II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 1-тақырып

Сөйлем ішінде қойылатын тыныс белгілері. Үтір, оның қойылатын орындары

Сөйлем ішінде қойылатын тыныс белгілеріне үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, сызықша, жақша және тырнақша жатады. Бұл белгілер жазба тілде сөйлемнің синтаксистік құрылымын айқындап қана қоймай, оның мағыналық және интонациялық тұтастығын қамтамасыз етеді. Олар сөйлем құрамындағы ой бөліктерін өзара жіктеу, бірыңғай мүшелерді, айқындауыштарды, одағай, қаратпа және қыстырма сөздерді ажырату, құрмалас сөйлемдердің құрамдас бөліктерін бөлу, төл сөз бен автор сөзінің аражігін көрсету, түсіндірмелі, нақтылаушы немесе қосымша ақпаратты даралау т.т. қызметтерді атқарады.

Тыныс белгілерін дұрыс қолдану жазба тіл мәдениетін қалыптастырып, мәтіннің мазмұнын дәл әрі түсінікті жеткізуге, ойдың логикалық жүйелілігін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан олар грамматикалық нормалармен қатар, стилистикалық талаптарға да сай қолданылуы тиіс.

 

Үтір

Нүктелі үтір

Жақша

Қос нүкте

Тырнақша

Сызықша

Өмірден көзің кетсе де, сөзің кетпесін. (мақал)

Әкесінің баласы – адамның дұшпаны; Адамның баласы – бауырың. (Абай)

Базарбай (мырс етіп). Қайтейін деп жүре ме екен? (Ж.А.)

Оның күдігі тура келген: шығармадан «үш» алып қалған. (Н.Ғ.)

Қазақтар нағыз өнерлі жігітті «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтайды. (Н.Ғ.)

Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек. (мақал)

 

Үтір – ең жиі қолданылатын тыныс белгілерінің бірі. Ол сөйлемнің мағынасына, құрылымына және интонациялық ерекшелігіне байланысты қойылады. Үтір сөйлем ішіндегі ойды бөліп көрсетуге, сөйлем мүшелерін, сөз тіркестері мен сөйлем бөліктерін ажыратуға қызмет етеді.

 

Үтірдің қойылатын орындары

Бірыңғай сөйлем мүшелерінің арасы

Қаратпа, одағай сөздерден кейін

Қыстырма сөздерден кейін

Оңашаланған айқындауыш сөйлемдерден кейін

Құрмаластағы жай сөйлемдердің аражігінде

Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар бар-ды. (М.Ә.)

– Әй, сен осы не деп отырсың, қайта айтшы?! (М.Ә.)

Ендеше, бүгін сол қарсылық жаулығын ұстанар деп Күнту үміт еткен. (М.Ә.)

Дәл осы кезде тыста, үй сыртында, дабырлап жүрген ұсақ балалар сықылығы естіліп еді. (М.Ә.)

Мағрипа үлкен ақ жүзін Дәрменге шұғыл бұрғанда, екі беті қатты ду етті. (М.Ә.)

 

Ескерту. Бірыңғай мүшелерден кейін тағы басқалары, тағысын тағылар, тағы сол сияқты, тағы сондайлар деген сөздердің толық не қысқарған түрлері келген жағдайда, олардың алдынан үтір қойылмайды. Өйткені бұл жерде «тағы» сөзі «және» деген жалғаулық шылаудың қызметін атқарады: Бұл атау бұрыннан осы тәсілмен жасалған Ақорда, Алтынорда, Қызылорда т.б. сияқты жасалымдардың үлгісін алған. (Б.Қ.)

 

31-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерді көшіріп жазып, тиісті жерлеріне үтір қойыңыздар. Қойылған үтірдің әрқайсысын тиісті ережемен дәлелдеп, не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.

