ДӘРІС 9. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЛЕКСИКАСЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ СИПАТЫ


Дәрістің мақсаты: Қазіргі қазақ лексикасының қолданылу сипатымен таныстыру. Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлеріне түсінік беру, жалпылама лексика туралы мағлұмат беру.

Дәріс жоспары:

1. Қазіргі қазақ лексикасының қолданылу сипаты;

2. Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлері;

3. Жалпылама лексика.

Қазақ тіліндегі сөздер қолданылу өрісі (таралу шеңбері), стильдік қызметі жағынан әр түрлі болып келеді. Сөздердің қолданылу сипатына қарап жіктелетін түрлері үш салаға бөлініп қаралады: 1. Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлері. 2. Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері. 3. Сөздердің актив және пассив қолданылатын түрлері.

Қазақ тіліндегі сөздердің бәрі бірдей жалпыхалықтық сипатта емес, кең таралған жалпыхалықтық сөздерден басқа, қолданылу өрісі тар сөздер де бар. Осыған байланысты сөздер қолданылу өрісі жағынан өз ішінде екі топқа бөлінеді: а) жалпылама лексика, ә) қолданылу өрісі тар лексика.

Жалпылама лексика. Жалпылама лексика адам баласының күнделікті күнкөріс тіршілігіне ең қажетті заттар мен құбылыстарға қатысты жалпы танымал сөздерді қамтиды. Бұлар бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне түсінікті ортақ болғандықтан, жалпылама лексика деп аталады. Мысалы: ауа, су, тамақ, үй, мал, нан, ағаш, көру, істеу, ішу, жеу, қоректену, суару, үлкен,кіші, жақын, ақ, қызыл, мен, сен, бес, он, жүз, алға, кейін, төмен, жоғары, озық, үшін, сияқты, т,б.

Бұл сияқты сөздер малшыға да, егіншіге де, жұмысшыға да, аңшығада, балықшыға да, ақынға да, ғалымға да, бір сөзбен айтқанда, қазақша тіл білетіндердің бәріне бірдей қызмет етеді. Жалпылама сөздердің негізінде стильдік мәні жағынан бейтарап лексика қалыптасады. Оларға қолданылу жағынан ешқандай шек қойылмайды, барлық стильге бірдей, ортақ мәнді қызмет атқарады. Бұл топқа енетін сөздер дүниедегі зат, құбылыс атауларын, қимыл-қозғалыстарын, сан-сапа мөлшерін ешбір қосымшасыз нақ болған күйінде алып дәл көрсетеді. Жалпылама лексикаға тән сөздер негізінен өзінің тура мағанасында жұмсалады. Мысалы: Мәскеуден ұшқан ұшақ Алматыға дәл уақытында келіп қонды. Мал биыл қыстан күйлі шықты. Бүгін ауа-райы ашық болды. Даурен өткен жылы бесінші класты бітірді деген сөйлемдердегі әрбір сөз тек өзінің тура мағаналарында ғана қолданылып тұр. Сонымен қатар осында қанша сөз болса, соның бәріде қазақ тіліндегі жалпылама лексикаға жататын сөздер. Жалпылама лексика бүкіл сөздік құрамдағы сөздердің сан жағынан ең көбі, тілдегі сөз байлығының негізін құрайды. Бұл сөздер жазба тілде болсын, сөйлеу тілінде болсын жалпы халыққа өте-мөте түсініктілігімен, анық-айқындылығымен, табиғи да қарапайымдылығымен бірден көзге түседі. Сол себепті жалпылама лексика әдеби тіл сөздігінің негізгі қоры болып табылады.

Жалпылама лексикаға жататын сөздер өзінің тура мағанасынан ауытқып, басқадай контекстке түскенде ғана әртүрлі экспрессивті мәнге ие болды. Мәселен, Көйлектің кірі жуса кетеді, көңілдің кірі айтса кетеді дегенде кір сөзі екі түрлі мағынада жұмсалып тұр. Алғашқы сөйлемдегі кір таза емес деген өзінің тура мағынасында қолданылса, соңғы сөйлемдегі кір метофора ауыспалы мағынада келіп, өкпе, реніш дегенді білдіріп тұр. Сол сияты Су жерді көгертеді, еңбек ерді көгертеді деген мақалдағы көгертеді деген етістікте екі түрлі мағына тудырып тұр. Алғашқысында тура мағынасында жерге көк өсіп, көктейді дегенді түсінсек, соңғысында адамның атақ абыройға ие болуы, даңққа бөленуі бейнеленген. Демек, жалпылама лексикаға қатысты, сөздер де өзгермейтін тұмаға-тұйық сөздер емес, бұларда басқадай синтаксистік құрылым мен өзгедей граматикалық тұлғаларға ие болғанда, солардың ықпалына жүріп, ырқына көнеді де, түрліше экспресивті мән алып отырады. Жалпылама лексика тілдегі қолдану өрісі тар, өзіне тән белгілі стильдік мәні бар сөздерге қарама-қарсы қойылып қаралады.

