Қыстырма сөздердің тыныс белгісі
Баяндалып отырған мәселеге автордың көзқарасын, өзіндік пікірін, сенімін, күдігін немесе түрлі сезімін білдіру үшін қолданылатын, сөйлемнің басқа сөздерімен грамматикалық байланысқа түспей, оқшау тұратын сөздерді қыстырма сөздер деп атаймыз. Қыстырма сөздер сөйлемге қосымша мағыналық реңк береді, айтылған ойға авторлық бағалау енгізеді және интонация арқылы бөлектеніп айтылады.
|
Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері |
||||
|
Адамның түрлі сезімін (қуанышын, өкінішін, күмәндануын т.б.) білдіретін сөздер |
Айтылған ойға нануды, жорамалдауды білдіретін сөздер |
Айтылған ой кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер |
Ойдың желісін, ретін білдіретін сөздер |
Тыңдаушының назарын аудару үшін айтылатын сөздер |
|
амал қанша, бақытымызға қарай, несін айтасың, соры қайнағанда т.б. |
әрине, әлбетте, рас, сөз жоқ, сірә, мүмкін, шамасы, тегі, тегінде, бәсе, расында, анығында, бәлкім, асылы, айтпақшы, шынын айту керек, өзіңіз білесіз т.б. |
... айтуынша, ... айтқандай, меніңше, менің байқауымша, біздіңше, ..., ... ойынша, әлі есімде, шынымды айтайын, ұмытпасам, мен білсем, оның айтуына қарағанда, оның пікірі бойынша т.б. |
біріншіден, ..., ... әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, ақырында, әйтеуір, ендеше, керісінше, мысалы, сонымен, негізінен, сосын, бір жағынан, ..., бір сөзбен айтқанда, былайша айтқанда, сайып келгенде, жалпы алғанда т.б. |
айталық, өздеріңізге мәлім, көріп отырсыз, шынында, міне, әне, қане, байқаймын, байқайсыз ба т.б. |
|
Қыстырма сөздерге байланысты қойылатын үтір орындары |
||
|
Қыстырма сөздің сөйлемнің басында келуі |
Қыстырма сөздің сөйлемнің ортасында келуі |
Қыстырма сөздің сөйлемнің соңында келуі |
|
Міне, бүгіндер сондағы ойлаған қатеріне өздігінен бетпе-бет тап келген. (М.Ә.) |
Әділбек, әрине, мұндай қызықтың таң атқанша созыла бергенін тіледі, ал Нағима жұрттың жағдайын ойлады. (Н.Ғ.) |
Қартайған шақта жай жүруге көндігейін деген-ау, сірә. (Ш.А.) |
Ескерту. Не, немене, қалай, осы сияқты сөздер айтушының белгілі бір сезімін (таңдану, күмәндану, реніш, ойлану т.б.) білдіру мақсатында қолданылғанда, қыстырма сөз қызметін атқарып, сөйлемде үтір арқылы бөлінеді. Бұл жағдайда олар сөйлемнің негізгі мазмұнына тікелей қатыспай, автордың көзқарасын, эмоциялық реңкін жеткізеді: Қалай, құлағың ашылды ма? (М.Ә.) – Немене, еркектің қолынан келген іс әйелдің қолынан келмей ме? Майданға кеткен еркектердің жұмысын әйелдер атқарып жатқан жоқ па? – деп, қасындағы көрші әйел оның сөзін жөн көрмей қалды. (Н.Ғ.)
Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас болып көрінгенімен, ал, яғни, сондықтан, өйткені, дегенмен, дей тұрғанмен, алайда, бірақ, сондай-ақ, сонымен қатар, сонымен бірге, әсіресе, олай болса, тіпті т.б. сияқты сөздер сөйлемде жалғаулықтық не күшейткіш қызмет атқарады. Сондықтан олар дауыс кідірісімен айтылғанымен, сөйлемнің басында немесе жай сөйлемнің ішінде келген жағдайда қыстырма сөздер сияқты үтір арқылы бөлінбейді. Бұл сөздер сөйлем мүшелерімен грамматикалық байланысқа түсіп, ойды байланыстыру, қарсы қою, шектеу, толықтыру, нақтылау сияқты қызметтерді атқарады: Сондықтан қуанышы мен үмітіне кей-кейде күдік те араласып, көңілі қобалжып та отырады. (Н.Ғ.) Әсіресе Базаралы мен Жігітекке қарсы беттеген жаулықтың тұсында мүлде керексіз. (М.Ә.) Қыр мен ойға, тіпті Қытай шегіне шейін малы, пұлын жүргізетін қалың сомалы саудагер бай. (М.Ә.)
