7. Сотталғанның бағыттылығы және оның көрініс ерекшеліктері


Бағыттылық дегеніміз жеке бастың жоғарғы бір жүйеге келтіретін психикалық ерекшелік (қасиеті), ол жеке бастың итермелеу жүйесін, іс - әрекет себебін, өмірлік ұстаным мазмұнын негіздейді. Бағыттылықта жеке бастың талпынысы, оның өмірлік жоспары және алға қойған мақсаты байқалады.

Жеке бас бағыттылығының оң сипатты болуын оның итермелеу жүйесі толық әлеуметтік маңызды мақсаттарға сәйкес келетін болса ғана байқауға болады.

Адамның жеке басының бағыттылығы негізгі мақсатында, іс - әрекетінде, қызығушылығында, мұратында, сенімінде, қарым – қатынас жүйесінде және қажеттілік негізінде қалыптасатын өмірлік жоспарымен алдағы мақсатында көрінеді.

Сотталғандардың түзелу барысында манызды роль атқаратын мәселенің бірі, ол жеке бастың бағыттылығының мазмұнын айқындай білу және оны уақытында қайта құру, қалыптастыру болып табылады. Бұл сотталғанның өткен өміріне сын көзбен қарап, өзінің іс - әрекетінің есебі мен мақсатын, бойындағы құндылықтарды қайта қарап, жеке басының жоспары мен болашақ мақсатын әлеуметтік тұрғыдан қайта құрастыру б,т.

Жеке бастың бағыттылығы адамның барлық өмір сүру кезеңінде, әсіресе басқа адамдармен қарым – қатынас жасау процесінде қалыптасады да дамып отырады.

Кейбір сотталғандардың талпынысы мен бір нәрсеге деген сезімі көбінесе ТМ ішкі өмірімен байланысты болғандықтан оларда бір бағыттылық синдром қалыптасуы мүмкін. Сондықтан сотталғандардың талпынысында болашаққа деген жоспары және жазасын өтеу кезеңіндегі мақсаты мен алдағы тұрған бостандықтағы өмірі арасында айырмашылық пайда болады.

Осыған байланысты тәрбиелеушінің міндеті сотталғаның қоғамға қарсы ой – пікірінің өзгеруіне қол жеткізіп қана қоймай сотталғанның колониядағы өмірімен бостандықтағы өмірінде болатын мақсаты және болашақтық жоспары арасындағы жағымды өз ара байланысты қамтамасыз етуге тиіс (қоғамдық қатынастар).

Б.М.Теплов бағыттылық тұжырымдамасының себебін түсіндіре отырып, себептің негізі қажеттілік, яғни адамның бір нәрсеге деген мұқтажы деп түсіндіреді.

Әлеуметтік жағдайдың ықпал етуі салдарынан адамның сезімі әртүрлі жағдайда пайда болады және дамиды, қызығушылығы, сенімі және дүниетанымы қалыптасады.

Адамды әрекетке бағыттайтын, қажетін өтеуге талаптандыратын бір түрткі болады. Бұл түрткіні психологияда мотив деп атайды. Қандай болмасын объектінің себебін білмей тұрып, адамның бір мақсатқа жетем деген ойын қалайша тоқтата алатының және оның мінез – құлқының мән – жайын толық түсіну қиын болады.

Жеке адамды қандай болмасын әрекетке итермелейтін негізгі қозғаушы мотив – оның түрлі қажеттері, яғни бір нәрсеге мұқтаждануы. Адамның қажеттері қоғамдық еңбекте, еңбек ету процесінде қалыптасқан. Сыртқы ортамен байланыс жасауда адамның өмір сүруі үшін ең алдымен ерекше маңыз алған материалдық қажеттер (тамақ, баспана, киім, еңбек құралдары т.б.) болады. Адам қажеттерінің дамуы – тарихи дамудың елеулі бір кезеңі.

Олар адамның алдына әр түрлі мақсаттар қойып отыруына себепші болатын негізгі түрткілер. Адам өзінің қажеттерін өтеу үшін бар мүмкіндігін пайдаланады. Бұл оны белсенді түрде іс - әрекет істеуге талпындырады. Оның қажеттері саналы әрекетінің нәтижесінде біртіндеп өтеліп отырады.

