II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 5-тақырып

Айқындауыш сөздердің тыныс белгілері

Айқындауыш – анықтауыштың ерекше бір түрі. Айқындауыш анықтайтын сөзінен кейін келіп, оның мағынасын, атауын, мүшелік қызметін басқа сөздер арқылы нақтылап, дәлелдеп, түсіндіріп тұратын сөз не сөздер тобы болып табылады. Айқындауыштар құрылысына қарай үш түрге бөлінеді:

1) қосарлы айқындауыш;

2) қосалқы айқындауыш;

3) оңашаланған айқындауыш.

Қосарлы айқындауыш дефис арқылы жазылады: ақын-жазушы, диван-кереует, мектеп-интернат. Қосалқы айқындауыш айқындайтын сөзден бөлек жазылады: Абай ақын, Қазыбек би, Ақан сері. Оңашаланған айқындауыш өзі айқындайтын сөзінен үтір немесе сызықша арқылы бөлініп жазылады: Нағима самауыр қойып, қазандықтың астына от жағып, қонақтарға дәм дайындағанша, бұл үйдің ет жақын адамдары – ерлері де, әйелдері де – құдалар келіпті деген хабарды естіген соң, тез жиналып қалды. (Н.Ғ.) Өзім ұшырған қыраныма, Нұрланыма, жұрт жапқан жалаға мен де сеніп жүр деп қалып па ең? (Ә.Ә.)

 

57-жаттығу. Сөйлемдерден айқындауыштарды тауып, астын сызыңыздар. Оңашаланған айқындауышқа тиісті тыныс белгілерін қойып, қойылу себебін түсіндіріңіздер.

Студенттердің құрылыс отрядында бірге жұмыс істеген күндерде бірін-бірі жақын танып, жақсы көрген екі жігіт Әділбек пен Мұқан кейін ажырамас дос болып, екеуі ағайынды адамдардай боп кеткен еді. (Н.Ғ.) Қазақ ақын-жыраулары тілінің қайнар көзі мен сөз мүсінін жасайтын қалыбы – ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті тілі болғандықтан, кейбір суреттеу құралдары жағынан бұлар ұқсас түседі. (Р.С.) Мұнда осы ауылдардың атасы, бұл күнде өзі қайтыс болған Махмұт деген ноғайдың бес баласының үшеуі отыр. Солардың үлкені төрге жуық отырған, мынау ерекше кесек денелі Жақып. Екіншісі және де толық, биік келген, үлкен ақсұр жүзді, қара қас, қара сақалды, үлкен қара көзді Мұса. Үшіншісі бұл ауылдың кенжесі, осы үлкен үйдің иесі, жас, толық, орта бойлы, ақшыл қызғылт, сұлу жүзді жігіт Мұсабай. Және осылармен түсі, денесі, үлкен көзі, мұрны ұқсас келген жас жігіт Нұртаза бар. Ол – дәл осы отырған жігіттердің туған жиені. (М.Ә.) Ұзақ түн бойында ас пен сауық кезектесіп ауысып отырған кездерде әрбір әредікте домбырашы Ақылбай әнші-күйші Әлмағанбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындатып іліп тартып ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды. (М.Ә.) Жұмыр шал осы ауылдың қасына көшіп келген соң Ысқақтың осы кесір кердең Мәніке бұл екі баланың атын мазақ еткен. (М.Ә.) Дегенмен осы айтылғандарды ескере отырғанның өзінде авторсыз ортақ туынды деп қарауға болатын дидактикалық өлең-толғаулардан бастап, иелері күмәнсіз және дидактикадан өзге мотивте жырланған үлгілердің тілдік-стильдік ерекшеліктері бар екенін көрсетуге болады. (Р.С.) Шоқан Жиренше шешен аңыздарын, «ноғайлы философы» Асанқайғы толғауларын, Әз Жәнібек сөздерін осы ноғайлы-қазақ дәуірінде туған деп топшылайды. (Р.С.) Асан толғауларынан Жәнібек хан, Шалкиізден би Темір, Жиембеттен еңсегей бойлы ер Есім, Марғасқадан Тұрсын хан деген билеушілердің аттарын көреміз. (Р.С.)

 

Оңашаланған айқындауыштың сызықшамен келуі

Оңашаланған айқындауыш ішінде бірыңғай мүше келгенде, екі жағынан сызықша қойылады

Оңашаланған айқындауыш айқындайтын сөзімен септік, тәуелдік жалғаулары жағынан қиыспай тұрса, араларына сызықша қойылады да, айқындауыштан кейін тыныс белгісі қойылмайды

Ол адам – бұл танымайтын бөтен біреу емес, өзімен институтта төрт жыл бірге оқыған сабақтасы және оған қоса әрі жерлесі, әрі құрдасы Асан Керимовтың зайыбы – Бибіхан деген әйел еді. (Н.Ғ.)

