Бірыңғай мүшелердің тыныс белгісі
Сөйлемде бір ғана сұраққа жауап беріп, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаратын, бір-біріне бағынбай, өзара салаласа байланысатын сөздер мен сөз тіркестері бірыңғай мүшелер деп аталады. Олар бір тұлғада жұмсалып, интонация немесе жалғаулық шылаулар (мен, және, әрі, да/де, не, немесе, я, яки т.б.) арқылы байланысады. Бірыңғай мүшелер сөйлемнің кез келген мүшесі (бастауыш, баяндауыш, толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыш) қызметін атқара алады және жалғаулықсыз келгенде араларына үтір қойылады.
|
Бірыңғай мүшелерге байланысты қойылатын үтір |
||
|
Бірыңғай мүшелер жалғаулықсыз келгенде |
Да, де, әрі, я, яки, не, немесе, әлде жалғаулық шылаулар бірыңғай мүшелермен қайталанып келгенде |
Да, де жалғаулық шылаулар бірыңғай мүшелердің арасында қайталанбай келгенде |
|
Ақылды, тәсілқой, айтқыш болғанмен, бұл әйелде өрескел бір сезімсіздік болатын. (М.Ә.) |
Мағаш, Кәкітайларға да, әке-шешесіне де Дәрмен арқылы айтқызып тұрған жауабы осы сияқты. (М.Ә.) |
Қайрат пен ақыл жол табар Қашқанға да, қуғанға. (А.Қ.) |
62-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар. Сөйлем ішіндегі бірыңғай мүшелерді тауып, олардың қай сөйлем мүшесінің қызметін атқарып тұрғанын анықтаңыздар. Бірыңғай мүшелердің астын тиісті сызықпен сызып көрсетіңіздер.
1) Қолына кездік беріп сыбырлай бұйырып ақыл айтып жатыр. (М.Ә.) 2) Әбіштің бұл сұраған сөздері осы үйде отырған Мағаш Кәкітай Дәрмен сияқты жастарға үлкен әсер етті. (М.Ә.) 3) Соңғы бір кезеңге Базаралы Абылғазы бастаған жиырма атты сыдыртып шыға келіп еді. (М.Ә.) 4) Кей ауылға төрт-бестен тиген ту бие құнан-тай семіз жабағылар бар. (М.Ә.) 5) Айналада шилер шеңгелдер суылдап жел шулап ысқырып дүние азан-қазан боп барады. (М.Ә.) 6) Жиынға түсінікті қазақ әні әрі скрипкада әрі өнерлі жіңішке ашық үнді әншінің көмейінде ырғалғанда жұрт жаңадан рақат тауып тамашалап отыр. (М.Ә.) 7) Бұлар ынтыққан сайын үрей әрқилы көрінеді біресе керіледі біресе бүгіледі кейде жаңбырдың жел ұйтқыған кездегі күшейген дүбірі сол қабірдің түбінде жатқан «дәудің» қорылы болып естіледі. (Ә.Ә.) 8) Осындай айлада Құнанбай балалары ойлаған себепті барлық Керей Уақ Бура Сыбан Бәсентиін атаулының болыс биі түгел бірге ойласқан. (М.Ә.) 9) Таза көйлек камзол киіп көкбараздаған кимешек-шаршы тартқан келіншектер мен үкілі бөріктері бар қыздардың ажарында мереке күн белгісі сезіледі. (М.Ә.) 10) Басын көтеріп тақиясын түзеп ұзын қара шақшадан насыбайын ширақ сілкіп атып алды да Әбішке зор ілтипатпен қарады. (М.Ә.) 11) Ертіс бойындағы Семей атырабындағы қырдағы өзге болыстың барлығы Нұркені бір бөлек санайтын. (М.Ә.) 12) Кейде жас бала жеткіншектер даусымен кейде салмақты ашық үнді жігіт шырқауымен тағы бірде нәзік сезімтал қыз әншінің ырғағымен толқыған аға ақынның көп жылдан бергі шабыт жемістері... (М.Ә.)
63-жаттығу. Мәтіндегі бірыңғай мүшелерді анықтап, олардың арасындағы үтірдің қойылу себебін ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер. Бірыңғай мүшелердің қандай интонациямен айтылатынын және олардың сөйлемдегі қызметін көрсетіп, тыныс белгісінің мағыналық рөлін түсіндіріңіздер.
