Көп нүкте, оның қойылатын орындары
Көп нүкте – белгілі бір себептермен ойдың аяқталмай қалғанын немесе асығып-аптығып, толқып сөйлеуге байланысты айтылмақшы ойдың толық жеткізілмегенін білдіру үшін қойылатын тыныс белгісі. Ол сондай-ақ сөйлеушінің күдігін, толғанысын, кідірісін, ой үстінде қалған сәтін аңғарту мақсатында да қолданылады.
|
Көп нүктенің қойылатын орындары |
Мысалы |
|
Алынған дәйексөздің арасынан сөйлем не сөздер қалдырылған жағдайда |
Тілдің танымдық қызметіне жете тоқталған А.А.Потебня: «... тіл – дайын ойды бейнелеуші құрал емес, тіл – ойды қалыптастырушы», – дей келіп, сөздің ішкі құрылымы ұғымын тіл біліміне тұңғыш енгізді. (Б.Қ.) |
|
Жазушы айтып келе жатқан оқиғаның жалғасын созбай тоқтатқан жағдайда |
Иә, иә... біздің кедейлеріміз, жалшыларымыз ақтан қараны айыра алмайтын, көзі соқыр болды... (Ж.А.) |
|
Айтып келе жатқан ойға кенет, тосын, күтпеген не алшақ жатқан нәрсе қосылып кетсе, оның алдынан қойылады |
Сол жылы қызылшадан көп өнім алдық. ... Жарықтық балажан еді ғой. |
|
Сөйлеушінің белгілі бір себептермен (ентігу, тұтығу, асып-сасу т.б.) сөздерін, ойын бөліп айтқанда |
– Астағпралла... астағпралла, – деді ол алқына күбірлеп, – күн бүгін тым жиі жарқылдап кетті... астағпралла... сен қаланың матрушкелерінен аман келген бе едің?.. Астағпралла... (Ә.Ә.) |
22-жаттығу. Сөйлемдердегі көп нүктенің қойылу себебін түсіндіріңіздер. Әр сөйлемде көп нүкте қандай мағыналық мәнді (ойдың аяқталмауы, кідіріс, толғаныс, эмоциялық әсер т.б.) білдіріп тұрғанын анықтаңыздар.
Туған өлке, сағындырған самал алыстан келген ұлына құлпырып тұрып, қызық атады... (М.Ә.) Абай Әбіштен естіген бұл сөздерге де ішінен қатты ілтипат жасады... (М.Ә.) – Келе бер!.. Кедей елім... келе бер! Бетің дұрыс!.. Атаның ұраны қоспай, аталының қорлығы қосқан қосарым, қасымнан табыл осылай! – деді. (М.Ә.) – Әрі қарай жүрмейміз, осы жерден кейін қайтамыз... Менің ешқайда барғым келмейді... – деді Әділбек. (Н.Ғ.) Ол да: – Құтылмайсың, құтқармаймын, мен Мәдимін... Мәди... Сен түсесің, мен түсіремін аттан, түс... түс жаның барында, мен Мәдимін. Мәди... Мәди... (Ә.Ә.) Таң... Сұлулықтан басқаның бәрін бүркеп, көз жанарына тек сұлулықты ғана сыйлайтын жаздың мөлдір таңы... (Ә.Ә.) – Құдайым-ау, осынша қинағандай не жаздым?.. Ең болмаса сақалыңмен бетімді бүркеші... тұншықтыршы... – деп Шарапат жабыса түсіп еді, Текеш көрпесін бүркене түсті. Ол Шарапаттың алқына ыңырси, қыңсылай айтқан зарын еститін де емес, өйткені көз алдында сол нажағайдай жарқылдап Мәди тұр. (Ә.Ә.) Бұл жайында тілші Ш.Құрманбайұлы жалпыхалықтық лексиканың терминдену жолдарын атай отырып: «Жалпы лексика, негізінен, сөздің тура мағынасының метафоралануы, сөз мағынасының тарылуы, кеңеюі ... арқылы терминденеді», – деген түйін жасайды. (Б.Қ.)
