ЕКІНШІ АРАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТапсырмаЛАРЫ.


Тапсырма:

1. Журналист үшін  сөзден  жаңылысу  дегеніміз не?  Сауатсыз  сұрақтар  қоюдың  соңы  неге  апарып  соғады?  Жазушының  екі  рет   сөзден  сүрінуі.  Шығарманың  үзіндісін  оқып,  өзіндік  ой  қорытып  көріңіз. Пікірталас ұйымдастыру.

– «Бауеке,  денсаулығыңыз  қалай?  Анада,   өткен  май  айында  ауруханада  жатқандығыңыздан  кейін  көрісіп  отырғанымыз  осы,  жүдеп  қалған  сияқтысыз  ба? – дедім  әңгімені   бастардан  бұрын.

– Мен салмын, - деді  ол  сәл  бөгеліп  барып.  Бауыржанның  не  айтқалы  келе  жатқанын  мен  қапелімде  аңғара  алмай  қалдым. «О  не  дегені?  Ақан  сері,  Біржан  сал  сияқтымын  дегені  ме?  Оны  неге  байланысты  айтып  отыр? – деп  ойладым.

– Сал аурудың  не  екенін  түсінесің  бе? – Мен  ол  сөздің  мәнісін  енді  ұқтым   да,   басымды   изедім.  Бауыржан   сөзін  қайтадан   жалғады.   – Мына  асқазан,  өкпе,  бауыр,  жүрек,  жұтқыншақ  дегендерің  тегіс  сап-сау. – Ол  алдымен  кеудесін  сипады  да,  екі  қолын  бірдей  беліне  апарып  тоқтады. – Ал  мына  жақ  ит  боп  кетті,  жүре  алмаймын.  Мұның  өзі  жұлын,  жүйкеге  байланысты  ауру.  Мен  екі  рет  ауыр  жарақаттанған  кісімін.  Бірақ  екеуінде  де  саптан  шыққамын  жоқ. 1942  жылы  полк  командирі  кезімде  омыртқама  оқ  тиді.  Санбатқа  жеткізгенше  ес  түсімді  білген  жоқпын.  Есімді  жисам,  етпетімнен   жатыр  екенмін.  Бас  жағымда  дәрігер  бірдеңе  деп  баж-бұж  етіп  тұр.  Бақсам  сөзі  мен  туралы  екен. «Бұл  кісіні  дереу  госпитальға  жіберу  керек»  деп  безек  қағады.

 Сонша  не  боп  қапты? - дедім  дірігерге.

– Омыртқаңызда оқ  қадалып  тұр,  жолдас  капитан, - деді  дәрігер одан  сайын  дегбірі  кетіп. – Сізді  дереу  госпитальға  жөнелтуіміз  керек.

Тістеніп,  әрең  дегенде  қолымды  жеткізіп,  арқамды  сипасам,  расында     да  оқ  бар  екен.

– Скальпелің бар  ма? -  дедім  дәрігерге.

– Жоқ.

– Өткір бәкің  бар  ма?

– Жоқ.

– Ұстараның жүзі  бар  ма?

– Бар.

– Ендеше соны  спиртпен  шай  да,  оқ  тұрған  жердің  етін  кес!

– Олай етуге  болмайды,  жолдас  капитан....

– Болады! Бұйырамын!  Орындамасаң  атамын! -  деп  етбеттен  жатқан  күйімде  оң  жақ  жамбасымдағы  кабураның  аузын  ағыта  бастадым.  Батырға  да  жан  керек  деген  емес  пе,  дәрігер  дереу  айтқанымды  істеуге  кірісті.  Ол  арқамды  кескілей  бастағанда  пистолеттің  сабын  сындырардай  қысып,  тісімді  шықырлап  мен  жаттым.

– Мінеки, жолдас  капитан,  оғыңыз! - деп  дәрігер  әлден  уақытта  омыртқама  тірелген  оқты  алып,  алақаныма  салды.  Жарамды  тандырып  алып,  арқамнан   алған  оқты  мені  санбатқа  жеткізген  Блоха  деген  жауынгерімнің  қолына  ұстата  салып,  жаумен  ауыр  ұрыс  жүргізіп  жатқан  полкке  қайтадан  жеттім.  Бірнеше  күн  қатарынан  жаумен  жағаласып,  жанұшырып  жүргенде  арқамдағы  жараны  ұмытып   та  кеттім.  Ол  бірде  суланып,  бірде  қарақотырланып,  бірде  қыши  бастап,  өзінен-  өзі  жазылып та  бітті.

– Ол жара  арқаңыздың  қай  тұсында? - дедім ойымда  бөтен  ештеңе  жоқ  мен,  батырлар  жырында  айтылатын:  «Омыртқада   он  жара,  қабырғада  қырық  жара»  дейтін  жолдар  есіме  түсіп.

