II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ·17-тақырып

Төл сөздің тыныс белгілері

Төл сөз – сөйлеушінің немесе жазушының мәтін ішінде өзгеріссіз, дәл сол күйінде қолданылған біреудің сөзі. Автор сөзі – төл сөзді жеткізетін, оған түсінік беретін немесе қосымша ақпарат қосатын сөйлеушінің немесе жазушының сөзі. Төл сөз бен автор сөзі бір-бірімен тығыз байланысты қарастырылады. Төл сөз бен автор сөзінің тыныс белгілері олардың орналасу тәртібіне, сөйлемнің құрылымына, ой екпініне және интонациялық ерекшеліктеріне байланысты қойылады.

 

Төл сөз бен автор сөзіне байланысты қойылатын тыныс белгілер

Автор сөзі төл сөзден кейін келгенде, төл сөз тырнақшаға алынады да (немесе алдына сызықша қойылады), төл сөзден соң үтір (леп не сұрау белгісі, көп нүкте) және сызықша қойылады.

– Бұл әңгіме осымен бітсін. Іштеріңізде гәзет оқи білетіндеріңіз бар ма? – деп Иман сөздің бетін бұрып әкетті. (Ә.Ә.)

Автор сөзі төл сөзден бұрын келсе, одан кейін қос нүкте қойылады да, төл сөз тырнақшаға (немесе алдына сызықша қойылады) алынады.

Манадан міз бақпай түнеріп тұрған Серкебай енді ғана үн қатты:

– Ау, жігіттер-ау, мылқаудың білгенін білмесеңдер де істегенін істеңдерші. (Ә.Ә.)

Автор сөзі төл сөздің ортасында тұрса, екі жағынан үтір мен сызықша (кейде біріншісінен кейін үтір (леп не сұрау белгісі) мен сызықша, екіншісінен кейін нүкте мен сызықша) қойылады да, төл сөз тырнақшаға алынады не алдынан сызықша келеді.

– Мылжыңдамай сұрауыма жауап беріңіз, – деді губернатор зілденіп, – тонаушы кім, тоналушы кім? (Ә.Ә.)

Төл сөз автор сөзінің ішінде келсе, бірінші автор сөзінен кейін қос нүкте, төл сөз тырнақшаға алынып (не алдына сызықша қойылады), одан соң үтір (леп не сұрау белгісі, көп нүкте) және сызықша қойылады.

Бірақ бейтаныс мырзаға не дерін білмей:

– Мырза, танымадық, жол сұрамақ бізге парыз, – деді булықса да өтірік жылмия қалып. (Ә.Ә.)

Төл сөз ортасындағы автор сөзі тиянақсыз болып, одан кейін төл сөз дербес айтылатын сөйлем болғанда, автор сөзінен соң қос нүкте қойылады.

– Тоқташы, – деп есіне әлдене түскендей Мәди кенет ойлана, алдында тұрған шыныаяқты алуға созылған Ділдаштың қолын ұстай алып: – Екеуіңізге айтарымды осы дастарқан басында айтып қалайыншы. Сіз екеуіңіз бүгін маған адам істемеген үлкен қызмет істеңіздер. (Ә.Ә.)

Төл сөздің ішінде төл сөз келсе, алғашқысының алдынан сызықша қойылады да, соңғысы тырнақшаға алынады.

Шай құйып отырған Ділдаш ақырын: – «Қайрап ап қалың жауға сермегендей» дейтін кезің екен ғой! – деді күліп. (Ә.Ә.)

Төл сөзден кейін келген де көмекші етістігінен соң толық бір сөйлем келсе, одан кейін үтір қойылады.

– Атың қанша жүйрік болса да оқтан құтылмайды, оны да ескергейсің, мырза. – деп, Мәди де оны сөзбен бір атып салды. (Ә.Ә.)

 

Төл сөз бен автор сөзінің орын тәртібін сызба арқылы келесі түрде көрсетуге болады.