Адам өз қажетін өтеу жолында сыртқы ортаны, табиғатты өзгертуге дейін барады. Қажеттердің өтелу, өтелмеуі адам психологиясына, оның, күйініш-сүйінішіне әсер етеді. Қажеттер орындалу тәсіліне қарай адамда мазасыздану, не тынышталу, рахат, ләззаттану, не азап шегу сезімдерін туғызады. Қажеттерді өтеу арқылы адам тиісті құралдарды іздестіріп солардың күшімен, түрлі теориялық, практикалық сипаттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік алады. Өйткені адамның қажеттілігі ойлау қызметін тудыратын негізгі себептердің бірі болып табылады, ол заттар мен құбылыстарды өз қажетіне қарай өзгертуге, қайтадан жасауға әрекет етеді.

Олай болса, адамдардың қажеттері — іс-әрекетінің негізгі мотивтері (түрткілері), яғни оның психологиясының қайнар көзі, бастамасы болып табылады.

Қажет — (әсіресе, табиғи қажеттер) өмір сүрудің, тіршілік етудің арқауы. Егер, табиғи қажет өтелмесе, өмір сүру үшін тиісті жағдайлар болмаса, адам да, жануарлар да тіршілік ете алмайды. Адам өмірі үшін рухани қажеттерді өтеп отырудың да маңызы зор. Осындай қажеттердің өтелмеуінен адам көп қиыншылық көреді, өйткені бұл оның сана-сезімінің өсуіне кедергі келтіреді. Қажет жануарларда да бар. Бірақ бұл — биологиялық сипаттағы қажеттер. Жануарлардың қажеттері — олардың қоректенетін заттарын іздестіруінен жақсы байқалады. Мәселен, тауық жерден дән іздеп зыр жүгіреді. Ит қожасын көргенде тілін салақтатып, аузынан сілекейін шұбыртады. Мысық мұрнына еттің иісі келгенде елең ете түседі де, сол жерден мияулап шықпайды. Сөйтіп, аң біткеннің бәрі өз қажетін өтеу үшін әрекеттенеді. Мұндай қажет аңдарға туа бітеді, олар шартсыз рефлекстік сипатта болады.

А.Х.Маслоу тұлғаның бірі бірінен басым келетін ерекшеліктерінің бірі түрткі (мотивация) деп пайымдаған, ол осы орайда түрткінің бірнеше жобасын түзе отырып, адам әрекет – қылығын бағыттауда жоғары қажеттіктердің орындалуы төменгі қажеттіктердің іске асуына байланысты болатынын тұжырымдаған, яғни, қарны аш баладан жоғары ой - өріс күту орынсыз.

Сонымен, А.Х. Маслоу пікірінше, адамның өзіне деген мән – маңыздылық деңгейі біртіндеп жоғарылап баратын адам қажеттерін төменнен байқауға болады :

1) физиологиялық (органикалық) қажеттіліктері: аштық, шөл, жыныстық ниет және т.б.;

2) қорғаныс қажеттіліктері: өзін қатерсіз сезіну, қорқыныштан, сәтсіздіктен және агрессиядан қорғау, құтылу;

3) қоршаған ортаға падалы болу және сүйіспеншілік, мейір қажеттіліктері: қауымға мүшелік, адамдар арасынан белсенді көріну, және көпшіліктің қалауы болу;

4) сый – құрмет (ұлағатты болу) қажеттіліктері: таңдаған саладағы жоғары білімділік пен шеберлік, табыскер бола білу, қолдау – қуаттау көру, өзін танымдылыққа жетелеу, беделді болу.

5) Таным қажеттіліктері: білу, епті болу, түсіну, зерттей алу;

6) әсемдік (әстетикалық) қажеттіліктері: жан – жақты үйлесім, әсемді болу, тәртіптілік – реттілік, сұлулық;

7) өз бойындағы мүмкіндіктерін аша білу қажеттіліктері: мақсат, қабілеттерді іске асыру, тұлғаның өзіндік дамуы.

Сеп – түрткі (мотивация) – бұл қажеттіліктеріне орай ағзаның белгілі бағытта белсенділікке келуіне ықпал жасаушы нақты жүйке құрылымдарының (функционалды жүйенің) қозуы.