Бұл үйдің асты сызды, тасты қара жер, терезенің орнына бай үйінің сынған шынысынан бір ғана көзді саңылау етіп кірпіш арасына кептеген. (М.Ә.) Абайдың мына сөзі Дәрмендерге де өте айқын, ашық, тың өріс сияқты сезілді. (М.Ә.) Соры ма, ырысы ма, әйтеуір тағы бір өзгешеліктері бойынша намыскер кісілер. (М.Ә.) Әрі әкім, әрі жуандар қазір қалада Құнанбай балаларының айналасына қатарын қосып, білегін де, тілегін де біріктіріп алыпты. (М.Ә.) Сол себепті аға-іні де, ағайын да бұның қабағына қарайды. (М.Ә.) Қоңыр салқын үңгірдің ішін ұзақ уақыт кейде терең ойлы сөз, кейде күлкі әзілмен күңгірлетіп, даурықтырып жүрген жігіттер тобы енді шығуға айналды. (М.Ә.) Қызыл да жасыл, қым-қиғаш әсем төңірек. Қалада мынау тұрмыс та ерен, күй де ерен. (М.М.) Желісі майда, жүрісі де қамшы салғызбайтын, тебінтпейтін жіті жылпос. (М.Ә.) Иә, жастық – ән, салтанат, күй, өмір, Жастық дейтін – жанға мирас, ие бұл. (М.М.) Табиғатта тірліктің бәрі де егіз Қыс пен жаз, күз бен көктем, ән, лебіз. (М.М.) Бір келеді жылы әуез, бір кетеді, (Жолағысы келмейді-ау тілге, тегі...) (М.М.) Ол соны айта салып бұрылғанша болған жоқ, есік көзінде тұрған дүлейлердің қара тырнақтары, сойдиған жуан саусақтары Батталдың иығына келіп сарт етті. (Ә.Ә.) Жасымда албырт өстім ойдан жырақ, Айлаға, ашуға да жақтым шырақ. Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етекбасты көп көрдім елден бірақ. (А.Қ.) Жас өспірім замандас қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды... (А.Қ.) Орыс халқының ендігі шыққан басшы қайраткерлері туралы және ең соңғы ерекше қадірлі кітаптар жайын, бағалы журналдар туралы, жаңадан шыққан жазушылар, ақындар туралы сұрады. (М.Ә.)
64-жаттығу. Көркем шығармалардан кестеде көрсетілген бірыңғай мүшелердің әр түріне бес мысалдан тауып жазыңыздар. Әр мысалдың қай шығарма мен автордан алынғанын көрсетіңіздер. Бірыңғай мүшелердің астын сызып, олардың сөйлемдегі қызметін анықтаңыздар.
|
Жалғаулықсыз келген бірыңғай мүшелер |
Да, де, әрі, я, яки, не, немесе, әлде жалғаулық шылаулар қайталанып келген бірыңғай мүшелер |
Да, де жалғаулық шылаулар қайталанбай келген бірыңғай мүшелер |
|
|
|
|
65-жаттығу. Мәтінді оқып, бірыңғай мүшелерді анықтаңыздар. Оларға мағына жағынан сәйкес келетін жалпылауыш сөз қосып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Жалпылауыш сөздің сөйлемдегі орнын ескеріп, тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар, себебін түсіндіріңдер.