р/с

Төл сөздің сызықшамен келуі

Төл сөздің тырнақшамен келуі

1

— ————, — ======.

“————”, — ======.

— ————? — ======.

“————?” — ======.

2

======:

— ————.

======: “————”.

3

— ————, — ======, — ————.

“————, — ======, — ————”.

— ————, — ======. — ————.

“————, — ======. — ————”.

— ————? — ======. — ————.

“————? — ======. — ————”.

— ————... — ======, — ————.

“————... — ======, — ————”.

— ————... — ======. — ————.

“————... — ======. — ————”.

4

======:

— ————, — ======.

======: “————”, — ======.

======:

— ————? — ======.

======: “————?” — ======.

5

— ———. — =====: — ———.

“———. — =====: — ———”.

6

— ———“————”———, — =====.

“———“————”———”, — =====.

— ———“————”———? — =====.

“———“————”———?”— =====.

7

— ————, — деп, ======.

“————”, — деп, ======.

— ————? — деп, ======.

“————?” — деп, ======.

 

111-жаттығу. Мәтінді оқып, төл сөз бен автор сөзінің тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Тыныс белгілерінің қойылу себебін дәлелдеңіздер.

Асылдың бәрі тереңде деуші едің мына бір асыл тілегің тым тереңнен тартылған сияқты Үшеуің мына қымызды қолдарыңа алыңдаршы баламыздың төрт құбыласы түгел болар ма екен төртеуіміз жүректегі ақ тілегімізді қолымызға ұстап атамыздың алдына тізе бүгіп бас иейікші (Ә.Ә.) Е несін айтасын қарағым Әбіш-ау Шапашот балға ұстап әрекет еткен мені былай қой Жаман-жақсы болсын менің қобалақтағанымнан арба шана шығады Ол түгіл кейбіреудің домбыраны соққылап әрий-айдай байдай талай деп бой жасап айтқанын да өнер көріп телміріп жүрген қазақ бар ғой деп Әбішке көзін қысты (М.Ә.) Уайым түбі теңіз батасың да кетесің тәуекел түбі қайық мінесің де өтесің демеуші ме еді Сен неге оны түгел айтпадың Қалған жартысын мынау жыртық етігіңнің тесігіне жамау еткің келді ме (Ә.Ә.) Қысқасы қара темірдің де ағаш аспаптың да түгел ұстасы болып кетті Қартайғанда кәрі тарлан жорға шықты ғой деп бар жатақ мақтап та қояды Өзі де мақтанды сүйетін шалым еді Жасы жетпіске кеп қалса да дәл сол жұрттың мақтауы қанат бітіріп өз басымен күн көріп қалтақтап келе жатыр ғой Үлкен оқып білген былай тұрсын сәл өнердің өзіне де қазақ баласы құштар дегені со ғой деп Дәрмен ағасын әзілдеп қойды (М.Ә.) Менің көңілім аздап күптілеу болып тұр деді Тентек Шығарманы жаман жазған жоқпын бірақ кейін ойланып көрсем үш-төрт жерде тыныс белгісін дұрыс қоймаған екем Бұл өзімнің анықтағаным Шығарманы тексерушінің тапқан үтірлері және болады ғой үш алып қалсам әрине өкінішті (Н.Ғ.) Бұған да қапаланба бауырым Ол кісіні қарайтын жұрт бар Ол шеше сенің ғана мамаң емес менің де Гүлбанудың да біздің күйеулеріміздің де бәріміздің анамыз Бағамыз күтеміз жүдетпейміз Ертең ауруханасына да күнде барып тұрамыз қасында боламыз Ал сен (Н.Ғ.) Адасқанның алды жөн арты соқпақ деп Абай ақынның сөзін келтіріп реплика берді біреу (Н.Ғ.) Ой жақсы болды ғой келгенің Жоғары шық Отыр деп Әділбек те шын қуанып қалды Жалғыз жүрмісің Бибіхан қайда Оны қазір телефонмен шақырып аламыз Ертең демалыс бүгін біздің үйден қонақасы жеп қайтасыңдар Әділбек әйеліне бұрылып Хозяйка қазаныңды көтеріп дастарқан жабдығына кірісе бер деді (Н.Ғ.) Енді бірнеше басты еркектер кірісімен ашулы ақылына мініп Уай қарғысыңнан қан құссын қас дұшпаның Сорлы елім Соры қайнаған бейнетқорым өңшең Жетті жетті зарың Жә ес жи түге Есіңді жи Абылғазы деп бірнеше Абылғазыдай соқталы жігіттерді аңдап соның бәріне әмірлі сөздерін шапшаң айтып кетті (М.Ә.) Шеткі ауылға іліне бере Әзімбай ат үстінен ақырып әмір етті Әй жатақ Кімің бар Шық алдыма деді (М.Ә.)

