II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ·15-тақырып

Жалпылауыш сөздердің тыныс белгілері

Жалпылауыш сөздер – сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді жинақтап, олардың мәнін нақтылап, қорытынды жасау мақсатында қолданылатын сөздер. Олар бір ғана сұраққа жауап береді және бір сөйлем мүшесі ретінде қызмет атқарады. Жалпылауыш сөздерге, негізінен, жалпылау есімдіктер, сан есімдер, сын есімдер т.б. сөздер жатады. Бұл сөздер сөйлемдегі ойды топтастырып, жалпы мәнін көрсетуге мүмкіндік береді.

 

103-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, жалпылауыш сөздер мен бірыңғай мүшелердің арақатынасына қарай тиісті тыныс белгілерін қойып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Тыныс белгілерінің қойылу себебін ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер. Жалпылауыш сөз бен бірыңғай мүшелердің қай сөз табынан жасалғанын, сөйлемде қандай қызмет атқарып тұрғанын айқындаңыздар.

Бұл істері және жолшыбай Ақшоқыда Абай аулында болғаны бәрі де Шұбарды Тәкежанға да екіжақты адам етіп көрсетті. (М.Ә.) Дәрмен, Мағаш, Кәкітай үшеуі бір-біріне үнсіз қарасқанда, бәрінің көзінде де бұл сәтке үлкен ырзалық бардай. (М.Ә.) Бұл ауылдың өз адамы боп кеткен дағдылы қонақтары Ербол, Көкбай, скрипкашы-әнші Мұқа, Баймағанбеттер бөлек бір топ боп кірді. (М.Ә.) Бұлардың өзара ұғысқанын білгенде билерден Тәкежан, Жиренше, Бейсенбі, старшындардан Өтеп, Күсен, Тойшыбек, Бөкембай, Абылқайыр бәрі де жымың қақты. (М.Ә.) Көп бала жан-жақтағы үйлеріне тарағанда, Рахымтай мен Асан, Үсен және жаңағы мазақшыл, күлегеш кішкене қыз Жамал төртеуі обоздың қасынан өте берді. (М.Ә.) Әділбекке қызыл көйлекті жігіттің сөзінің жүйесі де, жатық тілмен әдемі сөйлегені де, дауысының ырғағы да бәрі қатты ұнады. (Н.Ғ.) Кейде атын атасын, кейде жаңағыдай атамай сөз жолдасын, дау айтсын, кекетіп жауықсын бәрінде ұстасқаны бір Абай болып қалды. (М.Ә.) Мұның бәрі – қара лақтың жылбысқа елтірісінен істелген бөркімнен басқасы қисық табан етігім де, қисық жағалы көйлегім де, ши барқыт бешпент-шалбарым да, түйе жүні шекпенім де бәрі-бәрі өзім тіккен киімдер. (Ә.Ә.)

 

104-жаттығу. Мәтінді оқып, мағынасына қарай іштей сөйлемдерге бөліңіздер. Олардың қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Әр тыныс белгісінің себебін ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер. Мәтіннен жалпылауыш сөздерді анықтап, астын сызыңыздар, қай сөйлем мүшесі қызметін атқарып тұрғанын белгілеңіздер.

Ауыз әдебиетінің қысқа түрлері бесік жыры ана сөзі ертегі жаңылтпаш жұмбақ тақпақ ел арасына көп жайылған ойындар асық ойынының неше түрі отырып ойнайтын тұрып атып ойнайтын лекек доп ақсүйек қарабие тоқтышақ қарақұлақ айгөлек ойындары дене шынықтыруға жүйріктікке шыдамдылыққа тапқырлыққа жаттықтырмай ма есепке үйрететін ойындар мыналар тоғыз құмалақ дойбы ойындары стадиондар доп каток мұз сырғанағы бәрі тәртіпті қалыптасқан бейнеде ұйымдастырылады қазақ халқының ертеден әдетіне сіңген ұлттық қалпына жарасымды кейбір спорттық мәні бар ойындары алтыбақан әйгөлек ағаш аяқ құр-құр серке тарту салма алу теңге алу сайыс тағы басқа әлденеше ойындарды жастар ойнайды.

 

105-жаттығу. Мәтінді оқып, көшіріп жазыңыздар. Жалпылауыш сөздерді анықтап, олардың астын сызыңыздар. Әр сөйлемде жалпылауыш сөз бен бірыңғай мүшелердің байланысын талдап, қандай сөйлем мүшесі қызметін атқарып тұрғанын көрсетіңіздер.

