II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 2-тақырып

Қаратпа сөздердің тыныс белгілері

Ойдың кімге немесе неге арналғанын білдіретін, тыңдаушының назарын аудару үшін жұмсалатын, сөйлемдегі басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, дербестігін сақтайтын сөзді қаратпа сөз деп атайды. Қаратпа сөз сөйлемде оқшау тұрғандықтан, одан кейін әдетте үтір қойылады, кейде эмоциялық екпінді көрсету үшін леп белгісі де қолданылуы мүмкін.

 

Қаратпа сөздерге байланысты қойылатын үтір орындары

Қаратпа сөздің сөйлемнің басында келуі

Қаратпа сөздің сөйлемнің ортасында келуі

Қаратпа сөздің сөйлемнің соңында келуі

Топқа таянған соң Нұрмағамбет би: – Азаматтар, жалпы амансыңдар ма? – деді. (Ж.А.)

Жеңгесі: – Бармашы, бауырым, бармашы! Өлтіреді ғой!.. – деп безектеп, кейін қарай тартады, жібермейді. (Ж.А.)

– О, жарайсың, тұлпарым! – деп қуанды Құлахмет машинаның табаны тас жолға тиген соң. – Енді зымыраймыз! (Н.Ғ.)

 

34-жаттығу. Қаратпа сөздердің тұрған орнын анықтап, тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар. Қаратпа сөздің сөйлемнің қай шенінде (басы, ортасы немесе соңы) келгенін көрсетіп, оның мағыналық және интонациялық қызметін түсіндіріңіздер.

– Жасаған-ай Тағы не боп қалды?! – деп әжесі тұра бастады. (Ж.А.) – Құр шырағым Тәк жануар – деп, әжесі басын ұстады. (Ж.А.) – Осы айтқаныңды бөгде біреу тыңдаса, «анық қор мынау екен!» дер еді-ау шырағым! Жұрт не дейді ертең? – деп, әлі де күліп отыр. (М.Ә.) – Жаным-ау Мағаш-ау ұғынып айтып тұрсыз ба? Арамызда өлім тұр ғой? Ажал! Менің науқасым күшейсе, сізге жұқтырам ғой? (М.Ә.) – Бауырым аптықпа, сабаңа түс! – деді Әділбек сабыр сақтап. – Әйеліңнің конкурста өте алмағанын менен көріп тұрсаң, әуелі сөзімді тыңда. (Н.Ғ.) – Есенсіздер ме? – деді бәйбіше жұмсақ үнмен сәлем беріп. Жүзі күлімсіреп, Нағимаға қарай жүрді. – Іздеп келген үйіміздің иесі, Сапияның анасы, жаңылмасам, сіз боларсыз! Жатырқамаңыз жаным Біз де енді бөтеніңіз емеспіз! – деп Нағимаға қол беріп амандасты. Сонан соң Әділбекке жылы жүзін бұрып: – Мынау балаңыз ба?.. Амансың ба айналайын – деді. (Н.Ғ.) Бір мезгілде Мұса басын көтеріп, бүкіл денесімен оң жағына сәл бұрылып, ақ сары бәйбішеге қарап: – Ал шеше мына жұрт бізден сөз тосып отырған секілді, бірдеме деңіз, – деді. (Н.Ғ.) – Шошыма қарағым Бәрі де сәтті болды. Әділбектің аман қалғанына осы мынау жолдастары – бәріміз шүкіршілік етіп тұрмыз. Сен де шүкіршілік ет! (Н.Ғ.) – Құрбым сіз менен қысылмаңыз, – деді ол күле сөйлеп, – мынау Мұқаннан менің жасым үлкен емес, бұл екеуміз жастымыз. Мұқанмен құрдас болғаннан кейін, сізбен де құрдас боламыз. Құрдастар бір-біріне қандай қалжың айтса да жарасады. Сондықтан өзіңізді еркін ұстап, батылырақ сөйлеуіңізді өтінемін. (Н.Ғ.)

 

35-жаттығу. Сөйлемдерден қаратпа сөздерді тауып, олардың орналасу орнын анықтаңыздар. Қаратпа сөздің сөйлемнің қай шенінде (басы, ортасы немесе соңы) келгенін көрсетіп, мағыналық және интонациялық қызметін түсіндіріңіздер. Қаратпа сөздердің үтір арқылы және леп белгісі арқылы берілуін салыстырып, қандай эмоциялық реңк пен мән үстеп тұрғанын талдаңыздар.

Олардың артында тек: – Мәди!.. Мәди!.. – деп ду еткен қалың жұрттың дауысы, жан-жақтағы таулардың соны қайталап қошеметтеген жаңғырығы ғана қалды. (Ә.Ә.) – Мәди аға! Сонау бір дауылға қарсы самғап, аспанның өріне қарай атылып бара жатқан не? (Ә.Ә.) Мәди соны айта салып жөнеле беріп еді, қарттың: – Балам! – деген дауысы саңқ етті. – Балам, атыңның басын бұрмастан солай тұр да, жөніңді айта кет. Абайды мұнша ардақтау – адамшылықты ардақтау. Адамшылықты мұнша ардақтап, бір Абайдың қазасын бүкіл ел қайғысы еткісі келетін сен кім едің, жарқыным? Тым болмаса аты-жөніңді, барар бағытыңды айта кетші. (Ә.Ә.) – Сырыңды айтып қойдың, балам, – деді Серкебай қарт миығынан күле сөйлеп. – Менің обалыма сен қалмасаң, сенің обалыңа мен қала қоймаспын, ойлан. (Ә.Ә.) – Қиялда, Иманым, қиялда! Жасыңда қиялшыл болмасаң, өскенде мүмкін арманшыл боларсың, арманшыл болсаң, жол іздегіш боларсың, қиялдай түс, – деді де, бір сәт адасып қалған тұйғынды іздеп көзі аспан әлемін кезіп кетті. – Қос жұдырықтай денесі неліктен мұнша серпінді екен? Әлде сол қорғасыннан құйылғандай көрінетін шымыр тұлға түгелімен жүрек пе екен? (Ә.Ә.) – О, дариға, – деді де, Иман алақанымен аузын баса қойды. Ағат көрінетін әлдене айтып қойғандай сасқалақтап Мәдиге көз қиығын тастап еді, ол өз ойымен алысып келеді екен... (Ә.Ә.) не істерін білмей басындағы ала тақиясын төбесіне жапсыра ұстай алып: – Мәртебелі мырзам, жалынамын, құдай үшін мені бұлай қанай бермеңізші, – деді жыламсырап. (Ә.Ә.)