Адамның сеп – түрткілік (мотивациялық) қалпы келесі психологиялық категориялардан көрінеді: қызығулар, тілектер, ұмтылыстар, ниеттер, құштарлықтар, құмарлықтар, ұстанымдар.

Қызығу – адамның тұрақты қажеттерімен байланысты көңіл – күйге толық сәйкестенген бағыт – бағдары.

Тілек – қажеттікті қамтамасыз етуге сай келген затпен байланысты сеп – түрткілік қалып.

Ұмтылыс – тілек нысанына болған көңілдің көтеріңкілікпен бағыт алуы.

Құштарлық – белгілі нысанға болған тұрақты да шарпулы көңіл ұмтылысы.

Құмарлық – адамның қандай да нысандар тобына көзсіз әуестенуінен болатын психикалық қалып.

Ниет – белгілі мақсатты іске асыруға көзделіп, әрекет құралдары мен әдістері айқын саналы қабылданған шешім.

Ұстаным – адамның белгілі жағдайларда әрекет – қылықтың үйреншікті әдістерін қолдануға дайын болу қалпы: бұл әрекет – қылықтық нейродинамикалық тұрғыдан шартталған тұрақты жобасы.

Қызығу — шындықтағы заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып, білуге бағытталған адамның біршама тұрақты жеке ерекшелігінің бір көрінісі. Сонымен қатар, қызығуда бір нәрсені ерекше таңдап, соған зейін қойылады. Адамды еліктіріп, өзіне тартқан нәрсенің бері қызығудың объектісі болып табылады. Қызығудың физиологиялық негізі —"Бұл не?" дейтін рефлекс. Мәселен, біреуді "футболға қызығады" десек, ол адамның футбол ойынына үнемі баратынын, футбол жөніндегі кітаптарды оқып отыратындығын, біреумен әңгімелесуде де, көбінесе, осы тақырыптың айналасында сөз қозғауды тәуір көретінін байқаймыз. Сөйтіп, адамның кызығуы бір нәрселерге асыра зейін қоюдан, оған құмартудан, соны үнемі ойлаудан көрініп отырады.

Қызығулар да бейімдіктер тәрізді балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалады. Мәселен, кейбір балалар кішкентайында автомобильге, тракторға жалпы — техника атаулыға әуесқой келеді. Мұндай балалардың есі-дерті машина болып, уақытының көбін соның айналасында өткізеді, олардың маркасын жақсы айыра алатын болады. Кейін осы бала мектеп қабырғасында футбол ойынына жөнді бейімділігі болмаса да, кызығуы өте күшті келеді. Мұндай кызығуды белсенді, пәрменді қызығу деп айтуға болмайды. Қызығу пәрменді, белсенді болу үшін, бала тікелей әрекетпен айналысуы қажет. Мұғалім балалардың қызығуын тәрбиелеуде оларға әлі де онша мәлім емес кейбір жанама қызығуларын тауып, соларды тұрақтандыру жағын ойлауы керек. Сонда ғана бала рухани өмірге бай, босқа зерігуді білмейтін, еңбекті сүйетін, жан-жақты, қабілетті адам болып шығады.

Жеке адам психологиясының неге бағытталғандығын көрсететін негізгі компоненттердің бірі — адамның дуниетанымы мен сенімі. Дуниетаным — адамның табиғат, қоғамдық өмір туралы білімдерінің жүйесі. Нағыз дүниетаным мистика мен идеализмге жат, дәйекті ғылыми-материалистік дүниетаным. Оның басты ерекшелігі — ғылымға негізделетіндігі. Бірден-бір ақиқат — дүниенің, даму заңдарын дұрыс түсіндіретін ғылымға негізделген' дүниетаным ғана адам психологиясына дұрыс бағыт береді. Кісі еңбегін қанайтын адамдардың дүниетанымы мейлінше керітартпа өзімшілдік, адамға деген өшпенділік, шындықты көре-тұра бұрмалау, пессимизмге салыну — керітартпа дүниетанымның басты белгісі. Адамдардың дүниетанымы ұжымшылдықты, гуманизмді (еңбек адамын құрметтей білу), оптимизмді (жарқын болашаққа сену) дәріптеп қоймай, ер адамды дүниені қайта құру жолындағы жанқиярлық күреске баулиды.