23-жаттығу. Көркем шығармалардан көп нүктенің қолданылу түрлеріне екі мысалдан теріп жазыңыздар. Әр мысалда көп нүктенің қандай мағыналық мәнді білдіретінін анықтап, қойылу себебін түсіндіріңіздер.
24-жаттығу. Өлеңді көшіріп жазып, көп нүктенің қойылған орындарына назар аударыңыздар. Көп нүктенің қойылу себебін түсіндіріп, оның қандай мағыналық мәнді (ойдың аяқталмауы, кідіріс, толғаныс т.б.) білдіретінін анықтаңыздар.
Сарылып, сарғаяды жарық Айым,
Сағынып, сілкінеді сары қайың.
Сары күз... Сары дала... Сары тоғай...
Санамда сақыр-сұқыр сары уайым...
Сам жанып, салқын көкте от күледі,
Сарғайған салқын күздің жетті лебі;
Сары жұрт бүріседі кеште суық,
Сабылып сарыала қаз көк тіледі.
Сары бел жетімсіреп қалқияды,
Сары адыр, саздау еңіс салқияды.
Сары тал... Сары қайың... Сары белес...
Сағым-мұң тербетеді сал қияны.
(Н.Оразалин «Құралайдың салқыны»)
25-жаттығу. Мәтіндегі тыныс белгілерінің қойылуына назар аударып, олардың қандай қызмет атқарып тұрғанын талдап айтып беріңіздер. Әр тыныс белгісінің сөйлемдегі қызметін түсіндіріңіздер.
Әділбек сол күні түннің біршама уақыты ауғанша қалың ойға батып, ұйықтай алмаған. Профессор Жолмырза Ережепұлының алғаш рет оны өз кабинетіне арнайы шақырып алғанын, оңаша отырып сөйлесіп, бұның диссертация қорғау мерзімін кейінге жылжыта тұруын мақұл көріп, кеңес бергенін, сонда Қожағали Сенбиновичтің қарсылығы туралы қобалжып айтқан сөздерін есіне түсірді әуелі. Диссертантқа шын тілеулес болмаса, жас жігіттің тағдырына алаңдамаса, ол өстіп алабұрта ма? Қара басының тыныштығын ғана тілесе, көңіліне алаң кіргізбей, мазасын кетірмей, уақытын бөлмей, өз жайымен жайбарақат жөнеле бермей ме? Әділбекке ісі түсетін кісі емес, оған бола әуреленіп жүр ме? Осы арнайы іздеп, кабинетіне шақырып алып, оңаша сөйлесіп несі бар? Диссертацияны қорғау күнін кейінге жылжытуға кеңес беріп несі бар? Осының бәрі жас жігітке қамқорлық жасағандығы, оған жаны ашығандығы емес пе?
Әділбек осылай бір ойлап өтті. Бірақ оған сол тілеулес адам үш айдан бері диссертациясына пікірін жазып бермей, өзінің айтқан уәдесін орындамай келе жатқаны қалай? Ғылыми секретарьдың жорамалы тура шығып, расында да оппонент болудан айнуға сылтау іздеп жүр ме? Ондай ойы болса, Әділбектен қорқа ма? «Бала, менен күдеріңді үз» деп, сөзді келте қайыра салмай ма?
«Жоқ, Жолмырза Ережепұлы айну үшін амал іздеуі мүмкін емес», – деді Әділбек ішінен. Ғылыми секретарь айтқан күдік есінде тұрса да, бұған көңілі сенбеді.
(Н.Ғабдуллин «Біздің жігіт»)
26-жаттығу. Көп нүкте қойылған сөйлемдерді орынды қолдана отырып, өз болашақ мамандығыңызға байланысты шағын әңгіме жазыңыздар. Әңгімеде көп нүктенің қандай мақсатта қолданылғанына (ойдың аяқталмауы, толғаныс, күдік, ішкі монолог, кідіріс т.б.) назар аударыңыздар және оның қойылу себебін түсіндіріңіздер.