I Бөлім · 5-тақырып

Сұрау белгісі, оның қойылатын орындары

Сұрау белгісі, негізінен, сұраулы сөйлемнің соңына қойылады. Сұраулы сөйлем деп жауап алу мақсатындағы сөйлемді айтамыз. Сұраулы сөйлем екі түрлі жолмен жасалады:

  • грамматикалық белгілер арқылы; 2) интонация арқылы.

 

Сұрау белгісінің қойылатын орындары

Сұраулы сөйлемдерден кейін

Бірыңғай жеке сөздер немесе сөз тіркестері сұраулы интонациямен айтылса

Жауап қайтаруды тілейтін, таза сұраулық мәні бар, амандасқанда айтылатын толық сөйлемдерден кейін

Сөйлемдегі бір сөздің мәні екіұшты болып, күмән тудырғанда жақшаға алынады

Баяғыда орысты үш жүз жылдай татар билеп тұрғанда, қазақ та соның ішінде қандай қорлық көрсетпеп еді? (Ж.А.)

Бейуаз мұжықты қылышының жүзінен өткізбеді ме? Мүлкін талап, әйелін расуа қылмады ма? (Ж.А.)

– Бәйбіше қайда? Ақбілек қайда? – деп көзі шарасынан шығып, Мамырбай отағасы күрс-күрс етті. (Ж.А.)

Тарта берер алдыға, ұмтыла берем балаша (?)

 

11-жаттығу. Төменде берілген хабарлы сөйлемдерді сұраулы сөйлемге айналдырыңыздар. Сұраулы сөйлемнің қандай тәсіл арқылы (грамматикалық белгі немесе интонация арқылы) жасалғанын анықтаңыздар.

Поездан бұлардан басқа төрт-бес адам ғана түсті. (Н.Ғ.) Олар поезд өтіп кетісімен, рельстерден аттап, темір жолдың екінші бетіне қарай жүрді. (Н.Ғ.) Әлгі көрінген автобус келіп тоқтағанда, бұл үшеуінен басқа поездан түскен жаңағы жолаушылардың бәрі осы автобусқа отырып, жолдары болып, тез жүріп кетті. (Н.Ғ.) Машина ақырын қозғалды. Қастарында бөтен кісі болған соң (және қалыңдықтың ауылының адамы ғой, мүмкін, құдалардың біреуі боп жүрер), Әділбек пен Мұқан үндемей, тым-тырыс отырды. (Н.Ғ.) Бұлар ауылға жеткенде, уақыт түнгі сағат екінің шамасына таянып қалған еді. (Н.Ғ.) Әділбек жан-жағына қарады, бөлменің еденіне, төбесіне, қабырғаларына көзін салды. (Н.Ғ.) Есік ашқан қызыл шырайлы келіншек бұл жолы сыпайы сызылып, күйеуді төргі үйдегі үлкендерге сәлем беруге шақырды. (Н.Ғ.) Қалампыр түрегеліп, күйеу баласына қарай қозғалғанда, төрде отырған үш-төрт мосқал кісіден басқалары орындарынан жылдам тұрысып, күйеуге орталарынан жол аша берген. (Н.Ғ.) Ұлбазарды күйеудің аулына дейін шығарып салуға, ол келін боп түсетін жердегі тойдың ішінде болуға үлкен апасы мен жездесі, жақын ағайындарынан және үш әйел бірге аттанды. (Н.Ғ.) Ұлбазар туған ауылына толқып қарағанда, ең әуелі ортаңғы көшедегі екі этажды ұзын ақ үй көзіне бірден түсті. (Н.Ғ.) Жазда бұлардың баурайлары мен қойнауы жидек пен бүлдіргенге тұнып тұратын. (Н.Ғ.) Боз көденің арасынан тік ұшқан кішкене торғай жоғары көтеріліп, биікте бір орында қалықтап тұрып, шырылдап ән салды. (Н.Ғ.)

 

12-жаттығу. Сөйлем соңындағы тыныс белгілеріне назар аударыңыздар. Олардың қандай тәсіл арқылы (грамматикалық белгілер немесе интонация арқылы) жасалғанын талдап көрсетіңіздер.