 

112-жаттығу. Мысалдардағы төл сөз бен автор сөзінің орналасу тәртібін және оларға байланысты қойылған тыныс белгілерінің ережелерін анықтаңыздар. Сөйлемнің синтаксистік құрылымы мен интонациялық ерекшелігіне қалай әсер ететінін түсіндіріңіздер.

– Несін айтасың! «Айырылар дос, ердің артқы қасын сұрайды» дейді ғой. Абай ағама осы жөнде ең ауыр салмақты салып-салып қинап отырып, сондайдан бір өкпе, сылтау тауып, содан ары жаулар жағына шықпақ дейді. Онысы не сөз, не жұмыс туралы болады? Бұны енді аз күндегі іс пен мінезден өзің де көресің! – деп, Дәрмен іркіліп қалды. (М.Ә.) Соған: – Шырағым!.. – деп Дәркембайдың көп айтқаны: – Мына жақын жерде көп кедейдің болымсыз егіні бар. Аз күнде орақ салғалы отырмыз. Түнде жылқышы ұйықтап қап, қалың жылқы егінге түсіп кетіп жүрмесін. Осыны бар жылқышыға айта көр, жарықтығым! – деген. (М.Ә.) – Менің жерлесім һәм құрдасым, тарих факультетінің үшінші курс студенті. Өзіміздің институтта оқиды. Демек, бөтен жігіт емес, өзімізбен тілегі де, арманы да, жыртатын намысы да бір! – деп, сонан соң Асанға қарап: – Бұдан былай біздің қыздарды көргенде жатырқамай, талша иіліп, тағзым етіп жүр! – деді күліп. (Н.Ғ.) – «Сыйға – сый, сыраға – бал» дейді ғой, халқымыздың салтын білеміз, жолдан жығылмаймыз, – деп Бибіхан ерін қостап, көкейіндегі ойын ол да ебін тауып білдірді. (Н.Ғ.) – Ақан сері мен Біржан елінің жігіттері шеттерінен әнші келеді дегенді естуші едім, рас екен ғой! Салған әніңіз денемді шымырлатып жіберді! – деп, Хамзаға Мұсаның өзі де сүйсініп, мақтау айтты. – Сөзіңізден гөрі әніңіз жанымызға жылы тиді! – деп әзілін де қосып қойды. (Н.Ғ.) – Несін айтасыңдар, мен баяғыдан күншуақтап, құсмамықтап, мамырлап рахат тапқан жанмын ба! Сондай сордан, соққыдан, зорлықтан жол табам деген жансебіл емеспін бе!? – дейтін. (М.Ә.) – Мен жұмыстан ешқандай шаршап жүрген жоқпын, мама! Қазір балаңыз анау-мынау емес, дырдай құрылысшы! Ал құрылысшылар дегеніміз – шаршауды білмейтін халық! – дейтін Әділбек шешесінің көңілін көтергісі келіп. (Н.Ғ.) – Сен бұрынғылардың «Уайым түбі – теңіз, батасың да, кетесің» дегені не екенін білесің бе? (Ә.Ә.)