Өсек өтірік мақтаншақ Еріншек бекер мал шашпақ Бес дұшпаның білсеңіз. Талап еңбек терең ой Қанағат рақым ойлап қой Бес асыл іс көнсеңіз. (А.Қ.) Сап-сары қымыз сарқылмаушы еді кеседен Отырушы едім көгеріп шалқып көсегем. Оңымнан Айым Жұлдызым туып солымнан Бақытты екем жаралған ерек пешенем. (М.М.) Мінездерің бірде жұмсақ бірде қату Мақтанып өтірікті суылдату. Зорлық қорлық алдамшы ары жоқтық Не қалды мұнан артық былжырату? (Ш.Қ.) Әбіш Әлмағамбеттің бағанадан қорқып өз-өзінен бұғыңқырап тіпті ақырын сөйлеп сыбырлап жүрген жайын еске алды. (М.Ә.) Үй ішіне жағалай қалың текемет тұскиіз кілемдер тұтылған. (М.Ә.) Сарсақалды көк көзді Баймағамбеттен басқа ұзын бойлы сопақ басты ақсары реңді қой көзді қырлы мұрынды Ақылбай – бір тип. (М.Ә.) Дөңгелек бетті жалтыраған шапшаң өткір шошақ көзді кішкене таңқы мұрынды бірақ сұлу қара сұр түсті Кәкітайдың типі, о да бөтен бір ел өкілі сияқты. (М.Ә.) Жылтыр қою қара қасы бар ажарлы үлкен қара көзді қырлы кесек мұрынды және әдемі қиылған қысқа мұрты бар қара сұр жүзді Дәрмен Павловқа анық кавказ типінің бірін елестетеді. (М.Ә.) Мағаштың хаттағы тілі әрі нәзік сезімтал жүректен туған әрі шешен өзі де бір көркем ыстық сәлем еді. (М.Ә.) Өзі қайратты қырағы турашыл әйел болғандықтан еркектердің осындайда жағалатып созбалап мәймөңкелеп сөйлегіш әдетін Зейнеп ұнатпайтын. (М.Ә.) Ақ қызғылт реңінде жоталы кесектеу біткен түп-түзу мұрнында ұялы келген үлкендеу қой көздерінде сопақтау бетінде әр тұқымның араласынан туғандай келбет бар. (М.Ә.)
66-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, қажетті жерлеріне үтір қойыңыздар. Оларды қою барысында бірыңғай мүшелерді анықтап, қалай байланысып тұрғанын айтыңыздар, сөйлемдегі қызметін тиісті сызықпен белгілеп көрсетіңіздер.
Аз жолдаспен кеткен Абай Қарамоланың шербешнайына онша асығып жүрген жоқ. Жолшыбай өзін жақсы көретін дос-жар меймандос ауылдардың біріне түстеніп біріне қона жатып үш күн жүрді. Тек төртінші күні ғана бұл жолаушылар тобы Қарамола тұсына жетіп Шар өзенінің бойын құлдап келе жатты.
Мезгіл кешке тақаған болса да сентябрь айының бүгін ерекше жылы болған ашық күні әлі де салқындаған жоқ. Атқа да адамға да жайлы баяу ескен қоңыр жел бар. Шардың жіңішке өзені көп бұралып мөлдір суы үзілмей баяу ағады. Кей жері жарлауыт болса көп ағысының бойында әдемі майда көкмайса шалғын бар. Өзен түбі таза құмайт қатқыл керіш болғандықтан су айнадай мөлдір боп сырғиды. Күзгі шөптің сәл сарғыш буалдыр бойын жағалап кейде майда жасыл шалғынды ақырын сілкіте тербетіп бауырлай сылдырайды. Бұл өлкенің далалары қоңырқай. Ұзақ жота белдері қазір бозғыл тартқан. Бірақ шөп атаулы көкшіл реңінен мүлде айырылған емес. Күздің жауыны қайта жетілтіп боз көденің бауырына қайта қауындап шыққан ұсақ көк те бар. Әр түп көде бозғыл-бурыл кейде алкүрең боп көрінеді.
(М.Әуезов «Абай жолы»)
67-жаттығу. Көркем шығармалардан кестеде көрсетілген бірыңғай мүшелердің әр түріне кемінде үш мысалдан тауып жазыңыздар. Әр мысалдың қай шығарма мен автордан алынғанын көрсетіңіздер.
|
Бірыңғай бастауыш |
Бірыңғай баяндауыш |
Бірыңғай толықтауыш |
Бірыңғай пысықтауыш |
Бірыңғай анықтауыш |
|
|
|
|
|
|
68-жаттығу. Қыстырма сөз, қаратпа сөз, бірыңғай мүшелер және оңашаланған мүшелер қатысқан сөйлемдерді қолданып, шағын әңгіме жазыңыздар. Жазған әңгімелеріңізде тыныс белгілерін дұрыс қойып, әрқайсысының қойылу себебін ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер.