I Бөлім · 2-тақырып

Тыныс белгілерінің зерттелу тарихы

Жазу мәдениеті дамыған тілде пунктуацияны арнайы зерттеп, оның қолданылу заңдылықтарын айқындап, ережелерін жүйелі түрде қалыптастырмайынша, сауатты жазу дағдыларын орнықтыру мүмкін емес. Пунктуация – жазба тілдің мазмұндық айқындығын, логикалық жүйелілігін және интонациялық дәлдігін қамтамасыз ететін маңызды тілдік құрал. Сондықтан пунктуациялық нормаларды ғылыми тұрғыдан негіздеу мен оларды оқыту үдерісінде тиімді меңгерту – тіл білімінің де, әдістеменің де өзекті мәселелерінің бірі.

Қазақ тіл білімінде тыныс белгілері туралы алғаш жүйелі пікір айтып, ғылыми тұжырым жасаған зерттеуші – А.Байтұрсынұлы. Ол «Тіл – құрал» атты еңбегінде тыныс белгілерінің түрлерін жіктеп, олардың қызметін қазақ тілінің табиғатына сай түсіндірді. Ғалым әр белгіге ұлттық атау беріп, олардың қолданылу ерекшеліктерін сөйлеу ырғағымен, мағыналық жігімен сабақтастыра қарастырды. Атап айтқанда, үлкен сызықша «–» (жұмақтау белгісі), ноқат «.» (ұлы тыныс), үтірлі ноқат «;» (орта тыныс), теріс үтір «,» (кіші тыныс), қос ноқат «:» (бәшелеу белгісі), сұрау белгісі «?», леп белгісі «!», көп ноқат «...» (қалдыру, тастау белгісі), қабат үтір «» (қабатша қос тырнақ), жақша «()» (қамау белгісі) деп атады.

А.Байтұрсынұлы тыныс белгілерін тек графикалық таңба жүйесі ретінде емес, сөйлеу ағымындағы кідіріс пен интонациялық реңкті білдіретін құрал деп таныды. Ол тыныс белгілерін «тыныс» ұғымымен байланыстырып, мәтіндегі кідіріс мөлшерін ұлы тыныс, орта тыныс, кіші тыныс деп жіктеу арқылы пунктуацияның интонациялық негізін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Бұл ұстаным қазақ жазба тіліндегі пунктуациялық жүйені ұлттық сипатта қалыптастыруға бағытталған алғашқы ғылыми қадамдардың бірі болды.

Ғалым еңбегіндегі атаулар мен тұжырымдар сол кезеңдегі қазақ ғылыми терминологиясының қалыптасуына зор ықпал етіп, пунктуацияны оқыту мен зерттеудің теориялық негізін қалады. Кейінгі зерттеулерде тыныс белгілерінің қызметі синтаксистік, мағыналық және стильдік тұрғыдан тереңдетіле қарастырылып, қазақ пунктуациясы дербес ғылыми сала ретінде дамыды.

Жалпы қазақ тіл білімінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын үш бағытта қарастыруға болады:

  1. Тыныс белгілері туралы жарияланған ғылыми мақалалар;
  2. Тыныс белгілерін мектеп оқушыларына арналған оқулықтардағы баяндау;
  3. Тыныс белгілеріне арналған арнайы зерттеулер мен монографиялар.

Қазақ тіліндегі тыныс белгілері туралы алғашқы арнайы жарық көрген еңбектердің бірі – Ш.Сарыбаевтың «Қазақ сөйлемінде үтірдің жазылатын орындары» (1936) мақаласы. Бұл еңбекте автор тыныс белгілерін, негізінен, интонациямен байланыстыра қарастырғанымен, пунктуацияның тек интонацияға тәуелді емес екенін, оның синтаксистік және мағыналық негіздері бар екенін толық ескермеген.

Ш.Сарыбаевтың кейінгі зерттеулерінде, атап айтқанда, «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасына жазылу себебі» (1938) мақаласында сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін ажыратуға арналған сызықшаның қолданылу ерекшеліктері талданған. Ал «Тыныс таңбалары» (1947) еңбегінде қаратпа сөздердің сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы бөлінуі мәселесі қарастырылып, тыныс белгілерінің мәтін құрылымындағы рөлі көрсетілген.

Осылайша, Ш.Сарыбаевтың еңбектері қазақ тіліндегі пунктуацияны ғылыми тұрғыдан жүйелеуге, тыныс белгілерінің қолдану негіздерін айқындауға және оларды оқулықтарда түсінікті түрде баяндауға алғашқы маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл зерттеулер қазақ тіліндегі жазба сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, білім алушылардың пунктуациялық дағдыларын қалыптастыруға елеулі ықпал етті.

