Дәрістің мақсаты: Табу сөздер және эвфемизмдердің ұлттық дүниетаныммен байланысы; түсіндіру.
Дисфемизмдер туралы түсінік беру.
Дәріс жоспары:
1.Табу сөздер және эвфемизмдер
2.Табу сөздер және эвфемизмдердің ұлттық дүниетаныммен байланысы;
3. Дисфемизмдерді қолданудың когнетивтік аспектісі.
Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде табу деп аталынады. Өткен замандарда адамдар арасында өмірді жете танып білмеу салдарынан, зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар деп қате түсінушілік болған. Адамзат өзі тудырған кейбір сөздерді күнделікті тұрмыста өз атымен атамай, басқаша атауға мәжбүр болған. Мұндай тыйым салынған сөздер дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде кездеседі. Бұл әдет әсіресе түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының өмірінде де кең тараған. Осындай тарихи оқиғаның нақты бір айғағы ретінде «Аталардың аты» деп аталатын мынадай бір аңыз әңгімені келтіруге болады.
Баяғыда Аюбай, Түлкібай, Итбай деген үш ағайынды адам өмір сүріпті. Бұлардың отырған ауылы терең сайдың ішінде екен. Күндердің бір күнінде ағайынды ақсақалдар үйде әңгіме дүкен құрып отырады. Бір кезде иттері жабыла үріп, шулап қоя береді. Төрдегі ақсақалдардың бірі босаға жақта күйбеңдеп жүрген келінге:
- Шырағым, иттер неге үріп кетті, байқап келші, - деп жұмсайды. Келін жүгіре басып далаға шықса, ауылдың арт жағында үлкен бір аю түлкіні қуып барады екен де, иттері соған үріпті. Үйге қайта енбек болған келін кенет: «Япыр-ау, мұның бәрі аталардың аты ғой, қалай айтсам екен?» - деп қысыла-қысыла ішке енеді.
- Иә, балам, иттер неге үріпті? – деп сұрайды ақсақалдардың бірі. Сасқалақтаған келін:
Ауыл сыртындағы аршалы бетте Атакем Тәкемді зыттыра қуып бара жатыр екен, осы ауылдағы Жәкемдердің бәрі соларға қарап үріп жүр, - депті («Қазақстан әйелдері», 1967, N7, 27-бет).
Қазақтың ескі әдет-ғұрпы бойынша келін боп түскен қыз күйеуінің туған-туыстарын өз атымен атамайтын болған. Солардың әрқайсысына лайықтап (жолына, жасының үлкен-кішісіне қарай) өз тұсынан басқадай ат қоюға мәжбүр болған. Мәселен, қызға – қарагөз, бикеш, шырайлым, еркежан десе, ұлға – кекілдім, айдарлым, тұлымдым, шырақ, тетелес, мырза жігіт, төре жігіт, мырза аға, би аға делінген. Егер аты дөрекілеу болса, аттеріс деп те атаған. Сол тәрізді ата-ене, абысын-ажын, қайын аға, қайын жұрт, нағашы, жиен-жиеншарларға дейін шетінен ат қойып шығатын болған. Келін ат қойғанда кездейсоқ түрде емес, ат қоятын адамдардың мінез-құлқын, түр-тұрпатын, жан-жақты тексеріп түрлі қасиеттеріне қарай сәйкестендіріп атаған. Мәселен, тете емес қайнысын тетелес деп атамаған, тұлым қоймаған қайнысын тұлымдым демеген. Жасы үлкен адамдардың аттары басқа зат атауларымен аттас болып келсе, онда келін оларға да басқаша жаңа ат ойлап табатын болған. Мәселен, аты Жылқыбай болса мінгіш деп, Қойшыбай болса азбан деп, Бүркітбай болса, Үлкен құс деп, Тышқанбай болса қап тесер деп, Қарабай болса баран деп, Ақберген болса шаңқан деп атайтын болған. Ауылды жерде әлі күнге дейін ескі салт-сананың сарқыншақтары жасы мосқал тартқан адамдардың арасынан там-тұмдап болса да кездесіп қалады. Бұлар қазір кездесе қалса ескі ырым, діни ұғым бойынша емес, халықтық этикалық қалыптасқан көне әдет-ғұрпы түрінде жұмсалады. Ұят сақтап, сыпайыгершілік білдіру, иба тұту рәсімі ретінде қолданылады. Демек, табудың бұл түрінің мән-мағынасы түбірімен өзгеріп, көнеріп, біржола күнделікті қолданыстан шыққан деуге болады.
