4. Журналистің сөйлеу мәдениеті

1. Мәтінмен таныспас бұрын мына сауалдар бойынша ойларыңызды айтыңыздар.

  1. Сөйлеу мәдениеті дегеніміз не?
  2. Тартымды, көркем сөйлеу  тәсілдері.
  3. Сөйлеу кезінде мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, фразеологиялық  тіркестер  не үшін  қолданылады?
  4. Тұрмыстық тіл  қатысу дегеніміз  не? Тіл қатысу процесінде қандай  жайттарды ескеру  керек?
  5. Іскерлік тіл қатысу дегеніміз не?
  6. Қазіргі кездегі  телерадио  журналистерінің  сөйлеу мәдениеті қандай? Кімдерді атар  едіңіз?
  7. Ұлттық  тәрбиенің  сөйлеу  мәдениетіне әсері қандай?

2. Мәтінді оқыңыздар.

Біздің  заманымызда  белсенді, іскер,  өмір  ағымына  бейімделгіш  адамдардың  өмірден  өз  орнын  ойып  тұрып  алатын  уақыты  екені  жасырын  емес. Ал  адамдарға  тән  жоғары  деңгейдегі  қабілеттердің  алдыңғы  санатына   жататыны – сауатты сөйлеу,  кез-келген  адаммен  тіл  табыса  білу өнері  жоғарыда  аталған  жандардың  алдыңғы  кезектегі  қаруы  десек  қателеспейміз.

«Ойдың  тілі – сөз» десек,  кез-келген  адам  айтар  ойын  тыңдаушыға  дұрыс  жеткізу  мақсатын  көздейді,  яғни  сөз  қолданады. Біз  күнделікті  өмірімізде  қолданатын  сөздерімізге  көп  жағдайда  жете  мән  бермейміз,  ал  көпшілік  алдына  шығып  ой  айтарда,  өз  пікіріңді  жария  етерде  немесе өз  ой-тұжырымдарыңды,  көзқарасыңды  біреулерге  мойындатар  сәтте  тіл  қатысу  процесінің  өз  өміріңізге  қандай  маңызды  рөл  атқаратынын  түсінесіз. Таныс  емес  адамдардың  сізді   «шекпеніңізге  қарап  қарсы  алып,  сөзіңізге  қарап  шығарып  салатынына»  шын  мәнінде  кейде  көз  жеткізесіз. Табиғат  адамға  сөйлеу  мәдениеті  сияқты  тамаша  сый  тарту  еткенін  сол  мезетте  ғана  мойындайсыз.  Ал  өмірімізде  болып  жатқан  көптеген  түсініспеушіліктердің,  қақтығыстардың,  келеңсіз  жайттардың  түп  төркіні  бір  ауыз  сөзде, яғни  сөйлеу мәдениетінде  жатқанын  ескере  бермейміз.   

Әр  журналист  үшін  сөйлеу  мәдениетінің  заңдылықтарын  білу – ең басты  шарттардың  бірі, әсіресе  телерадиода  жұмыс  істейтін  мамандарымыз  үшін. Телевидениеде  жүргізушінің   сыртқы  келбеті  бірінші  кезекте  бағаланады,  ал  радиода  ең  бастысы  жағымды  үн,  мәнерлі  дауыс  қажет  десек  те,  екі  жағдайда  да  журналист  сауатты  сөйлей  білмесе,  өз  ойын  мәнерлеп  жеткізе  алмаса  көпшіліктің  көңілінен  шығып,  кәсіби  шеберлікке  қол  жеткізем  деу  бос  әурешілік.  Сондықтан  сөйлеудің  қарапайым  заңдылықтарын  білу  журналистерге  қойылар  басты  талап  болмақ.

Сөйлеу  мәдениеті  дегеніміз  тек  қана  сауатты  сөйлей  білу  ғана  емес,  ол  ең  алдымен  әдемі  сөйлей  білу  қабілеті, ол үшін  ашық  дауыс,  анық  тіл, еркін  тыныстай  білу  қажет. 

      Қазіргі  заманда  уақыт   журналистерге  жаңа  талаптар  қойып  отыр. Білімді  болу,  өз  кәсібіңнің  қыр-сырын  жетік  меңгеру  аз,  маңайыңдағы  адамдармен  ортақ  тіл  табыса  білу  қабілеті,  халықтың  көкейіндегісін  дәл  таба  білетін  ұшқырлық,  адам  жанын  толғандырған  мұң-мұқтажын  сезінетін  сезімталдық,  ең  бастысы  қырағы  көз  бен  сауатты  тіл  керек. «Көкіректе   ой  сайрап  тұр,  құдай  тілді  байлап  тұр»  деген  жағдайды  тіл  мамандары,  оның  ішінде  журналистер  бастан  кешпеулері  керек. Керісінше,  журналистер  өз  ойын  сауатты  тілмен  жеткізіп,  кез-келген  тақырыпта  шешіле,  көсіле  сөйлей  білетін  қабілетке  ие  болулары  керек. Журналист  болам  деген  адам  ең  алдымен  сөз  өнерінің  қарапайым  заңдылықтарын  меңгеріп  алуы  керек,  ал  сөйлеу  мәдениетін  игеру  содан  кейінгі  кезектегі  шаруа.

