегі сан алуан тізбектер нақты қолдану ретіне қарай бірде фразеологизм, бірде еркін тіркес реңкінде келе береді. Мысалы, көз қырын салды деген тіркесті сөз ішінде ауық-ауық көз қырын салып қойып отырды дейтін болсақ, еркін тіркес болады да, балама көз қырыңды сала жүр десек, тұрақты тіркес боп шығады. Сол сияқты бармағын тістеді дегеннің тура мағынасы “бармақ саусағын ауызға салып тістеді” болса, ауыс мағынасы – “қатты өкінді”, “опық жеді”, мұзға отырып қалды дегендердің де беретін негізгі, тура мағыналарынан басқа “алданып қалды”, “құр алақан қалды” деген сияқты ауыс мағыналары бар.
Еркін тіркестер үнемі экспрессив мағына бермейді. Белгілі бір тізбектің әрбір мүшесі кез-келген басқа бір сөзбен емін-еркін жалғаса келе, әр алуан лексика-грамматикалық тұлғаларға ие болады. Басқаша айтқанда, еркін тіркес сөйлеу процесінде қатаң меже дегенді білмейді. Өз маңындағы басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсіп, лексика-семантикалық және стилистикалық тұрғыдан жаңғырып отырады. Тұрақты тіркес ішіндегі сөздер бұлайша “еркін” қимылдай алмайды; сөздің лексика-грамматикалық өрісі “табиғаты жалқы” тіркеске тәуелді болады. Сөз тізбектері өзгеше бір лексика-грамматикалық “қалыпқа” түсіп, осы тұлғада тұрып қана белгілі бір семантика-стилистикалық қызмет атқарады. Алайда семантика-стилистика жағы “жіліктің майлы басы” екен деп тұжырым жасауға болмайды. Тұрақты сөз тіркесінің грамматикалық тұлғасы мен дыбысталу жағына мән бермеу әбестік болар еді. Бұлардың бәрі де – өзара бір-бірімен байланысқан, бірінсіз екіншісі өмір сүре алмайтын құбылыстар.
Қоғам, тіл иесі – халық нақты өмір сырын, шынын тіл арқылы біледі. Ана тілінің тағдырына, өткен-кеткеніне, болашағына немқұрайды қарамайды. Халық жүйесін тауып сөйлеуді мақұл көреді. Сөзді, сөйлемді орынды қолдануды ұнатады. Сөз мағынасын, сөйлем сазын, қат-қабат еркін, тиянақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді халық сұрыптап, өз ой елегінен, өмір талқысынан өткізіп отырады. Мол тіл қазынасының бір алуаны – фразеологизмдердің жалпы тіл жүйесіндегі орнын сөз еткенде, ең алдымен олардың стилистикалық қызметі көзге түседі. Бұл түсінікті де. Некен-саяқ кездесер бірді-екілі фразеологизмдерді есептемегенде, тиянақты тізбектердің бәрі дерлік өзгеше стиль қызметін атқарады десек, қателеспейміз.
Біз сөз етіп отырған фразеологизмдердің жалпы тіл жүйесіндегі рөлі, сөйлеу процесіндегі атқарар қызметі көп жағдайда осы стильге ойысып отырады. Осының нәтижесінде сөз, сөз тіркестері, сөйлем өрісі кеңейіп отырады. Сөйлеушінің айтпақ болған ойы айқындалып отырады. Тыңдаушы мен оқырман қауымға жатық та түсінікті болу үшін фразеологизмді сөйлеуші не жазушы стиль жағынан әр саққа жүгіріп, шебер қолдануға тырысады.
Фразеологизмдегі калька. Халық мәдени, т.б. байланысқа қандай мұқтаж болса, бір тіл екінші тілден сөз ауысуға сондай мұқтаж. Өзге тілден іргесін аулақ салған бірде-бір тіл болмайды. Сол сияқты өзге тілден сөз ауыспайтын бірде-бір тіл болмайды. Кәрі тарихқа сүңги түсіп, әрі барған сайын тілмен қарым-қатыс байланысы солғындай түсуін, бергі заманға келген сайын оның күшейе, ұлғая түсуін байқаймыз. Қазіргі қарыштап өскен өмір талабына сай орыс тілінен келген қат-қабат сөздер, тізбек тіркестер қыруар. Осылардың бір бөлігі калька ізімен алынғандар. Кальканың кірме сөзден басты айырмасы – оның сырт сипатында емес, ішкі “дүние” - мән-мағынасында жатыр. Кальканы сөз еткенде, оның лексикалық формасына емес, көбіне лексикалық мағынасына көңіл бөлеміз. Демек, лексикалық кірме емес, семантикалық ауысу бел алып жатады. Бес жылдық жоспар, екпінді десек, “пятилетний план”, “ударник” сөздері ойымызға сап ете түседі. Сондай-ақ, балық та емес, ет те емес десек, “ни рыба, ни мясо” тіркесі шыға келеді. Маркс, Энгельс, Ленин еңбектері болсын, көптеген орыс, т.б. тілдердегі көркем шығармалар болсын, бар-баршасына калька ізімен алынған фразеологизмдер жиі кездесіп отырады. Орыс тіліндегі “ни богу свечка (свеча), ни черту кочерга” – құдайға шырақ, шайтанға көсеу емес түрінде алынуын мақұлдау керек. Бұлардың орынды алынған жорғалары да бар. Ішінара кейбір сәтсіз қабылданған жортақылары да бар.
