Дәрістің мақсаты: Сөздің көп мағынасы туралы түсінік беру. Сөз мағынасының өзгеру себептерін қарастыру. Көп мағыналық. Омонимдермен ұқсастық айырмашылығын дәлелдеу.
Дәріс жоспары:
1. Көп мағыналылық және оның туындау себептері;
2. Полисемияның басқа тілдік құбылыстармен байланысы;
3. Омоним және оның түрлері.
Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп, мөлшерлерінп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің семантикалық байлығымен де белгіленіп отырады. Дәлірек айтқанда, тілдің өсу жағы сөздік құрамдағы сөздердің санымен де, сапасымен (көп мағыналығымен) де өлшенеді. Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірде-бір – сөздің көп мағыналылығы. Сөздің екі, я одан да көп мағынаға не болуын сөздің көп мағыналығы (полисемия) дейміз. Сөздің көп мағыналығы негізінде сөздік қордағы сөздерге қасиет. Неге десеңіз, бұлар –ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, тілде жаңа сөз тың мағыналар жасауға ұйтқы болып келе жатқан байырғы тума сөздер. Соның нәтижесінде сөздік қорлағы сөздер сан жағынан да, сапа жағынан да, қарыштап дамыған, тұрақтанып әбден қалыптасқан. Сондықтан да бұлар көп мағыналы болып кездеседі. Сөздік қордағы сөздер де ең алғашқы пайда болған кезінде бұлар да аз мағыналы болғандығы байқалады. Кейін талай замандар өткен сайын, олар бұрынғы меншікті бір мағынасының үстіне жағадан бір я бірнеше қосымша туынды мағыналар қосақтаған. Мәселен, қанат деп ең алғашқыда құстар мен шыбын-шіркейлердің ұшып-қонатын дене мүшесін айтқан. Онан кейін адамның екі қолының созылғандағы астыңғы жағын да айтқан (үстелге қанатыңды жаймай отыр). Содан кейін кигіз үйдің керегелерінің санын білдірген ( Алты қанат ақ орда). Соңынан арба-шананың үстін кеңейту үшін салынған қалқа алғашты да білдірген (қанаты жоқ шанаға аз сыяды). Совет тұсында қанат сөзіне тағы да жаңа екі мағына самолеттің қанаты мен жаудың сол жақ, оң жақ қанаты дегендер келіп қосылды.
Сөзге қосылған жаңа мағына басқа жақтан келіп, өз-өзінен жамала қалмайды. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айырықша қасиетінен, түліше сыр-сипатынан келіп шығады. Сөз өзінің білдіретін затын, құбылысын барлық қасиетімен толық қамтып, суреттеп бере алмайды. Егер сөз өзінің білдіретін ұғымын оның барлық ерекшеліктерімен түгел жинақтап, бірден көрсеткен болса, онда сөз ауыспалы мағынада айтылмаған болар еді. Ал сөз ауыспалы мағынада жұмсалмаған болса, онда тілде көп мағыналы сөздердің кездеспеуі де мүмкін. Адам өмір шындығын бірден түгел білмей, уақыт озған сайын біртіндеп тани берген. Заттың бойындағы барлық ерекше белгілерді біліп болғаннан кейін барып ұғым абстракцияланады. Оларды білмей, меңгермей тұрып, белгілі сөздер ауыспалы мағынада қолданылмайды. Адам бір затты алғаш көргенде, ең алдымен оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттер кісінің сезім мүшелеріне аз да болса әсер етіп әйтеуір бір із қалдырады. Адамның санасында қалған сол көрген зат туралы түсінігі басқа бір затпен де ұқсасып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында, не атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастық негізінде сүйеніп, адамдар өзара ұқсас екі, я бірнеше затты бір атаумен атап жүре береді. Мәселен, адам баласы құдықты көргенде, ең алдымен, оның түбіне көз жібереді. Сол арқылы оның терең, я тайыз екендігін біледі. Мұнан кейін адам құдықтың түбінің бейнесін абстракциялап, басқа затпен салыстыра отырып, көптеген ұқсас заттарды да түп деп атап кеткен. Соның нәтижесінде бұл сөз көп мағыналы сөз болып қалыптасқан. Түп сөзінің қазіргі қазақ тілінде мынадай мағыналары бар. 1. Бір заттың бетіне қарсы тұрған жағы (ыдыстың түбі) 2. Өсімдіктің жерге кіріп тұрған бөлігі (Томардың түбін қопардық). 3. Орнатылған немесе қазып алынған ағаш (Бес түп ағаш отырғыздық). 4. Адамның шыққан тегі, арғы заты (Мен сол Керей ішіне сіңген аз атаның баласы едім, түбім Қызай. (М.Әуезов). 5. Нәрсенің жаны, қасы (Москва түбінде фашистер талқап болды).
