Құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын үтір
Құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын үтір – құрамындағы жай сөйлемдердің аражігін ажыратып, олардың мағыналық әрі синтаксистік байланысын көрсететін негізгі тыныс белгісі. Құрмалас сөйлемдерде үтірдің дұрыс қойылуы сөйлемнің құрылымын нақтылап, ойдың логикалық жүйелілігін сақтауға және мәтіннің мазмұнын дәл түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан үтірді қолдану сөйлемнің синтаксистік құрылымын дұрыс талдауды және грамматикалық заңдылықтарды меңгеруді талап етеді.
|
Құрмалас сөйлемдерге байланысты қойылатын үтір |
||||
|
Да, де, та, те, әрі жалғаулықтары арқылы байланысса |
Бірақ, дегенмен, әйтсе де, сондықтан, өйткені, себебі жалғаулықтары арқылы байланысса |
Қайталанып келген әлде, кейде, бірде, біресе, не жалғаулықтары арқылы байланысса |
Жалғаулықсыз ыңғайлас, себеп мәнді салалас құрмалас арасына |
Сабақтаса құрмаласқан жай сөйлемдердің араларына |
|
Ымырт бүгін әп-сәтте жетті де, түн қараңғылығы тез төнді. (М.Ә.) |
Күн аяз емес, бірақ мазасыздау қыстың салқын желі арттан соғып, аттардың құйрығын, жалын шалқыта үйіре түседі. (М.Ә.) |
Біресе аузы қимылдайды, біресе қолы қимылдайды. (С.М.) |
Оттың жалыны әзір көрінбейді, жаңа тұтанды. (Ғ.М.) |
Қымыз жиылып, шай ішіліп болған соң, үнсіз үй ішінде Абай екінші бір сөзін бастады. (М.Ә.) |
70-жаттығу. Көркем шығармалардан құрмалас сөйлемнің әр түріне қатысты қойылатын үтірге үш мысалдан тауып жазыңыздар. Әр мысалдың авторы мен шығармасының атауын көрсетіңіздер. Сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің аражігін ажыратып, үтірдің қай жерге және не себепті қойылғанын түсіндіріңіздер.
71-жаттығу. Көркем шығармалардан құрмалас сөйлемдердің жасалуына байланысты қойылатын тыныс белгілерге қатысты кемінде үш мысалдан тауып, кестені толтырыңыздар. Әр мысалдың авторы мен шығармасының атауын көрсетіп, тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндіріңіздер.
|
үтір |
қос нүкте |
нүктелі үтір |
сызықша |
үтір мен сызықша |
|
|
|
|
|
|
72-жаттығу. Мәтінді оқып, ондағы салалас құрмалас сөйлемдердің мағыналық түрлерін ажыратыңыздар. Олардың арасына тиісті тыныс белгілерін қойып, себебін түсіндіріңіздер.
Өршеленген жігіт шоқпарын тағы шапшаң көтеріп ап тағы соқпақ еді сол сәтте жаңағы қасқырдың ойда жоқта омақасып құлап түскені көрінді. (М.Ә.) Қолындағы сойылы сол сәтте сылқ етіп жерге түсті де Әзімбайдың өзі аттың шылбыр тізгінін тастап жіберіп шалқалап сілейіп қалды. (М.Ә.) Зерттеушілер зат есімнің аталым қызметінің жан-жақтылығын оның семантика-синтаксистік көпқырлылығымен байланыстырады олар тек затты таңбалаушы ғана емес сонымен бірге түсті агенсті әрекетті әрекет құралын т.б. білдіреді. (Б.Қ.) Күрделі сөз бен сөз тіркесінің аражігі біртұтас лексема болған кезде шектеледі яғни сөз тіркесі бірбүтін бірлік ретінде қалыптасқанда тоқталады. (Б.Қ.) Жаңа сөздерді жасауда тек әдіс пен тәсіл өзгеріп қоймайды сонымен қатар сөзжасамдық ерекшелік те мағына да жаңаша сипат алады. (Б.Қ.) Бұл дәуірлерде көне сөздер мен фразеологизмдер әлдеқайда молырақ болуға тиісті бірақ ауызша фиксацияның ерекшелігінен бұлар сан жағынан едәуір азайған. (Р.С.) Олардың қазақ тіліне етене болып кеткендігі сонша бірқатары көркемдік құралға айналды енді бірсыпырасы синонимика қатарын түзейді. (Р.С.) Етістіктің түрленуінде қазіргі нормаға жақындай түскен белгілер бар көпше аспектіде -лар жалғауын қабылдаған мысалдар табылады. (Р.С.) Салбырап кеткен басын күшпен көтеріп маңындағылар қарап тұрған жаққа көз жіберіп еді солтүстік жақтан қалың қол шұбап келеді екен. (Ә.Ә.) Жерошақтың үлкендігіндей көр қазылды жерін сайлап алғаннан кейін бүркітін құндағына салды. (Ә.Ә.) Мәди белгілеген тәртіппен бес жігіт алға түсті бес жігіт артта қалған он жігіт бес-бестен екі жақта қар кешіп жүріп кетті. (Ә.Ә.)
73-жаттығу. Мәтіндегі құрмалас сөйлемдердің түрін анықтап, олардың арасына тиісті тыныс белгілерін қойыңыздар, себебін ережеге сүйене отыра түсіндіріңіздер.