 

113-жаттығу. Көркем шығармалардан төл сөз бен автор сөздеріне байланысты қойылатын тыныс белгілерінің әр түріне кемінде үш мысал тауып, көшіріп жазыңыздар. Әр мысалдың авторы мен шығарма атауын көрсетіңіздер.

 

114-жаттығу. Мәтінді оқып, қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Әр тыныс белгісінің қойылу себебін түсіндіріп, тиісті ережемен дәлелдеңіздер.

Керек болса соны да істеңіз тіпті деп Әбіш аса нық байлап айтты Мұндай жауыздық зорлық өзіне қарсы шыққан батыл қайратты көргенде ғана жасқанады Базаралы Дәркембайлар соны бастап қойды Бір айғайыңыздан кім қалар екен Ал жаулар сонда есі шығып бас тартады Тыныштықты өзіңізге де момын елге де сонымен ғана табасыз деді. (М.Ә.) Қандай жалаңаштар Үйлері жыртық іштерінде өңшең шоқпыт киім де жоқ бұйым да жоқ дейді Кейде от басында құр бидай қуырып отырған шешелерді жас қыздарды көріп тамағын қараңызшы жалғыз бидай деп бас шайқап келеді. (М.Ә.) Тілектеріңіздің ішінде әсіресе көрпең ұлғайсын деген ниеттерің неткен жақсы еді Сол жақсы тілектеріңіз періштенің құлағына шалынар ма екен бәріміз де қол жайып бәріміз де әмин десейікші. (Ә.Ә.) Біздер әкеміздің батасынсыз қадам баспайтын жандармыз Бала емессің ел танудың жөнін өзің тап деп мұнда кімге не дейтінімді айтқан жоқ. (Ә.Ә.) Шаншар абыз іле үн қатты Бар бол балам бақытың баянды болсын деп бетін бір сипады да қолын қайта жайды сөзін қайта жалғады О жасаған осы балапандарыма берер бақытыңды жаздай бер жаздай берсең жазбай бер Күздей бер күздей берсең үзбей бер Қыстай бер қыстай берсең қыспай бер Әмин. (Ә.Ә.) Көп жаса Мәдижан Осы айтқан өнегең де көп жасап ұрпақтан-ұрпаққа кетсін деп Жанбоз қарт бетін сипап еді басқалар да онан қалысқан жоқ Жанбоз қарт сөзін қайта жалғады Мәдижан байласқан сөзді бұзу неке бұзумен бірдей деуші едің Біздердің сондай күнәға батар-батпасымызды білмей келген жайымыз бар бұған не дейсің? (Ә.Ә.) Мәди баланы құшақтай көтеріп божының ұшын өзінің мойнына салды да сұңқылдаған әдемі дауысымен сөйлей жөнелді Менің саған тілейтінім анаңның ақ тілегі Ақ сүтін беріп өсірген анаң не тілесе мен саған соны тіледім Дегеніңе жет досың көп дұшпаның жоқ болсын. (Ә.Ә.)

 

115-жаттығу. Мәтінді оқып, қате қойылған немесе мүлде қойылмаған тыныс белгілерін анықтаңыздар. Оларды қазақ тілі пунктуациясы ережелеріне сәйкес қойып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Әр түзетуді нақты ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер.

Білгендерің білмегендеріңе үйретіңдер

Бір күні Қожанасыр халықты жинап алады. Сөйтеді де өзі мінбеге шығып

– Жарандар менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме! – деп сұрайды. Халық

– Жоқ білмейміз? – деседі. Сонда Қожа

– Білмесеңіздер айтудың да қажеті жоқ; өйткені бәрібір білмейсіздер деп мінбеден түсіп кетеді...

Халық өкінеді. – Әттеген-ай білеміз деп әңгімесін естіп алуымыз керек екен-ау! деседі.

Бір күні Қожа мінбеге тағы шығып:

«Жарандар менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме! – деп сұрайды. Халық

Білеміз, – дейді. Сонда Қожа:

Білсеңіздер білгендеріңізді мен несіне айтып әуре болайын деп мінбеден түсіп кетеді. Халық тағы өкінеді:

«Қап бекер болды-ау, білетініміз де білмейтініміз де бар деп әңгімесін естіп алуымыз керек екен-ау, деседі.