Сөздік құрамға негізгі сөздік қордағы байырығы сөздермен бірге туынды сөздердің, жаңадан пайда болған сөздердің басым көпшілгі, сондай-ақ арнаулы терминдер, белгілі бір кәсіпке, шаруашылықтың түріне байланысты сөздер (профессионалдық лексика) енеді. Бұдан басқа қазақ лексикасында басқа тілдерден енген көптеген сөздер (араб, парсы, иран, монғол, орыс тілінен), тарихи қат-қабаттар да бар.

Сөздік құрамның арналары, оның (сөздік құрамының) – ең басты бөлімі болып саналатын негізгі сөздік қордың ерекшеліктері, сыр-сипатымен тығыз байланысты.

Тілдегі сөз жасаудың көне тәсіліне жататын аналитикалық тәсіл де совет дәуірінде ғылымның, техниканың өсуіне байланысты талай терминдердің жасалуына негіз болып, қызметі артты, актив тәсілге айналды. Мысалы: сірке суы, сірке қышқылы, радио- хабар, радиоқабылдағыш, таңдай безі, көркемөнер, радиотехника, сутегі, тамыр жуйесі, үш бұрыш, агрономия, азот қышқылы, халықаралық, социолистік жаарыс, оқшау сөздер, зат есім, сын есім т.б. осылар сияқты сөздер жасалып, тілімізді байытты.

Семантикалық тәсіл де тілдің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бар. Бірақ бұл тәсілдің де қызметінен өте активтенген кезеңі бары анық. Октябрь революциясынан кейінгі алғашқы 40- 50 жылдарда тілде бұл тәсілдің атқарған қызметі ерекше. Сөздің дыбыстық құрамын, тұлғасын өзгертпей, оның бұрынғы мағынасының үстіне тағы да жаңа мағына қосу, сол арқылы бір сөзге бірнеше сөздің қызметін атқарту тілде кең өріс алды. Мысалы: құн, одақ, таңба, тұлға, көрме, негіз, түбір, шығыс, дыбыс, тарау, үндеу, әңгіме, т.б. сөздердің де ғылымның түрлі саласында термин сөз қызметіндегі мәні мен мазмұны олардың тілдегі май сөз ретіндегі мағынасынан өзгеше. Мұндай сөздер тілімізде қазір мол.

Тілдің сөзжасам жүйесі біршама тұрақты болғанымен, ол қатып қалған құбылыс емес. Қазақ тілінде Октябрь революциясынан кейін аналитикалық тәсілдің көлемі ұлғайды, оған сөздерді қысқарту тәсілі қосылды. Октябрь революциясынан кейін тілімізде күрделі атаулар көбейді, байыды, оны айтуда, жазуда ықшамдап қысқарту қажеттігі туды. Бұл үшін орыс тілінің сөздерді қысқарту тәжірибесін пайдалануға тура келді. Орыс тілінде кең қолданылып жүрген сөздерді қысқарту тәсілі және оның жолдары қазақ тіліне де кірді. Мысалға ауылсовет, аупартком, обком, колхоз, совхоз, КПСС, МТС, РТС, партком, местком, партбюро, сберкасса т.б. осылар сияқты қысқарған сөздер тілде молынан қолданылатын болды. Тілімізде жиі қолданылатын бұл тәсіл арқылы алғаш қазақтын байырғы сөздері де қысқартылып жүрді, бірақ көбіне орыс тілінен қысқарған қалпында тілге ену күштірек. Қазақ тілінде сөз қысқарту тәсілі Октябрь революциясына дейін мүлдем болмаған деген пікірден аулақпыс. Бұл тәсіл тілде бұрын да болған. Ол адам аттарында қолданылып, оған сый – құрмет, үлкейту, кішірейту, еркелету мәнін қосатын. Ол қазіргі тілде де өте жиі кездеседі. Мысалы: Жәке, Сәке, Сызаң, Сәбе, Айнаш, Жанаш, Қантай, Жантай, т.б. осы сияқты қолдануларды алайық.

Мұндағы қысқартудың бір ерекшелігі кісі аты тек қана қысқартылып қоймайды, оған –ке, - еке, - аң, - а, -е, -ш, -тай сияқты белгілі морфемалар қосылады. Сөйтіп, мұнда да сөздердің белгілі тобы қысқаратыны, қысқаратын сөздің алғашқы буыны сақталатыны және оларға белгілі морфемалардың қосылатыны сияқты белгілі заңдылық бар. Егер Октябрь революциясына дейін күрделі атаумен аталатын ірілі – уақты мекемелердің қазіргідей көп болмағанын, ғылым мен техниканың түрлі салалары дәл қазіргідей дамымағанын ескерсек, онда өте күрделі атаулардың, терминдердің тілден онша орын алмағанын түсіну де қиын емес. Ал ол кезде күнделік өмірде өте жиі қолданылатын атаулар - кісі аттары. Міне, сондықтан қысқарту да сол кездегі әдет – ғұрыппен байланыстырыла отырып, кісі аттарында қолданылатын. Ал кісі аттары қалай болса, солай қысқартыла салмай, белгілі жолмен қысқарғаны жоғарыда айтылды.

