II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 10-тақырып

Жақша, оның қойылатын орындары

Мағынаға негізделіп қойылатын тыныс белгілердің бірі – жақша. Жақша іші мен сыртындағы сөздер өзара грамматикалық байланысқа түспейді, яғни жақшаға алынған сөздер сөйлемнің негізгі құрылымына синтаксистік тұрғыдан кірмейді.

Жақшаға алынатын сөздер бірнеше мақсатта қолданылады:

  1. Сөйлем ішіндегі бір ойды немесе қосымша ақпаратты түсіндіру үшін: негізгі ойға кедергі келтірмей, қосымша мән береді.
  2. Жеке бір сөзді немесе ұғымды нақтылау үшін: терминдерді немесе ерекше мәнді сөздерді түсіндіреді.
  3. Автордың пікірін, көңіл күйін немесе эмоционалдық көңілін білдіру үшін: оқырманға қосымша ақпарат немесе автордың көзқарасын жеткізеді.

Жақшаның негізгі қызметі – қосымша, түсіндірмелі, авторлық немесе ерекше мәндегі ақпаратты бөлу, сөйлемнің негізгі құрылымын бұзбай, оқырманға мағынаны нақты жеткізу.

 

Жақшаның қойылатын орындары

Сөйлемдегі белгілі бір сөздің мағынасын, негізгі ойды айқындап, қосымша түсінік беру үшін қолданылатын қыстырма мәнді сөздер

Үзінді, мысал, нақыл сөздің шығу дерегін, кімнен алынғанын көрсететін түсініктер

Драмалық шығармалардағы ремаркалар (автор түсіндірмелері)

Мәтіндегі кей сөздің мәні екіұшты, күмәнді болып келсе, сол сөзден кейін қойылатын сұрау, леп белгісі

Белгілі сөздерді түсіндіруде оның аудармасы, синонимі, екінші бір тілдегі баламасы

Дәл сол мезетте экзаменатор бұлардың сөзін естіп қалған сияқтанып (Әділбекке солай көрінді), барлық абитуриенттерге ескерту жасады. (Н.Ғ.)

Тіл – дәуір шындығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құрал. (Б.Қасым)

Ораз. Біз кеткенде аман еді. (Сазамбайға қарап.) Байдың өзі бірдеңе естімесе... (Ж.А.)

– Әдебиетті, – дейді марксшілдер, – тіл сияқты қоғамдағы барлық тап бірге жасамайды (?), әр тап белгілі тарихи жағдайға сай өз әдебиетін туғызады. (З.Қ.)

Өзі бір бөлімнің бөлімшесінде (подотделде) орынбасарлық қызметін атқарушы еді. (Ж.А.)

 

78-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, тиісті орынға жақшаны қойып көшіріңіздер. Жақшаға алынған бөліктің сөйлемдегі қызметін анықтаңыздар. Жақшаның не себепті қойылғанын түсіндіріп, осыған байланысты тыныс белгісінің ережесін еске түсіріңіздер.

