8. Қазақ баспасөзінің бастауы.

  1. Баспасөз басылымдарымен  күнделікті  танысып  отырасыз ба?
  2. БАҚ құралдарының  қай  түрін  көбірек  қолданасыз?
  3. Қазақтың алғашқы  газет-журналдары  туралы  не  білесіз?
  4. СҚО-ның қазақ   басылымдарын  атаңыздар. Қай  жылдан  бастап  шыға  бастады?
  5. «Парасат» газетін  оқисыз  ба?   

2. Мәтінді оқыңыздар.

а) «Түркістан уалаятының»  газеті.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің  толықтай жаулап алуына байланысты Қазақстанның  Орынбор, Орал тағы  да басқа  ірі қалаларында жергілікті ұлт  тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл басылымдар патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтары жергілікті халықтың санасын оятып, мол рухани байлыққа ие болуларына елеулі түрде әсер етті. Қазақ баспасөзінің тұңғышы «Түркістан уалаятының» гезеті  екендігі белгілі, ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет шығарыла бастады. Газеттің редакторы – ұлты башқұрт  болса да, қазақтың намысын қорғап, орыс және  шығыстың тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған азамат Шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Бұл басылымның аудармашылары әрі әдеби қызметкерлері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайқыәлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеді.

Газеттің ресми бөлімі болды. Ресми бөлімде патша өкіметінің бұйрық-жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім, ғылым, өнер және әйел теңдігі мәселелері қаралды.

«Түркістан уалаятының» газеті қазақтар үшін маңызды болды. Газет оқу-білім  жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Басылым  «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесінің таулы аймақтарында, Алматы, Ташкент, Түркменстанда жер сілкінгенін үзбей хабарлап тұрды. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, планеталар туралы түсініктер, ғылыми болжамдар  жарияланды.

ә)  «Дала уалаятының»  газеті  – қазақ тіліндегі екінші басылым.

Ол  Омбы  қаласында  1888  жылдың 1 қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін   14 жыл жарық көріп тұрған.  Оның орысшасы  «Киргизская степная газета»  деп аталған. Газеттің редакторы ретінде әр кезде И.Козлов, К.Михайлов, Г.Абаза  деген кісілер қол қойып отырған. Ал басылымның қазақшасын редакциялаған генерал-губернатор канцеляриясының аға тілмашы Е.Абылайханов пен Д,Сұлтанғазиндер болатын. Мұнда арнайы тілшілер ретінде Ш.Айманов, А.Шонаев, Ж.Аппасов, Б.Әбдіков жиі мақала жазып тұрған.

Газет патшаның реакцияшыл, отаршылдық саясатын насихаттайтын материалдарды жариялаумен қатар өзінің ресми емес бөлімінде егіншілікті өркендету, отырықшылыққа көшу, ғылым жаңалықтары, мәдениетке  ұмтылу (дәрігерлік көмек, мектеп ашу, қазақ тілін, әдебиетін дамыту проблемалары), ел басқару, сауда ісін жолға қою және т.б. көптеген мәселелерді қамтып тұрды. Сондай-ақ мұнда шетел және Ресейдің ішкі жаңалықтары, көршілес мемлекеттер жөнінде де хабарлар берілді.  Газет патша  үкіметінің  органы болғанымен  қазақ халқының өмір-тұрмысында прогресшіл рөл атқарған басылым. Бұл бағытта орыс ғалымдары мен саяхатшылары В.Радлов, Г.Потанин,  А.Алектров, П.Обручев, А.Ивановскийлер  жөн сілтеп, қамқорлық танытып отырды.

Қазақтар тұңғыш рет  газет арқылы орыс халқының В.Жуковский, А.Пушкин, М.Лермонтов, Л.Толстой, Г.успенский секілді атақты ақын-жазушыларының шығармаларымен танысты. Сондай-ақ газет  «Редакцияға хат» деген тақырыпта хаттар, арнаулы мақалалар жариялап, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілін дамытудың көкейкесті мәселелерін қозғады.

Дала уалаяты газетінде» қазақ тілін дамыту мәселелері жөнінде де пікір таласы болған. Онда «таза қазақ  тілінде кітаптар шығарса халыққа пайдалы болар еді», - деген ой  айтқан.

б) «Торғай»  газеті.

1869 жылы 2 қаңтарда Орынбор және Сібір ведомствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы деп атала бастады. Құрамына 4 уезд, 28  болыс қарайтын облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты. 1879 жылы  Орынбор қаласында облыстық басқарманың газет столы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета»  деген атпен ресми емес бөлімі 15 жылдай шығып тұрды.

«Торғай» газетінде  Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің өмірі және қызметімен таныстыратын материалдар жарияланды.

Газет көпшілікке пайдалы материалдарды қазақ әрпімен және араб әріптерімен қазақ тілінде жиі-жиі жариялап отырды. Әсіресе, сол кездегі жұтқа, эпидемияға байланысты материалдар, қоғамдық құбылыстарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін  басып отырды. Торғай облыстық басқармасының газет столының бастығы Ә.Балғымбаев болды (1902-1906 жылдар).

Ә.Балғымбаев осы кездегі Орынборда шығып тұрған басылымдарда ғылыми мақалаларды, халық ертегілерін, аңыз т.б. үлгілерін орыс тіліне аударып жариялап отырды.

Мәтінмен  жұмыс:

  1. Мәтінді мәнерлеп оқыңыздар. Мәтіндегі таныс  сөздерді  бір  бағанға, бейтаныс  сөздерді екінші  бағанға жазыңыз.
  2. Сөздік ойын, сөздік қор ( мәтіннен кез келген  сөздің  қазақша  аудармасын   сұрау).
  3. Есте сақтауға қиындық  тудыратын  сөздердің  синонимдік  қатарын  жасаңыз.
  4. Сөздікті пайдалана отырып,  таныс  емес  сөздерді  аударыңыздар.
  5. Мәтіндегі күрделі сөйлемдердің  негізгі ойын  сақтай  отырып,  2-3 сөйлемді  ықшамдап  жазыңыздар.
  6. Сан есімдерді сөзбен  жазыңыздар. Сан  есімнің  қай  түрі  екенін  анықтаңыз. Тыныс белгілерінің қолданылуына  назар  аударып, олардың айырмашылықтарын   түсіндіріңіз.

3. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

  1. «Торғай» газеті қай жылдан бастап шыға бастады?
  2. Газет қай қалада басылып отырды?
  3. «Дала уалаяты»  газеті қай жылдан бастап жарық көрді?
  4. Газет қай қалада пайда болды?
  5. Қазақ тіліндегі алғашқы газеттерді атаңыз.
  6. «Түркістан уалаяты газеті»   туралы не дер едіңіз?
  7. Газет қай жылдан бастап шыға бастады?
  8. Бұл газетте  қандай мәселелерге назар аударылып отырған?
  9. Газет қазақтар үшін неге маңызды болды деп ойлайсыз?

ЕСТЕ  САҚТАҢЫЗДАР

ДАНАЛАР  СӨЗІ

Перо лучший и превосходнейший творец и наставник красноречия (аударыңыз).

Сегізінші апта бойынша ағымдық қорытынды  бақылау.

  1. Қанша термин білесіз?
  2. Дана сөздерді жатқа айтыңыз
  3. Шығармашылық  жұмыс ( жазбаша). Тақырып  бойынша қорытынды  ойыңды  мақала ( өлең, әңгіме, эссе, шығарма  т.б.) арқылы  беріңіз.