І. Әрине, патшаға қарсы алысқан асыл қауымды былай қояйын. Ал ұры-қары аз ба? Соның көбі анық ойлап келсең, тағы да әр алуан Мыңжасарлар емес пе? Бәрі де әділетсіз езгіден, өмір өгейлігінен Мыңжасар боп жүрген жоқ па? (М.Ә.) – Кім деріңіз бар ма? Жоқшылық жүдеткен ел аз ба айналамызда? Ең алдымен мынау қалың жатаққа беріп, солардың жүдеу шаруасын аз да болса сүйеп кетуге болмас па еді? Олар болса шетінен осы ауылдың көп заманғы малшы, қосшы, көршісі емес пе? Тіпті шынға келсек, ата-аналарымен ұзақ еңбек еткен... Арқабасы жауыр боп тозып, азған күйлеріне, тым құрса осындайда қарасса не етеді? Сіздердей ел кісілері, оқта-текте осылай ойласа обал бола ма? (М.Ә.) Апасы емтиханға кірерде қорықты ма екен, қорықпады ма екен? Емтихан билетін аларда қолы дірілдеді ме, дірілдемеді ме? Жауап беруге шығарда жүрегі дүрсілдеді ме, дүрсілдемеді ме? Осының бәріне қызығады. (Н.Ғ.) – «Өмір заңы адам ырқына көнбейді, адам оның ыңғайына бейімделеді» дегенімде, сен бұған қосылмай, сөз таластырып едің ғой, ұмытқан жоқсын ба? (Н.Ғ.) Аурудан жақында тұрған әлсіз адам осыны көтере алмай қалды ма екен? Әлде ескі ауруы қайталай ма? Немесе алыс жолға тұңғыш шыққан жалғыз ұлының туған ауылдан ұзап бара жатқанына көңілі босады ма? (Н.Ғ.)

 

ІІ. Бұл не? Қалың жаудан қаймықпайтын бетімнің мына қыздан қайтқаны қалай? Мен кеше қандай едім? Қайрап алып қалың жауға сермеген көк семсер емес пе едім? Бүгін қандай? Қанатым қайрылғандай, семсерім майрылғандай күйдемін, бұл қалай? (Ә.Ә.) – Ей, сұм заман! Сен жалмамаған менің нем қалды? Ендігі бар күткен бақытым Самалымның құшағы еді, көрерім тағы да сенің қанды бұғауың болғаны ма? Енді қайттім? Самалымды шынымен-ақ тірі жесір еткенім бе? Ондай перизаттың жас өмірін өксуменен өткізіп, бағын байласам, менің кім болғаным? Жоқ, дүниенің бар қасіретін жалғыз тартсам да, өмірден жар қызығын көрмей өтсем де, оның обалына қалмаймын, бағын байламаймын. (Ә.Ә.) Шынында, мен не істегелі тұрмын осы? Тәубаға әлдеқашан келген пиғылым бүгін неліктен бұзылды? Қайдағы бір жолаушының атына неге мұнша қызықтым? Оған қанша қызықсам да, мұндай іске Назгүлді қалай қидым? Әлде соңғы кезде пайда болған салқындық па мені бұлай алжастырған? Жоқ, бұл алжасу емес, бұл да карта ойыны секілді ойын. Ойын атаулының бәрі қызық. (Ә.Ә.) «Ұлдарым» дейді, ә? Манадан бері айтылмаған бұл сөзді не үшін айта қалды? Әлде сендер менің баламдайсыңдар, тоқалыма көз сүзіп жүрмеңдер дегені ме екен? Солай-ау. (Ә.Ә.) – Әкемнің солай дегені рас, сол кезде сен не дедің, нағашы? Өзіңнің не дегеніңді неге жасырасың? Менің астымнан атып тұрып барып әкемнің аяғын құшақтай алғаның қайда? Екеуің алақандарыңды шарт-шарт соғыстырып анттасқандарың қайда? Сонда өзіңнің не дегенің есіңде ме? «Көк тұлпардың иесі қарсыласар болса, қанын өз қолыммен төгемін, оның куәсі мына балаңыз болсын, бірге жүріп көзімен көрсін» дегенің қайда? (Ә.Ә.)

 

13-жаттығу. Қ.Мырза Әли мен М.Мақатаевтың өлеңдеріндегі сұрау белгілерінің қойылуына назар аударыңыздар. Әр ақынның екі өлеңін алып, сұраулы сөйлемдердің қандай мақсатта қолданылғанын (жауап алу, ой тастау, эмоциялық әсер беру т.б.) және олардың интонациялық ерекшеліктерін талдап көрсетіңіздер.

 

Сұраулы сөйлемнің жасалуы

Ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулар арқылы

Сұрау есімдіктері арқылы

Сұраулық интонация арқылы

Баяндауыш құрамында ғой, ше шылаулары келу арқылы

Баяндауыш құрамында шығар, болар сөздері келу арқылы

Баяндауыш құрамында ә одағайы келу арқылы

Қойы жоқ үйге жіп-шу деген нардың бұлы емес пе? (Ж.А.)

