II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 4-тақырып

Одағай сөздердің тыныс белгілері

Кісінің көңіл күйін, түрлі сезімін (қуаныш, өкініш, реніш, таңдану, қорқыныш т.б.) білдіретін, сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік байланысқа түспей, оқшау қолданылатын сөздерді одағай сөздер дейміз. Одағай сөздер сөйлемде интонация арқылы бөлініп айтылады да, мағынасы мен айтылу ерекшелігіне қарай олардан кейін кейде үтір, ал эмоциялық реңкі күштірек болған жағдайда леп белгісі қойылады: – Әп, бәрекелді! – деп қуанды Мұса. – Құдағиымыздың мынадай жақсы лебізін естігеннен кейін, тойға шашуымыз болсын, бір ән айтып жіберейінші! Домбыра бар ма екен осы үйде? (Н.Ғ.) – Е, мен ондай дұғаны дәретсіз-ақ оқи беремін, – деп олардың жасанды молласы бір ыңыранды да, қолын бір сілтеп шығып кетті. – Әй, барсам барайыншы, алсам алайыншы дәретті. (Ә.Ә.)

 

Одағай сөздерге байланысты қойылатын үтір орындары

Одағай сөздің сөйлемнің басында келуі

Одағай сөздің сөйлемнің ортасында келуі

Одағай сөздің сөйлемнің аяғында келуі

– Ой, өзің жігіт емес екенсің ғой... сал мына торсықты арқаңа. (Ә.Ә.)

– Мұның не, әй, сірі тақым? Шөп ұрлап жатыр ма екен? – деді үй иесі. (Ғ.Мүс.)

– Шіркін-ай, сол тұйғынның нажағайлардың арасынан не іздеп бара жатқанын білер ме еді, ә? (Ә.Ә.)

 

51-жаттығу. Одағай сөздер кездесетін сөйлемдерге тиісті тыныс белгілерін қойып, жаттығуды көшіріп жазыңыздар. Әр одағай сөзден кейін қойылған тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріп, олардың сөйлемнің қай шенінде (басында, ортасында, соңында) келгенін анықтаңыздар.

– Япыр-ай мынауың да бір соны сөз болды-ау, Абай, – деді. (М.Ә.) – Е шырағым-ау, атамыз қазақ жолы сол емес пе? Бұндай жиында мал шығыны орынды. Жұмсалатын жолы да осы. Оны тіпті шариғатымыз да құптайды ғой! – деді. (М.Ә.) Ұмсынай. Ойбай-ау не дейді ойбай Сазамбай сенімен құрдас емес пе? Жалғыз қызды қатынының тепкісінде шіріткенше, құдайдың алғаны жақсы емес пе? (Ж.А.) – Пай-пай жалыңызға қол апартпайды екенсіз! Сізге енді қай жағыңыздан жақындасам екен?! – деп, Мұса екі қолын екі жағына жайып күлді. (Н.Ғ.) – Япырау мынау мен күтпеген оқыс нәрсе болды. Гүлзияны періште көріп жүрсем... – деп, Әділбек қайран қалып, басын шайқай берген. (Н.Ғ.) – Не екенін өзің білмесең де таңдайың танитын болар, аузыңа сал да шайнамай тамсай бер... түу өзі жас жылқының жалы екен, жал емес-ау, бал екен. (Ә.Ә.) – Қап ашыққандардың бірі екен деп бұқтым-ау мен сорлы. Тым болмаса жөн сілтеп жібере алмадым-ау... Адам баласын біріне-бірін құбыжық етіп қойған құдайым-ай. Ей балақай, ол жақта ел жоқ, адасып кетпе, ана белге шыққаннан кейін сол жағыңнан соқпақ кездеседі, сол соқпақпен солға бұрыл, солға. (Ә.Ә.) Болыс (дірілдеп). А-е-е-ей Айдашы мына торы биені!.. Басты ғой... тепті ғой... ей ой (Ж.А.) – Ей сен неге үндемейсің? Мен саған не айтып келемін? – деді тұра қалып. (Ә.Ә.) – Ой өзің ер емес, ез екенсің ғой, – деді Иман енді оны қорқыта, – ездің маған керегі жоқ, қош бол, – деп кете беріп еді, Сапар оның етегінен ұстай алды. (Ә.Ә.) – Ойбай Ойбай – деді екі мырзаның арасында шыжық болып жүрген жігіттердің бірі. – Ананы қараңдар, қайта келе жатыр! (Ә.Ә.) Ақынның домбырасын қағып қалып: – Тек Тантымай сөйле! Былғама Нұрғанымды! Қаңқуға қимас қадірлім болатын! – деп, үй ішіне тегіс зекігендей қарады. (М.Ә.) – А-ай бәйбіше-ай, қарып-қасердің көзін ойғаның осы да... Баламның адам атын алып, ит атын қойғаның да сол екен ғой!.. – деп, шал түңіліп қозғала берді. (М.Ә.) Күләнда. Пай-пай-пай-ай Осы молдекеңнің сұрамшағы-ай! Келген сайын сілімтіктеніп бірдеңе алмай кетуі жоқ. (Ж.А.) Болыс. Белбеуім, тымағым... Уһ әһ уһ Түтігіп кеттім ғой! (Ж.А.)