Тіліміздегі дәл баламаны іздеудің орнына, бағзы уақыт “таза” калька жағына түсу дағдысы да бой көрсетіп қалады. Бұған жоғарыдағыдай бір ғана мысал алайық: “слона то не приметили” дегенді көрмес пілді де көрмес деп жүрміз, көрмес түйені де көрмес десек, анағұрлым жатық емес пе? Лингвистикалық калька түрінде алынған кей тіркестер ертеден-ақ кездеседі: тасбақа аяң немесе тасбақа жүріс – орыс тіліндегі “черепаший шаг” дегеннен аударылған болуы мүмкін. Мұрнын (танауын) көкке көтерді де солай сықылды; бұл орыс тіліндегі “задирать нос” дегеннен алынса керек; сағы сынды дегеннің сөзбе-сөз мағынасы – “бұтағы сынды”. Бұл тіркес иран тілінен аударылған да, сақ (бұтақ) деген сөз сол күйінде алынған. Осы сөз шақ түрінде кей жерде ағаштың бұтағы деген мағынада қолданылады.
Калька ізімен алынған сөз қолданысты, мысқылдаған жасанды тіркесті, әрине, бұл топқа қоспау керек. Орыс тілі арқылы ауысқан: бұл нөмірің өтпейді (такой номер не пройдет) деп сөйлеген, өзі орысшаны шала білетін, сөйте тұра білгірсінген біреуді аса мәшһүр жазушымыз осылайша сөз саптағаны үшін өзінің бір шығармасында ажуа еткен. Орыс тілінен қазақшаға аударылған әдебиеттен тағы бір мысал: молодец против овец, а против молодца – и сам овца дегенді қойға шапқан батырың, батыр көрсе, қой болар деп қазақшалап жүрміз. Бір тілдің өзіне ғана тән, басқа тілге аударуға келмейтін кей тізбектерді калька ретімен алмасқа, әрине, лаж жоқ. Ал мағына жағынан эквивалент тізбекті үнемі лингвистикалық калька жолымен ала берудің әдеби тіл үшін пайдасы аз. Осы тұрғыдан қарағанда ни рыба, ни мясо деген сөз қырғыз тілінде чала өлтүрген жыландай деп, ал молодец против овец, а против молодца – и сам овца дегенді үйдө баатыр, жоода жоқ деп алынуы қазақшадан гөрі тиімдірек сияқты. Өйткені қырғыз тіліндегі балама халыққа түсінікті, жатық. Үйде батыр, жауға жоқ, үйде шешен, дауға жоқ деген мақал қазақта да бар. Ізденіп, мағына жағынан сәйкес келетін тізбектерді тауып, аударма тілін түсінікті ету, сөз жоқ, керек іс. Ал фразеологизмдерді аудару не оларға балама іздеу мәселесі – аударма тіліне қатысты өз алдына айрықша сөз болуға, айрықша тексерілуге тиіс, барынша күрделі де қажет мәселе.
Осында аталған орысша мысалдардың аудармасын калька жолымен қабылдауды кей еңбекті дұрыс деп тапқанның өзінде, ауызекі тілде (бәлкім, көркем әдебиетте) халық тілі баламасына да кеңшілік бергеніміз мақұл. Мәселен, волков бояться – в лес не ходить дегенді қасқырдан қорыққан тоғайға бармас түрінде де, басқа ретте шегірткеден қорыққан егін екпес түрінде де аударуға әбден болады.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Фразеологиялық тұтастық дегеніміз не?
2. Фразеологиялық тұтастық пен фразеологиялық бірліктің айырмашылығы қандай?
3. Фразеологиялық тізбек дегенді қалай түсінесіз?
4. Фразеологизмдер құрылым-құрылысы жағынан неше топқа бөлінеді?