Әлихан  Бөкейханов  ағамыз  айтқандай  қазіргі  таңдағы  журналистердің  ең  басты  міндеті – ақылды сөз  қылмақ, яғни  ел  құлақ  асарлық,  ел  ойланарлық  көсемсөзді  қару  ету.  Ал  ойлы  сөзді  бұқаралық  ақпарат  арқылы  тарата  отырып,  оны  іс  жүзінде  асыруға,  жүйелі  сөзге  елді  ұйытып,  құлақ  асуға  оның  пәрменділігі  мен  қауқары  жетсе  журналист  кәсібінің  шынайы  болмысы  сонда  танылады.

Мәтінмен  жұмыс:

  1. Мәтінді мәнерлеп бірнеше  рет оқыңыз. Мәтіндегі таныс  сөздерді  бір  бағанға, бейтаныс  сөздерді екінші  бағанға жазыңыз. Жазылған  сөздерді  мәтіннің  көлемімен  салыстырыңыз. Мәтінді  қанша  пайызға  түсінгеніңізді  анықтаңыз. Маңызды ақпаратты анықтаңыз.
  2. Есте сақтауға қиындық  тудыратын  сөздердің  синонимдік  қатарын  жасаңыз.
  3. Тірек сөздерді теріп  жазыңыздар.  Тірек  сөздерге  сүйене  отырып,  мәтіннің  мазмұнын  ауызша баяндаңыздар. 
  4. Мәтіндегі күрделі сөйлемдегі  негізгі ойды  сақтай  отырып,  мәтінді  ықшамдап  жазыңыздар. 
  5. Мәтіннің бөліктеріне (абзацтарына) көңіл  аударыңыздар. Әр  бөлікке  ат  қойыңыздар.
  6. Мәтіндегі айтылған дана  сөздердің  мағынасын  түсініп,  жаттап  алыңыздар.
  7. Түсіндірмелі сөздікті пайдалана  отырып,  өмір  ағымына  бейімделгіш (бейімделу), көкіректе   ой  сайрап  тұр,   құдай  тілді  байлап  тұр,    құлақ  асу,  ел  ойланарлық,  көсемсөзді  қару  ету,  елді  ұйытып    сөздерінің  мағынасын  анықтаңыз.

3. Жақшаны ашып, ішіндегі етістіктердің лайықтысын жазыңыздар. Түсіндіріп беріңіздер. Аударыңыздар.

 Бірінші,  бұл  тақырып  шын  мәнінде  мені  (қызықтыра, қызықтырса)  ма  немесе  мен  үшін  қызықты  тақырып  ( болғысы, бола)   ала ма?

Екінші,  бұл  мәселе  жөнінде  жеткілікті  дәрежеде  ( біледі, білем)  бе  және  қажетті  деректер ( ұсына  алам, ұсына  алады)  ба?

Үшінші,  белгіленген  уақытта  өз  сөзімді  ( аяқтап, аяқтай  алам)  ба?

Төртінші,  егер  өзім  тыңдаушыларды  нақты  бір  айтылған  ойға  ( сендіру, сендіріп),  ұйытқым  келсе,  ең  алдымен  бұл  шындыққа  өзім  (сенем, сенеді)  бе?

Бесінші,  менің  тақырыбым  мен  мақсатым  тыңдаушылардың  мүдделеріне,  білім  деңгейлеріне  сәйкес  (келе, келдік)  ме? 


ЕСТЕ  САҚТАҢЫЗДАР

ДАНАЛАР  СӨЗІ

Ойнап  сөйлесең  де  ойланып  сөйле. 

Айтылған   сөз,  атылған  оқ.


4. Орны ауыстырылып берілген жақша ішіндегі дұрыс емес сөздерді мағынасына қарай орналастырыңыз.

Журналистің  жеке  басына  тән  қасиеттерді  төмендегідей  жіктеуге  болады,  яғни  ең  бірінші  адамға  ( тіл )  керек,  сол ақылды  сауатты  етіп  жеткізетін  ( рух )  керек,  сонымен  қоса  ұлт  мүддесі  үшін  күресетін  (қайратың )  керек,  рухын  биік  болса,  өмірлік  мұраттарыңды  іс  жүзінде  орнықтыруға ( ақыл )  жетеді,  ал  осы  тізбектеген  адамға  керек  қабілеттердің  барлығы  санаңда  сүзгіден  өтіп,  ой  талқысына  түсуі  керек,  сонда  ғана  өзіңнің  елің  үшін  жасаған  қызметіңмен  мақтануға  болады.

Тапсырма: 1.Мәтінде кездесетін жеке басына тән,  ақыл, тіл, рух, ұлт мүддесі, сөздерінің  мағынасын  түсіндіріңіз.

  1. Түсіндірме сөздік арқылы рухын биік болсын, өмірлік мұрат сөзінің мағынасын  анықтаңыз.
  2. Септік жалғауында тұрған сөздерді  теріп жазыңыздар да,  қай септікте  тұрғанын анықтаңыздар және қолданылу ерекшелігін түсіндіріп беріңіздер. Сөйлем арқылы дәлелдеңіздер.

Төртінші апта бойынша ағымдық қорытынды  бақылау.

  1. Қанша термин  білесіз?
  2. Шығармашылық жұмыс ( жазбаша). Тақырып бойынша қорытынды  ойыңды  мақала ( өлең, әңгіме, эссе, шығарма  т.б.) арқылы  беріңіз.   
  3. Дана сөздерді жатқа айтыңыз