II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 11-тақырып

Қос нүкте, оның қойылатын орындары

Қос нүкте – сөйлемнің синтаксистік құрылысы мен мағыналық байланысына қарай қойылатын тыныс белгі. Ол алдыңғы ойды нақтылау, түсіндіру, тарату немесе дәлелдеу мақсатында қолданылады. Қос нүкте жалпылауыш сөзден кейін бірыңғай мүшелерді тізбектеу алдында, төл сөздің алдында, алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашып, айқындап тұратын бөліктің алдында қойылады.

Бұл тыныс белгісі сөйлем бөліктерінің арасындағы логикалық байланысты айқындап, ойдың жүйелі әрі түсінікті берілуіне көмектеседі. Сондықтан қос нүктенің қойылуы тек грамматикалық құрылымға ғана емес, сөйлемнің мағыналық қатынасына да тікелей байланысты.

 

Қос нүктенің қойылатын орындары

Бірыңғай мүшелердің алдынан келген жалпылауыш не жалпылауыш мәнді сөзден кейін

Ол кеткендер: Көкбай, Ақылбай бастаған Кәкәтай, Дәрмен, Мұқа, Әлмағамбет сияқты жастар. (М.Ә.)

Жалғаулықсыз салаласқан жай сөйлемдердің алдыңғысының мағынасы соңғы жай сөйлемдер арқылы айқындалса

Ал ұлық, төре сөздері де бұрынғы жалпы ұғымынан ауысып, белгілі бір әкімдерді атауға бейімделе түскен: екеуі де көбінесе орыс әкімшілігі тағайындаған әкімдерді атайды. (Р.С.)

Төл сөздің алдынан келген автор сөзінен кейін

Жаны ыршып, не дерін білмей, үш сұрауды бірден берді:

– Қашан? Қалай? Не үшін? (Ә.Ә.)

Әрі қарай санамалап кететін бірыңғай сөздердің, сөйлемдердің алдынан келетін жалпылауыш мәнді сөйлемнен кейін

Әсерлеудің көбінесе айтылатын түрлері мынау: 1) арнау, 2) қайталақтау, 3) шендестіру, 4) дамыту, 5) түйдектеу, 6) бүкпелеу, 7) кекесіндеу. (А.Б.)

Бірыңғай мүшелерден бұрын келген мысалы, атап айтқанда деген қыстырма сөздерден кейін

Шартты рай дейміз – істің істелуіне шарт көрсететін сөздің түрін. Мәселен: Берсең – аларсың, ексең – орарсың. (А.Б.)

 

82-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, қос нүктенің қай жерде және қандай мақсатпен қойылғанын айтыңыздар. Оның алдыңғы және кейінгі бөліктер арасындағы мағыналық байланысты қалай ашып тұрғанын талдаңыздар. Қос нүктенің қойылу себебін синтаксистік тұрғыдан түсіндіріп, қандай қызмет атқарып тұрғанын айқындаңыздар. Әр мысал бойынша тиісті ережеге сүйене дәлел келтіріңіздер.

Оған бөлініп шыққан отаулар көп: Әзімбай және Майбасар баласы – Ахметжан, Ақберді баласы – Мұсатай, тағы осындай бай балалары қазіргі күзде үлкен үйлерінен бөлініп, көп жылқыны бойдақтап алып, Қасқабұлақ, Кіші Қасқабұлақ деген мол сулы қоныстарға көшкен. (М.Ә.) Жанбоз қарттың сөзін қостаған дауыс әр тұстан гуілдеп еді, Мәдидің: – Қымыз алыңыздар, – деген сөзді қайталауы меселін қайтарғандай бәрі де тына қалды. (Ә.Ә.) Бұл кезде Базаралының үйіне жаңағы орыстар ғана емес, сол ауылдың еркектері де жиналған: Дәркембай, Абылғазы, Қаңбақ, Тоқсан, Жұмыр да осында. (М.Ә.) Бұқарда жырланатын тақырып өзгелерге қарағанда әлдеқайда кең: ол жалпы өсиет-нақыл да айтады, қолдаушы иесі – Абылай ханға ақыл-кеңес бере толғайды, жеке адамдардың портретін береді, енді бірде Алланы айтып кетеді, тағы бірде руаралық дау-жанжалды басар билік сөздер айтады, бірер толғауын біреудің салтанатын, байлығын, жиһазын суреттеуге арнайды. (Р.С.) Қылмыстардың атын санасақ: ұрлық, өтірік куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайкалар жасап, бір елден шығып, екінші елге барып мал талап қайту. (М.Ә.) Бұлар – әрине, театрға келген жай көрермен емес, төрешілер: Әділбектің сабақты қалай жүргізгеніне баға береді, оның ұстаздық іске қабілеті қандай екенін бақылайды. (Н.Ғ.) – Тс-с... – деп ақсары қыз алақанымен өз аузын баса қойған. Сонан соң сыбырлап: – Құдай біледі, мынау кеп тұрған – нақ сол күйеу жігіт. Көрімдігін өзім алайын! – деп, орнынан шапшаң ұшып түрегеп, есікке жылдам ұмтылып барған. (Н.Ғ.) – Жігіттер, ата-бабамыздың «таспен ұрғанды аспен ұр» деген өсиетін ұмытып кетпеңдер, – деді думаншыларға жағалай табақ тартып жүрген жігіттерге дауыстап: – Текежан мырзаны оңаша апарып сыйлаңдар. Ол үшін мына үйлердің біріне кіргізіңдер де өзіне арнап бір табақ тартыңдар. Тек менің тентек жеңгелерім зәрін ішкізіп жүрмесін. (Ә.Ә.)

 

83-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, мағынасы мен құрылымына сәйкес қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар. Тыныс белгілерін қою барысында сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне, ойдың байланысына және интонациясына назар аударыңыздар. Қос нүктенің қойылу себебін тиісті ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

1) Дәрмен ағаның жалғыз Асанды мақтағанына көнгісі келмеген Үсен енді Дәрменнің қолтығына кіре тізесін қағып қойып наразылық айтты Иә Дәрмен аға мен ше Жалғыз Асан ба мен де ер болам ағамдай мен де батыр болам деп Иіс пен Дәрменді күлдіре отырып сөйледі. (М.Ә.) 2) Жалғыз ғана емексіген келісім сөздері Күнту қалаға барады да өзі тіленіп болыстықтан түседі. (М.Ә.) 3) Жыраудың метафоралары да дәстүрлі модельмен жасалғандар жіктік жалғауы арқылы бір нәрсені екіншіге балау арқылы. (Р.С.) 4) Қасына ерткен екі ғана жолдасы бар олар Әбді мен Сарбас. (М.Ә.) 5) Бұл қайталаулардың баршасы стильдік мақсат көздегендіктен туған алдымен осы тәсіл арқылы автор аналогияға барады ал аналогия жыраулар творчествосының басты белгісі екіншіден параллельдер құрайды бұл осы дәуірлердегі поэзия үшін бірден-бір қажет амал. (Р.С.) 6) Теңеу екі түрлі 1 әншейін теңеу 2 әдейі теңеу Екеуінің арасындағы айырмасы сол әншейін теңеу әдетті теңеу болады мәселен удай ащы айдай жарық күйедей қара дегендегі удай айдай күйедей деген сияқты сөздер. (А.Б.) 7) Дәркембай Әзімбайға жауап айта бастады Жау істемейтін істі істеп қыруар аштарды ұлардай шулатып не болды Тіпті құба қалмақ заманы шабынды болса бұдан бетер қастық етер ме еді дей беріп еді Әзімбай мен Ахметжан Мақа Елеусіздер жан-жақтан зекіре ақырып кетті. (М.Ә.) 8) Ол әдістер негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді 1 көріктеу 2 меңзеу 3 әсерлеу. (А.Б.) 9) Сөздер өз мағынасында жұмсалмай басқа мағынада жұмсалғанда меңзеу өрескел болса мәселен Таулардан бұлақ ағар сарқыраған Күмістей сәуле беріп жарқыраған дегеннің орнына таулардан сарқырап жарқырап ақ күміс ағады десе... (А.Б.) 10) Жоғарыда мысалға алынған шығармалардың әуезе болатын түрі Жасымда ғылым бар деп ескермедім деген Абай сөзі мен Кебектің Ақанға аң көргенін айтқан сөзі. (А.Б.) 11) Ол алғы шарттар қоғамның саяси-экономикалық құрылысының халықтың мәдени-рухани дүниесінің жаңа сатыға көшуі әсіресе оқу-білім беру мен кітап бастыру ісінің жаңаша қарқынмен жаңа сипатта дами бастауы тіл тәжірибесінде саналы түрде қызмет ететін қайраткерлердің шығуы. (Р.С.)

 

84-жаттығу. Себеп-салдар және түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемдерді екі бағанға бөліп, әр сөйлемнің тиісті жеріне қос нүктені қойып, көшіріңіздер. Әр бағанда сөйлемнің мағыналық байланысын анықтап, қос нүктенің қойылу себебін түсіндіріңіздер.

1) Жаз айларында ондай шұбарлы жердің масасы мен сонасы қалың болады мұндай шыбыны көп шөл даланы ешбір ауыл жайламайды. 2) Кейін қайта алмаймыз өткел тосатын уақыт жоқ. 3) Байжанның оны бірінші рет көруі еді бойы төртбақтау толықша сарғылт өңділеу қырықты алқымдап қалған жігіт екен. 4) Үй иесін Бүркітбай білетін еді орта жаста тоқ дәулетті қонақ түскіш бір момын адам. 5) Оған әлі күнге шейін балаша еркелейді мойнына асылады арқала деп сүйрелейді бетінен сүйеді. 6) Үй толған адам кемпір шал қыз-қырқын қалмастан жиналған иін тіресіп отыр. 7) Өзгеңнен гөрі менің жаным қаттырақ ауырар еді бұл егін дәнін қолымнан мен септім ғой. 8) Үйірме мүшелері үшін мынадай бір тәртіп белгіленген еді әр оқушы өзі қалаған салада жұмыс жүргізуі керек өсімдік дүниесінен тәжірибе жасайды қандай нәтижеге жеткенін үйірме мүшелері алдына баяндайды қорытады. 9) Шынын айтқанда оны екі нәрсе қинайды бірі әкесі екіншісі отряд жиыны. 10) Жаны шығып кете жаздады оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес.