40-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазып, қыстырма сөздерге байланысты қойылған тыныс белгілерін анықтаңыздар, олардың не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.
Сонымен, Базаралы, Тәкежан дауы ендігі барлық зіл, салмағымен, айла-тәсіл тартыстарымен көп атқамінерді қоздырып, Семейдің қаласына ауысып еді. (М.Ә.) Анығында, Тобықтының дәл бүгінгі тірі кәрісінің қайсысы болса да өз өмірінде дәл осындай қатты қимыл жасап, батыра соққан қайратты көрген емес. (М.Ә.) – Міне, Дәке, қасыңдамын... Келіп көрсін, алып көрсін сені жау! – дегенде, жұрт шулап алғыстарын ақтарып жатты. (М.Ә.) Ал бүгін, міне, осы ауылдың бетке ұстар азаматтары Құлахметті қошаметтегендері былай тұрсын, оның әйелі мен балдызын да өздерінің нақ бір ежелгі таныстарындай, тіпті совхоздың еңбек озаттарындай қастерлеп төрге шығарып, айрықша ыстық пейіл көрсетіп отыр. (Н.Ғ.) Ендеше, оған көрсетілген бұл үлкен қошемет – ең әуелі Құлахметтің арқасында болып отырған құрмет. (Н.Ғ.) Сөйтіп, әке сөзінің бір тоқталған кезінде, оның ойларына жауап бермей, Мағаш басқа өтініш айтты. (М.Ә.) Петербургтегі Михайлов атындағы артиллерия училищесі, Әбіштің айтуынша, оның таңдап түскен мектебі емес екен. (М.Ә.) Әбіштің ұғымынша, Абайдың өзі үшін керексіз және залалды, әсіресе ақындық өнері үшін залалды бір әдеті бар. (М.Ә.) Осымен қатар, Әбіштің байқауынша, кейде Абайды бір мазасыз ойлар алаң етіп толқытқандай болады. (М.Ә.)
41-жаттығу. Төменде берілген қыстырма сөздерді пайдаланып сөйлем құраңыздар. Әр сөйлемде қыстырма сөздің қандай мағыналық реңк білдіретінін анықтап, қысқаша түсінік беріңіздер.
Демек, сіздің ойыңызша, оның пайымдауынша, алдымен, екіншіден, үшіншіден, сірә, бәлкім, соры қайнағанда, әлі есімде, бір жағынан, екінші жағынан, көріп отырсыз, шынында, айтпақшы, сайып келгенде.
42-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден қыстырма сөздерді тауып, олардың сөйлемдегі мағыналық, грамматикалық және интонациялық қызметін түсіндіріңіздер.