Қазан революциясынан кейін күрделі атаулы мекемелерді өрбіп - өсуі, ғылым мен техниканың керемет дамуы өмірге орасан мол күрделі атауларды, жазуды жеңілдету үшін, орыс тілінің тәжірибесін пайдалануға тура келді. Сөйтіп, революциясынкейін аналитикалық тәсіл арқылы жасалып, тілге юююююю кірген күрделі атауларды қысқартуға орыс тілінде әбден тиянақты түрде қалыптасқан дайын тәсілді алуға тура келді. Екінші бір себеп – оңдай атаулардың көбі орыс тілі мен қазақ тіліне және де еліміздегі басқа халықтарға ортақ сөздер болды. Метонимия метафора тәрізді полисемия құбылысын тудыратын тілдегі тәсілдің бірі. Екі немесе одан да көп ұғым орын, қызмет бірлігі қарай әрдайым бір атауға ортақтасып жүреді де, көп мағыналық сипат алады. Мәселен, мектеп деп бастауыш, орталау және орта дәрежелі білім беретін оқу орнын айтсақ, сонымен бірге сол оқу орны орналасқан үйді де айтамыз. Штаб қыстақ шетіндегі бұзылған мектепке орналасқан еді ( Б.Момышұлы ).

Құндыз деп суда журетін тышқан тұқымдас жәндікті ұқсақ, сонымен қатар осы жәндіктің бағалы терісін де айтамыз. Құлан қырда, құндыз суда (Мақал). Басында көнетоз құндыз бөрік, үстінде жалаң шекпен ( Т. Ахтанов ). Жорға деп аяң, бүлкіл, желіс, шабыс тәрізді жүрістің бір түрін түсінеміз. Жолға салсаң – жорға, жонға салсаң – жүйрік (мақал). Сонымен қоса төрт аяғын тең басып, ырғалып, шайқалып жүретін жылқы малын да айтамыз. Кеше бердім қос жорға, Берейін бүгін үш жорға, Бесеу болсын мін деді («Қыз Жібек»).

Қазақ тіліндегі бояу, егеу, сайлау, жайлау, жабу, ою деген тәрізді сөздер әрі қимыл атауы, зат атаулары болып екі жақты қызмет атқарады. Бұлардың іс-әрекеттің атауы болып қолданылуы ең алғаш шыққан да, заттық ұғымы солардың қорытындысы ретінде кейін пайда болған. Мысалы: Өз үйінде ою оя алмаған адам кісі үйінде кесте тігеді ( мақал) дегендегі ою деген заттық ұғым іс-әрекеттің нәтижесінде туғандығы сөзсіз. Сол сияқты түйеге қыста жабу жабу керек дегендегі алғашқы жабу деген сөз соңғы етістіктен кейін жасалған. Метонимия тәсілі арқылы тілімізде бір сөзден бірнеше ауыс мағына тараған. Мәселен, тіл деген сөздің ең алғашқы мағынасы жан-жануарлардың дәм сезіну және адамның сөйлеу мүшесін білдірсе, екіншіде, ойлаған ойды сөйлеп жеткізудің ( Басқа пәле тілден тетігі ( Техниканың тілін біл) дегенді көрсеткен. Ең соңында бұл сөз жаудан қолға түстен тұтқан дегенді де (Жаудан тіл алып келдік). Сол сияқты қызыл деген сын есімнің негізгі тура мағынасы қан сияқты түсті білдіруі. Екінші мағынасы- шикі ет (Қызыл көрген қарғадай). Үшінші мағынасы – аяз, суық (Қызыл соғып тұр). Төртінші мағынасы – арудың аты (Қызылша дегкннің синонимі). Бесінші мағынасы – совет тұсындағы революция жағында болған адамдар ( Ақ қашып, қызыл қуған күндер дегендегі).

Бұл сөздер бірінің орнына бірін алмастырып, ауыстырып айтудан көп мағынаға ие болған.

Қазақ тілінде кейбір кісі аттары мен жер-су атаулары жалпы есімге айналып, белгілі сөздердің контекстік синонимі ретінде жұмсалады. Мәселен, Қарабай, Шығайбай, Қарынбайлар сарандықтың бейнесінде айтылады. Асан қайғы – сары уайымға салынушылықты білдіреді. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Қыз Жібек пен Төлегендер – шынайы сүйіспеншіліктің бейнесінде қолданылады. Белгілі контексте Алдар көсе – айлакер, Қожанасыр – аңқау, аңғырт дегеннің синонимі ретінде жұмсалады. Сондай-ақ, Жер ұйық, Жибелі Байсын, Мысыр шаһары тәрізді жер-су атаулары да белгілі контексте жайлы қоңыс, құтты мекен ұғымын білдіреді.

Дәрісті бекіту сұрақтары:

1. Сөздердің қолданылу сипатына қарап жіктелетін түрлерін неше салаға бөліп қарастырамыз?

2. Сөздер қолданылу өрісі жағынан қалай жіктеледі?

3. Қазақ тіліндегі бояу сөзінің ұғымы?