 

52-жаттығу. Одағай сөздердің қойылған тыныс белгілеріне назар аударып, олардың қандай көңіл күйді, сезімді (қуаныш, таңдану, реніш, өкініш, қорқыныш, шақыру т.б.) білдіріп тұрғанын анықтаңыздар. Әр мысалда тыныс белгісінің не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.

Сонда Қалдыбай дастарқанның бір шетін шапшаң жия беріп: – Ал, қатын, енді бұлар төбелесті! Пай-пай! Аяқтарының астында қаламыз-ау, ойбай! Шыныаяғыңды жи, ал ұстасты! – дейді. (М.Ә.) Кәкітай әдеттегі шапшаңдығы бойынша түңіле сөйледі: – Ойбай, Абай аға, сонда да шындық бар дейсіз бе! Әзімбайдың маңынан қаскөйлік, қорлықтан бөтен не шығушы еді? (М.Ә.) Сонда Жұман терезеге қарап, қатынын шақырып алып: – Уәй, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлыжарыққа отырып алғаным қандай ақыл болған, ә?! – депті. (М.Ә.) – Түу, жеңеше, ол не дегеніңіз? Өзге қатындарды алғанда, олардың өз еншісіндегі малы бар емес пе? Соны береді де қояды. Еркежан мүлкін, ол үйдегі малды үлеске салдыра ма?! «Ортада тұрсын» дейді де, қол тигізбей қояды ғой. Сонан соң Әубәкір бір не, онан әрі Әйнекем өзі не болады да қалады ғой... (М.Ә.) – Уәй! Осы алқынған ашуың шын ба? Соныңды ғана айтшы! Жүзіме айтшы, жарқыным! – деп Оразбай мен Жиреншеге кезек қадалды. (М.Ә.) – Уәғалайкүмәссәлем! Е, жігіт, неғып суыт келесің? – деп, Абай дағдысы бойынша жүргіншінің ісін тез білмек болды. (М.Ә.) Ол енді Абайға қарап: – Япыро-ой, қалай өзгерген! Ән мен сөз қалай өзгерген! Сондай сырлы, соншалық жан-тамырды солқылдатқан қандай сөздер!.. Түу!.. – деп, бас шұлғып, үндемей тамашалап барып: – Өлең мен ән ырысын тауыпты-ау, Абай!.. Өнеріңнен айналайын! – деді. (М.Ә.) – Бәрекелді-ай! Аса қадірлейтін қымбат адамым еді, денсаулығы да нашар. Сенімен бірге жақсылап тынықса деп ем. Өзімен дұрыстап таныстың ба? (М.Ә.)

 

53-жаттығу. Шақыру одағайларын орынды қолдана отырып, еркін тақырыпта шағын әңгіме жазыңыздар. Әңгімеде шақыру одағайларының кейіпкерлердің назарын аудару, үндеу жасау, эмоциялық әсерді күшейту қызметін ескеріңіздер.

 

54-жаттығу. Көркем шығармалардан одағай сөздерді тауып, олардың сөйлем ішінде орналасу тәртібіне қарай (сөйлемнің басында, ортасында, соңында) әр түріне үш мысалдан жазыңыздар. Мысалдарды кестеге орналастырып, әр одағай сөздің білдіріп тұрған көңіл күйін, оған байланысты қойылған тыныс белгілерін және сөйлемдегі қызметін түсіндіріңіздер.