Сөздің негізгі мағынасы белгілі бір шындыққа байланысты жалпы тарихи практикеның негізінде жасалады. Сөздің туынды қосымша мағыналары тілдік фактілердің негізінде ойлау қабілетіне сүйеніп қолданудан кейін шығады. өмірдегі танылған әрбір ұғым жаңа атаумен атауды керек етеді. Ең алғашқыда бір сөз бір ғана ұғымды, я құбылысты білдіру үшін жұмсалған болса, кейіннен ол әлденеше ұғымды білдіру үшін қолданылады.
Бұл, біріншіден, адам баласының өиір зандылығын терең тануы , білуі, сезінуі әсер еткен болса, еніншіден, оның мағына жағынан қорланып дамуына оның алғашқы тура мағынасы негіз болады. Мәселен, адамзат пен жан-жануардың көру мүшесін көз деп атаймыз. Сонымен қатар иненің көзі, есіктің көзі, терезенің көзі, бұлақтың көзі деп те қолданамыз. Түптеп келсек, осылардың семантикалық жағынан байып көбеюіне себеп болған сөздің ең алғашқы номинативті (еркін) мағынасы екендігі даусыз.
Сөздің семантикалық құрылысы неғұрлым күрднлі әрі бай болса, соғұрлым (көп мағыналы сөздердің) тілдегі атқаратын қызметі де күшейе бермек. Әсіресе көп мағыналы сөздер сөздік құрамдағы синонимдердің көбеюіне үлкен ықпал етіп отырады.
Омонимдер. Дыбысталуы бірдей, мағыналары басқа-басқа сөздер омонимдер деп аталады. Мысалы:
1. Жүз – жүз (сан есім).
2. Жүз - өң, бет, әлпет (зат есім).
3. Жүз – суда жүз (етістік).
Полисемия мен омонимдерді бір-бірінен ажырата білу қажет. Бұларды бір-бірінен ажырату проблемасы тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе болып саналады. Алайда, полисемия мен омонимдердің барлығына бірдей қатынасты емес. Мысалы дене мүшесі - өкпе мен «наз, реніш» мағынасындағы өкпе сөзінің омонимдес екендігі ешбір күмән тудырмайды. Айқын омонимдес сөздер болғандықтан бұлар полисемиялы сөздерден оңай ажыратыдықтан, бұлар полисемиялы сөздерден оңай ажыратылады. Полисемия мен омонимдерді ажырату проблемсының қиындығы полисемемантизмді сөздермен ұштасып, жапсарласып жатқан омонимдерге қатысты. Мысалы, «планетаның бір түрі» дегенді білдіретін ай сөзі мен «жылдың он екі бөлшегінің бірі» дегендегі ай сөзін полисемантизмді сөз дейміз бе, омонимдес сөздер дейміз бе? Бұл сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен, «мағыналарының арасында байланыс бар е, жоқ па?» дегенді айқындаудың қажеттігі айтылып жүр. Егер мағыналарының арасында байланыс сақталып, аңгарылып тұрса, онда ол мағыналар бір ғана полисемантизмді сөздіңәр түрлі мағыналары ретінде танылады да, мағыналардың арасында семантикалық байланыс үзілсе, бұл күнде ондай байланыс аңғарылмаса, онда ол мағыналар бір сөздің емес, әр басқа сөздердің, яғни омонимдес сөздердің мағыналары ретінде танылады.
Полисемия мен омонимдерді бір-бірінен ажыратуда мағыналардың арасында семантикалық байланыстың жойылуы немесе жоқтығы кейде негізгі критерий бола алмай қалуы мүмкін. Мысалы, түркі тілдерінде 1 той (зат есім), 2 той (етістік); 1) көш (зат есім), 2) көш (етістік) т.б. осылар тәріздес омонимдер бар. Бұл омонимдер әрқайсының құрамындағы есім сыңар мен етістіқ сыңар лексикалық мағыналары жағынан бір-бірінен алшақтап кетпейді, бұларда семантикалық бір тектестілік, бірлік бар. Бұларды омонимдер деп есептеуде негізгі таяныш омонимдік қатарға енетін сөздердің әр басқа сөз табына (бірінің есімге, екіншісінің етістікке) қатысты болуы, сөз өзінің нақты лексикалық мағынасы нан басқа, белгілі бір сөз табының мағынасы категорильды мағынаға ие болады, өзі қатысты сөз табына тән формалармен түрленеді.
Омонимдредің айрықша түрлері болдаы. Олар- омфондар мен омографтар, омофоралар мен паронимдер. Бұлар омонимдер құбылысының қатарында қарастырылғанда, сөздердің, сондай-ақ кейбір сөз тіркестерінің орфографиялық (жазылу) жағы мен орфоэпиялық (айтылу) жағының ара қатынасы ескеріледі.