Сонымен, шаруаның әр есебі елдің бәрін шегіншектетіп отыр. (М.Ә.) Анығында, Никифоров мұның кеңсесіне алғаш келгенде, Оспан өзі де сонда болатын. (М.Ә.) – Ал, ендеше, тезек теріп жіберіңдер! Қолымыздан өртеп тарайық! (Ж.А.) Шынында, осы кезде Бөкенші асуының жотасынан бері қарай шапшаң құлдилап келе жатқан қалың шоғыр көрінді. (М.Ә.) Қысқасы, жауапкер Жігітек жеткенше, он күндер бойында тарамай, қалың қауым болып жатқан болыс, билердің шығыны да аз емес. (М.Ә.) Осымен қатар, Әбіштің байқауынша, кейде Абайды бір мазасыз ойлар алаң етіп толқытқандай болады. (М.Ә.) – Сонда, сіздіңше, болашақты болжағыш әділ кісілер сіздер ғана да, ал біздер әділетсіз кертартпа адамдар болғанымыз ба? – деді Әділбек. (Н.Ғ.) Тегінде, Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай – бәрін мақтап, қара қазақтың «ардақтысы», «асылы» деп, күн сайын екі рет атырапқа естіртіп, жар шашып отырған жоқтаушылар, өлі Ырғызбай ғана емес, тірі Ырғызбайға да көп еңбек етіп отыр. (М.Ә.) Кім біледі, асығудан, абайламаудан жазба жұмысында мүлт кеткен бірдеңелер шығып қалуы ғажап емес. (Н.Ғ.) Мектептегі мұғалімі болса, мұндай абайсызда жіберілген ақауды (мәселен, жазылуы оп-оңай бір сөзбен бір әріптің аңдаусыз түсіп қалуы секілді) қатеге саналмас еді. (Н.Ғ.) Әділбектің ойлауынша, машина жүргізетін адамдардың бәрі де тез ашуланады және ызақор болады. (Н.Ғ.)
43-жаттығу. Берілген сөйлемдерден қыстырма сөздерді тауып, оларды мағынасына қарай жіктеңіздер. Қыстырма сөздердің сөйлемдегі грамматикалық және интонациялық қызметін түсіндіріңіздер.
Сөйтіп, әдеби тіл деген категорияны қазақ тіліне қалайша қатыстыруға болады? (Р.С.) Бар болу себебі, біздіңше, мынада: біріншіден, ақын-жыраулар тілінің негізгі арсеналы – ауыз әдебиеті тілі. Екіншіден, авторлы әдебиеттің ауызша таралып, ауызша сақталуының нәтижесінде әр алуан қоспалардың болуы әбден ықтимал. (Р.С.) Мысалы, Махамбет пен Дулатты, Марғасқа мен Бұқарды, Шернияз бен Шортанбайды тақырыптары, мотивтері, стильдері жағынан бір-бірімен шатастырмаймыз. (Р.С.) Демек, бұл – авторлы поэзия тілінің лексика мен грамматика саласында да жалпы поэтикалық мүмкіншіліктері байи түсті деген сөз. (Р.С.) Қысқасы, қазақ халық ауыз әдебиетінен өзге, бірақ оған едәуір белгілерімен ұқсас келетін профессионал әдебиет те өмір сүріп келеді (ол тіпті біздің кездерімізге дейін жетіп отыр), оның тілі әдеби тіл санатына кіреді деп есептейміз. (Р.С.) Оны, бір жағынан, ауыз әдебиеті тілінен, екінші жағынан, жазба әдеби тілден айыру үшін, біз оған «қазақтың жазба алдындағы әдеби тілі» деген термин ұсынып едік. (Р.С.) Ең алдымен, көркем әдебиет қазақ халқының басты жан азығы болды. (Р.С.) Әйтпесе, сөз жоқ, бұған дейін де қазақ тілінде (яғни кейін қазақ тілі болып қалыптасқан тіл типінде) сөйлеген ру-тайпалар сан ғасыр бойы өмір сүріп келген және олардың жақсы дамыған ауызша көркем әдебиет дәстүрі болған. (Р.С.) Сірә, қазақ халқын құраған ноғайлы-қазақ ру-тайпа одақтарының ХҮ ғасырларға дейінгі көркем сөз өнері күшті дамып келгендігі қазақ халқының ауызша поэзиясының бірден қазақ поэзиясы ретінде көрінуіне себеп болған деп түйеміз. (Р.С.) Ол, негізінен, поэзия түріндегі көркем әдебиет пен ауызша жүргізілетін дау-билік саласында (шешендік сөздерде) көрінді. (Р.