I Бөлім · 3-тақырып

Тыныс белгілерінің түрлері. Сөйлемнің соңында қойылатын тыныс белгілері

Қазақ тілінде қолданылатын негізгі тыныс белгілері түрлеріне нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте, үтір, нүктелі үтір, жақша, қос нүкте, тырнақша, сызықша жатады. Олар мәтіндегі сөздер мен сөйлемдердің логикалық құрылымын айқындап, ойды дұрыс жеткізуге қызмет етеді.

Тыныс белгілерін сөйлемдегі орны мен қызметіне қарай екі негізгі топқа бөлуге болады:

  1. Сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілері:
  • Нүкте (.) сөйлемнің толық аяқталғанын білдіреді, ойды тұжырымдайды.
  • Сұрау белгісі (?) жауап күту мәніндегі сөйлемнің соңында қолданылады және оқырманға сұрау немесе анықтау қажеттілігін көрсетеді.
  • Леп белгісі (!) эмоциялық, лепті немесе ерекше мәні бар сөйлемдерде қолданылады, сөйлемге эмоционалдық реңк береді.
  • Көп нүкте (…) сөйлемнің толық аяқталмағанын, үзілісті немесе ойды жалғастыру қажеттілігін білдіреді.
  1. Сөйлем ішінде қойылатын тыныс белгілері:
  • Үтір (,) сөйлемдегі сөздер мен мүшелерді, қатар тұрған синтаксистік бөлшектерді бөліп көрсету үшін пайдаланылады.
  • Нүктелі үтір (;) құрмалас сөйлемдегі құрамдас бөліктерді бөліп, олардың арасындағы логикалық байланысты көрсету үшін қолданылады.
  • Жақша (()) қосымша ақпаратты, түсіндірмелерді немесе анықтамаларды бөліп көрсету үшін пайдаланылады.
  • Қос нүкте (:) сөйлемдегі түсіндірме, мысал, тізім немесе сөзбе-сөз дәйексөзді енгізгенде қолданылады.
  • Тырнақша («») сөзбе-сөз дәйексөздерді, айтылған сөздерді немесе ерекше мән берілген сөздерді көрсету үшін қажет.
  • Сызықша (–) сөйлемдегі анықтауыш немесе ойды бөлу үшін, кейде диалогті белгілеуде пайдаланылады.

Сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілері айтылған ойдың мазмұнын, коммуникативтік мақсатын және интонациялық реңкін айқындайды. Олар сөйлеушінің хабарлау, сұрау, бұйыру, өтіну, тілек білдіру немесе эмоциялық әсерін жеткізу ниетін нақтылап, сөйлемнің мағыналық әрі құрылымдық тұтастығын қамтамасыз етеді. Бұл белгілер жазба тілде ауызша сөйлеудің ырғағы мен дауыс әуезін шартты түрде таңбалап, ойдың аяқталу сипатын, оның тиянақтылығын не аяқталмай қалғандығын білдіреді.

Сөйлем соңындағы тыныс белгілері мәтіндегі логикалық байланыстарды реттеп, автордың көзқарасын, бағалауыштық ұстанымын және сезімдік-экспрессивтік реңкін айқындауға қызмет етеді. Оларды орынды әрі сауатты қолдану жазба тіл мәдениетін қалыптастырып, мәтіннің мазмұнын дәл әрі түсінікті жеткізуге, оқырманның ақпаратты дұрыс қабылдауына және авторлық ойдың тереңірек танылуына мүмкіндік береді.

 

Сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілері

Нүкте

Сұрау белгісі

Леп белгісі

Көп нүкте

Кәкітай мен Дәрмен Мағаш ойының батылдығына, өткірлігіне қызығып қалды. (М.Ә.)

Гүлзияның денсаулығы кем бе, бір жері ауыра ма? (Н.Ғ.)

– Базаралыға қылғаным аз еді деп отырсың ғой, Құнанбай баласы! (М.Ә.)

Осындай бір кезекті ойы қалаға жететін күні түс кезінде, теңбіл көк аттың үстінде келе жатқанда оралды ... (М.Ә.)

 

1-жаттығу. Көркем шығармалардан, ғылыми әдебиеттерден және интернет ресурстарынан алынған нақты мысалдар арқылы төмендегі кестені толтырыңыздар. Әр мысалға қай дереккөзден алынғанын көрсетуді ұмытпаңыздар (мысалы, шығарманың аты, авторы, сілтеме, бет т.б.).

 

Әр бірыңғай мүшеден кейін сұрау белгісінің қойылуы

Екпінсіз бұйрық мәнді сөйлем

Аяқталмаған ойдан кейін көп нүктенің қойылуы

Ұранды сөйлем

Аяқталмаған ойдың бірінші бөлігі сұрау мағыналы болғандықтан, сұрау белгісі мен көп нүктенің қабаттасып келуі

 

 

 

 

 

 

2-жаттығу. Сөйлем соңында қойылған тыныс белгілеріне назар аударыңыздар. Әр сөйлемде олардың қандай мағыналық мән білдіретінін анықтап, не себепті қолданылғанын түсіндіріңіздер.