Қазақ тіліндегі табудың бір түрлері табиғаттың дүлей күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем жыртқыш аң-жәндіктермен тікелей байланысты шыққан. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ ауылында жай түсті десек, «адамға қырсығы тиюі мүмкін» деген наным бойынша, оны жасыл деп атайтын болған. Шешек ауруының атын атасақ, «жұғады», «жабысады» деген сенімге байланысты оның атын тура атамай, әулие, қорасан, мейман, қонақ деп өзгеше атаған. Қасқырды қасқыр деп атасақ естіп қойып, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, қарақұлақ, серек құлақ, ұлыма деп атайтын еді. Жыланды жылан десек, «келіп шағады» деп үрейленіп, оны түйме, ала жіп, ұзын құрт деп айтқызған. Ұры алған, жоғалған малды ұрланды десек, «мүлдем табылмай кетуі мүмкін» деген сеніммен қолды болды деп айт дейтін. Мал суалып бітті дегеннің орнына мал байыды, күн батты дегеннің орнына күн байыды, жиналған адамдар кетейік, қайтайық дегеннің орнына көбейейік деп айтуды әдетке айналдырған еді. Соның нәтижесінде осы ұғымдарға қатысты бірнеше синонимдер пайда болған. Бұлар белгілі контексте әр түрлі стильдік мән тудырады.
Бір затты, құбылысты өз атымен тура атамай, басқаша атаумен атау тек табумен байланысты емес. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталынады. Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгін таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан.
Қазақ тілінде эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар: 1. Ауру аттары алмастырылады. Науқас адамның көзінше аурудың нақ өзін атамай, оның жеңілірек түрін айту дәстүрі бар. Мәселен, түберкулез немесе құртауруы дегеннің орнына өкпе ауруы, рак немесе қылтамақ деудің орнына жаман ауру, гоноррея немесе соз деудің орнына жіңішке ауру, сифилис деудің орнына самал немесе мұрнына жел түскен деп, мағынасы қатты тиетін сөздерді жұмсақ сөздермен алмастырып қолданады.
2. Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары болса басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, ауру, жарымжан, мүгедек адамды дімкәс деген сөзбен, саңырау, керең деген сөзді құлағының мүкісі бар, сараң естиді, құлағы тосаң деген сөздермен, аяғы ақсақ дегенді аяғының ақауы бар деп алмастырып айта беруге болады.
3. Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз дөрекі сөздер алмастырылады. Мәселен, нәжіс, қи, несеп, үлкен дәрет, кіші дәрет, дәрет сындыру, ұлы жарақ дегендердің бәрі де белгілі контексте сыпайылық тудырады.
4. Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады. Мәселен, тұрмыс құру, тұрмысқа шығу, баласын құтты орнына қондыру, баласын аяқтандыру, қолына құс қондыру, үйлі-баранды болу, семяья құру, отау тігу, бөпелі болу, аяғы ауыр тәрізді сөздер үйленуге байланысты айтылады.
5. Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер басқа сөздермен алмастырылады. Мәселен, аузы жеңіл, қолының жымысқысы бар, қосып айтады, ауыз бастырық, сөзге келу, бет жыртысу, жасы ұлғаю, қалтасы тесік, көзіне шөп салды, жаяу пошта, ұзын құлақ, аузының желі бар, ішінде бүкпесі бар, сымсыз телефон дегендер сыпайылық мәнде айтылады.