Өйткені мынау келе жатқан тобынан «ходок» баршы болып Жетісуға барып, онда бір жыл тұрып, жердің, кәсіптің бар жағдайымен танысып кеп, осы тобын артынан ертіп, көшіріп келе жатқан еді. М.Ә. – Түсің неге қашып жатыр, шырағым? – деді мұның оң жағындағы төсекте жатқан, бір аяғына ампутация жасалған соғыста оқ тиген асықты жілігінің сүйегі қарая бастаған соң, оң аяғының тізесінен төменгі жағы кесілген еді мосқал адам Әділбектің ағара қуарып, біртүрлі бұзыла қалған өңін байқап. Н.Ғ. Асан сол жылы жолы болып әлде біреу көмектесті ме, кім білсін, өйткені мектепте орташа оқыған еді педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түсіп кетті. Н.Ғ. Бір мезгілде ана аяғы талған секілденіп, қасында тұрған Гүлбанудың Әділбек оны да үстіндегі ақ кофтасынан таныды иығына қолын салып, оған сүйенгендей болды. Н.Ғ. Әке-шешесі, балалары ылғи қыз бола берген соң, ұл дәметіп, алтыншы қызының есімін Ұлбазар қойып еді біздің қазақта осындай әдет бар ғой, бірақ бұдан кейін дүниеге келген сәби де қыз болды. Н.Ғ. Әділбек Мұқанның әке-шешесін бұрын көрмегенмен, олардың қайда тұратынын, қандай қызмет атқаратынын әкесі – аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, шешесі орта мектептің мұғалімі боп істейтін, жоғары дәрежелі білімді, мәдениетті адамдар екенін досының айтуынан білетұғын. Н.Ғ. Гүлбану әуелі облыс орталығына самолетпен ұшып келуі керек кейде поезбен де келетін, осы жерден ауылға қарай жүретін автобусқа отырады. Н.Ғ. Комиссар езу тартып. Бері маған таман келіңіз. Ораз жыбырлатып бір-екі адымдап тоқтайды. Берірек, берірек! Тағы бір аттап тұрады. Тағы бір-екі атта. Ораз жақындайды, зәресі ұшқан, көзі аларып шығып барады. Атың кім? Ж.А. Астрофикалық шумақсыз өлеңдердің мұндай мазмұндық-композициялық тұтастықтарға ажыратылуы Дулатта едәуір кездеседі. Р.С.

 

79-жаттығу. Көркем шығармалардан әр бағанға кемінде үш мысалдан тауып, кестені талапқа сай толтырыңыздар. Әр мысалдың қай шығармадан алынғанын (авторы, шығарма атауы) көрсетіңіздер.

 

Сөйлемдегі белгілі бір сөздің мағынасын, негізгі ойды айқындап, қосымша түсінік беру үшін қолданылатын қыстырма мәнді сөздер

Үзінді, мысал, нақыл сөздің шығу дерегін, кімнен алынғанын көрсететін түсінік

Драмалық шығармаларындағы автор түсіндірмелері

 

 

 

 

80-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, жақшаның қойылу себебін түсіндіріңіздер. Жақшаға алынған бөліктің сөйлемдегі мағыналық және синтаксистік қызметін анықтап, оның негізгі оймен байланысын талдаңыздар.

Бойын үрейге алдырып әлсірей берсе, қолтығынан сүйер, жұбаныш айтып, қайрат берер дәл қазір қасында отырған ересек кісі жоқ екенін аңғарып (екі баласы төргі үйде бірін-бірі қуалап ойнап жүр), өзін-өзі ішінен демеді, қалтыраған буындарын бекітуге тырысты. (Н.Ғ.) Бай (үстел басына барып шот қағады). Теріден жиырма бес мың алпыс жеті сом. Және майдан он сегіз мың, анадан алты мың сом, анадан үш мың. Екі жүз мың далой және алты жүз жетпіс бес далой. Сексен тиын шоқ, жеті тиын кір. (Өмірзақ келіп кіріп.) (Ж.А.) Театрға баратын болған соң (және қасына қыз ертіп барады ғой), жігіт үстіне тәуір киімдерін киіп, туфлиін де жылтыратып кремдеп, әп-әдемі сәнденіп шыққан. (Н.Ғ.) Бұрыннан ескі науқасы бар анасы Нағима (оның асқазаны ауыратын) Әділбек орта мектепті бітіретін жылы қыс бойында жиірек сырқаттанып қалып жүрді де, сызды көктемде дерті меңдеңкіреп, төсек тартып жатып қалған-ды. (Н.Ғ.) Сипаттау бес түрлі болады: 1) Мәністеп, дәлелдеп сипаттау бар. 2) Керек пікірді, яки нәрсені басқа соған ұқсас нәрселермен салыстырып сипаттау бар. 3) Керек пікірді қостайтын, қуаттайтын мысалдар келтіріп сипаттау бар. 4) Белгілі адамдардың айтқан иә жазған бәтуаларын келтіріп сипаттау бар. 5) Қаралатын пікірге қарсы пікірдің нашарлығын, яки қателігін көрсетіп сипаттау бар. (А.Б.) Оның үстіне бұл образдардың айтылмақ ойға (шығарма идеясына) дәл келіп, қиысып жатуы қазақ поэзиясында мазмұн мен түрдің үндесуі дегенге үлес қосты деп тұжырымдауға болады. (Р.С.) Қазақ өлеңінің тирадаларға (немесе шоғырларға) бөлінуі және әр шоғырдың тілдік құралдар арқылы бір-бірінен айқын бөлініп көрінуі Дулаттан басталады. (Р.С.)