Шынында Оразбай Абыралылар тіпті мынау отырған Жиренше Күнтудың өзі де Базаралы басынан дәл мұндай істі күткен жоқты. (М.Ә.) Сөйтіп Базаралы мен Жігітекке ара түсіп қостайды дерлік атқамінерлер аз-ақ күн ішінде қиянатшыл жолына басып тастап-тастап кетті де барды. (М.Ә.) Әбіштің айтуынша бұл зорлықтың бір шеті елдегі бүліктерде жатса ел дұшпандарында жатса екінші жағы – патшалықтың ұлықтарында. (М.Ә.) Мәжіліске Әбіш келіп араласқан соң отауда қайтадан шай қойылып осы түн бойы таң атқанша Абайдың жас достары кешеден бергі естілген жаманат жайлар туралы ұзақ сөйлесті. (М.Ә.) Ертеңіне сәскеде «Қоңырәулиенің» қасына кеп түскен жолаушылар тікшелеу тастақ беткейге аттарын қалмақша байлап қалдырды. (М.Ә.) Тәкежанның осындай бишараларды алқымынан алып бақыртып отырғаны бүкіл Шүйгінсу Құнанбай қорығы Қарауыл Балпаң елдеріне түгел жетті. (М.Ә.) Дәмнен кейін қайтадан ойын-сауық қызып екі жақтың адамдары кезекпен я ән шырқап я күй тартып ал бұл өнер қолынан келмегендері не тақпақ не жұмбақ немесе күлдіргі жаңылтпаш айтып міндетінен құтылып түннің біраз уақытына дейін созылған жарасымды думан болды. (Н.Ғ.) – Өй Өтегелді-ау жер астынан шықтың ба жаным-ау? Сиқырың бар ма? Мүлде көрінбейсің ғой! – деді. (М.Ә.) Сол Аралда Алаш жақта үлкен қарағаштың түбінде Ертістің шымырлап аққан суына көз салып көк теңбіл желек жамылған аппақ шөлмектей бір келіншек отыр-ау! (Ж.А.)

 

32-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып шығып, үтірдің қойылған орындарына назар аударыңыздар. Әр үтірдің сөйлемдегі қызметін түсіндіріп, не себептен қойылғанын анықтаңыздар.

Оспанның қимас қасиетін есіне алады. Оны ойлай отырып, бүгінгі тіріде, қатарда қалған кей туыстарды ойға алғанда, көңіл медеу таппай ызалы жүрек ащы шындықты атап кетеді.

Қалған туыс мықтысы, күштісі кім? Тәкежандар ма? Оларда пасықтық бар, – адамдық жоқ. Қараңғы жауыздық бар, – жарқын жүз жоқ. «Кім» деп сүйенер? «Не» деп жұбанар? Көбі тегіс ұры-қар. Ауыл менен үй ғана емес, қалың жұрттың қаскөйлері, ендігі өмір не болар? Ойласа да, барласа да ем таппастай. Сондайлық қайта шықпастай тұйыққа қамала түседі.

Осы күйде түйіліп, түнеріп қалған аға ақынның жайын жас достары көп ойлап, жиі сөз қылатын. Олар Абайды алаң етерлік себептер де іздейді. Өзара ақылдары бойынша, Әбіштің келуі Абай күйін өзгертер деп сенетін. Бірақ Әбіш келгелі үш күн болса да Абай әлі онымен кең, еркін сөйлескен жоқ. Жылап келген бата оқыршы ағайын қасында әрі өзі отырады, әрі Әбішті де осы жұрттың ортасында, Оспан үйінде көбірек отырғызады.

(М.Әуезов «Абай жолы»)

 

33-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып шығып, үтірдің қойылған орындарына мұқият назар аударыңыздар. Әр үтірдің сөйлемдегі қызметін түсіндіріп, не себеппен қойылғанын анықтаңыздар. Үтірдің өлеңнің дауыс ырғағына, мәнеріне қалай әсер ететінін айтыңыздар.

 

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

 

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,

Қабырғалы, жотасы болса күшті.

Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

 

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,

Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.

Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,

Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

 

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,

Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.

Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі сығыңқы, аламайлы.

 

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

 

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,

Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.

Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,

Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.

 

Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,

Иек қағып, еліріп басса әсем.

Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,

Разы емен осындай ат мінбесем.

 

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,

Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.

Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,

Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

(Абай)