I Бөлім · 4-тақырып

Нүкте, оның қойылатын жерлері

Нүкте екі түрлі қызмет атқарады: 1) белгілі бір ойдың аяқталғанын білдіру үшін қойылады; 2) драмалық шығармаларда кейіпкердің атынан кейін, сондай-ақ қысқартылып алынған адам есімдерінен, кіші әріппен жазылатын қысқартулардан кейін және т.б. жағдайларда қолданылады.

 

Нүктенің қойылатын орындары

Мысалы

Хабарлы сөйлемнен кейін

Поездан бұлардан басқа төрт-бес адам ғана түсті. (Н.Ғ.)

Жай, лепсіз айтылған бұйрық, тілек мәнді сөйлемдерден кейін

– Неге бөгелдің, айта бер. Мен сөзден шошымаймын, – деп күлді Мәуия. (Н.Ғ.)

Цифр не әріптер арқылы санамаланып айтылған сөздер не сөйлемдерден кейін

Пәнді әліптеудің өзі екі түрлі болады: 1) Жалқылау әліптеу. 2) Жалпылау әліптеу. (А.Б.)

Санамалы нөмірді белгілейтін айшықсыз қолданылған цифр не әріптен кейін

Әліптеу көзделген мақсатқа қарай екіге айырылады: 1. Пәнді әліптеу. 2. Сәнді әліптеу. (А.Б.)

Драмалық шығармалардағы әр кейіпкердің атынан кейін

Нұрмаш. Менің алдағанымды қашан көрдіңіз. (Ж.А.)

Кейіпкердің сөзіне қатысы жоқ, автордың түсінігі ретінде айтылған ремаркадан кейін

Бай. Қазір әлгі тапсырғанды ұмытып кетпе. (Екеуі де шығады.) (Ж.А.)

Бас әріптерінен не басқы буынынан қысқартылып алынған адам, кітап, газет, журнал, шығарма аттарынан кейін

В.Г.Гак метафораланудағы мағыналық процестер сипатына қарай толыққанды метафоралар және жартылай сипатты метафоралар деп жіктейді. (Б.Қ.)

Тағысын тағы, тағы сондайлар, тағы басқа, тағы сол сияқты деген сөздер қысқартылып алынғанда

М.Джонсон, Дж.Лаккофф, Э.Свистер т.б. ғалымдар метафораны концептуалды феномен деп таниды. (Б.Қ.)

Жақшаның алдындағы сөйлем аяқталып, тыныс белгілерінің бірі қойылса, қыстырма сөйлемнен кейін жақшаның ішінен нүкте қойылады

Солай қарай разъезді басып, күніне екі автобус өтеді. (Әділбек бұл жолмен бұрын жүрмесе де, мұның бәрін күні бұрын зерттеп алған.) (Н.Ғ.)

 

Ескерту. Бас әріптерден немесе буындардан қысқарған сөздердің әріптері мен буындарының арасына нүкте қойылмайды: ТМД, ҚР, ауатком.

Ұзындық, көлем т.б. өлшемдердің қысқартылып қолданылатын шартты белгілерінен кейін нүкте қойылмайды: м, дм, см, мм, т, кг.

Белгілі бір күннің атауынан және тақырып атауларынан кейін нүкте қойылмайды: Қаңтардың он алтысы немесе Он алтыншы қаңтар, Сынып жұмысы, Есімдік. Егер тақырып атауы екі не үш аталымнан тұрса, олардың әрқайсысын бөліп көрсету үшін шартты түрде нүкте қойылады. Алайда соңғы атаудан кейін нүкте қойылмайды: Есімдік. Сілтеу есімдігі

 

6-жаттығу. Сөйлемдердегі нүктенің қойылуына назар аударып, оның қойылу себебін түсіндіріңіздер. Әр сөйлемде нүктенің қандай ережеге сәйкес қолданылғанын анықтаңыздар.