 

Одағай сөз басында

Одағай сөз ортасында

Одағай сөз соңында

 

 

 

 

55-жаттығу. Құрамында одағай сөздер бар сөйлемдерді пайдалана отырып, сұрақ-жауап түрінде шағын диалог құрастырыңыздар. Одағайлардың қандай көңіл күйді, сезімді (қуаныш, таңдану, реніш, өкініш т.б.) білдіріп тұрғанын анықтап, олардан кейін қойылған тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.

 

56-жаттығу. Сөйлемдерден грамматикалық жағынан басқа сөздермен байланыспайтын оқшау сөздерді (қаратпа сөздер, қыстырма сөздер, одағай сөздер) тауып, оларға тиісті тыныс белгілерін қоя отырып, сөйлемдерді көшіріп жазыңыздар. Әр оқшау сөздің қай түрге жататынын анықтап, қойылған тыныс белгілерінің ережесін түсіндіріңіздер.

– Ей барша әлемнің иесі тәңірім Бір сұрауға жауап берші! Қасіреттен басқаның бәріне зар қылғандай мынау адамның жазығы не? Құдіретті күшті құдайым именерім жоқ қой, осы сұрауға жалтармай жауап берші. (Ә.Ә.) – Кешіріңіз мырза, – деді жалмауыз көзі аттың тұлғасына тойған соң ғана жадырап, – сендегі сол мінез менде де бар еді. Мен картаны ақша үшін емес, қызық үшін ойнаймын. (Ә.Ә.) Тегінде бұл істі бір Шұбар емес, бұдан бұрын болыс болып келе жатқан сан Шұбарлар мерзімді «қор» етіп алған. (М.Ә.) – Кешіріңіз батыр ойындарыңызды бөлдім, егер рұқсат етсеңіз, өзім туғалы көрмеген бір тамашаны тамашалағым келіп тұр. Ол – сіздің мына бір үйіңіз. (Ә.Ә.) – Ей жезде сенің де айтарың осы ма? – деп қыликөз картасын түгендеген болып, Мәдидің Көкдауылына алыстан ұрлана қарап сұқтанып отырған Шомбалға дауыстап еді, Келдек оның иығынан ұстай алды. (Ә.Ә.) – Апа мынау ініңіз мені күшік дейді, сонда сізді кім дегені? Айтпақшы ол бұл ауылда жоқ екен ғой құрдас әже сен не дейсің? Не дейсің? Сақалынан сүйреп үйге әкел дейсің бе? Мақұл, – деп үйге қарай жетелей жөнелді. (Ә.Ә.) – Көзіңізді бесіктен алар емессіз, бөбегіңізді сағынғансыз-ау сірә? (Ә.Ә.) – Меніңше оның алдында дәл осы шаңқай түсте жетуді керек ететін мақсаты бар. (Ә.Ә.) – О онда түнде жортатын бөрі екенсің, – деп Назгүл алғаш құйылған қымызды Мәдиге ұсына бере тоқтай қалды, – ағат болса айып етпеңіз мырза. Мен сізге қайта-қайта қараймын, қараймын да қайран қаламын, есіміңіз кім? (Ә.Ә.) – Мәди Мәди – дейді күрсіне сыбырлап. – Ол әне әнімен түнді тербетіп барады, мен қалай тебіренбейін. Не істесем екен? Аттан салсам ба екен? О сұм дүние, – деді де, жаңағы Мәди жантайған қос жастықтың үстіне құлап түсті. (Ә.Ә.) – Ойбай-ау ағатайлар-ай арқам-ай ойбай-ай жаным-ай арқам-ай ағатайлар-ай не істейін-ай. (Ә.Ә.) – О ең қадірлі сөзді қаңғыбас көрсең шынында сен әлі шала екенсің. (Ә.Ә.) – Айтпақшы сізден сұрайтын бір сөзім мұрнағы күннен бері сақтаулы жүр екен-ау, – деді Иман есіне әлдене кенет түскендей. (Ә.Ә.) – Ендеше оны неге арсыз атаймыз? Көру үшін көз салмайтын жан болмайды, оны неге ойламайсыз? (Ә.Ә.) – Немене мен мұны сен үшін жасатқан ба екенмін? Атың жүйрік секілді, ала қашпақсың ғой... (Ә.Ә.) Шынында қарттың бұл емеурініне Мәдиден басқа ешкім түсінген жоқ. (Ә.Ә.)