Ысқақтың екі баласы – Кәкітай мен Ахметбек алғашқы әйелінен туған-ды. (М.Ә.)

 

58-жаттығу. Төменде берілген қосарлы және қосалқы айқындауыштарды пайдалана отырып сөйлемдер құраңыздар. Не себепті сол түрге жататынын түсіндіріңіздер.

Генерал-губернатор, Бекен ағай, Баян сұлу, Құрманғазы күйші, батыр-ұшқыш, Қабанбай батыр, сал-сері, Бердібек ақсақал, тілші-ғалым, Ерасыл қарт, әнші-композитор, Райымбек батыр, жер-ана, Ақлима ана, ақын-сазгер, Әсет әнші, Балқия мұғалім, Кенесары хан.

 

59-жаттығу. Көркем шығармалардан үтір және сызықша арқылы бөлінетін оңашаланған айқындауыштарды тауып, әр тыныс белгісі бойынша үш мысалдан жазыңыздар. Мысалдарды кестеге түсіріп, әр айқындауыштың қандай сөзді айқындап тұрғанын, қойылған тыныс белгісінің не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.

 

Үтірмен келетін оңашаланған айқындауыш

Сызықшамен келетін оңашаланған айқындауыш

 

 

 

60-жаттығу. Оңашаланған айқындауыштары бар сөйлемдерге тиісті тыныс белгілерін қойып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Әр оңашаланған айқындауыштың қандай сөзді айқындап тұрғанын анықтап, оған байланысты қойылған тыныс белгілерінің қойылу себептерін ережемен түсіндіріңіздер.

Әнеугүні Шүйгінсуда Жігітек үстіне баса қонған қақтығыстан бері қарай Базаралы жағынан жамандық күткен кісінің бірі осы Әзімбай болған. (М.Ә.) Сүйіндік бәйбішесімен және екі баласы Әділбек, Асылбекпен бәрі де қонақтармен бірге болды. (М.Ә.) Барлыбай жазығында жайлаудың жарық айлы, желсіз тынық түнінде Абай мен Әйгерімнің үлкен үйінде аса нәзік шеберлікпен сызылып созылған скрипка күйі кетті. (М.Ә.) Балалармен бірге тоғайға барып, жидек теріп, апарған ыдысын жеміске толтырып алып, үйге қуанып кіріп еді, үйдегі адамдар шешесі Нағима, екі апасы Гүлбану мен Сапия және көрші тұратын екі-үш әйел бәрі әбігерленіп, бір тығыз шаруа жабдығына кіріп жатыр екен. (Н.Ғ.) Ел ішінде Абай айналасында осы ауылда жүрген аз ғана өнерпаз, жарыққұмар жастар болмаса, Абайға қарсы арналған өштік, араздық, қызғаныш, қастық атаулы соншалық мол екенін Әбдірахман көп естіген. (М.Ә.) Баяғыда Базаралы жас шағында білетін Дәркембайдың інісі Көркембай бар еді. (М.Ә.) Мәніке мен Қаражан оңаша қалысымен Әзімбай үй сыртында есік алдында бір құрық жонған боп отырып алды. (М.Ә.) Ол үйден-үйге кіріп жүріп Иістің Жұмырдың Қаңбақ Тоқсан Серкештердің өздерінің де әйелдерінің де қолдарын қойғызған. (М.Ә.) – Екінші әдейі сізге бір айтайын деген сөзім патшаның қай чиновнигі болса да қазақ даласын «жабайы қараңғы надандар даласы» деп біледі. (М.Ә.) – Қырда қаракөңіл қазақ жуаны боп қалада парашыл төре ұлық жуаны болып бәрі қосылып Абайды қамағалы тұр! (М.Ә.) Ұлыққа ең алғаш қол созған болыс керей Рақыш еді. (М.Ә.) Қыстауға қонғалы қазіргі қалың қыстың ортасына шейін Абай Аралтөбеде Әйгерімнің оңаша қыстауында кітап соңында уақыт өткізетін. (М.Ә.)

 

61-жаттығу. Көркем шығармалардан сызықша арқылы бөлінетін оңашаланған айқындауыштары бар сөйлемдерді тауып, үш мысалдан теріп жазыңыздар. Әр мысалда айқындауыштың қай сөзді нақтылап тұрғанын көрсетіп, сызықшаның не себепті қойылғанын түсіндіріңіздер.