Сол түннің таңы қылаңдағаннан бастап Ойқұдық, Кіндікті, Қорық, Шолпан, Ералыдан жан-жақтағы бар қоныстардан кедей атаулы, жатақтарға қарай созылды. (М.Ә.) Ысқақ (атып тұра келіп). Ол ит тағы ақша сұрайды ғой. Бұл үйде екенімді қайдан біліп қойып еді. (Кетіп бара жатып.) Рәш, сенімен тағы оңдап тұрып бір сөйлесемін. (Ж.А.) Сондықтан жіктеу есімдігі үш жақты болады: 1) Сөйлеуші үшін «мен» дейді, бұл – бірінші жақ. 2) Тыңдаушыға сөйлеуші «сен» дейді, бұл – екінші жақ. 3) Сөйлеуші өзі мен тыңдаушыдан басқаны «ол» дейді, бұл – үшінші жақ. (А.Б.) Жалғыз болған соң тапқан ермегі ме, әлде мамандығына байланысты құмарлық па (ол зоология пәнінен сабақ беретін), Хамза үйінде бұлбұл, тотықұс, бозторғай секілді кішкене әнші құстардың бірнеше түрін асырайтын. (Н.Ғ.) Тобықты ішінде Құнанбай айтты деген сөздердің ішінде, «философ» айтарлық ақиқат сөздердің мына сияқтысы бар: 1. Құл мен қожа майданда теңеледі, жас пен кәрі білімде теңеледі, бай мен кедей жомарттықта теңеледі. 2. Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы болады. 3. Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ. (М.Ә.) Қазіргі таңда бұл мәселе жеке зерттеу нысанына айналды, осы тақырып төңірегінде ғылыми еңбектердің де (Б.Момынова, З.Құрманәлиева, Б.Жонкешев т.б.) барлығын айтуға болады. (Б.Қ.) Қасына күйеу жолдас етіп өзімен институтта бірге оқыған, ең жақын, ең сырлас досын ертіпті. (Сапия бұл жігітті жақсы танитын, осы ауылда болған студенттердің құрылыс отряды сапында ол жігіт те бар еді.) (Н.Ғ.) Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды. (Мақал) Нұрмаш (терезеге қарағансып Батиманы құшақтап). Япырай, ол ит қай жақтан сап ете түсті, мұнда келетін болса мен көрінбеймін. (Екеуі де терезеден басын тығып сығалап тұрады.) (Ж.А.)

 

7-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерді көшіріп жазып, тиісті жерлеріне нүкте қойыңыздар. Әр сөйлемде нүктенің не себепті қойылғанын түсіндіріңіздер.

Қазақстан ғалымдарынан ММКопыленко, ЛҚЖаналина, БҚасым, АСалқынбай тб ғалымдар еңбектері осы мәселенің шешілуіне үлес қосты (Б.Қ.) Қазақ тіліндегі жырдан басқа өлеңде көбінесе бунақтың екі-ақ түрі жұмсалады: 1) Үш буынды бунақ 2) Төрт буынды бунақ (А.Б.) Сөзден өлең жасап шығару жағынан тіл үшке бөлінеді: 1 Дауысты дыбыстарында ұзын-қысқалық бар тілдер 2 Екпін буыны бірыңғай келетін тілдер 3 Екпін буыны бірыңғай келмейтін тілдер (А.Б.) Сөйлем сөзден құралатын нәрсе болғандықтан, сөз ішіндегі буындар, ырғақтар сөзбен бірге түгелімен сөйлемге кіреді (А.Б.) Ол әдістер негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді: 1 Көріктеу 2 Меңзеу 3 Әсерлеу (А.Б.) Нұрмаш Жоқ енді кетерде берейін (Қалтасына сала бергенде Батима жұлып алады, Нұрмаш таласып ұмтылады Батима бермейді, Нұрмаш белінен құшақтап таласқан болып жүріп, бетінен сүйіп алады) Бере тұрыңызшы, тұра тұрыңыз деймін (Ж.А.) Әрі-бері ойланып, ішімнен бір шешімге мықтап тұрып бекіндім де, сол күні дереу МТС-қа тарттым (Жаяу шықтым; ауылдан он бес шақырым тұратын) (Н.Ғ.) Проф АЫсқақов соңғы кезде шыққан еңбектерінде күрделі сөздердің аса маңызды мәселелерін қамтып, дұрыс тұжырымдар жасады, бірқатар тың мәселелерді алға қойды (Б.Қ.) Метафоралық мағынаға сөздің ішкі мағыналық құрылымының ең бір көзге түсер нысаны: түсі, түрі, көлемі, қызметі, тб болып келеді (Б.Қ.) Сазамбай Мінезі шәлкес екен ғой Жарықтық кейбір малдың сондай мінезі болады ғой (Ж.А.)

 

8-жаттығу. Драмалық шығармадан берілген мәтіндегі тиісті тыныс белгілерін қойып, олардың қойылу ережесін түсіндіріңіздер.

Нұрмаш үйіне кіріп келіп Жолы болар жігіттің

Батима ұшып түрегеліп жүрегін басып Ах Шошып кеттім ғой

Нұрмаш Менен бе басқадан ба

Батима Жоқ сізден емес сізді келеді деген биттей ойымда жоқ еді

Нұрмаш Олай болса мен туралы аз ойлайсыз екен

Батима Жоқ мен сізді ойламаймын дегенім емес келе қояды деп ойлаған жоқ едім

Нұрмаш Үйде өзіңізден басқа кісі жоқ па

Батима Жоқ

Нұрмаш Онда мен жұлдыздың оңына шыққан болам ба

Батима жымиып Қайдан білейін

Нұрмаш Менім бағым бар екен альбомыңызды бере кетейін деп кіріп ем кезең кез болған дегендей жеке отырғаныңызға дөп келермін бе

Батима Қане жаздыңыз ба

Нұрмаш Бірдеңе жазған болдым Көрсетіп Бірақ қандай әдемілеп жазсам да жас жүректің толқындарын суреттеп жеткізе алатын емеспін

