БІРІНШІ  АРАЛЫҚ  БАҚЫЛАУ  ЖҰМЫСЫНЫҢ  ТапсырмаЛАРЫ.


Тапсырмалар:

1. Журналистің сұхбат алушы  адамы  қазақтың  батыры Бауыржан  Момышұлымен  алғашқы  тілдесуінде  қандай  қиыншылықтар  болды? Кейіпкер  сұхбат  бермеймін  десе  журналист  не  істеу  керек? Журналистің  жүрегі  неліктен  «май  ішкендей шайлықты»? Төмендегі  үзіндіні  оқып, осы  сұрақтарға  жауап  беру. Пікірталас  ұйымдастыру.

«1961  жылы  мен Алматыға  ауыстым. Сол  жылдың  жазында  Қазақстанның  қырық  жылдығын  тойлау  белгіленгенде   де, соған  арнап газетіміздің  мерекелік  қосымша  номерін  шығармақ  болдық.  Мерекелік  номерге басқа  авторлармен бірге  Момышұлының  да  мақаласы  жоспарланды.  Редактордың  орынбасары  ретінде  қосымша  жетекшілік  ету  маған  жүктелген  еді.  Мақаласын  ұйымдастыратын  авторларды  редакция  қызметкерлеріне  бөле  келгенде  жұрттың  бәрі  Бауыржаннан  қашқалақтап,  онымен  байланыс  жасаудан  тайсалақтай  берді.  Мен  оның  себебін  түсінбедім.

– Ол кісімен  сөйлесу  қиын, - деді партия  тұрмысы  бөлімінің  меңгерушісі  ақын  Құрманғали  Ұябаев.  - Көңілі түспесе ұрсып  тастайды, сөйлеспей  қояды.  Жігіттер сондықтан  батпай  отыр. Ол  кісімен  өзіңіз  сөйлескеніңіз  дұрыс.

Ақыры  Бауыржанның  үйіне  менің  телефон  соғуыма  тура  келді. Ар жақтан  трубканы  әйел  алды. Әйелмен  сәлемдескеннен  кейін  мен  Баукең  үйде  ме деп  сұрадым.

Үйде. Бұл  қайдан? Мен  қайдан  екенімді  айттым.  Әйел  «қазір»  деп  трубканы тастап  кетіп  қалды.

– Мен тыңдап  тұрмын, - деді бір  кезде  еркек  дауыс  трубканы  жарып  жібере  жаздай  гур ете  түсіп.

– Сәлеметсіз бе, Бауеке.

– Сәлемет.

– Бұл «Социалистік  Қазақстан»  газетінің  редакциясынан  ғой, -дедім  мен  шапшаңдата  сойлеп,  әскери  адам  жіті, қысқа,  нақ  сөйлегенді  ұнататын  болар деген  оймен. Содан  соң  лауазымым  мен фамилиямды  айттым  да,  бірден  бұйымтайға  кірістім. - Мерекелік  нөмірге  сіздің  мақалаңызды  жоспарлап  едік.  Соған...

– Тоқта, фамилияң  кім  сенің? - деді  Бауыржан  менің  жоғарыда  айтқандарыма  мән  берместен.

Мен  фамилиямды  қайталап  айттым.

  Мен  ондай  адамды  білмеймін,  - деді  Бауыржан  сөзін  нығыздай сөйлеп. Мен  сізбен  сөйлеспеймін....

Бұл  күнге  дейін  мен  газет  атынан  сөйлескен  кісіге  мұндай  жауап  берген  адамды  кездестірген  жоқ  едім.  Аудан,  облыс,  өлке басшыларымен  емін  еркін  сөйлесіп,  тілек  тапсырмамызды  бірден  айта  беретінбіз.  Үлкенді  кішілі  журналистермен  сөйлеспейтін,  олардың  өтінішін  орындаудан  бас  тартатын ешкім  болмайтын.

Момышұлы   маңдайдан  тарс  еткізіп,  екі  сөзге  келместен,  трубканы  ілді  де  тастады.

