1. Бақылау диктанты.
ХХІ ғасырға адамзат зор жетістіктермен, әлеуметтік-экономикалық табыстармен еніп отыр. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары кең қанат жайды. «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші (А.Байтұрсынов), көп жетістіктердің болмысы мен сипатын газет-журнал, радио, телевидениенің прогрестік мәнінен аңғарамыз. Ақпараттық технология өз мүмкіндіктерін тереңдей ашуда.
1776 жылы саясатшы әрі публицист Э.Берк айтқандай, БАҚ-ты «төртінші билік» санап, көпшілік арасында пікір қалыптасып кеткені секілді, журналистикада жаңа көзқарас, ұғымдар пайда болып отыр. Бұл БАҚ-қа деген ерекше ықылас, назар аударудан туған оң тенденция, халықтық ниеттен келіп шығатын пікір-түйіндер нәтижесі.
Әлемдік журналистика дегенде (оның ішінде қазақ журналистикасы да бар) даму, қалыптасу жолдары өзара ұқсастықтар мен де, өзіндік өзгешеліктермен де ерекшелетіні белгілі жәйт. Себебі журналистика – қайда да журналистика. Мейлі Еуропа, мейлі Азия, мейлі Америка болсын оның міндет-борышы замана талабына орай қалыптасады.БАҚ пен журналист Францияда, АҚШ-та немесе Жапония мен Қырғызстанда т.б. жер шарындағы екі жүздей мемлекетте күнделікті істерін тиісінше атқаруда.
Алайда бұл ретте мына жайларға назар аударған жөн. Әлемдік журналистиканың аймақтық, сондай-ақ әрбір мемлекеттік және ұлттық мәселелерге сай жұмыс істеуі қалай? Журналист пен БАҚ-тың алға қойған мақсат-мүддесі мен позициясын анықтау керек. Мұның өзі саясат пен қоғам дамуына, елдік мүддеге қатысты болып келеді. Журналистиканың әр жерде өзіндік ерекшелігі болады.
Дамыған елдердің көпшілігінде конституциялық тұрғыда баспасөз бостандығына шек келтірмейді, азаматтардың сөз бостандығы құқығын сақтау мағынасындағы тұжырымдар жасалған.
Біздің Қазақстанда да аталмыш концепция Конституциямызда айқын көрсетілген. Мысалы, 20-бапта былай деп жазылған: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады».