5. Бұқаралық ақпарат құралдары

1. Мәтінді оқыңыздар.

Бүгінде Қазақстанның БАҚ-ы әлемдік деңгейді нысанаға алып, өз жолы мен қоғамдағы орнын анықтауға тырысып келеді. Өйткені журналистика жер жүзі бойынша шекараны білмейтін сала. Айтқан «әлемдік деңгейге» жету үшін уақытты да, мазмұндық  рухани сапаны да қажет етеді.

Республикамызда ақпарат құралдары әзірге мемлекеттік және мемлекеттік емес болып жұмыс істеп келеді. Қазір мемлекеттік ақпарат құралдары жалтақ, жоғары биліктің сөзін сөйлегісі келеді дейтін және тәуелсіз ақпарат құралдары еркін, айтарын жасырмай, тура айтады деген екіұдай пікір туындап отыр.  Біз осыны қалай түсінуіміз керек? Пікірдің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы? Мұның өзі бір адамның пікірі емес, кейбір әлеуметтік топтар арасында қойылған болжамдар болғандықтан, құлақ аспауға да, аттап өтуге де болмайтын нәрсе сияқты.

Қазақстан ақпарат құралдарының екі саласы да еліміздің хал-ахуалын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін айтпай отыр дей алмаймыз. Тіпті, бұл жағынан жақсы жұмыс жасап келе жатқанын атап өту керек. БАҚ проблемаларды қоғам айнасы ретінде, өз дәуірінің шежіресі  ретінде көрсетуден танған емес.

БАҚ өзінің негізгі функциясы – халықты ақпаратпен қамтамасыз ету болса, оған қоса, қоғамдық пікірді  қозғайтын әлеуметтік жағдай – демократия мен саясат, экономика мен мәдениет жөнінде де аналитикалық тұрғыдағы материалдар тасқынын бермей тұра алмайды. Оның үстіне ағартушылық рөлі тағы бар. Жас ұрпақ тәрбиесі де ұмытылмауы тиіс. БАҚ қашанда халық мүддесін ұмытпауы тиіс. БАҚ салауатты өмірге, өркениетке қызмет етпек.

Мемлекеттік емес ақпарат құралдары Қазақстанда  әжептәуір өркендеп отыр. Мұны қолдау керек әрі бұл уақыт, заман талабынан туындап отырған құбылыс екені анық.Олар мемлекеттен қаржыландырылмайды.Олар өздерін тым еркін сезініп, нағыз бостандықты жүзеге асырып отырмыз деп ойлайды.

Мәтінмен  жұмыс:

  1. Мәтінді мәнерлеп бірнеше  рет оқыңыз. Мәтіндегі таныс  сөздерді  бір  бағанға, бейтаныс  сөздерді екінші  бағанға жазыңыз.
  2. Есте сақтауға қиындық  тудыратын  сөздердің  синонимдік  қатарын  жасаңыз.
  3. Мәтіндегі күрделі сөйлемдегі  негізгі ойды  сақтай  отырып,  мәтінді  ықшамдап  жазыңыздар. 
  4. Мәтіннің бөліктеріне (абзацтарына) көңіл  аударыңыздар. Әр  бөлікке  ат  қойыңыздар.
  5. Сөздікті пайдалана отырып,   бейтаныс  сөздердің  аудармасын   анықтаңыз. 

2. Сөздерді қолдана отырып, шағын әңгіме құрастырыңыз. Әңгімеге ат қойыңыз және неге олай атағаныңызды түсіндіріңіз. Сөздерді жаттап алыңыздар.

Авиареклама – әуежарнама, автоматическая обработка текста – мәтінді автоматты өңдеу, автоматический перевод –  автоматты аударма, авторская завязка –  авторлық өтініш, сұраныс, авторская рукопись – авторлық қолжазба, авторский гонорар –  авторлық қаламақы, авторский знак –  авторлық белгі, авторское право –  авторлық құқық, адаптитвный диалог –  бейімделген сұхбат, аккредитация журналистов –  журналистерді тіркеу, актуальность –  өзектілік, маңыздылық, альтернативный вопрос – балама сұрақ, анализ –  талдау, анализ опыта работы СМИ – БАҚ жұмыс тәжірибесін талдау, аналитик –  талдаушы, аудиореклама –  дыбыстық жарнама, афиша –  жарқағаз, бегущая волна –  қума толқын, беседа за «круглым столом» -  «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме, вдохновение – шабыт, ведение передачи –  хабарларды жүргізу, ведущий –  жүргізуші, видеокадр –  бейнекөрініс, зарисовка –  суреттеме.


3. Төмендегі сөздермен бұйрықты, лепті, сұраулы, хабарлы сөйлем құраңыздар.

Жүргізуші, авторлық қолжазба,  жарқағаз, балама сұрақ,  хабарларды жүргізу,

автоматты аударма, авторлық өтініш, сұраныс,  авторлық  қолжазба, шабыт.


4. Келесі пікірлерге қалай қарайсыз? Ойыңызды ауызша дайындап келіңіз.

1. Қазіргідей капитал мен  олигарх  топтарға  тәуелділігі  арта  түскен  БАҚ-та  қызмет  ету,  ондағы  журналистерге  ар-ождан  кодексін  сақтай  білу  үлкен  сын  болып  тұр.  Бізге,  қалам  қайраткерлеріне,  осылардың  бәрінен  биік  тұратын  ұстаным  керек! Өткінші  саяси  ойындардың  ықпалынсыз,  елшіл,  отаншыл  рухта  жазылған  дүниелер  ғана  оқырманға  ұсынылу  қажет.                           

ф.ғ.д., профессор Н.О.Омашев

2. Францияда алғаш коммерциялық телевидение ашылады дегенде президент Жорж Помпиду «Бізде коммерциялық телевидение ашу – болашақ ұрпақтарымызды рухани азғындату болмақ», - деген екен.

3. Германия канцлері Г.Шмидт болса «Германияда коммерциялық телевидениеге рұқсат беру – елімізде атом бомбасын жару деген сөз», -  деп шошыған.

Бесінші апта бойынша ағымдық  қорытынды  бақылау.

  1. Қанша термин білесіз?
  2. Дана сөздерді жатқа айтыңыз
  3. Шығармашылық жұмыс (жазбаша). Тақырып  бойынша қорытынды  ойыңды  мақала ( өлең, әңгіме, эссе, шығарма  т.б.) арқылы  беріңіз