Тыныс белгілерінің қабаттаса қолданылуы
Кейде сөйлемнің айтылу ерекшелігіне, интонациясы мен эмоциялық реңіне қарай тыныс белгілері қабаттаса қолданылады. Мұндай жағдайда олар сөйлемнің мағынасын нақтылап, ойдың әсерлі әрі дәл жеткізілуіне қызмет етеді.
|
Тыныс белгілерінің қабаттаса қолданылуы |
||||
|
Сұраулы сөйлем лептік интонациямен айтылғанда, сұрақ басым болса, сұрау белгісі бұрын, көңіл күй екпіні басым болса, леп белгісі бұрын қойылады |
Сұраулы не лепті сөйлемдегі ой аяқталмаған жағдайда сұрау не леп белгісі, сосын көп нүкте қойылады |
Жалғаулықсыз қарсылықты салалас құрмалас құрамындағы жай сөйлемдер арасына үтір, сызықша қойылады |
Төл сөз бен автор сөзі арасына сызықша үтірмен, леп белгісімен қабаттаса келеді, сондай-ақ тырнақша мен үтір, көп нүкте, нүкте, сұрау, леп белгілері қабаттаса қойылуы мүмкін |
Драмалық шығармаларда ремаркалар келсе, ол жақшаға алынып, жақшаның ішіне не сыртына нүкте қойылады |
|
– Япырау! Жаңылмасам... таныдым ғой, сен Камила емеспісің?! – деп... жаза басам ба дегендей, аяғын бір басты. (Ж.А.) |
– Шырайлым-ау! О кісі апамның өліміне қайғыратын шығар. Сені неге жек көрсін?.. – деді. (Ж.А.) |
Сөз бергенге ерме, – бөз бергенге ер. (мақал) |
– ... Сондағы басбағып келгені осы төмпей ғой! – деді Ақбілек төмпейге шыға беріп. (Ж.А.) |
Әбутәліп (қолын ұстап). Жақсы, саламатсыз ба? (Ж.А.) |
27-жаттығу. Сөйлемдегі тыныс белгілерінің қойылу мәнін түсіндіріп, олардың интонацияға әсерін ескере дауыс ырғағымен оқып көріңіздер. Оқу барысында әр тыныс белгісінің пауза жасауға, дауыс көтеру не бәсеңдетуге қалай ықпал ететінін анықтаңыздар.
Үйге кірместен дабырлай сөйлеп: – Бұл не бәле?! Неткен сұмдық?! Қазақ баласының біріне-бірі бұндай жамандық еткенін қай атамнан көріп едім?! Араздығым болса да, аямас жаулығым бар ма еді? Қайда!? Қайда Оразбай!? – деп, қасындағы жігітіне ұраңқайдың есігін ашқызып тұрып, осындай сөздерін айтып алып, үйге кірген. (М.Ә.) – Нені есіттім?.. Енді бір бел ассақ, менің жауым жат емес, қақ қасымнан, жақынымнан шыққалы тұр екен ғой!.. – деп ойлады. (М.Ә.) – Ал бұ не болды? Құнанбайдың екі баласы жасасты ма!? – деп, Тәкежан айғайлап, Абайға сөз тастап тұр. (М.Ә.) Бұрын төрелердің, ақсүйектердің, байдың, болыстың баласы оқитын... (Жорғабек естімеген кісі боп теріс қарайды). (Ж.А.) Әрі өз басының, әрі досының пайдасы бірдей табылған соң адам шын дос боп жүреді (әлде «шын ұлтшыл», «шын әлеуметшіл» де сондай ма екен?). (Ж.А.) – Е, о жігіт енді соға береді ғой... Елде жоқ, күндей перизатты тауып алған неме! – деп Бекболат күлді. (Ж.А.) – Сен немене?.. Қандай қызметке тұрғың келеді? – деді Балташ не сұрарын білмей, көзін жұмыңқырап. (Ж.А.) Әуелгі кезде: «Япырау, осы байы өлген, баласы өлген қатындар өлісімен қалай сұңқылдатып жоқтай алады екен?! Не ғып жүрегі аузына тығылып қалмайды екен?!» деп, ішінен таңырқап жүреді. (Ж.А.) – Ой, жасаған-ай! Біз де бала сүйетін күн болар ма екен!.. – деп, тағы бір уһілеп қойды. (Ж.А.)
28-жаттығу. Көркем шығармалардан қабаттаса келген тыныс белгілерінің әр түріне үш мысалдан теріп жазыңыздар. Әр мысалда тыныс белгілерінің не себепті қатар қолданылғанын анықтап, олардың сөйлемдегі мағыналық әрі эмоциялық қызметін түсіндіріңіздер.
29-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп, дауыс ырғағын келтіре отыра оқыңыздар. Оқу барысында тыныс белгілерінің интонацияға әсерін байқап, олардың мәтіндегі рөлін түсіндіріңіздер.
Қазақ осы...
(таныстыру)
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған,
Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар.
Қазақ осы күй шығарып, ән салып,
Көкпар тартып, қыз қууға жаралған.
Қазақ осы – айтатұғын желге сыр,
О, ағайын, халық емес ол кесір.
Қазақ осы – аңғал-саңғал жабусыз,
Қазақ осы – ағыл-тегіл, көл-көсір!
Қазақ осы – дала дейтін, күн дейтін,
Қазақ осы – «Өнер алды – тіл» дейтін.
Қазақ осы – қарасың ба, ақсың ба,
Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!
Қазақ осы – көргенінен танбайтын,
Той-думансыз оты түзу жанбайтын.
Қазақ осы – алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын.
Қазақ осы – ашық жарқын қабағы,
Қонақ келсе шабылып бір қалады.
Байқа да тұр, саған да ол кетерде,
Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Қазақ осы – құда бол деп қинайтын,
Құдаларын құдайындай сыйлайтын.
Қазақ осы – дүние мен малыңды,
Оңды-солды шашу үшін жинайтын.
Қазақ осы – жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық – дәл аты.
Қазақ осы – өзімсінген адамға,
Насыбайға бола өкпелеп қалатын.
Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.
(Қадыр Мырза Әли)
30-жаттығу. Өздеріңіздің қатты қуанған бір сәттеріңізді еске түсіріп, сол кездегі сезімдеріңізді тиісті тыныс белгілерін орынды қолдана отырып жазбаша түрде суреттеңіздер. Жазбада леп белгісі, көп нүкте, сұрау белгісі сияқты тыныс белгілерінің эмоцияны жеткізудегі рөліне назар аударыңыздар. Қандай тыныс белгілерін не себепті қолданғандарыңызды түсіндіріңіздер.