С.) Біздің байқауымызша, қыршын сөзі ертеректе «жас» мағынасында еркін қолданылған. (Р.С.) Әрине, қазақ поэзиясы үшін мәна, сәна сөздерімен өлең құрастыру – ХҮ ғасырдың өзінде-ақ әлсіреген, некен-саяқ қолданылатын көне құрал. (Р.С.) Міне, ХҮІІІ ғасыр қазақ поэзиясының негізгі-негізгі көркемдік тәсілдерді пайдалану жайы осындай, бұл белгілер сол тұстағы әдеби тілдің сипатын білдіруде белгілі рөл атқарды. (Р.С.) Тегінде, Дулат – жыраулық дәстүрден бас тартқан, ақындықтың жаңа үлгісін бастаған адам. (Р.С.) Жалпы алғанда, күрделі етістік тіл білімінде осылайша өте кең, жалпы мағынада қолданылған. (Б.Қ.) Қорыта келгенде, тіл мәдениетін арттыру, әдеби тілдің тазалығын сақтау, тілдік нормаларды үнемі назарда ұстау – бүгінгі публицистиканың міндеті. (Б.Қ.) Расында да, бұлардың ішінде матаса байланысқан тіркестер болуы мүмкін, бірақ біріккен зат есімдердің басым бөлігі пайда болғаннан бері қазіргі формада болғанын аңғарамыз. (Б.Қ.) Басқаша айтқанда, тіліміздің әбден қалыптасқан, орныққан, күрделі, өте жүйелі сөзжасамы – ұзақ уақыттағы дамудың нәтижесі. (Б.Қ.)
44-жаттығу. Өздеріңіз сүйіп оқитын ақындардың өлеңдерінен қыстырма сөздер кездесетін шумақтарды тауып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Қыстырма сөздің қандай мағыналық реңк беріп тұрғанын түсіндіріңіздер.
Мысалы, Берсең етті біреуін бос жібермей,
Өкпелеттің қонақты бірін бермей.
Мал сойғаның, күткенің бәрі зая,
Қане, қалшы сонан бір зиян көрмей. (Ш.Құдайбердіұлы)
45-жаттығу. Қыстырма сөздердің сөйлемдегі айтылған ойға қандай мағыналық реңк үстеп тұрғанын анықтап, тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар. Әр қыстырма сөздің қызметін ашып көрсетіп, қойылған тыныс белгілерінің не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.
Әділбектің ойлауынша машина жүргізетін адамдардың бәрі де тез ашуланады және ызақор болады. (Н.Ғ.) – Әрине мүмкін, бірақ бұлай бал ашу қиын. Меніңше педагог тәрбие жұмысында көзі анық жететін нәрсеге ғана сүйенуі керек. (Н.Ғ.) Ұлбазарға қос құрбысының не деп әзіл қағытқанын да, оның театрға баруға дайындалып, бірақ қыздарға сырын айтпай, жігіттің келетінін өзі ғана біліп, алаңдап күткенін де әрине Әділбек білген жоқ. (Н.Ғ.) Атам заманнан бері адам баласының сөзі асылында екі түрлі орынға жұмсалған: 1) Күн көріс ісіне. 2) Көңіл көтеріс ісіне (А.Б.) Жаңа ғана ақсақ аяғымен құстай ұшып келе жатқан күрең тай енді міне оба тастың астында жаншылып жатыр. (Ә.Ә.) Ажалдың сондай мейірімсіздігінен кектеніп тұр ма кім білсін әйтеуір бала бейбақ өз қолымен үйілген обаны көзімен атып, қолындағы жүгенді шиыршықтандырып тұр. (Ә.Ә.) Сірә дәл қазір жаны да шиыршық атып тұрған болар, өзін буған тағдырдың бұғауын талқан еткісі келгендей, жүгенді жұмарлап алып қайта-қайта жұлқиды... (Ә.Ә.) Мүмкін сол топырақ кешікпей оның көз жасын мәңгі құрғатар, мүмкін ол бітер тыныстың тығыны да болар, бала осының бәрін де ойлап келеді, ойлаған сайын тұңғиықты бойлап келеді, қашан қалжырап құлағанша тоқтайтын емес. (Ә.Ә.) – Қане есікке жақында да, айғайлап көрші, дауысың қалай шықпас екен, – деп Иман қасына келген Сапарды өзіне қарай тартып, есікке жақындатып еді, ол еңіреп қоя берді. (Ә.Ә.)