Бауыржан  маған   алая  қарады  да,  жонын  беріп  теріс  айналып кетті. Үстіндегі  кительді  жауырынының  астындағы  көйлекпен  қоса,  жоғары  қарай  жұлқи  тартып,  тез  көтерді  де:

– Қара! - деп  зекіді  маған.

Мен  оның  етіндегі  жараның  орнын  тексерейін  деп  ойлаған  жоқ  едім. Ол  арқасын  жалаңаштай  бастағанда не  істерімді білмей,  бөгеліп  қалдым.

– Қара деймін!  -  деді  ол  даусын  одан  сайын  қатайта  түсіп.

Мен  амалсыздан  оның  қоңырқай  тәніне  көз  салып,  қолыммен  арқасын  сипалай  бастадым.

– Мына біреу  ме?  -  дедім  сегізкөздің  тұсындағы  титтей  тыртықты  көріп.

– Жоғары сырсаңшы  көйлекті,  адам  құсап, -  деді  Бауыржан  дегбірсізденіп.

Қолым  дірілдеп    көйлегін  жоғары  көтерсем,  расында  да  жауырынынан  бір  қарыстай  төмен,  қыр  арқасында  ақ  тыртық  бар  екен.

– Міне, таптым, -  дедім  сол  жерді  тапқаныма  қуанып.

Бауыржан  көйлегін   төмен   түсіріп,   үн-түнсіз    қайтадан  бері  бұрылды. Мен  қызарып  кеттім.  Сол  жарасы  бар  болғырдың   қай  жерінде  екенінде  не  шаруам  бар  еді  деп,  аузымнан  сол  сұрақтың  қалай  шығып  кеткеніне  өкіндім.  Енді  оған  ойланбай  сұрақ   қоймаспын  дедім  ішімнен.

Бірдеңені  бүлдіріп   алған  баладай  болып,  мен  үндемедім.  Ол  маған  мұрты  жыбырлап,  тесіле  қарап  отырды  да,  мойнын  ары  қарай   бұра  түсіп,  қайтадан   сөйледі ( 11-16 бб)».

«Екінші  ауыр  жараланғаным  1944  жылы, -  деді  ол  сөзін қайтадане  жалғап.  - Комдив  болып  жүргенде  құладым...

– Аттан  ба?  -  деппін  мен  Бауыржанның  жаңағыма  шамданып  өзімді  қуып  шықпағанына  қуанып,  әлгінде  ғана  енді  оған  ойланбай  сұрақ қоймаспын   деген  сертімді  іштей  ұмытып.  Деуін  десем  де,  тағы  да  бірдеңені  бүлдіріп  алдым  ба  деп,  қыбыжықтаңқырап  қалдым.

– Жоқ,  жаяу  келе  жатып, - деді  бауыржан  менің  бұл  сұрағыма  шамданбай.  Оңбай  құладым  және  жаным  шығып  кете  жаздады.  Біразға  дейін  жығылған  орнымда  қозғала  алмай  қалдым.  Есімді  жиған  соң орнымнан  тұрсам,  жерден  шошайып  шығып  тұрған  темір  қазыққа  тура  құйымшағыммен  құлаппын  ғой.  Содан  кейін  бірнеше  күн  атқа  отыра  алмай,  шалқамнан  жата  алмай  жүрдім.  Бірақ  соғыстың  қызуымен  тағы  да  госпитальға  соқпастан  кете  бардым.

Бауыржан  сәл  бөгеліп,  сөзін  қайта  жалғады.

– Мінеки,   осының  екеуі  де  жүйкеге  тікелей  байланысты  аса  ауыр  жарақаттар  еді. Оның  үстіне  207 рет ұрысқа  кіріп, 5 рет  қоршауда  қалған  кісімін. Соғыстың  әр  секундын  жүйкеге  қадалған  бір  ине  деп  есептесек,  сонда  менің  нерв  жүйеме  көзге  көрінбейтін  қаншама  жарақат  түсті  десеңші!  Жас  кезде  елеп  ескермей  жүре  бергенмен,  соның  бәрі  тереңге  көміп  тастаған  мина  сияқты  пәле  екен  ғой.  Міне,  алпысқа  шығып,  қуат  кеми  бастағанда,  сол  оқтар  сарт  етіп  шыға  келді де,  екі  аяқтан  ала  кеп  түсті.  Мінеки,   қарағым,  біздің  жай  осылай.

Бауыржанның  соңғы  сөздері  сәл  мұңдылау  болып  шықты. Оның  үстіне  басқа  адамдардың  аузынан  естілгенде  онша  әсері  бола  бермейтін  «қарағым»  деген  сөз  Бауыржан  айтқанда  соншама  жылы  сияқты  боп  сезілді.  Қатал  адамның  аузынан  шыққан  жылы  сөздің  жанға  ерекше  әсері  бола  ма деп  ойладым  ішімнен (16-17 бб)».

Әзілхан  Нұршайықовтың  «Ақиқат  пен  аңыз»

роман-диалогы. 1992 жыл.