Түндегі оқиғадан кейін ел не жайлы болды екен? (Ж.А.)

Анау адам мұның сөзін дұрыс түсінсе жақсы, түсінбесе ше? (Ш.А.)

Топырлап кіріп жатқан мына кісілерді де қуанышына құтты болсын айта келгендей көретін болар? (Ә.Н.)

– Баламысың деген, ә? – деді шал мұртынан күліп. – Әуелі үйге жетіп алайық, қалғанын көрерміз. (Ш.А.)

 

Ескерту. Ғой, шығар, болар сөздері арқылы жасалған сөйлемдер әрі хабарлы, әрі сұраулы, әрі лепті мәнде жұмсалуы мүмкін. Сондықтан мұндай сөйлемдерде тыныс белгісі олардың сөйлем түріне қарай қойылады. Бұл ретте тыныс белгісін таңдауда жалпы контекст пен интонация шешуші рөл атқарады: хабарлы мәнде нүкте, сұраулы мәнде сұрау белгісі, ал көтеріңкі, эмоциялық мәнде леп белгісі қойылады. Мысалы: Асылы, Әділбекке институтты бітірген соң, ауылға барғаны жөн шығар, аспирантурада сырттан оқуға да болады ғой. (Н.Ғ.) – Ойпыр-ай, жүрегім біртүрлі дүрсілдеп кетті ғой! – деді демі дірілдеп. (Н.Ғ.) – Сейтақтың үйі осы ғой? – деп сұрады. (Н.Ғ.)

 

14-жаттығу. Сұраулы сөйлемдердің қандай сұрау мәнді сөздердің қатысуымен жасалып тұрғанын анықтаңыздар. Әр сөйлемдегі сұрау мәнді сөздерді тауып, олардың сөйлемдегі қызметін түсіндіріңіздер.

Неге бұлай? Алыстан келген құдалар жарқылдап сөйлеп отырғанда, бұлар қабақтарын неге ашпайды? Сондағы көздеген мақсаты не? Әділбек осыған түсіне алмады. (Н.Ғ.) – Әке-шешесі, аға-іні, апа-қарындасы, туыстары бар жігіт пе? Өскен жері, өнеге алған ұясы қандай екен? (Н.Ғ.) – Ержеткен соң ұл үйленеді, қыз тұрмысқа шығады, бұл – өмірдің заңы. Осы жайында ештеме ойлап жүрмісің, қарағым? Көңілің жарасқан адамың бар ма? (Н.Ғ.) Осы көлеңкеде қандай сыр бар? Гүлзияның денсаулығы кем бе, бір жері ауыра ма? Әлде басында бір қайғысы бар ма? (Н.Ғ.) Дәрет алғаны болмаса, Алтынай намаз оқыған жоқ, байына еліктейді дейсіздер ме? (Ж.А.) Намаз оқығанда да, Алтынайлардың аузын жыбырлатып, жығылып, тұрып жатқанда, не айтып, не қоятынын бір құдай білмесе, пенденің көзі не жетсін? (Ж.А.) Ұлықтың қатыны басы мен бақайы жылтылдап жүрген несі жақсы дейсің? (Ж.А.) Бірақ Мұқаш оның қадірін біледі деймісің? (Ж.А.) Олар кіммен соғысып жүр екен? Әлде төңіректегі қазақтармен... қой, қазақ бұлармен неғып соғыса алсын? Не қауқары бар? Әлде қазақ біткенді қырып тастап, малдарын, қыз-келіншектерін тартып алғалы жүр ме? Онда бәрі бірдей неге кетті? Бес-алтауы барса да мылтықтарымен бір тайпы елді жусатпай ма? (Ж.А.) «Қош» деген бір ғана сөзді тілім күрмелмей, өкпем өксімей қалай айта алармын? Үндемейсің, ә? (Ә.Ә.) – Атақты Мәдиді айдауда дауші еді ғой, мынау да осал емес секілді, сонда бұл қай елдің Мәдиі болды екен? (Ә.Ә.)

 

15-жаттығу. Белгілі бір ақын не жазушымен кездесу ұйымдастырылса, оған қандай сұрақтар қояр едіңіздер? Әрқайсыңыз шығармашылық жолы, дүниетанымы және қазіргі әдебиет туралы кемінде бес сұрақтан дайындаңыздар.

 

16-жаттығу. Көркем шығармалардан сұраулы сөйлемнің әр түріне үш мысалдан теріп жазыңыздар. Әр мысалдың қай тәсіл арқылы (грамматикалық белгі немесе интонация арқылы) жасалғанын көрсетіп, сөйлем соңындағы сұрау белгісінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.