 

85-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, олардың мағынасы мен құрылымына сәйкес тиісті жерлеріне қос нүктені қойып, көшіріп жазыңыздар. Қос нүктенің қойылу себебін дәлелдеп, қызметін талдаңыздар.

Шығарманың екі жағы бар 1 ішкі пікір жағы 2 тысқы тіл жағы. (А.Б.) Жолаушылар таситын автобус қаладан ауылға күніне екі мәрте қатынайтұғын біреуі түс кезінде екіншісі кеш бата келетұғын. (Н.Ғ.) Тек бір ғана тілегі болған ұлының көңілін қобалжытпауды ойлап Әділбек оқуына алаңсыз жүріп кетуі үшін осы жағдайды оған әзірше айтпай қоя тұрыңдар деп өтініш еткен. (Н.Ғ.) Бірақ ол айтар сөзінен жаңылып білгенімді шатастырып алам ба деп қауіптенбеген бұл жағынан өзіне өзінің іштей сенімі нық еді тақырыпқа мұқият әзірленген-ді сабағының жүйесі мен жоспарын өздерінің жетекші методисіне де мектептің пән мұғаліміне де алдын ала тексертіп олардан жан-жақты кеңес алған. (Н.Ғ.) Өзінің осы күйін көрсеткісі келмесе де бүркеген жоқ Бақидың қолындағы алты атарды алды да Мына қыз мені жындандыратын түрі бар сен береріңді беріп болсаң аларыңды ал да тезірек әкетші деді. (Ә.Ә.) Ол кінәсіз екендігі дәлелденіп ертеңіне іңір кезінде өз тобына оралғанда тағы да бір қолайсыз оқиғаның үстіне келді Асан ашулы қимылмен киім-кешегін буып-түйіп бір жаққа кеткелі жиналып жатыр екен ал басқалары қабақтарын түйіп бұған жондарын беріп теріс қарап отыр. (Н.Ғ.) Әділбек екеуі сол күні кешкі қараңғылық түскенге шейін қаланы жаяу кезіп жас семьяға жалға беретін пәтер іздеді автобус тоқтайтын жерлерде магазиндердің алдында базар аузында бағаналарға ағаштарға қақпалар мен қабырғаларға жапсырылған жарнамаларды қарады есіктердің алдындағы саяда әңгімелесіп отырған қариялардан сұрастырды. (Н.Ғ.) Мәди бір тізесін бүгіп баланың жүрегін тыңдады да Бақыл бол балапан деді Ол шоқталып тұрған тобына қарады Бұл жатқан панасыз жетім бала Ақ жауып арулап көмелік жаназа шығара білетін кім бар? (Ә.Ә.) Мысалы бұл кезде қазақ жерінде заң-сот істерінің үш түрі қатар өмір сүрді бірі қазақтың бұрынғы әдет-ғұрып дәстүрлеріне негізделген билер жүргізетін қылмыс-іс правосы екіншісі мұсылман дінінің заң правосы шариғат үшіншісі Россия империялық сот правосы. (Р.С.)

 

86-жаттығу. Көркем шығармалардан әр бағанға кемінде үш мысалдан тауып, берілген ережеге сай кестені толтырыңыздар. Әр мысалда шығарманың атауы мен авторын көрсетіп, қолданылған тыныс белгілерін талдап көрсетіңіздер.

 

Жалпылауыш сөздерден кейін, бірыңғай мүшелердің алдынан қойылған қос нүкте

Бірінші жай сөйлемнің мазмұны екіншісінде анықталып, ашылып берілген түсіндірмелі салалас аралығындағы қос нүкте

Жалғаулықсыз себеп-салдар мәнді сөйлемнен кейін қойылатын қос нүкте

 

 

 

 

87-жаттығу. Ақындардың өлеңдерінен қос нүкте қойылған шумақтарды тауып, көшіріп жазыңыздар. Әр шумақта қос нүктенің қойылу себебін талдап, дәлелдеңіздер. Өлеңдегі рөлін анықтап, оның оқырманға әсерін, шумақтың мағынасы мен ырғақ құрылымын қалай толықтыратынын түсіндіріңіздер.

Үлгі:

Маған айтты бір дәрігер:

– Таба алмассың бір ауру

Ұнамады деп айтқан

Мен істеген ем-дәру.

Ойладым: «Иә, дәрігерім,

Теріс деп ісің кім айтар!

Айтуға да қаратпас,

Өлім келер, тіл байлар!» (М.Жұмабаев)