46-жаттығу. Төменде берілген сөйлемдерді қыстырма сөздері бар және қыстырма сөздері жоқ сөйлемдерге бөліп ажыратыңыздар. Қыстырма сөздері бар сөйлемдерде тиісті тыныс белгілерін дұрыс қоя отырып, сөйлемдерді екі бағанға бөліп жазыңыздар. Қажет болған жағдайда тыныс белгілерінің қойылу себебін қысқаша түсіндіріңіздер.
Үлгі
|
Қыстырма сөзі бар сөйлем |
Қыстырма сөзі жоқ сөйлем |
|
Немене, шабыныңды басар деп қорқамысың? |
Немене айтып отырғаныңды өзің түсінемісің? |
Жоқ әлде орға апарып құлата ма кім білсін? (Ә.Ә.) Не ойы барын кім білсін, ол қазір баланың жолын тосып тобылғының ішінде жатыр. (Ә.Ә.) – Мүмкін болса тәуекел, алдымен мынаны ішіп ал, – деді де Иман торсығынан бір саптыаяқ көже құйып берді. – Байқа, аш өзегіңе түсіп кетпесін. (Ә.Ә.) – Мүмкін шешеңді әкең қамап кеткен болар, ол сені шақыра-шақыра әлсіреген болар. (Ә.Ә.) Сапардың айтқаны рас, алыстан қомақты қора көрінгенімен, төбесі ашық, қаңқиған тас қабырғалар ғана екен. (Ә.Ә.) Рас қазақ тілінде адамға байланысты есім сөздер тікелей жіктеледі де, жіктік жалғау тікелей сол түбірге жалғана алады. (С.И.) – О, сұмдық, солай болуы да мүмкін, басқаның қисыны жоқ, қас қарайып, күн жауғалы келеді, енді қайттік? (Ә.Ә.) – Тоқта... мүмкін ол қасқыр моланың ішіне кірген шығар. (Ә.Ә.) Бала кезде естіген ертегілерім әлі есімде. Әлі есімде бір күні тауға шықтық. Биыл несін айтасың егіннің шығымы өте жақсы! Бұл сөзді бұрын мен естігенмін, қайталап оны несін айтасың. – Мүмкін ұйқың да келген болар? (Ә.Ә.) – Манағы ішкен асың аш өзегіңе түскен болды, енді тамақ ішсең, өліп кетуің мүмкін, сондықтан ертеңге дейін шыдайсың, жүр. (Ә.Ә.) – Мүмкін ол сая таба алмай қаңғырып келіп моланы паналаған өзіміз сияқты бір бейбақ шығар, – деген Иманның сөзі де секем алған көңілді жұбата алған жоқ. (Ә.Ә.) – Ол да мүмкін, оянғаннан кейін бізді бассалатын біреу болуы да мүмкін. (Ә.Ә.)
47-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, қыстырма сөздерге қатысты тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар. Қыстырма сөздердің астын бір сызықпен, қыстырма сөз тіркестерінің астын екі сызықпен, ал қыстырма сөйлемдердің астын үш сызықпен сызып белгілеңіздер. Қойылған тыныс белгілерінің ережесін түсіндіріңіздер.