Тыныс белгілері мәселесі жайында С.Жиенбаевтың «Тыныс белгілері» атты екі мақаласы бар (1938, 1939). Алғашқы мақаласында автор үтірдің сөйлемде қойылатын орнын көрсетіп, оның қолданылу ережелерін жүйелі түрде баяндаған. Екіншісінде бастауыш пен баяндауыш арасындағы сызықша, төл сөз бен бөгде сөз, бірыңғай мүшелерден кейін немесе бұрын қолданылатын жалпылауыш сөздерден соң қойылатын тыныс белгілерінің кейбір ерекшеліктері талданады. Бұл зерттеулер С.Жиенбаевтың тыныс белгілерінің синтаксистік және мағыналық негіздерін терең түсінуіне мүмкіндік берді.

1939 жылы жарық көрген Қ.Басымұлының «Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік» мақаласында көп нүкте, нүкте, сұрау және леп белгілерінің сөйлемде қолданылу ережелері нақты түсіндірілген. Автор әрбір тыныс белгісінің мәтіндегі рөлін көрсете отырып, олардың дұрыс қолданылмауы мәтіннің мағынасын бұзуы мүмкін екенін атап өткен.

1941 жылы шыққан М.Балақаевтың «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс қоя білу» мақаласында тыныс белгілерін дұрыс қоюдың негізі ретінде грамматикалық құрылыс пен дауыс ырғағы қарастырылған. Мақалада сұрау және леп белгілерінің қолданылуы екі негізгі жағдай бойынша көрсетіліп, грамматикалық және интонациялық ережелердің бір-бірімен үйлесуі маңызды екені атап өтілген.

Осылайша, ХХ ғасырдың 30–40 жылдарындағы бұл еңбектер қазақ тіліндегі пунктуацияны ғылыми тұрғыдан зерттеуге, тыныс белгілерінің қолдану нормаларын жүйелеуге және жазба мәтіндердің түсініктілігі мен логикалық құрылымын арттыруға маңызды үлес қосты.

А.Нұғманов «Пунктуацияның бір мәселесі» (1953) мақаласында бастауыштан кейін қойылатын сызықшаға тоқталады. Бұдан басқа Р.Сыздықованың «Пунктуацияның кейбір мәселелері» (1957), Ә.Хасеновтің «Сызықша туралы түсінік» (1961), Б.Әбілқасымовтың «Қазақ жазбасында тыныс белгілерін қолдану тарихына қатысты соны деректер» (1963) атты мақалалары жарық көріп, онда пунктуацияның теориялық мәселелері жан-жақты қарастырылған.

Қазан революциясынан кейін қазақ тілінің грамматикалары белгілі бір жүйеге келтіріліп, нормаланды, алайда сол кезеңдегі грамматикаларда әрбір тыныс белгісіне арнаулы ережелер берілмегендіктен, тыныс белгілерінің қойылатын көптеген жағдайлары толық сипатталмаған.

1942 жылдан бастап қазақ тілі грамматикаларында «қосымша» бөлімі аясында тыныс белгілеріне қатысты ережелер енгізілді. Сол бөлімде көп нүкте, үтір, нүктелі үтір, қос нүкте, сызықша сияқты белгілерге жаңа түсіндірмелер мен қолдану ережелері берілген. Ал 1943–1950 жылдар аралығында шыққан қазақ тілі грамматикаларында тыныс белгілеріне жаңа ережелер қосылмаған.

1951 жылы С.Аманжолов, А.Әбілқаев және И.Ұйықбаевтардың бірлескен еңбегінде тыныс белгілеріне бірнеше жаңа ережелер енгізілген: нүкте мен үтірге қатысты, сондай-ақ сызықшаға бес түрлі ереже қосылған. 1967 жылы олардың синтаксисінде (ҮІ–ҮІІ сыныптар үшін) «қосымша» бөлімімен берілетін тыныс белгілерінің ережелері уақытша алынып тасталды. Бұл өзгеріс орта мектептің 8-сыныбына арналған Ә.Хасенов авторлығындағы жаңа оқулық жарық көруімен байланысты болды. Алайда 1969 жылғы ҮІ–ҮІІ сынып синтаксисінің басылымында «қосымша» бөлім қайта енгізіліп, тыныс белгілеріне арналған арнаулы ережелер қалпына келтірілді.

Қазақ тіліндегі пунктуация мәселелерін жан-жақты зерттеген еңбектердің бірі – 1960 жылы баспа қызметкерлері мен мұғалімдерге арналған Р.Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» атты еңбегі. Бұл еңбек тыныс белгілерінің практикалық қолданылуына ерекше көңіл бөлумен қатар, автор оны нақты мысалдар арқылы жүйелі түрде дәлелдейді, сөйлем құрылымын және мағынаны дұрыс түсіндіруге бағытталған нұсқаулық ретінде қызмет етеді.