 

36-жаттығу. Ш.Құдайбердіұлы өлеңдеріндегі қаратпа сөздерді тауып, мәтінді көшіріп жазыңыздар. Әр қаратпа сөзге байланысты қойылған тыныс белгілерін анықтап, олардың сөйлемдегі қызметін түсіндіріңіздер.

 

Ей, жастар, қалай дейсiң бұл дүние,

Мұны бүйтiп жаратқан қандай кие?

Бiлiмсiз, мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, бiлiм, ой шығар бар ма жүйе?

***

Бір күні Самсы келді Барғанаға:

– Ағатай, – деді, – сөкпе, қарғама да.

Асық боп Айсұлуға өлер болдым,

Мені өлтір құлат-дағы жарға ғана.

***

Әжеке-ай, көп емеспін, жалғыз едім,

Болсам да жақсы-жаман хан қызы едім.

Қойғандай көзің көріп сөз айтасың,

Артымнан мені қашан аңдып едің?

***

Баста адал жолға елдi!

Еңбек жанатын заман мынау, ерлерiм келдi,

Қош, арманым жоқ‚ жұртым, жасарсаң,

Мен сапар шегем ендi!

***

Әлемде жоғалатын ешбiр зат жоқ,

Өзгерiп, түрленедi, ойла, шырақ!

Дене киiм сияқты күнде ауысар,

Жан ауысты деуiңiз қиынырақ.

 

37-жаттығу. М.Жұмабаев өлеңдерінен қаратпа сөздердің сөйлем ішінде орналасу тәртібіне қарай екі мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар. Әр мысалда қаратпа сөздің сөйлемдегі орнын көрсетіп, оған байланысты қойылған тыныс белгілерін түсіндіріңіздер.

 

Қаратпа сөз басында

Қаратпа сөз ортасында

Қаратпа сөз соңында

 

 

 

 

38-жаттығу. Драмалық шығарма мәтінінен қаратпа сөздерді тауып, олардың сөйлемнің қай шенінде келгенін анықтаңыздар. Әр қаратпа сөзге байланысты қойылған тыныс белгілерін көрсетіп, олардың қойылу себебін түсіндіріңіздер.

 

Мансапқорлар

Күләнда (бұраңдап). Молда жігіт! Ә, молда жігіт!

Мүслім (қасына таянып). Не айтасың, жаным?

Күләнда. Үлгі пішетін газетің бар ма?

Мүсілім. Газет табылады ғой. Менің айтқанымды не қылдың?

Күләнда. Молда жігіт-ай! Қанша ойласам да батылым бармайды!

Мүсілім. Мені жақсы көргенің бекер болды ғой?

Күләнда. Қалқам-ау! Сені жанымдай жақсы көремін. Қайтейін, болыстан тағы қорқамын.

Мүсілім. Оныңа нанбаймын.

Күләнда. Жаным-ай! Сұмдық қой... обал ғой... қиын ғой...

Мүсілім (ернін қысып). Тіс-с! Ақырын сөйле! Өзің кімді артық көресің? Болысты ма? Мені ме?

Күләнда. Әрине, сені... Бірақ болысты өлімге тағы қимаймын... Молда жігіт! Осылай ойнап-күліп жүрсек болмай ма?

Мүсілім. Саған не керек? Қымбат көретінің байыңның болыстығы ма? Менің болыс болмасымды қайдан білдің?

Күләнда (қуланып). Молда жігіт! Сен болыс болсаң қандай жақсы болар еді!

Мүсілім. Құдай жеткізсе, осы сайлауда болыс болғанымды көрерсің.

Күләнда. Молда жігіт! Сені ел сайлай ма?

Мүсілім. Байыңның жауыздығы елді өзінен бездірді. Байыңда ел жоқ. Ел менікі, елге мен сүйкімдімін, керек десе, белетке де ақша алмаймын.

Күләнда. Болыс болсаң, мені аласың ба? Жақсылықты ұмытып кетпейсің бе?

Мүсілім. Не деп ант іш дейсің?

Күләнда. Қарғанбай-ақ қой, сендім... Бірақ сенің артыңдағы еліңді мен де байқаймын.

Мүсілім. Байқасаң, байқа!

Күләнда. Мені аласың ғой?

Мүсілім. Қолыңды әкел! Серттен тайғанымызды осы қол ұрсын!

Күләнда (қолын беріп). Жарайды, қолға тапсырдым. (Сүйісіп айырылады.)

(Ж.Аймауытов)

 

39-жаттығу. Көркем шығармалардан үтір және леп белгісімен келген қаратпа сөздерді тауып, олардың сөйлемнің шенінде (басында, ортасында, соңында) орналасуына қарай әр түріне екі мысалдан жазыңыздар. Әр мысалда қаратпа сөздің сөйлемдегі орнын көрсетіп, оған байланысты қойылған тыныс белгісінің (үтір немесе леп белгісі) қойылу себебін түсіндіріңіздер.