Омофондар деп біркелкі айтылып, бірақ түрліше жазылатын сөздерді айтады. Мысалы:
Қарал. Қарсы мағынасы – ақта.
Қара ала – ақ пен қара түстің араласқан түрі.
Біркелкі жазылып, екпіннің алмасып түсуіне байланысты түрліше айтылатын сөздерді омографтар дейді.Мысалы: тартпа – «Столдың қағаз салатын жәшігі», зат есім сөз; тартпа – етістіктің болымсыз түрі. Алма («яблоко»), зат есім; алма- етістіктің болымсыз түрі. Екпін бұлардын зат есім сынарларының соңғы буынына түседі де, етістік сыңарларының басқы буынына түседі. Осы тәріздес омографтардың сыңарлары екпін арқылы ажыратылады.
Омоформалар деп сөздердің барлық формаларында емес, формалардың белгілі бір түрінде ғана бір-бірімен омонимдес болып келуін айтады.Мысалы, етәстік жаз тек бұйрық рай түрінде (түбір күйінде) ғана зат есім жаз дегенмен омонимдес болып келеді.
Паронимдер деп ешбір мағыналық байланысты жоқ, бірақ айтылуда бір-біріне өте жақын, тіпті бірдей айтылатын, әр басқа сөздерді айтады. Мысалы:
а) Салты бар әр ғасырдың, әр уақытың,
Ұстады шылбырынан ару аттың;
Сағынған ағасы мен ақ періште;
Беттеді ордасына әруақтын.
б) Тоқтатқан Азнабайдай әнгі нені,
Арқада аңыраған ән кім еді?
Тамсанып тағы соған кәрі күйші,
Жағада жалғастырды әнгімені.
(Х.Ерғалиев).
Осындағы асты сызылған сипаттамалар паронидер болады.
Омонимдік еен. Омофондар мен омографтар, омоформалар мен паронимдер де таза омонимдер емес, өйткені олардың кейбіреу айтылуда бір-бірінен ажыратылып шектелсе, екінші біреуі жазылу жағынан бір-бірінен сараланып шактеледі. Таза омонимдердің қатарына айтылу жағынан да біркелкі болып мағынасы жағынан ажыратылатын сөздер енеді.
Каламбур. Омонимдер мен омографтардан, омоформалар мен паронимдерден кейде каламбур жасалып, сықақ, әзіл ретінде қолданылады:
Қалқам, жаным, қарағым,
Бетіңе келмес қарағым
(С.Торайғыров)
Омонимдердің жасалу жолдары. Тілдің даму барысында көп мағыналы сөздің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, соның нәтижесінде әр басқа екі сөз – омонимдес сөздер жасалуы мүмкін. Мысалы, «буылған жүк» мағынасындағы тең (Іші толған – буылған жүк, буулы тең мен сандықтар. М.Әуезов) деген сөз бен «бірдей» деген мағынаны білдіретің тең (Жер жүзінде ең биік, жоқ өзіңе тең биік. С.Мұқанов) деген сөздер омонимдес сөздер болып саналады. Осы мағыналардағы тең деген екі сөздің шығу тегі бір. Екеуі де бір сөздің мағыналық жақтан дамып, ол мағыналардың бір-бірінен алшақтауы нәтижесінде жасалған. Мұндай омонимдер бір сөздің лексика-семантикалық дамуы нәтижесінде жасалған омонимдер қатарын енеді.
Тілдегі бірсыпыра омонимдер тілдің даму барысында сөздердің әр түрлі фонетикалық өзгеріске түсуі нәтижесінде пайда болған. Мысалы: Біз жерден біз тауып алдық деген сөйлемде алдынғы біз есімдік те, сонғы біз – зат есім. Бұл екеуінің өзара ешқандай мағыналық байланысы жоқ әр турлі сөздер екені белгілі. Тілдің даму барысында етік тігетін құрал бігіздің құрамындағы дауыссыз дыбысы түскен де, сөздің ортасындағы екі дауысты і, і бірігіп, бір дауысты дыбыс болып айтылған. Фонетикалық осындай өзгерістің нәтижесінде бігіз сөзі біз болып айтылып, есімдік біздегенмен омонимдік қатар құраған. Етік тігетін біз қазірде де Қазақстанның оңтүстігінде және кейбір түркі тілдерінде, ұйғыр, өзбек тілдерінде бігіз түрінде айтылады. Фонетикалық осындай заңдылық ер деген сөздін (атқа салатын «ер» мағынасында) ертерек кездегі дыбысталуы, көне түрі егер екендігін байқауға болады. В.В.Радлов ер деген сөздің өзбек тіліндегі (ертедегі шағатай) түбір қалпы егер, туынды түрі егерле (казақша ертте дегенмен бірдей) екенін көрсетеді. Ер сөзінің көне формасы қазақ тілінің онтүстік диалектісінде сақталған: оңтүстікте бұл сөз ер түрінде айтылумен бірге, егер түрінде де айталады.