Тыныс белгілерін зерттеп, олардың тарихи дамуына елеулі үлес қосқан еңбектер қатарына С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері» (1941), А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтің «Тыныс белгілері» (1951), Р.Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» (1961), Ф.Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері» (1959), «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» (1973, 1991), Р.Сыздықованың «Емле және тыныс белгілері» (1996), «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)» (2000), А.Б.Қыдырниязованың «Орфография және тыныс белгілері» (2008), Қ.С.Ерғалиевтің «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы» (2012, 2014), А.А.Солтанбекованың «Қазіргі қазақ тіліндегі пунктуациялық жүйе мәселелері» (2015), А.Б.Шормақованың «Қазақ тілінің пунктуациясы мен метатіл мәселелері» (2015) және басқа да зерттеулерді жатқызуға болады. Бұл еңбектер қазақ тіліндегі тыныс белгілерінің теориясын қалыптастырып, олардың грамматикалық қызметін көрсетуге ықпал етті.

С.Жиенбаевтың еңбегінде тыныс белгілерінің мәні, олардың сөйлемді түсіндіру мен мағыналық құрылымды айқындаудағы рөлі жан-жақты қарастырылады. Автор тыныс белгілерін сыртқы, көрнекті нышан ретінде сипаттап, дауыс ырғағы мен сөйлемдегі сөздердің өзара байланысы арқылы олардың қолданылуын негіздейді. Жұмыста үтір мен сызықшаның нақты қолданылатын жағдайлары талданады. Мысалы, сызықша кейде бастауыш пен баяндауыш арасын бөліп көрсету үшін, кейде төл сөз бен бөгде сөзді ерекшелеу мақсатында, сондай-ақ жалпылауыш мүшелерді бөліп көрсетуде пайдаланылады. Бұл тұрғыда автор мәтіндік және құрылымдық мысалдар арқылы түсіндіру жүргізіп, сөйлемдегі тыныс белгілерінің логикалық және мағыналық қызметін айқындайды.

А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтің «Тыныс белгілері» атты кітапшасы оқушыларға, оқытушыларға және баспа қызметкерлерінің практикасына қажетті маңызды әдістемелік құрал болды. Авторлар тыныс белгілерінің мәнін жан-жақты түсіндірумен қатар, олардың шешілмей келген мәселелерін анықтап, келешекте бірізге келтіру қажеттілігін атап көрсетеді. Бұл еңбектің маңыздылығы – оның қазақ тіліндегі тыныс белгілерін қолдану тәжірибесін практикалық тұрғыдан жүйелеуге бағытталуында. Алайда кітапқа қатысты пікірлер әртүрлі болды. Мәселен, баспа бетінде Б.Әбілқасымовтың «Тыныс белгілері» деген сын мақаласында авторлардың ұсынған оңашаланған мүшелерді үтір, сызықша және жақша арқылы бөлуді толықтай қолдамайтыны айтылған. Бұл пікір қазақ тіліндегі пунктуациялық нормаларды біріздендіру жолында әлі де талқылауды қажет ететін мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» атты зерттеуі теориялық қағидаларды нақты тілдік деректермен ұштастыра қарастыруымен құнды. Еңбекте қазақ пунктуациясының негізгі ұстанымдары жүйеленіп, тыныс белгілерінің қолданысы құрылымдық-мағыналық тұрғыдан жан-жақты талданады. Жұмыс теория мен практиканы сабақтастыра отырып, пунктуациялық нормаларды меңгертуде маңызды әдістемелік негіз қалыптастырады.

Осы бағыттағы іргелі еңбектердің қатарында Р.Сыздықованың 1996 жылы жарық көрген «Емле және тыныс белгілері» және 2000 жылы баспа бетін көрген «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)» атты зерттеулерін атауға болады. Аталған еңбектерде пунктуациялық нормалар ғылыми тұрғыдан сараланып, тыныс белгілерінің қойылу заңдылықтары нақты мысалдар арқылы түсіндірілген.

Дегенмен аталған еңбектерде пунктуация мәселелерінің толық шешімі берілді деп айту қиын. Қазіргі қазақ тіліндегі тыныс белгілерінің кейбір қолдану жағдайлары әлі де тұрақтандырылмаған, олардың дұрыс және бірізді қолданылуы үшін қосымша зерттеулер қажет. Сондықтан қазақ тілінің пунктуациялық жүйесі қазіргі кезеңде теориялық тұрғыдан зерттеліп, практикалық қолданумен толықтыруды талап етеді. Мұндай ғылыми ізденістер тілдің жазбаша мәдениеті мен мәтіндік мәдениетті дамытуда, жазбаша сөйлеу мен оқыту сапасын көтеруде маңызды рөл атқарады.