Дүниетанымның негізі бастауыш мектептің өзінде қаланады да бала кәмелетке келгенде оның дүниетанымы біршама қалыптасады. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымының өмірмен байланыстылығы берік сенімнен туады. Адамның дүниетанымына берік сенім нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты бекімеген дүниетаным берік болмайды. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі. Өйткені бұл екеуі, құстың қос қанатындай, адамның ең асыл қасиеттері болып табылады. Берік сенім жоқ жерде тыңғылықты дүниетаным да, тұрақты мінез-құлық та болмайды. Сенімі қалыптаспаған адамның шындықтың жай-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден өз орнын дұрыс таңдай алуына да шамасы жете бермейді. Оны өмір толқыны біресе анда, біресе мұнда соқтырады да, мінез-құлықты келденеңнен кез келген кездейсоқ жағдайлар билеп кетіп отырады. Осындай адамдардың психологиясын орыстың ұлы жазушысы Н. В. Гоголь тамаша көрсеткен: "Әрі-сәрі адамдар, бұлар ол да емес, бұл да емес, қандай адамдар екенін түсіне алмайсың, қаладағы Богдан да емес, селодағы Селифан да емес". Қай адамның болса да өзінше бір түсінігі болады. Бірақ осының бәрі дұрыс болып келе бермейді. Тек ғылымға негізделген түсінік қана, адамның сенімімен, іс-әрекетімен тығыз ұштасқан дүниетаным ғана бірден-бір дұрыс дүниетаным болады.

Адамзаттың сан ғасырлық тарихында адамгершілік пен имандылықтың ұлы қозғаушы күші — сенім. Сенім жоғалған жерде тіршіліктің, мәні де шамалы. Сенім, пікір-талас, көзқарас қақтығысында, империализмге кең қол ашылғанда ғана шыңдала түседі. Ол адамға бірден келмейді, сенім өмір көріністерін топшылау, кесіп-пішіп көру, тәжірибе жинақтап, соны қорыту арқылы, терең, тиянақты білім негізінде қалыптасады. Сенім кісінің еркін білдірген, сезімін қозғаған, мақсат-мүддесіне, бағыт-бағдарына айналған білім жүйесі. Мұндай дүниетанымды қалыптастыру үшін адамға бөрінен бұрын білім негіздерін меңгеру қажет. Білімсіз дүниетаным қорланбайды. Өйткені білім — дүниетанымды қалыптастыратын негізгі құрылыс материалы. Ал адамның алған білімі бөлек-бөлек кірпіш сияқты шашылып жатса (әңгіме білімді қалай болса солай, жеңіл "меңгеретіндер" туралы болып отыр), әрине, ондай білім түкке тұрмайды. Тек зердесіне құйылған, саналылықпен меңгерілген, белгілі жүйемен алған білім ғана адамның дүниетанымына негіз бола алады. адамның ғылымға негізделген белгілі дүниетанымы, айқын мақсаты бар адамның ғана психологиялық қасиеті жоғары болатыны белгілі. Ондай адам үнемі ар-үятымен жүріп-тұрады. Мәселен, бір адам жұмыс үстінде ағаттық істеп, қателескен екен дейік. Оның қатесін жасырып, бүркеп қалуға да мүмкіндігі бар еді, бірақ езі бұл ағаттығын адамгершілікке жатпайтын қылық деп түсінеді. Жаңағы қателескен адам өзінің қатесін мойнына алуды бірден-бір дұрыс деп табады.

Жеке адамның психикасын нұрландыратын қасиеттің енді бірі — мұрат (идеал). Бұл — адамның өзіне өмірден өнеге іздеуі, біреуді ардақ тұтып, қастерлеуі. Мұрат — адамның алдына қойған ең ардақты, ең асыл мақсаты. Адам осыған жету үшін қолдан келгеннің бәрін пайдаланады. Өзін тәрбиелеуге кіріседі. Барлық күш-жігерін соның соңына сарп етеді. Мұрат дүниетаным, айқын сенім, сөз бен істің байланысы бар жерде ғана болады. Оқушыларды асыл мұраттар рухында тәрбиелеу — бастауыш мектеп мұғалімдерінің де басты міндеттерінің бірі.