 

81-жаттығу. Мәтінді рөлдерге бөліп, кейіпкерлердің мінезі мен көңіл күйін сақтай отыра мәнерлеп оқыңыздар. Драмалық шығармаларда қолданылатын тыныс белгілерінің қойылу ерекшеліктерін бақылап, олардың мәтіндегі қызметін анықтаңыздар. Тыныс белгілерінің интонацияға, сөйлеу ырғағына және кейіпкер бейнесін ашуға қалай әсер ететінін талдаңыздар.

Комиссар (түрегеліп). Бері таман келіңіз. (Деп үстелдің алдына орындық қояды.) Отырыңыз! (Шәрбану созылып отырады.) Сіз басыңызға бостандық сұрап арыз бердіңіз бе?

Шәрбану. Бердік.

Комиссар (арызды көрсетіп). Мынау арыз сіздікі ғой.

Шәрбану. Біздікі.

Комиссар (қоразданып, шашын жоғары тарап, шылымын тартады). Қош! (Арызды қарап.) Сазамбай Боқтыкөт баласына, черт возьми, осындай да ат бола ма екен. Я, Сазамбайға еркіңізбен шықтыңыз ба?

Шәрбану. Жоқ, тартып алды.

Комиссар. Қалайша, бұрын сізді айттырып па еді?

Шәрбану. «Призывтың» тұсында ақша беріпті.

Комиссар. Да, арызыңызда айтылған екен. Словна арыздағы сөзіңізді айтасыз ғой?

Шәрбану. Иә, арызда түгел айтылған шығар!

Комиссар (Шәрбануға қарап, мойнын бір бұлғақтатып). Мына Қанапия деген жігітпен қалай тамыр... жақын болдыңыз ба?

Шәрбану. Бұрыннан уәдеміз болушы еді!

Комиссар (қалжыңдап). Ә, ғашық болдыңыз ба?

Шәрбану (төмен қарап, бөгежектеп). Ұнатқан үшін уәде қылады ғой кісі.

Комиссар. Может быть, жақындықтың белгісі де болған шығар.

Шәрбану (именіп). Болды ма, болмады ма, ол арасын не деп айтайын сізге?

Комиссар (күлімдеп). Ұялмай-ақ айтып жіберіңіз, жастық басымызда бар. Ондай жұмыстың жайын білеміз ғой.

Шәрбану. Болса болған шығар...

Комиссар. Бұ жігітті қалай, қатты жақсы көресіз бе?

Шәрбану (бойы үйреніп). Жақсы көрмесек, соңынан жүреміз бе?

Комиссар. Правда... О, молодчина! Енді қосатын сөзіңіз жоқ қой.

Шәрбану. Қосатын сөзім жоқ, қолыма бостандық қағаз берсеңіз екен!

Комиссар. Қағаз береміз, бір әйелді күңдіктен құтқарамыз, правосын еркекпен бірдей қыламыз деп жүрген кісінің біріміз. Әйелдің бостандығына жанымызды құрбан қыламыз деп жүрген кісіміз, о жағынан биттей де безпокойется етпеңіз. Бұл – кешегі қанішер Николайдың заманы емес. Ол жауыздың қарашығы батты. Бұл – бостандық, теңдік, құрдастық заманы. Так что, сіз нетпеңіз! (Арызды қарап.)

(Ж.Аймауытов «Қанапия мен Шәрбану»)