Асанның да ғылым кандидаты деген атағы бар бірақ ол кандидаттық диссертацияны Әділбектен бес-алты жыл кейін қорғады, Тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер боп жұмыс атқарады. (Н.Ғ.) Шешесі Нағима марқұм осы бір уағызды Әділбектің бала кезінде тіпті ол ержетіп, есейген уақытта да ылғи айтып отыратұғын еді. (Н.Ғ.) Сөйтіп сөздерді біріктіру, тіркестіру, қосарлау сөзжасамға қатыстысы жеке-жеке сөзжасам үлгілері болып табылады. (С.И.) – Немене оны қалай төңкеріп, етегін қалай түргеніңді көреді ғой деп пе едің? (Ә.Ә.) – Қолдарына түсім мүмкін. Бүгін Түнекбайға жалданып мылтықпен қуған бір-екі орысты сұлатып кеткен едім, егер олардың қолына түссем атылуым да мүмкін. (Ә.Ә.) – Айтпақшы Шомбал не депті? Соны ғана айтыңызшы, – дедім. Осы күні ойласам, дәл сол кезде есім орнында емес секілді, аузыма не түссе, соны айта беріппін. (Ә.Ә.) – Біріншіден ол қыз үшін емес, намыс үшін. Намыстың төлеуіне жететін құн жоқ. Екіншіден Түнекбай мен туған ағам Қақабай сияқтыларды шабу обал ма, сауап па, оны өшіккен кезінде көресін. (Ә.Ә.) Оның ойынша Мәди ешкімге ұқсамайтын бір алып еді, мынау қарапайым біреу. «Мынаның қай жері Мәди?» – деді ішінен. (Ә.Ә.) – Қане мынау атқа мін де сол үйренген өнеріңді көрсетші. (Ә.Ә.) – Шынымды айтайын сен маған ұнай бастадың, – деді Мәди күлімсіреп. (Ә.Ә.) – Оны мен де білмеймін сірә қыран бүркіттен үйренген болар. (Ә.Ә.) – Мүмкін өйткені сіз жаңа ғана менің ұстазым секілді едіңіз, енді құрдасыма ұқсап барасыз. (Ә.Ә.) – Міне енді мүлдем ұнадың, – деді Мәди күлімсіреп, – мұндай жігіттігің үшін мынау құлакерді саған сыйладым. Өзің секілді кішкентай болғанымен, Ақанның құлакерінен кем болмас. (Ә.Ә.) – Қалай бұл жорық саған жақпады ма? – деді Келбет күлкісі келсе де сазара түсіп. (Ә.Ә.) Олар әйелдерді қалай үлесуді сөз қылған жоқ. Бір жағынан ол өздерінің іштерінде әлі шешіліп болмаған түйін. Екінші жағынан әңгімені бұдан бастау лайық емес, ерте көрінеді. (М.Ә.) Ол ең әуелі «үлесті қоя тұрайық» деуі мүмкін. Оған дәлел де табады. Әйелдерді де оңай ойыстырады. Екінші бұлардың ойынша Абай үлкен үйдің мүлкіне, немерелері арқылы жарым-жартылап ие боп отыр. Сондықтан үлесерлік ең үлкен мүлікті тағы көп себеп тауып, қорғаштауы мүмкін. Үшінші өзі Мәніке, Қаражан, Әзімбайлардың айтуы бойынша сол мүлікке, үлкен үйге жанасып жүргендіктен, асықпай отырып, іргесін мықтап көміп алуға бейім. (М.Ә.) Кім біледі оны жазаласаң мынау қалың приговор сенатқа, патшаның өз кеңсесіне де кетер. (М.Ә.)
48-жаттығу. Көркем шығармалардан не ғылыми еңбектерден қыстырма сөздерге, қыстырма сөз тіркестеріне және қыстырма сөйлемдерге бес мысалдан тауып, оларды кестеге түсіріңіздер. Әр мысалда қыстырманың түрін анықтап, оның сөйлемдегі мағыналық қызметін және қолданылған тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.
|
Қыстырма сөздер |
Қыстырма сөз тіркестері |
Қыстырма сөйлемдер |
|
|
|
|
49-жаттығу. Мәтіннен үлгіге сәйкес қыстырма сөздері бар және қыстырма сөздері жоқ сөйлемдерді бір-бірінен ажыратыңыздар. Қыстырма сөздері бар сөйлемдерде тиісті тыныс белгілерін қоя отырып, екі бағанға бөліп жазыңыздар. Қолданылған тыныс белгілерін ережеге сүйене отырып дәлелдеп түсіндіріңіздер.