Кейбір омонимдер басқа тілдерден енген сөздердің қазақ тілінің лексикасында бұрыннан бар төл сөздермен дыбысталуы жағынан жақындасуының нәтижесінде жасалады. Мысалы: орыс тілінен енген гиря деген сөз қазақ тілінің фонетикалық заңдылықтарына бағынып, дыбыстық өзгерістерге түсіп, қазақ тіліндегі кір («лас» және «ен» деген мағынадағы екі сөзбен) омонимдік қатар жасаған.
1. Кір. Бірнеше жерде кірмен өлшеніп шөп сатылып жатыр (Ғ.Мүсірепов).
2. Кір. Шайзада кір киімдерін бір бөлек, тазасын бір бөлек қойды.
3. Кір. Шаршап келген, жәбірленіп келген Омарға үйге кір деп те айтқан жоқ.
Алдынғы мысалдағы кір сөзі орыс тілінен енген гиря сөзінен шыққан, сонғылары-қазақтың төл сөздері.
Сол сияқты «ат айдаушы» деген мағынадағы көшір деген сөз бен етістік көшір дегендер - өзара омонимдес.
«Ат айдаушы» деген мағынадағы көшір орыс тілінде кучер түрінде айтылады. Бұл – неміс сөзі. Қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. Қазақ тілінде дыбысталуы өзгеріп, етістік көшір деген сөзбен омоним болып кеткен.
Сол сияқты араб, иран тірінен енген кейбір сөздер де дыбыстық құрамы өзгеріп, қазақ тіліндегі төл сөздермен омонимдік қатар құраған. Мысалы, «кездеме» мағынасында қолданылатын мата сөзі (…. Матамен әдіптеткен (Абай) мен «байла» деген мағынада қолданылатын мата сөзі (жіппен мата) өзара омонимдес сөздер. Түркә тілдеріне мата сөзі ( зат есім) араб тілінен (аарбша –матаәг) енген.
«Қатар» деген мағынадағы сап сөзі (сапқа тұру) мен «құралдың ұстайтың жағы» мағынасында қолданылатын сап (балтаның сабы) өзара омонимдес. Осындағы «қатар» деген мағынаны білдірітін сап сөзі араб тілінен (арабша-саф) енген.
Қазақ тіліндегі кейбір омонидік қатардың құрамындағы компоненттердің бір сыңары иран тілінің сөзі болып та келеді.
Ағаш кесетін құрал мағынасындағы ара деген сөзбен бал жинайтын ара (жәндік) сөзі бір-бірімен омонимдес . Ағаш кесетін құрал мағынасындағы ара – шығу төркіні жағынан иран сөзі.
Тіліміздегі бірсыпыра омонимдер сөзге омонимдес жұрнақтар жалғану арқылы жасалған. Омонимдес жұрнақтар жалғанған туынды сөздер мағынасы жағынан да әр түрлі сөз табына қатысты болып келеді және олар әр түрлі сөзде ретінде ұғынылады да, сөздікте олардың әрқайсысы жеке лексикалық единица ретінде беріледі.
Жалғанған сөзінен бірден екі сөз тудыратын омонимдес жұрнақтардың қатарына –ыс, -іс, -с, -ық, -ік, -қ, -к; -лас, -лес, дас, -дес, -тас, -тес т.б. жатады. Бұл жұрнақтар жалғану арқылы жасалған омонимдерге төментідей мысалдар келтіруге болады.
1. Кіріс. Жомарттың есебінше колхоз кассасына жүз мың кіріс енгізбек. (Ғ.Мұстафин). 2. Кіріс. Ызыға қарап, қамына кіріс дегендей белгі етіп еді (М.Әуезов).
1. Үйлес. Найзағай үйлес тас.
2. Үйлес. Сен онымен үйлес.
Туынды омонимдер сөздік құрамды байытуда айрықша қызмет атқарады. Бір сөзге омонимдес аффикстер жалғану арқылы бірден екі сөз (омонимдес сөздер) жасалады да, мұндай туынды омонимдерің жасалуы тілдің сөздік құрамын байытады.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Сөздің көп мағыналылығы дегеніміз не?
2. Омоним дегеніміз не?
3. Паронимдер дегеніміз не?
4. Омонимдермен ұқсастық айырмашылығы қандай?