Ет жеп және де асықпай отырып шай ішіп болған қонақтар тысқа шыққан кезде жаздың күні кешеңдеп те қалған еді. (М.Ә.) Ақылдасар көмегі жоқ сүйенер тірегі жоқ аз ғана Бөкеншінің күш-қауқарына сене алмаған Күнту мына Ырғызбайлар келісімен-ақ алдарында құрдай жорғалады. (М.Ә.) Бұл арада майдан біткен соң ол топ жылқының соңынан шаба жөнелді. (М.Ә.) Іштей Абайға жауыққан күйде бірақ сырттай оның беделін барлық ояз бен өз кеңсесін басып кеткен сахра дау шарына пайдалану қажет деп шешті. (М.Ә.) Қалай десек екі жорамалдың да өзіндік дәлелі бар сияқты бірі дыбыстық бейне еліктеу екіншісі түстік белгі. (Б.Қ.) Қазіргі түркі халықтар тіліндегі мыңдаған жер-су атауларын өзара салыстыра қарағанда да олардың құрамындағы түр-түстердің беретін анықтайтын мән-мағыналары бірдей емес екен. (Б.Қ.) Ежелгі тарихи атауларды адамзат өркениетіндегі ұлттық мәдениеттің бір түрі деп санасақ сол елдің тарихи көрсеткішін танымдық тұрғыдан зерделеу топонимдердің этнолингвистикалық табиғатын ашуға мүмкіндік береді. (Б.Қ.) Қару-жарақ пен сауыт-сайман атауларының эпитетсіз қолданылуы әңгіме болып отырған дәуірдің әдебиетінде кемде-кем ұшырасатын құбылыс ал кейінгі кезеңдерде бұл қолданыс сирей бастайды. (Р.С.) Бұл әдебиеттің құнды бір ерекшелігі хатқа түскендігі сондықтан бұлар тілдің белгілі бір стилінің қандай сипатта болғанын қиналмай көрсететін материал болады. (Р.С.) ХҮІІІ ғасырдың мұралары да бізге ауызша сақталу арқылы жеткендіктен жоғарыда көрсетілгендей текстологиялық қиындықтар мұнда да кездеседі. (Р.С.) Бұл мақалдарға тән грамматикалық форма өйткені бұларда да шындықты констатациялап барып сол арқылы ғибрат өсиет өнеге айту мақсаты көзделеді. (Р.С.) Қалғып кетсе қағып тұр Адасып кетсе бағып тұр. (А.Б.) Мәди оған Текештердің көзіне байдың мырзасы болып көріну үшін маңғазданудың барлық түрін ат үстінде қалай шіренуден бастап алақанның күсін көрсетпеу үшін қолды қалай қойып басты қалай изеуге дейін үйреткен-ді. (Ә.Ә.)
74-жаттығу. Берілген мақал-мәтелдердің екінші сыңарын тауып, толық нұсқасын жазыңыздар және жаттап алыңыздар. Әр мақалдың мағынасын түсіндіріп, құрамындағы құрмалас сөйлемді анықтаңыздар. Құрмалас сөйлемнің мағыналық тобын айқындап, тыныс белгілерінің қойылу себебін талдаңыздар.
1) Еңбек етсең ерінбей, ... . 2) Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, ... . 3) Қызың жақсы болса, өрісің кеңейеді, ... . 4) Аталастың аты озғанша, ... . 5) Ат айналып қазығын табар, ... . 6) Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, ... . 7) Жаман ішкен-жегенін айтады, ... . 8) Болар адам он бесінде бас болар, ... . 9) Атасы жақсы көргенін айтады, ... . 10) Алыстан алты жасар бала келсе, ... . 11) Білегі күшті бірді жығады, ... . 12) Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, ... . 13) Шіріген шөпті мал жаратпас, ... . 14) Бір күндік жолға шықсаң, ... . 15) Құтты қонақ келсе, қой егіз табар, ... . 16) Қымбат дүние қолға түсе бермейді, ... . 17) Құлан құдыққа құласа, ... . 18) Былай тартсаң, арба сынады, ... . 19) Жаманның айтқаны келмейді, ... . 20) Қазанның күйесі жұғады, ... . 21) Жау жоқ деме жар астында, ... . 22) Жүгірген жетпейді, ... . 23) Аяғы жаман төрді былғайды, ... . 24) Екпей егін шықпас, ... . 25) Ашу келсе, ақыл кетер, ... ?
Қажетті сөздер: тояды қарның тіленбей; соңғысы сонда жүрер; ұлың жақсы болса, қонысың кеңейеді; шіренген жігітті ел жаратпас; үш күндік жолазық ал; құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабар; қымбат сөз ауызға түсе бермейді; құлағында құрбақа ойнайды; былай тартсаң, өгіз өледі; сандырағы келеді; ақымақтың бәлесі жұғады; ауылдастың тайы озсын; ер айналып елін табар; жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа; жақсы көрген-білгенін айтады; болмас адам қырық бесінде жас болар; атасы жаман бергенін айтады; алпыстағы шал келіп сәлем береді; білімі күшті мыңды жығады; ашудан ақыл көп болса, ашу не етер; жаман адамға мал бітсе, қасына қоңсы қондырмас; үйренбей білім жұқпас; бөрі жоқ деме бөрік астында; бұйырған кетпейді; ауызы жаман елді былғайды.