Абыржып, аң  таң  болып  мен  қалдым» (8-9 беттер).

                     Әзілхан  Нұршайықовтың  «Ақиқат  пен  аңыз»

                                                         роман-диалогы.      1992 жыл.


2. Адаммен қалай амандасқан  дұрыс,  қандай  талаптарды  ескерген  жөн?  Жазушы  кейіпкерінің  әлеуметтік  портретін қалай  сомдайды?  Романнан  төмендегідей  үзіндіні  оқып,  осы  аталған  сұрақтарға  жауап  іздеп  көріңіз. Пікірталас   ұйымдастыру.

«– Әй,  ашсаңшы, - деп  гүр  ете  қалған  зор  дауыс  естілді  менің  қоңырауымнан  кейін.  «Бұл  мықтының  өзі  болды» дедім  ішімнен.

Есік  ашылды.  Үстіне  аяғының  басына  түсе  сүйретілген  гүлді  көк халат  киген  сұңғақ  бойлы,  сымбатты  әйел  қарсы  алды.  Бұл – Бауыржанның  жұбайы  Кәмәш.  Батырдың  әйеліне бас идім  де,  кіруге  рұқсат  сұрадым.

– Кіріңіз.

Кірсем, есіктің  дәл  қарсаңында  кухня  бар  екен. Соның  төрінде,  таңертеңгі  шай  үстелінің  басында,  ескі  әскери  кительді  иығына  желбегей  жамылған,  үстіне  қайырма  жағалы,  омырауы  ашық,  сарғыш  түсті  көйлек,  жолақты  жұқа шалбар,  аяғына  жасыл  тапочка  киген  Бауыржан  отыр  екен.  Үстел  басында  еңсесін  тік  ұстап,  еті  қашқан  иегін  сәл  көтере  түсіп,  сырттай  кірген  кім  екен  деп,  есікке тесірейе  қарап  отырған  бір  сәт  маған  шығыңқылау бет  сүйегін,  суалыңқырау  ұртын,  салбыраңқы  мұртын,  кісіге  тайсалмай  тіке  қарайтын,  қарағанда  жанарынан  ұсақ-ұсақ ине  шашырап  жатқандай  боп  көрінетін  сәл  қысықтау  көзін,  қара  жартастай  қасқиып тік  жатқан  маңдайды  шималаған  жол-жол  әжімдерін шебер  қол  гранитке  айқындай  қашап,  айнытпай  түсірген  аса  бір  сұсты,  сол  сұстылығымен  тартымды  көрінетін  тас  мүсінге  ұқсап  кетті. Табалдырықтан  аттағаннан  кейін  мен  оң  қолымды  кеудеме  басып:

– Бауке, сәлеметсіз бе? -  дедім.

Бауыржан  үндемеді.  «Бәлей,  бүлдірдім-ау.  Ассалаумағалейкум  деп  айтпағаныма  қырсығып  отыр  ма?» - деп  мен  де  үнсіз  тұрып қалдым.  Бауыржан  өзіне  сәлемді  қазақша  бермеген  адамдарды  үйінен  қуып  шығады  екен  деп  естігенім  болатын.  Және  ондайда  бірден:  «Кругом!  Шагом  марш!»  деп  айтады  екен  деп  еститінмін.  Маған  да  солай  етер  ме  екен  деп  қатты  қысылып  тұрдым.

– Мұнда кел, - деді  Бауыржан  даусын  жылытпастан  маған  тесірейе  қараған  күйі.  Әлі  де  қуып шығар,  шықпасына  көзім  жетпей  сақтана  басып  қасына  барғанымда  Бауыржан  қолын  ұсынды.

– Аман есенбісің?  Отыр, -  деп  маған  арт  жағымдағы  бос  орындықты  нұсқады» (9-11 бб.). 

Әзілхан  Нұршайықовтың  «Ақиқат  пен  аңыз»

роман-диалогы. 1992 жыл.