Эвфемизмдер – ойды бейнелеп, көркем түрде жеткізудің негізгі бір тәсілі. Сондықтан алдағы уақытта да сан түрлі эвфемизмдер туып қалыптасатындығына ешбір шәк келтіруге болмайды. Бұлар тілдегі синонимдерді молайтуға белгілі дәрежеде үлес қосып отырады.
Күнделікті қарым-қатынаста мағынасы жағымсыз тұрпайы сөздерді сыпайы сөздермен алмастырып қолданатынымыз сияқты тілде әдепті сөзді әдепсіз (дөрекі) сөздермен ауыстырып айта беру әдеті болады. Мұндай құбылысты тіл білімінде дисфемизм немесе какофемизм деп атайды. Дисфемизм – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс. Белгілі контекс жөнімен дұрыс жұмсалған сөзді мағынасы неғұрлым дөрекілеу сөзбен алмастыру – сөзді ауыспалы мағынада (троп) қолданудың бір жолы. Мысалы: Бұтартары мен шаңырақ саларларын жауға берді (К.Оразалин). Өздерің бір-бір тулақтарыңа мініп-ап шапқылап кетсеңдер (сонда). Хазірет пен Әбунүсіптің сол езбалдағының өзіне мынау отырған қошаметшілердің кейбіреуі аузын аңқайта таңдағансиды (Д.Әбілев). Жеңілетініңді білетін болсаң, сен бес қырт атанар ма едің? (М.Әуезов). Осындағы бұтартар деген мінгіш, көлік орнына, шаңырақ салар – күш-көлік (түйе) орнына, тулақ – мінетін ат орнына, қырт – тантық, көк мылжың дегеннің орнына жұмсалып отыр. Сол арқылы сан қилы жағымсыз эмоциялық мән тудырған.
Дисфемизм кеміту, қорлау, жаратпау ұғымын тудырады. Мысалы: боқмұрын бала, боқтан өзгені сөз қылды, боғымен жасты баламен ойнайды, боқ басында қалды, боғын пышақтады, боғын ақтарды, боққа әлі келмейді, қолынан боқ келмейді, боққа татымайды, боқтық естіді, боғын боталы түйе қылды, боқжемеде қалды, боқтан да оңай, болар бала боғынан, боғы ботқа, өз басының боғын көрмей, біреудің шоғын көреді, т.б. Қазақ тілінде бір сөзге қатысты осыншама дисфемизмдер бар. Бұлар белгілі контексте жөнімен қолданылған сөздердің орнын алмастырып айтуда қолданылады. Дисфемизмдер – әдеби тілдің үлгісіне жатпайды. Бұлар көбінесе көркем шығармада ауызекі тілдің сөйлеу үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде ұшырасады. Сол арқылы әр жазушы өзінің қаһарманының мінез-құлқын, іс-әрекетін, ой-өрісін бейнелеп, нақтылы шынайы бейнесін жасайды.
Адамның қоғамдық өмірінің қыр-сыры өте көп. Жылы сөз айтып, біреудің көңілін көтеруге болатындығы сияқты, қатты сөз айтып, біреудің намысына тиіп, ренжітуге де болады. Осының бәрі сөздің құдыретті күшін танытады. «Басқа пәле – қызыл тілден», «Тіл – тас жарады, тас жармаса бас жарады» дегенде халық сөздің қоғамдық мәнін, күшін, қадір-қасиетін, жете түсіне отырып, айтса керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, дисфемизмдер де адам баласының күнделікті қарым-қатынасында осал қызмет атқармайтындығы байқалады. Әсіресе бұлар сөйлеу тілінде жиі қолданылады.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Табу сөздер дегеніміз не?
2. Какофемизм дегенді қалай түсінеміз?
3. Дисфемизм мен эвфемизмнің айырмашылығы қандай?