I Бөлім · 1-тақырып

Тыныс белгілері туралы жалпы түсінік

Тыныс белгілерін дұрыс қолдана білу жазбаша және ауызша сауаттылықты арттырады және синтаксистік құрылымдарды терең меңгеруге ықпал етеді. Қазақ тіліндегі сөздер өзара әртүрлі синтаксистік байланыстарға түседі, ал сол байланыстарды мағыналық тұрғыдан айқындап, сөйлемді түсінікті етуге қызмет ететін негізгі құрал – тыныс белгілері. Әрбір тыныс белгісінің өзіндік интонациялық ерекшелігі бар және тыныс белгісі мен интонациялық кідіріс бір-бірімен үйлесіп, сөйлеу мен мәтіннің эмоционалдық реңін айқындайды.

Ойымызды дәл әрі айқын жеткізу үшін сөйлемдегі әрбір тыныс белгісін орнына қойып, синтаксистік құрылымдар мен мағынаны нақты көрсету қажет. Пунктуациялық нормаларды білмейінше, сауатты жазба мәтін құрастыру мүмкін емес, ал дұрыс қолданылған тыныс белгілері жазбаша сөйлеу мәдениетін, мәтіннің логикалық құрылымын және эстетикалық тұтастығын қамтамасыз етеді.

Тыныс белгілері – тек грамматикалық құрал ғана емес, ойды жүйелеуге, сөйлем мен мәтіннің мағынасын дәл жеткізуге мүмкіндік беретін маңызды таңба. Оларды меңгеру білім алушыларға тілдік талдау дағдыларын қалыптастыруға, мәтінді логикалық тұрғыдан құруға, ойды нақты әрі ықшам жеткізуге және жазбаша коммуникацияны жетілдіруге ықпал етеді. Сонымен қатар тыныс белгілері ой өрісінің құрылымын, сөйлеу логикасын, мәтіннің қабылдануы мен тілдік мәдениетті қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Осы тұрғыдан қарағанда, тыныс белгілері тек жазу мәдениеті мен сауаттылықты арттырып қана қоймай, тілдік ойлаудың құрылымдық негізін қалыптастыратын, мәтінді түсінікті әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік беретін әмбебап құрал болып табылады.

Пунктуация латынның punctum – «нүкте» деген сөзінен алынған. Ол интонацияны белгілеп қоймайды, керісінше, дұрыс қойылған тыныс белгілері сөйлемді тиісті интонациямен оқуға бағыт береді. Пунктуация ауызекі тілдегі ритмді, паузаларды, дауыс қарқыны мен екпін сияқты әртүрлі интонациялық құбылыстарды көрсетуге мүмкіндік береді.

Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, түсіну де жеңіл болады. Жазушы тыныс белгілерін дұрыс пайдалана отырып, ойы мен сезімін дәл жеткізеді және мәтінді қабылдаушының оны дұрыс түсінуіне жағдай жасайды. Мысалы, «Қотыр – қойдың соры» деген мақалдағы «қотыр» сөзінен соң сызықша қойылса, «қотыр» бастауыш ретінде бөлініп, сөйлемдегі грамматикалық байланыс айқын көрінеді. Ал егер «қотыр» сөзінен соң тыныс белгісі қойылмаса, сөйлемде «Қай қойдың?» деген сұрақ туады.

Тыныс белгілері – синтаксистік категория, сондықтан пунктуацияны зерттеу синтаксистік құрылымдарды зерттеумен тығыз байланысты. Пунктуация ережелері тілдің грамматикалық құрылысына тәуелді болады, ал тыныс белгілерін дұрыс қоймау кейде сөйлемнің мағынасын бұзып, мәтіннің ойды жеткізуін қиындатады.

Тыныс белгілерінің ережелері тек интонацияға немесе грамматикалық құрылымға ғана емес, айтылған ойдың мағыналық аспектілеріне де сүйенеді. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе әртүрлі авторлар тарапынан әр қырынан қарастырылған. Мысалы, Ш.Сарыбаев қазақ тілі пунктуациясының негізін интонация деп анықтаған. Алайда тыныс белгілерін тек интонацияға сүйеніп қоюға болмайтыны да дәлелденген. С.Жиенбаев тыныс белгілерінің қойылуын сөздердің синтаксистік байланысына негіздесе, М.Балақаевтың пікірінше, тыныс белгілерін дұрыс қолданудың негізі көбіне дауыс ырғағы мен интонацияға байланысты болады.

А.Ысқақов пен Ә.Хасенов тыныс белгілерінің негізін сөйлемдердің грамматикалық құрылымы, сөздердің мағыналық ерекшеліктері және ауызекі тілдегі ритмика-мелодика (интонация мен пауза) құрайтынын көрсетеді. Олар тыныс белгілерін тек грамматикалық құрылымға ғана емес, сөйлемнің мағыналық және интонациялық ерекшеліктерімен де байланыстырады.

Ф.Мұсабекованың пайымынша, тыныс белгілері бірде сөйлемнің құрылымына, бірде мағынасына, бірде айтылу ерекшеліктеріне қарай қойылады. Сол себепті тыныс белгілерінің негізі синтаксис, мағына және интонация арасындағы өзара сабақтасу арқылы айқындалады.

Әр тыныс белгісінің өзіндік қолданылу принциптері бар. Мысалы, нүкте, үтір және жаңа жол көбіне сөйлемнің құрылымына сүйеніп қойылса, қос нүкте, нүктелі үтір және сызықша көбіне сөйлемнің мағынасына және ақпаратты нақты бөлшектеуге байланысты қолданылады. Осылайша, тыныс белгілерінің жүйесі синтаксис, мағына және интонацияның бірлескен әсерімен қалыптасып, мәтіннің логикалық, ритмикалық және мағыналық тұтастығын қамтамасыз етеді.