Кіріспе


Қазақстан республикасының білім туралы заңы (27.07.2007, № 319) - осы заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

4-Тарау. Білім беру мазмұны

21-бап. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары

  1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламалары біліктілікті және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.

Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтап, “бакалавр” академиялық дәрежесі берілген адамдар біліктілік талаптары жоғары білімі болуды көздейтін лауазымдарды атқара алады.

  1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдар­ламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін, базалық пәндердің циклін, бейіндеуші пәндердің циклін зерделеуді, сондай-ақ тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.

Пәндердің әрбір циклі міндетті құрамдас бөлікті пәндерден және таңдау бойынша құрамдас бөлікті пәндерден тұрады. Білім алушылардың таңдауы бойынша құрамдас бөліктен тұратын пәндер әрбір циклде міндетті құрамдас бөлікті пәндерді мазмұндық толықтыруы тиіс.

Университеттер конкурстық негізде оқытудың жаңа сапалық жетілдірілген технологиялары, әдістері мен нысандары бар инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге құқылы.

  1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру мерзімі мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартымен айқындалады және кемінде 4 жыл болуға тиіс.
  2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азаматтар үшін жоғары оқу орындары оқыту мерзімін қысқартуды көздейтін кәсіптік оқу бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
  3. Әскери жоғары оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлеген және олардың мемлекеттік басқару органдары бекіткен әскери мамандықтар бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
  4. Интернатураның кәсіптік оқу бағдарламасын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекітетін клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

Интернатура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

22-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары

  1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогтік даярлық деңгейін дәйектілікпен арттыруға бағытталған.
  2. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны: базалық және бейіндік пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; пракиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
  3. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізбесін бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған азаматтарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

5-Тарау. Білім беру қызметін ұйымдастыру

35-бап. Жоғары білім беру

  1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар азаматтар алады. Азаматтың конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар.
  2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консер­ватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.

Инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық университеттер болып табылады.

Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.

  1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және (немесе) “бакалавр” академиялық дәрежесі беріледі.
  2. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және (немесе) оған кіруге құқылы.

36-бап. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру

  1. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімді жоғары білімі бар азаматтар алады.
  2. Ғылыми және педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарына “Болашақ” халықаралық стипендиясының стипен­диаттарын оқуға жіберу арқылы жүзеге асырылады.

Әскери мамандықтар бойынша магистратураның кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыру әскери жоғары оқу орындарының адьюнктурасында жүзеге асырылады.

  1. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде:

1) екі жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогтік;

2) кемінде бір жыл оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан табысты өткен және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған білім алушыға тиісті мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі беріледі.

  1. Докторантурада магистратураның кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде кемінде үш жыл оқу мерзімімен философия докторлары (PhD) мен бейіні бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.
  2. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтік білім беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.

Резидентурада мамандануына қарай оқыту ұзақтығы екі жылдан төрт жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша тереңдетіле даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

Оқытушыны кәсіби даярлауға қойылатын талаптар (оқытушы моделі)

Қазірі уақытта қоғамның жоғары педагогикалық білімі бар мамандарға деген талабы жоғарылады.

Жаңа формация оқытушысы – рухани дамыған, рефлексияға қабілетті, кәсіби дағды, педагогикалық дарынды, жаңаға ұмтылушы шығармашылық тұлға, тек қана қасиеттер мен сипаттамалар жиынтығы емес, тұтас динамикалық қалыптасушы, логикалық орталық және әлеуметтік, кәсіби позициясын құрайтын қажеттілік-мотивациялық сферасы болып табылатын негіз болып табылады.

Оқытушы білім берудің өзіндік құндылығын анық түсінуі керек, «мәдениеттегі адам» болуы керек, өз пәнін, пәнді оқыту әдістемесін, педагогика мен психологияны жақсы білетін, тұлғалық-бағдарланушы педагогикалық әдістерді қолданатын және өзінің тұлғасын дамытуда, әрі қарай өсу мотивациясын меңгеруі керек. Сонымен қатар, өз кәсібіне жан-тәнімен берілген, деонтологиялық даярлығы бар ұстаз болуы керек.

Болашақ маман өз пәнін біліп қоймай, педагогикалық процесте әрбір қатысушының орнын көре білуі керек, білім алушылардың іс-әрекетін ұйымдастыра алатын, оның нәтижесін көре біліп, мүмкін болатын ауытқуларды түзете алуы керек. Мұндай нәтижеге жету үшін ЖОО-да болашақ ұстазды даярлауды кезең бойынша өткізуі керек.

Біріншіден, алынған білім негізінде жеке тұлғаның кәсіби іс-әрекеттің белгілі бір саласына бағыттылығын қалыптастыру керек. Теориялық білімдерді тәжірибеде қолдану арқылы болашақ ұстаздарда теорияны тәжірибелік әрекетке ауыстыру әдістемесі қалыптасады, яғни кәсіби іс-әрекеттің белгілі бір технологиясы және кәсіби өзіндік сана неіздері құрылады. Мамандығы бар әрбір адам оның жеке тұлғалық, мазмұнды және процессуалды (технологиялық) сынды үш аспектісіне назар аударады.