Батима Әкеліңізші көрейін

Нұрмаш қалтасынан альбомын алып күлімсіреп ойнап отырады Беруге ұялып отырмын

Батима Өзіңіз жазып тұрып несіне ұяласыз

Нұрмаш Кетерде берейін мен кеткен соң оқырсыз

Батима Жоқ әуелі өзіңіз оқып беріңіз

Нұрмаш Жоқ енді кетерде берейін Қалтасына сала бергенде Батима жұлып алады Нұрмаш таласып ұмтылады Батима бермейді Нұрмаш белінен құшақтап таласқан болып жүріп бетінен сүйіп алады Бере тұрыңызшы тұра тұрыңыз деймін

Батима күліп Берілмейді альбомда дауыңыз бар ма Мұныңыз қалай

Нұрмаш Мұным солай сен әлі альбомды айтасың мен онан үлкен де дауым бар деп жүрмін

Батима қылымсып Қоя беріңізші

Нұрмаш бетіне қарап күліп Әкеліңіз енді қане ендеше өзім оқып берейін

Батима Алдамайсыз ба

Нұрмаш Менің алдағанымды қашан көрдіңіз

Батима Жарайды ендеше сенейін

Нұрмаш жайлап нығыздап оқиды Батима күлімсіреп біресе Нұрмаштың аузына біресе төмен қарап тыңдайды

(Ж.Аймауытов «Сылаң қыз»)

 

9-жаттығу. Драмалық шығарманың тыныс белгілеріне назар аудара отырып, мәтінді жұптасып оқып шығыңыздар. Оқу барысында тыныс белгілерінің қойылу ерекшеліктерін анықтаңыздар.

Хакім (Батиманың қолынан жетектеп кіреді). Қане? Кісі бар дегенің қайда?

Батима (көзінің қырымен кереуетке қарап). Жоқ, ойнап айтқамын.

Хакім (Батиманы орындыққа отырғызады). Отыр! (Өзі қасына отырады. Батима түрегеліп аулағырақ барып отырады.) Менің қасымнан неге кетіп қалдың?

Батима (жүрегін басып). Жүрегім бір түрлі тулап бара жатқаны несі?!.

Хакім. Қуанарсың, жүрегіңді байқасам қайтеді?

Батима. Жоқ. Байқамай-ақ қойыңыз... Ағатай, мен қорқып отырмын, барыңызшы.

Хакім. Кімнен қорқасың!

Батима. Білмеймін, жүрегімнің кейде көтерілетіні бар еді. Сонысы ұстап отыр білем.

Хакім. Үйреншікті болса оқа етпес.

Батима. Қалжыңды қоя тұрыңызшы, өзімнің жайым келмей отыр.

Хакім. Мана сап-сау едің ғой.

Батима. Ауру алыс па?

Хакім. Ауырсаң, дәрігер әкелейін.

Батима. Жоқ, сұмдықты айтпаңызшы.

Хакім. Бұрын мұндай емес едің, бірдеңе есіттің бе, маған әлде өкпең бар ма?

Батима (мұңайып). Жоқ, ешкімге де өкпем жоқ.

Хакім (түрегеліп Батимаға жақындап). Өкпең қайтсе жазылады?

Батима (тұрып шегініп). Ағатай, сізден сұрағаным, барыңызшы.

Хакім. Мана кел дегенің...

Батима ернін қысып, қолын сілтеп, сөйлетпейді.

(Ж.Аймауытов «Сылаң қыз»)

 

10-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып шығып, нүктенің қойылған орындарына назар аударыңыздар. Оқу барысында нүктенің ойды аяқтаудағы рөлін анықтап, оның қандай ережеге сәйкес қолданылғанын түсіндіріңіздер.

Бата – қазақтың ежелден келе жатқан көне дәстүрлерінің бірі. Арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру деген мағынаны білдіреді. Бата тілеудің, бата айтудың қисыны да әртүрлі: дәмге бата, сақтық батасы, той батасы, сапарға ақ тілеу т.б. Олардың қандай жағдайда қай түрі қолданылатынын аңғара білу керек. Әдетте бата қадірлі ақсақал, ел ағалары тарапынан көп сенімін ақтайды деген абзал азаматтарға, талапты жастарға, жұрттың жүгін көтерген адамдарға немесе белгілі бір кісілерге үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда беріледі. Белгілі бір адам әуел баста жанынан шығарып айтып, ол жатталып, екінші бір адам айтқанда кей жерін өз сөзімен қосып айтып, келе-келе алғашқы айтылған бата өзгерген де жайлар кездеседі. Батырлар жырындағы, аңыз-әңгімелердегі айтылатын баталар соның дәлелі. Кейде бата ұзақтау өлең түрінде болып келсе, кейде екі-ақ ауыз қысқа да нұсқа, нақыл-ақыл, өсиет түрінде берілген. Бұған қарап, қазақтың өзіне ғана тән ерекше ақынжанды, сөз қадірін аса терең сезіне білген халық екендігін байқау қиын емес.

Кейде сөз төркінін түсінбейтін, байлыққа малданған тоғышарлардың сараңдығын шешендер батаға қосып, сынап та алып отырған. Бұдан батаның тәрбиелік мәнін де көреміз.