Жеке адам психологиясынан елеулі орын алатын қасиеттердің тағы бірі — талғам. Бұл адамның дүниетанымы мен сеніміне, өмірлік позициясына, бағыт пен мұратына, бағдарына, мақсатына байланысып жатады. Коммунистік қоғамда тәрбиеленген кеңес адамының талғамы буржуазиялық қоғамдағы үстем тап адамының талғамынан сапалық айырмасы бар. Талғамға адамның білімі, тәрбиесі, ортасы, тәжірибесі де елеулі әсер етеді. Модаға (сәнге) байланысты да адамдарда түрлі талғам орын алады. Мәселен, кейбір адамдардың ала-құла, көзге қораш киінуін талғамы дұрыс қалыптасқан адам деп айту қиын. Өйткені дұрыс талғам дұрыс, жүйелі жақсы тәрбиенің нәтижесі.

Қызығу, сенім, талап, мұрат адамды әр кезде іс-әрекетке итермелеп отыратын ең негізгі қозғаушы мотивтер болып табылады. Бұлар адамның басында айқын да анық сәулеленіп отырады. Бірақ мотивтердің кез келгені ондай пәрменді болып келе бермейді. Мән-мәнісі адамға онша айқын емес, көмескі күңгірт болып көрінетін мотивтер де толып жатыр. Осы топтағы мотивтердің қатарына бағдар (установка), фрустрация, елігу, стереотиптерін жатқызуға болады. Енді осылардың кейбіріне қысқаша тоқталып өтейік. Мәселен, грузин психологы, академик Д. Н. Узнадзе (1886— 1950) зерттеген бағдар теориясының мәні мына төмендегі қарапайым тәжірибеден жақсы байқалады. Салмағында айырмасы бар екі шарды қолымен 10—15 рет ұстап көрген адам бұлардың айырмашылығын оп-оңай сезе алады. Кейін осы кісіге салмағы бірдей екі шар берілгенде де, ол бұларды бұрынғысынша екі түрлі деп қабылдайды. Тәжірибенің негізгі мәнісі де осында. Фрустрация — фрустратио деген латын сөзі, қазақшасы босқа әлек болу, жолы болмау деген мағынаны білдіреді.

Осылайша теріс қабылдауы (иллюзия) оның алдыңғы қабылдауындағы субъективтік жағдайына байланысты туған. Мұндайда адамның зейіні қабылдайтын заттың өзіне емес, сол зат туғызатын сезімге, көңіл күйіне ауып кетеді. Осы тәжірибеде де бір-біріне тең шарларды аңғармай, қате қабылдау осындай жайттан туған. Адамның қажеті мен мақсатын жөндеп сезіне алмаған жағдайы бағдар деп аталады. Мұндай жағдайды күнделікті өмірде де жиі кездестіруге болады. Мәселен, бірінші класс оқушылары үшін мұғалім қай жағынан да аса беделді адам. Оның ақ дегені ақ, қара дегені қара. Сондықтан да олар кейде кейбір мұғалімдердің теріс өнегелерін де талғамай кабылдай береді. Оқушылардың мұғалім жөніндегі бір жақты түсініктері осындай әлде айқындала қоймаған түйсіктің, тек мұғалім жөніндегі жай бағдардың көрінісі.

Адам қажетін өтеу үстінде неше түрлі жағдайға тап болады. Мәселен, бұрын-сонды өзіне кездеспеген кедергіні алуға шамасы келмейтін кездерде адамның жолы болмай, сәтсіздікке ұшырайды не сол объект оған алынбас қамалдай болып көрінеді. Адамның жолы болмай, босқа әлек болған жан күйзелісін, психиологияда фрустрация деп атайды. Бұл көп жағдайда адамның көңіл-күйіне қолайсыз әсер етіп, оны орынсыз мазасыздандырады.

