II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 7-тақырып

Құрмалас сөйлемдердің тыныс белгілері

Екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі ойды білдіретін, құрамында кемінде екі предикаттық қатынасы бар сөйлем құрмалас сөйлем деп аталады. Құрмалас сөйлемнің құрамындағы әр жай сөйлемнің өз бастауышы мен баяндауышы болады және олар мағыналық әрі грамматикалық жағынан өзара байланысады.

Құрамындағы жай сөйлемдердің байланысу тәсіліне қарай құрмалас сөйлем үш түрге бөлінеді:

  1. Салалас құрмалас сөйлем. Оның құрамындағы жай сөйлемдер бір-біріне тәуелсіз, тең дәрежеде байланысады.
  2. Сабақтас құрмалас сөйлем. Онда бір жай сөйлем екіншісіне бағына байланысады.
  3. Аралас құрмалас сөйлем. Оның құрамында салаласу мен сабақтасу тәсілдері қатар қолданылады.

Құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің арасына мағыналық қатынасына қарай үтір, үтір мен сызықша, сызықша, нүктелі үтір, қос нүкте сияқты тыныс белгілері қойылады. Олар сөйлемдердің өзара байланысу түріне, интонациясына және мағыналық ерекшелігіне байланысты анықталады.

 

Құрмалас сөйлемнің ішінде қойылатын тыныс белгілері

үтір

қос нүкте

нүктелі үтір

сызықша

үтір мен сызықша

Қасынан тазы иттер жүгіріп өтсе, балалар шапқылап кетсе, семіз сары ат кермені сүзе жөнеліп, ары-бері бұлаңдап елегізіп қояды. (М.Ә.)

Дос санын соқты: желөкпе жігіттер тәуір аттарды таңдап әкеткен. (Ә.Н.)

Уақыт тізгінді қолға берер емес; сағымдай бұлдырап ынтық қып, шаршатып, бір жеткізбей-ақ қойды.

Тұманның қалыңдығы сонша – түк те көрінбейді.

Сөз бергенге ерме, – бөз бергенге ер. (мақал)

 

69-жаттығу. Құрмалас сөйлемдердегі үтірдің қойылу мәнін түсіндіріп, оның қай жағдайда және қандай мағыналық-грамматикалық себепке байланысты қойылғанын дәлелдеңіздер.

Оңаша шығысымен Дәрмен осы жайды бастай бергенде, Әбіш өз ойында жүрген ең соңғы, ең мазасыз жарасын ескергендей, шұғыл өзгерді. (М.Ә.) Әдемі әнші құстар дауыстарын мың құбылтып үн салады, тотықұстар шықылықтап, бұтақтарға имек тұмсықтарымен асылып, үйіріліп ойнайды, бозторғайлар пыр-пыр етіп, бір ұшып, бір қонады. (Н.Ғ.) Құдалар екі аптадан кейін келді, бірақ Әділбектің күткеніндей есік алдына жеңіл машинамен құйғытып кеп тоқтаған жоқ, ауыл мен ауданның арасында күнбе-күн қатынайтын, жолаушылар таситын салдырлақ ескі автобусқа отырған екен, ауылға іңір кезінде келіп, асхана жанына тоқтайтын сол автобустан түсті. (Н.Ғ.) Қалампыр күлімсіреген соң, Ұлбазар орнынан лып етіп тұрып, өзінің кішкентай чемоданын ашып, кітаптың арасына салып қойған фотосуретті алып, анасына жымиып ұсынды. (Әділбек екеуінің қатар отырып түскен фотосы болатын.) (Н.Ғ.) Әбіш скрипканы тартып тұрғанмен, көңілі және көзі де көбінше Мағрипа жаққа жиі ауғандай болатын. (М.Ә.) Дәл кірер жері тар болғандықтан, Көкбай бастаған жігіттер бірінің артынан бірі тізілді. (М.Ә.) Қыздар кіргенде, Әбіш скрипкасын тоқтатып, жаңа келген сыпайы топқа тәрбиелі ілтипат білдірді. (М.Ә.) Енді біразда бәйбішелер Әбіштермен амандасып, жайғасып отырысып болған соң, Өткелді ойнақы әзілқой үнге салды. (М.Ә.) Кейде жылдамдатып орытқытып ойнағанда, шапшаң қызуменен тартып кеткенде, Әбіштің жүзі дуылдап, қызара түседі. (М.Ә.) Аз уақытта қамыс тегенеге құйылған қымыз келіп сапырылып таралғанда, ауыл иесі мен қонақтар әр жайдан, тұс-тұстан жөн сұрасып, сөйлесіп кетті. (М.Ә.)