Кәсіби білім беруді реформалау мәні болашақ маман тұлғасын қалыптастыру (тұлғалық аспект) тұрғысынан қалыптастыру, алынған білімдер мазмұны мен құрылымына өзгерістер енгізу (мазмұнды аспект), стандартты шығармашылық кәсіби міндеттерді шешуде практикалық әрекетте (технологиялық аспект) алынған білімдерді қолдану.

Мұғалімнің кәсіби іс-әрекеті нақты пән саласымен байланысты. Кәсіби даярлықтың жетекші идеясы – болашақ мұғалімдердің білімдері мен практикалық әрекеті кәсіби іс-әрекет объектісі ерекшеліктеріне адекватты болуы керек.

Екіншіден, болашақ ұстазға «педагог-студент» жүйесінде әрекет жасай алу керек. әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді оқу барысында алынған білімдер мұғалімге оқу мекемесінде педагогикалық процесте гуманистикалық қатынастар ролін ұғынуға көмектеседі. Оқушы әрекет объектісінен іс-әрекет субъектісі роліне енуі керек.

Үшіншіден, ұстаздың кәсіби іс-әрекет жағдайына, оқу мекемесінің педагогикалық процесінің қатысушыларының өзара әрекетіне бейімделуі қажет. Психологиялық бейімделу – оқушылар іс-әрекетін ұйымдастыру әдістемесін меңгеру.

Төртіншіден, педағоғикалық білім беруді реформалауда инновациялық, шығармашылық типті ойлауға қабілетті болашақ ұстазды тәрбиелеу идеясы жетекші болып саналады. Педагогикалық іс-әрекеттің шығармашылық бағыттылығы болашақ ұстаздан келесілерді талап етеді:

  1. болашақ педагог ретінде өз мүмкіндіктерін бғалай алу, өзінің әлсіз және күшті сапаларын ажырата алу (өзіндік регуляция ерекшелігі, өзін-өзі бағалау, эмоционалдық көріністер, коммуникативтік, дидактикалық қабілеттер, т.б.);
  2. интеллектуалды іс-әрекеттің жалпы мәдениетін меңгеру (ойлау, ес, қабылдау, елес, зейін), мінез-құлық және педагогикалық мәдениеті;
  3. әлемдік білім беру кеңістігінде болып жатқан тенденцияларға бағдарлана алу, яғни қазіргі білім беру мұғалімнің кең тілді дайындығын көрсететін полимәдениетті болып келеді

Бесіншіден, жоғары мектепте болашақ ұстаздарды даярлауда білім беру мазмұнын жаңартудың маңызды бағыты еліміздің басқа халықтарының тарихы және мәдениетімен өзара байланыста ұлттық рухани мәдениеттің қайта өрлеуі негізінде ұстаздың тұлғасының шығармашылық потенциалын байыту және өсуін қамтамасыз ету болып табылады.

Жоғарыда көрсетілгендер болашақ ұстаздарды даярлаудың тұтас жүйесінде қазіргі нарық жағдайында жұмыс жасай алатын ұстаздар даярлауға бағытталған жоғары кәсіби білім берудің кәсіби-білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды талап етеді.

ҚР-да педагогты кәсіби даярлау шығармашылық іс-әрекетке даярлығын, кәсібилікті мақсатты қалыптастыруды көрсетеді.

ЖОО-да бұл процесс ұстаздың жан-жақты тұлғасының құрылуы ретінде қарастырылады. Педагогтың жан-жақтылығы үш топтың жасалуына байланысты: жалпымәдени (өмірге көзқарас) компетенция; әдістемелік (психологиялық-педагогикалық) компетенция; заттық-бағдарлық компетенция.

Әрбір оқу жылы әртүрлі нақты өзіндік мақсаттарды жүзеге асыруга бағыталуы керек. Бұл мақсаттардың жиынтығы ұстазды даярлау процесіне әрбір оқу пәнінің мүмкінідігін пайдалану арқылы тұтастық сипат береді, сондай-ақ барлық білім беру процесінде психологиялық-педагогикалық пәндер кешенін қолдануға мүмкіндік береді.

Кәсіби педагогикалық білім берудің құрылымын реформалау және мазмұнын өңдеуде келесілерге назар аудару қажет:

  • тұлғалық-бағдарлық сипаттағы кәсіби-педагогикалық даярлықтың үздіксіздігі;
  • кәсіби іс-әрекет объектісі теориясының приоритеті;
  • теория мен тәжірибе бірлігі;
  • бірінші курстан бастап соңғы курсқа дейін теориялық білімдердің біртіндеп қорын молайту;
  • теориялық білімдерді тәжірибеге ауыстыруды үйрену (педагогикалық технологияларды меңгеру);
  • ұстаздың стандартты және стандартты емес (шығармашылық) кәсіби міндеттерін шешу тәсілдерін үйрену;
  • педагогикалық процесс күйін зерттеу диагностикасын және оның нәтижесін оқу-тәрбие жұмысында қолдануға үйрену.