Нүктелі үтір, оның қойылатын орындары
Нүктелі үтір – құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің аражігін айқындау мақсатында қойылатын тыныс белгі. Ол сөйлем бөліктерінің өзара мағыналық және құрылымдық дербестігі басым болған жағдайда қолданылады. Нүктелі үтір қоюда сөйлемнің құрылысы, мағыналық тұтастығы және интонациялық жігі негізге алынады.
|
Нүктелі үтір қойылатын орындар |
|
|
Баяндауыштары тұлғалас сөйлемдер бірін-бірі толықтырып тұратын болса |
Кісіге біліміне қарай болыстық қылады; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады. (Абай) |
|
Баяндауыштары тұлғалас, мағыналары теңдес, санамаланған сөйлемдер жалпылауыш мәнді сөйлемнің мағынасын ашып тұрса |
Жаңағы әңгімеден соң Әсия реңі мүлде өзгеше: жүзінен шуақ есіп, мойнынан ғаламат бір ауыр жүк түскендей сергек, жеңілденгені сезіледі; үлкен кісіге ғана тән биязылық, ұстамдылық та мұнар шалған жанарынан аңдалады. (М.Сүнд.) |
|
Мазмұны әуендес болып келетін бірыңғай сөйлемдерден кейін |
Ақыл менен білімнен Әбден үміт үзіппін; Айла менен амалды Меруерттей тізіппін; Жалмауыздай жалаңдап, Ар, ұяттан күсіппін. (Абай) |
|
Баяндауыштары тұлғалас, мағыналық жағынан жақын, өзара теңдес келетін құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер арасына |
Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес-ау, құт сорғалап, көнек-көнек лықылдайды; қара саба еміздіктеп, қою, салқын, сары қымыз, бажылдаған дәрі қымыз шара-шара шыпылдайды. |
|
Рет-ретімен әріптер не цифрлар арқылы санамаланып айтылатын сөйлем не сөздерден кейін |
Ойлау оңтайы да екі түрлі: 1) айырыңқы оңтай; 2) жиылыңқы оңтай. (А.Б.) |
75-жаттығу. Сөйлемдердегі нүктелі үтірдің қойылу мәнін анықтап, оның қандай мағыналық және грамматикалық себепке байланысты қойылғанын түсіндіріңіздер.
Жолда жігіт өзі туралы аздап айтты: институттың агрономия факультетінің ақырғы курсында оқиды екен; туып-өскен жері, ата-анасының тұратын мекені – Оңтүстік Қазақстан облысында көрінеді; ал өзі диплом алған соң, Қазақстанның мол егін өсіретін байтақ тың өлкесіндегі бір совхозға агроном боп баруды ойлайды екен. (Н.Ғ.) Сөзден өлең жасап шығару жағынан тіл үшке бөлінеді: 1) дауысты дыбыстарында ұзын-қысқалық бар тілдер; 2) екпін буыны бірыңғай келетін тілдер; 3) екпін буыны бірыңғай келмейтін тілдер. (А.Б.) Қаланаң шет жақ көшесінің бойындағы бір этажды үйлерден екі пәтер кездесіп еді, бұларды ұнатпады: біреуінің іші сыз, қабырғалары дымқыл тартып тұрады; екіншісі бір кереует пен бір стол қойса, екі кісі айналып жүре алмайтын, ені тар, тұрқы ұзын, коридор сияқтанған, келіссіз пәтер болды. (Н.Ғ.) Қазақ тіліндегі жырдан басқа өлеңде көбінесе бунақтың екі-ақ түрі жұмсалады: 1) үш буынды бунақ; 2) төрт буынды бунақ. (А.Б.) Әуезділік деп сөз турасында айтсақ, сөздің ішіндегі дыбыстардың үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз; сөйлеу турасында айтсақ, сөйлеу ішіндегі сөйлемдерінің үндері құлаққа жағымды болып естілуін айтамыз. (А.Б.) «Шанышқы» деген сөзде: 1) дыбыстар реттеліп, бірі дауысты болғанда, екіншісі дауыссыз болып келіп отырған жоқ; 2) дауысты дыбыстары аз. (А.Б.) Арқан яки тарамыс ескен сияқты алдыңғы пікірдің аяғын соңғы пікірге қатыстырып қайта айтатын қазақта ақындар бар: бір сөзді көп қайтара айтып айналақтағанда, сөздің әсері мылжыңдықтың әсеріне айналып кетеді; бір сөзді екі-үш қайтара айтқанда, сөз пысықталған, нығыздалған, ширатылған іспетті болады. (А.Б.) Табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады; адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің бәрі өнер дүниесі болады; өйткені жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адам ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен. (А.Б.)
76-жаттығу. Көркем шығармалар мен ғылыми әдебиеттерден нүктелі үтірдің қойылу ережелеріне орай кемінде екі мысалдан тауып жазыңыздар. Әр мысалдың авторы мен шығармасының атауын көрсетіп, нүктелі үтірдің не себепті қойылғанын түсіндіріңіздер.
77-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазып, қажетті тыныс белгілерін қойыңыздар. Оларды қою барысында сөйлемнің құрылымына, мағыналық байланысына және интонациясына назар аударыңыздар. Әр қойылған тыныс белгісінің себебін түсіндіріп, ережесін еске түсіріңіздер.
Алдындағы көрсетілген істерге алаң айнасы деп ат қоюда мәніс бар ондағы көретініміз өмірдің өзі емес тек түрі сәулесі айнаға түскен сияқты алаңға өмірдің өзі түспей сәулесі ғана түседі. (А.Б.) Қазір ол қыстаулар мен көктем күзеу жайлау атаулыда соңғы жылдар Оспан аулы отыратын Құдық Бұлақбастау көл өзен қорық пішендік бәрі де есепке алынды. (М.Ә.) Өлеңнің өзі де қазақта екі түрлі болған бірі әнді болған екіншісі мәнді болған әнді өлеңнің сөзінен де әніне көбірек құлақ салған. (А.Б.) Әрине шамалы жағымды болып тұрғаны 1 ішіндегі дыбыстардың бірі дауыссыз болғанда екіншісі дауысты болып реттеліп келіп тұрғанынан 2 дауысты дыбыстар ішінде көп болғандықтан сөздің үнді болып шыққанынан. (А.Б.) Шығарма тілі екі түрлі болады 1 ақын тілі 2 әншейін тіл. Ақын тілі айрықша өң беріліп айтылған сөз әншейін тіл ондай өң берілмей жай айтылған сөз. (А.Б.) Тілдің міндеті ақылдың аңдауын аңдағанынша қиялдың меңзеуін меңзегенінше көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. (А.Б.) Орман теңіз тау тас өзен бұлақ бұлар табиғат ісінен жаратынды нәрселер үй кірпіш бақша арық құдық бұлар адам ісінен шыққан жасалынды нәрселер. (А.Б.) Балтамен түрлі жұмыс істеледі ағаш кесіледі отын бұталады қазық қағылады ойық ойылады тағысын тағылар істеледі. (А.Б.) Қондыбайдың алғашқы тапқан кәсібі осындай қаланы аралап даланы кезу күткені бір жақсы лебіз есту. (Ә.Ә.) Алғашқы топтағылардың өзін екіге бөліп қарау керек болады бірі ауызша тараған көркем поэзия дәстүрін сақтаған әдеби тіл үлгілері екіншісі соның жазба түрге көшкен жаңа сипатты жалғасын танытатын нұсқалар тілі. (Р.С.)