Егер осындай жолы болмаушылық қайталана берсе, адамда ұнамсыз қасиеттердің орын тебуіне себепші болады. Кейбіреулер сылбыр, немкұрайлы, жігерсіз күйге түседі, енді біреулер орынсыз ызақор, күйгелектікке салынады. Осындай көрініс жас өспірімдер арасында да байқалады. Балаға үнемі шамасы келетіндей тапсырма беру, оны әлі келмейтін нәрсеге орынсыз қинамау, онда фрустрациялық күйдің орнығуына жол бермеу — мұғалімнің психологиялық қырағылығын, шебер тактісін қажет етеді.

Сотталғанның жеке басы бағыттылығының сапасына баға беру.

Адамның ең қарапайым бір нәрсеге деген итермелеуі дегеніміз, ол іс - әрекетінің мақсатын саналы түрде ойланбай, оның нәтижесі туралы жеткіліксіз (айқын емес) түсінігінің болуы.

Әлеуметтендірілген қарапайым қызығушылық жағымды жағдайда жеке бастың себепті сезінуінің аса жоғарғы деңгейі – бір нәрсеге деген қалауын туғызады. Бір нәрсені қалау қандайда бір нәтижеге жетсем деген қажеттілігінің ойша жоспарлауымен бірге жүретін мақсаттан асып түсуімен сипатталады.

Көбінесе Тәрбиешілер ниеті теріс, әлеуметке қарсы сипатта болатын сотталғандармен кездеседі. Бұлар әдетте жылпос, қу, жат қылықты, өзгелерге билік жүргізуге құмар, өзінің бұзылған қажеттілігін қанағаттандыруға бейім адамдар. Бұлар көбінесе жат қылықтағы топтың, «ұры заңдарың» және дәстүрлерін ұстанатын көшбасшылары.

Тәрбиеші сотталғаның сенімінің мазмұнына көңіл аудару қажет, себебі ол сенімін нақты іс - әрекетте көрсетуі мүмкін.

Өмірлік жоспарлар және алдағы ойлар бұл сотталғаның тұрақты немесе нақты түрде қол жеткізе алатын талпынысы.

Тәрбиеші жеке бастың бағыттылығына кешенді түрде оның барлық құрылымдық құрамдас бөліктерін есепке ала отырып зерттеп білгенде ғана сотталғаның іс - әрекетіне дәл болжам жасап, оның жаңа қылмыс жасауының алдын алады.

Тәрбие жұмысында кей кездерде сотталғаның жеке басының бағыттылығының әрбір құрамдас әлементін білу жеткіліксіз. Сондықтан оған тұтас сипаттама беру қажет. Сотталғаның жеке басының бағыттылығының тұтас сипаттамасы төмендегідей өлшеммен анықталады: жетілгендік деңгейімен, кеңдігімен, жиілігімен, тұрақтылығымен, ықпал ету шілігімен.

Жетілгендік деңгейі бұл мұратқа берілгендік дәрежесі, жеке бастың негізгі өмірлік талпынысының қоғамдық маңыздылығы.

Жеке бастың бағыттылығының кеңдігі оның рухани қызығушылығының, қажетсінуінің, талпынысының, өмірлік алға қойған ойларының алуан түрлілігімен сипатталады.

Жеке бастың бағыттылығының жиілігі айқын емес, толық сезінбеген итермелеумен адамның өз ісінің дұрыстығына терең сенуіне дейін сенімсіз дін өзгеруі мүмкін.

ТМ әлеуметтік изоляция (оқшаулау) қысымдық жағдайды күшейтеді. Ол өмірлік жоспардың толық жоғалуы мақсаты мен үмітінің үзілуі болып табылады.

Сотталғандарда қайтадан қалыпты өмір сүру мүмкіндігінде, деген өз күшіне сенімсіздік пайда болуы мүмкін. Кейбір сотталғандар колонияға келген уақыттан бастап-ақ өзінің санасынан қоғам мен жанұясын алдында кінәлі болуынан өзінде титықтау, ұнжырғасы түсу қалыптарын сезінеді.

Сотталғанның жеке басы бағыттылығының сапасы оның түзеу мекемесіне алғаш келген күнінен ақ байқала бастайды, яғни бұған біз бейімделу кезеңін аламыз, осы кезде сотталғандардың көбісі (әсіресе алғаш сотталғандар) депрессиялық күйде болады. Бұл кезең тәрбиешілер ұжымы үшін де сотталғандар үшін де күрделі кезең, өйткені тұрақсыз (адекватсыз) бейімделген адамдар теріс бағытты ұстанып кетуі мүмкін.