Әлден уақытта Қожа мінбеге үшінші рет шығып:

«Жарандар, менің не айтқалы тұрғанымды білесіздер ме!» – деп сұрайды. Халық:

«Білетініміз де бар, білмейтініміз де бар» деседі.

«Ендеше білетіндеріңіз білмейтіндеріңізге үйретіңіздер» деп Қожа мінбеден түсіп кетіп қалады.

(«Ертегілер»)

 

116-жаттығу. Мәтінді оқып, тиісті тыныс белгілерін дұрыс қойып, көшіріп жазыңыздар. Әр қойылған тыныс белгісінің себебін ережелерге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

Ефимов бәрін де дұрыс айтып тұр бірақ оны еститін құлақ ұғатын ми Бейсенде әзір жоқ Оның бар білетіні баяғы тыпыр баяғы ойбай Ефимов тағы да айғайлап

Ей анау аяғыңда жатқан немене деп еді Бейсен оған да жауап қатқан жоқ Бақыра-бақыра даусы қарлықты тыпырлай-тыпырлай өзі де шаршады Бұлардың даусын естіп жан-жақтан төменгі қазақ ауылдары жағынан аттылы-жаяу қаптап келе жатыр еді Садық олардың алдынан шығып айғай салды

Кейін кейін тірідей көмгілерің келмесе кейін кетіңдер Жақындамаңдар деді де ауыл жақтан келгендердің атты біреулеріне өктем дауыспен Арқан жеткізіңдер арқан деді

Не үшін екенін де сұраған жоқ екі жігіт ауылдарына қарай шаба жөнелді

Аяғы жеткен жерге дейін шапқылап көзі жеткен жерге дейін шолып осылай қарай орағытып келе жатқан Бораш бұлардың әлі үймелесіп тұрғанын көре сала құстай ұшып келіп Садыққа жабыса кетті

Ол не Сәке менің өгізім емес пе

Садық оның бетіне ойлана қарады

Шынында ол сенің өгізің шығар-ау мен бір қолыңнан ұстап тұрайын өзің анықтап қарашы

Бораш бір қолын Садыққа ұстата салып шыңырау түбіне көз жібере сала шошына кейін шегінді

Ағатай-ай

Не болды

Анда өгізше өкірген біреу тұр

Арқан әкелуге шапқылап кеткендердің екеуі екі-екіден төрт арқан әкелді де бұлардың сөзін бөліп жіберді Арқандар біріне-бірі жалғанып екі қабатталды да шыңырауға тасталды

Байла беліңнен деп Садық айғай салып еді Бейсен арқаннан жылан көргендей ыршып шыңыраудың ар жағына бірақ шықты Анау жындана бастады мен түспесем болмас

Тоқташы деді Ефимов ойлана сөйлеп маған бір қорқынышты ой келе бастады Бұл құлаған ескі забойдың төбесі болса тым болмаса бір жағы жарыла құлар еді

Мұнымен не айтпақсың

Егер жарылып тұрған жері болса екеуіңнің салмақтарың өздеріңді жазым етуі мүмкін. Сондықтан өзің түспе де ана досыңа қалай да түсіндір сөзіңді ұқпаса арқанды беліңе орап ыммен түсіндір

Садық шыңырау түбіне үңіле түсіп айғай да салды арқанды білегіне орап ым да жасады бірақ Бейсеннің миына түк даритын емес Садық енді не істерін білмей тұр еді Бораш бір ұшы шыңыраудың түбіне жетіп тұрған арқаннан ұстай алып аға жөнелді Шыңырау түбіне жеткенде оның ең алдымен көргені төрт аяғы көктен келіп дөңкиіп жатқан өзінің ала өзігі

(Ә.Әбішев «Қайран әкелер»)