– Мен қалыңмалсыз болсам да, мынандай жасаумен барғым келеді: балаңыздың мені тоғыз жыл күткені рас болса, менің жасауым тиелген тайлақтың да саны тоғыз, ол тоғыз тайлаққа тиелген отауымның керегесі де тоғыз, тайлақтарға жабылатын масаты кілемнің де саны тоғыз, жасау толы тоғанақтардың да саны тоғыз болғанын қалар ем, әз ата! (Ә.Ә.) Қара тұман да, сол қара тұмандай басқан қайғы да, қара бура секілді Түйебай да – бәрі де алыста қалып қойды. (Ә.Ә.) Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері: тақырыбы, жоспары, мазмұны, түрі. (А.Б.) Балғожаның баласына жазған хаты деген кішкене өлең бар, кішкене өлеңнің кішкене жоспары мынау: 1) Оқудағы баласына ата-анасы амандығын білдіруі. 2) Баласына айтқан ақылы. 3) Оқыған қазақ балалары не істейтінін көрсетуі. (А.Б.) Мазмұнның үш мүшесі болады: аңдату, мазмұндау, қорыту. (А.Б.) Бұл әлгі айтылған өлеңнен үлкенірек, мұның жоспары да үлкенірек, мынадай: 1) Құрбысының кім екені. 2) Құрбысына қонуға келгені. 3) Құрбысының қондырмағаны. 4) Қалаға жақын жердегі қонақасының қымбат, арзандығы. 5) Көңілдестігін көрсетуі. (А.Б.) Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу: әуезе, әліптеу, байымдау. (А.Б.) Алпамыс, Қобыланды, Сайын – бәрі де байдың жалғыз балалары. (А.Б.) Қорқақ кісіні «батырым» деу, қара кісінің «аппағым» деу, ақымақ кісіні «данышпаным» деу – осылардың бәрі де кекесін сөздер. (А.Б.) Шешен сөздің зор мүшелері бесеу: бастамасы, ұсынбасы, мазмұндамасы, қыздырмасы, қорытпасы. (А.Б.) Мәселен, бал ашқанда, ауыру баққанда бақсылардың жын шақыруы, тісті емдегенде құрт шақыру, мал бәдік болғанда, адамға күлапсан шыққанда бәдік иә күлапсан көшіру, бала тербеткенде айтатын бесік жыры – осылардың бәрі қалып сөздің табына жатады. (А.Б.) Ол үшін ақ ат, көк ат – бәрі ат, тек тақымына бүгінге басатын бір ат қана көксегені. (Ә.Ә.)

 

106-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, оның мағынасы мен құрылымына сәйкес қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Әр қойылған тыныс белгісінің себебін ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер. Сөйлемнің синтаксистік құрылымын, мағыналық байланысын және интонациялық ерекшелігін ескеріп, тыныс белгісінің қандай қызмет атқарып тұрғанын түсіндіріңіздер.

Сол жүз жылқыда неше жүз момынның көз жасы өзіңмен бақ таласына түскен жігіттердің нешеуінің қаны бар Оны айта алмайсың ә Ендеше сол үшін елу қамшы мені жүз жылқымен сатып алмақ болғаның үшін жүз қамшы барлығы жүз елу қамшы дүре соғамын Сонан қалған жаның жан малың мал. (Ә.Ә.) Қыздың қалың малына төлейтін малды жақсы аттың құнына төлеп елдегі ең жүйрік ең жорға аттарды не сұраса да беріп алған төрт аты болыпты. Оның екеуі Көкдауыл Оқшабдар дейтін жүйріктер екеуі Кербезкер Сылқылдақ дейтін жорғалар. (Ә.Ә.) Бұл аңыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кетуінің екі себебінің бірі осы болса екіншісі және ең негізгісі халқымыздың болашағын болжай білген дана Қаз дауысты Қазыбектің анасы осы Тоқмейіл Мәдидің сонау арғы анасы Қарқабаттан кейінгі пір тұтатын анасы да осы Тоқмейіл. (Ә.Ә.) Соның ішінде жадында сақтай жүріп қорқатыны Келдібек бабасының жеті күмісті өзенге лақтырарда жеті ұрпақ деген сөзді ауызға алуы. (Ә.Ә.) Жәрмеңкеден өз қаржымызбен алған дүниеміз әлгі айтылған сырлы-сырлы ала бақандар соларды екі топқа бөліп басын буатын кермесі болып керілетін екі арқан алтыбақан тепкенде астыға төселетін екі көпшік бар дүниеміз осы. (Ә.Ә.) Домбырашылар домбырасымен қобызшылар қобызымен сыбызғышылар сыбызғысымен гармоншылар гармонымен әнші қыз-келіншектер өз тобымен шыға-шыға келді. (Ә.Ә.) Тек әншілер мен күйшілердің бірінің қобызының тілі байланса енді бірінің көмейіне құм құйылғандай үн қатар емес бәрі де түнере сілейген. (Ә.Ә.) Ол жасы елуге келсе де кәріліктің қылауы мөлдір қара сақалына да кескінді келбетіне де түспеген малға кедей болса да жұрттың сырына бай Шернияз. (Ә.Ә.) Ол қылыштардың бүгінгі шабатыны қолдарыңыздағы үш кезге де толмайтын шыбық ертеңгі шабатыны менің қас жауым сарбаздардың басы. (Ә.Ә)

 

107-жаттығу. Жалпылауыш сөздері бар сөйлемдерді қолданып, мамандықтарыңыз жайында қысқаша әңгіме құрастырыңыздар. Жалпылауыш сөздердің бірыңғай мүшелерді қалай жинақтап, ойды толықтырып тұрғанын айтыңыздар. Әр тыныс белгісінің қойылу себебін түсіндіріп, оның сөйлем мағынасына, оқылымға және мәтіннің мәнін ашудағы рөлін талдаңыздар.