- Оларда : жазаны өтеу режимін жүйелі түрде бұзу;

- ТМ әкімшілігіне қарсы әрекет көрсету;

- ҚР ҚК және ҚР ҚАК қарсылық жасап, өздеріне ұнамды жағдай жасауға тырысу;

ТМ теріс бағыттағылардың қалыптасуы мен құрылуы обьективті көрініс жасайды. Ол сотталғандардың арасында өзіндік ерекшеліктерімен айқындалады. Теріс бағыттағы топтардың қалыптасуы кез – келген қауымдағы адамдардың әлеуметтік – психологиялық табиғаты мен олардың қажеттіліктерімен басқа адамдармен қарым – қатынасында туындайды.

Теріс бағытты топтағы сотталғандардың ерекшеленуі, негізгі қоғамдық мақсатты сезіну, айналадағы кепілдік әлементтерінің барлығын білу және өз – аралық көмек көрсету, әр түрлі бөлімдерге (“кастаға” бөліну, слой, топ, “своих” өздерінікі және “чужих” бөтендер) бөлінуі мен ерекшеленіп, теріс бағытты жүйе қатынасында түрлі дәрежені, өздерінің бөлінген құқықтарын және міндет, мақсаттарын ұстанатындар жатады.

Сотталғандардың негізгі қылмыстық мақсаттағы бағыттарының ерекшеліктері :

- басқа сотталғандарға қарағанда дүниеқорлық – зорлау (корыстноно-силственный) қылмысы мен зорлық қылмысы үшін сотталғандар;

- құмар (азарт) ойындарын “қызығушылықпен” ұйымдастырып ұтылғандарға қожалық ететіндер;

- “бостандықтан” жариялы хабарлар алу:

- “зонаға” тыйым салынған заттарды әкелуді ұйымдастыру (спирт, есірткі, апиын, қару-жарақ т.б)

- ТМ жеке жұмыскерлерін қызметтік қатынасқа жатпайтын іске тарту, азғыру;

- ұйымдастырылған қылмыстық топқа кіргендерге, жеңілдік жағдайлар жасау, өз қатарларына тарту;

Ал тұрақты (адекватты) бейімделген адамдар оң бағытта болуы мүмкін.

Осындай сотталғандар :

- тәртіпті бұзбайды;

- жұмыс жақсы істейді;

- өзіндік ұйымдарға қатысады;

- түзеу мекемесінің әкімшілігінің талаптарын бұлжытпай орындайды;

- өзінің тәртібі мен әмоциясын бақылай алады;

- заңды түрде жағдайын жеңілдету жолын іздейді.

Осы жоғарыда айтылғандар бойынша оларда тұрақтылық қалпы пайда болады.

Тұрақтылық дегеніміз бұл ұзақ мерзімдік мақсатына жетуге деген бейімділік, бұл ұзақ жылға, кейде бүкіл өміріне арналған болу мүмкін.

Бағыттылықтың тұрақтылығы жеке бастың әрекетіндегі күмәнданудың қарама – қайшылықтың болмауының көрсеткіші, алға қойған мақсатына жетудегі табандылық.

Жеке бастың бағыттылығының түрлері. Психологияда жеке бастың бағыттылығының бір неше түрлері атап көрсетілді. Олар адамның қандайда бір нақты әрекетке немесе бір мезгілді іс - әрекеттің бір неше түріне берілгендігін (ұстанатындығын) сипаттайды, мұнда жеке бастың идеялық – саяси, кәсіби, әстетикалық, қоғамдық, тұрмыстық бағыттылығы ажыратылып көрсетіледі. Сотталғандарда осы бағыттылық түрлерінің барлығы оң жүйеге шығатын болса онда, олардың қайта тәрбиеленіп, түзеліп, қоғамдық өмірге қайта әлеуметтенуі мен қалыптасуына негіз болар еді.


Бақылау сұрақтары

1. Жеке бастың бағыттылығының жалпы сипаттамасы.

2. Сотталғанның жеке басының бағыттылығының сапасына баға беру.