Үлгі
|
Қыстырма сөздері бар сөйлемдер |
Қыстырма сөздері жоқ сөйлемдер |
|
Әрине, жақ пен жіктелу ұғымы бір-біріне толық балама емес. (С.И.) |
Қорыққаннан тіпті даусы шықпай қалды. (Ә.Н.) |
Бірақ Базаралыны бұл ұрып қалған сәтте, өзінің де самайынан Абылғазының қайта сілтеген шоқпары зіл қара тастай қатты кеп соқты. (М.Ә.) – Қалай жүйрік ат, сұлу қатын – ер қанаты екенін білуші ме едің? (Ә.Ә.) Ал епті мінезді және тілі орамды Дәрмен қазір Мағрипа жайын айтып келеді. (М.Ә.) – Ол менің қажым емес, құдайдың қажысы. Оның моласы міне мына бір қара тұмсықтың арғы түбінде. Бірақ оған мен жете алатын емеспін. (Ә.Ә.) Бір шеті Шүйгінсудан, Әзберген, Балпан, Қарауылдан басталып, қалың Шыңғысқа шейін, тіпті сыртқы асу аузындағы Көлденеңге шейін қыстап отырған ауылдардың барлығына Тәкежан жылқысы түгел шашылып, тарады. (М.Ә.) Әсіресе Зейнеп дауыс айта бастағанда, бұның үйінің сыртына келіп, пәуескеге мініп немесе жүкке сүйеніп, сыбырласып отырып тыңдайтын балалар, жастар да болды. (М.Ә.) – Немене құлағыңның мүкісі бар ма? Мен өзімнің аш емес екенімді, тауымның жуасын жеп, апатайымның сүтін еміп тойғанымды айтып келемін. (Ә.Ә.) Бірақ Базаралы оның соққысына қарамастан, өзі көздеген тізеден қарулы жылқышыны қатты ұрып қалды. (М.Ә.) Бүкіл әулетінің бір молаға жерленуін тіледі ме кім білсін әйтеуір осындай кең етіп көзі тірісінде өзі салдырған болатын. (Ә.Ә.) Тіпті Абайдың айтқанынан кетсе де, Шұбардың тақыстық тәсілі оны дәл мыналарға қарсы бастырмайды. (М.Ә.) Өйткені күн бірде суыса, бірде қайта жылынып қап, соғым еті қатпай, жасаңғырап кетеді. (М.Ә.) Сондықтан барлық еркек-әйел сол қалың қойды қоршап алып, айғай салып қамап тұр. (М.Ә.) – Маңдайша бұзылатын емес амал жоқ аттарды ыққа байлап, аяғына шідер салыңдар. (Ә.Ә.) Бөкенші, Жігітек, Көтібақ жайлауларында, тіпті жалпы осы өңірдің елінде кедей ауылдар мен жеке жыртық лашық атаулыда бұл апаттан аман қалған жоқ еді. (М.Ә.) Олай болса сол Оразбайлардан дәл мыналарға қарсы шоқпар жию керек. (М.Ә.) Әдетте әр ауылдың бірнеше ғана ақ үйі болады да, көпшілігі қоңырқай, қараша жарты лашыққа айналып кетеді. (М.Ә.) Оның ойынша Мәди қиырдан-қиырға құлаш ұрып жүйткитін найзағай секілді жан екен, мұңын шағып, ақыл сұрағысы келеді, батылы жетпей, үміті жер бауырлап жата кетеді. (Ә.Ә.) Сонымен қатар Дәрмен көңілінде осы жыртық лашық ішіндегі жетім-жесір жандар туралы, жазықсыз жақсы жандар туралы үлкен бір сәулелі ой оралады. (М.Ә.) Студенттерге, әсіресе практикант ретіндегі өздерінің бір-біріне баға беріп сөйлегені қымбат көрінеді. (Н.Ғ.)
50-жаттығу. Қыстырма сөздерді орынды пайдалана отырып, «Біріншіден, не жаман?» тақырыбында эссе жазыңыздар. Эсседе авторлық көзқарасты білдіретін қыстырма сөздерді (мысалы: біріншіден, меніңше, әрине, бәлкім, өкінішке қарай, демек т.б.) саналы түрде қолданып, олардың сөйлемдегі мағыналық рөлін сақтаңыздар.