Оспан аулына тағы да бата оқыршы көп келіп, алғашқы бір жұма, он күн ұдайы қонақ күтумен өтті. (М.Ә.) Асан бір-екі бидай басын кеше әжесімен бірге теріп көргендіктен танып үзіп алды. (М.Ә.) Әйелдер де көбінше жалаңбас немесе қазақ әйелдерінен бөлек шолақ орамал байласқан, әсіресе шаштары сап-сары еркек балалары, ұсақ қыздары көп. (М.Ә.) Ал жас жігіт кешкі суға жылқыны жапқанда, бұлақ басында отырған бар жылқышыға және Әзімбайға да Дәркембай тілегін айтып берді. (М.Ә.) Ал жылқы ше?! Жылқы болса жайшылықтағы момын жазықсыз жануар, сондай асыл қасиет малы! Қазір өздерінің ендігі сипаты, даланың өрті... меңіреу апаты, тілсіз жауы есепті болғанын білер ме еді олар! Міне, енді мың аяқты, сан мың тісті жалмауыз обыр айдаһар боп созылыпты, қара шұбар қыбырымен бүкіл өңірді басып, егіндікке қарай тақады. (М.Ә.) Ұзын бидайды суырып алғанымен жей алмайды, бастарын изеп шайнай алмай таптап-тастап, тағы тістейді... Тағы жұлып алады. (М.Ә.) – Өмірді неден бастасам, әлі сол орында тұрғандаймын. Залым жауызбен алысқан сайын, жеті басты жыландай. Бір басын шапсам, тағы біреуі туады. Қайда, қайда бұл шығар жол!? Енді қашан елдік сәулесін көрем? Өткені ме осымен қу өмір? Кеткені ме ұшығына жеткізбей мол арман!? Жұртым деуге ұялудан арылам ба, жоқ па? (М.Ә.) Осындай ұлы толқын тамаққа жұмарланған дерттей бунай ма? Жүрекке тас тығылғандай тыныс тарылта ма?.. (М.Ә.)

 

3-жаттығу. Мақал-мәтелдердің мағынасына назар аударып, тиісті тыныс белгілерін қойып, жаттығуды көшіріп жазыңыздар.

1) Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын Жаманның жамандығын айт құты қашсын 2) Жақсыменен сөйлессең құмарыңды қандырар Жаманменен сөйлессең көңіліңді қалдырар 3) Әке тұрып ұл сөйлесе ержеткені Шеше тұрып қыз сөйлесе бойжеткені 4) Ағайынның қадірін жалалы болсаң білерсің Ата-анаңның кадірін балалы болсаң білерсің 5) Жалғыз ағаш орман болмас Жалғыз кірпіш қорған болмас 6) Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа Жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа 7) Жоққа салауат Барға қанағат 8) Әдепті адам арлы адам Әдепсіз адам сорлы адам 9) Сабыр түбі сары алтын 10) Уайым түбі теңіз батасың да кетесің Тәуекел түбі желқайық мінесің де өтесің 11) Емен ағаштың иілгені сынғаны Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені 12) Ат қартайса жасқаншақ болады Ер қартайса мақтаншақ болады 13) Қарға баласын аппағым дер Кірпі баласын жұмсағым дер 14) Жоқты бар десең құт болар Барды жоқ десең жұт болар 15) Сөз сөзден туады сөйлемесе неден туады 16) Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық Бәйгі алмаған жүйріктен белі жуан бесті артық 17) Аяқкиімің тар болса дүниенің кеңдігінен не пайда 18) Тұр-тұрдан хабар келсе ұйқыдан маза кетеді

 

4-жаттығу. Өлеңді мәнерлеп оқып шығып, әр сөйлемнің соңында қойылған тыныс белгілеріне назар аударыңыздар. Сол тыныс белгілерінің қойылу ережесін және сөйлем мағынасына тигізетін әсерін түсіндіріңіздер.

 

Кешіргін, қала!

Көгенде қозы,

Желіде құлын байлауда.

Жерошақ бықсып,

Қазанда бағлан қайнауда.

Қазақы үйдің қайыра түріп іргесін,

Қайғысыз, қамсыз отырушы едім жайлауда.

 

Сап-сары қымыз сарқылмаушы еді кеседен,

Отырушы едім, көгеріп, шалқып көсегем.

Оңымнан Айым, Жұлдызым туып солымнан,

Бақытты екем жаралған ерек пешенем.

Ол-дағы өтті...

Оны да місе тұтпадым,

Нәр алдым, бірақ нәсілге ол да жұқпады.

Қалаға келдім,

Тас үйде тұрмын, тамаша!

Тауықтың еті, жүзімнің суы жұтқаным.

 

Тамаша қала!

Обалы босқа не керек.

Құйысқан өріп, жатпаймын таға шегелеп.

Алып қаланың аздаған шуы болмаса,

Қызыл да жасыл, қым-қиғаш әсем төңірек.

 

Қалада мынау тұрмыс та ерен, күй де ерен,

Көрместі көріп, білместі біліп, үйренем.

Сәл ғана жаным қинала қалса дүрлігіп,

Дүниенің бәрін шақырып алам үйге мен.

 

Дерт дейтін дерт жоқ,

Дертсіз де қажып ауырдым.

Ем болар ма екен, түтіні туған ауылдың?!

Қайырымды қала,

Кешіргін мені, қайтейін?

Жатайын барып, төсінде асқар тауымның.

Кешіргін мені,

Көк жайлауымды сағындым!

(М.Мақатаев)

 

5-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып шығып, ондағы хабарлы және сұраулы сөйлемдерді анықтаңыздар. Әр сөйлемнің мағынасына сәйкес тиісті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңыздар.

Мал-мүлкімді талады, кісімді өлтірді, қызымызды алып кетті деп, бізді бұзық адам көріп, қазақтар жазғырады-ау Дүниеде не боп жатқаннан хабарсыз, ауылынан адым жер шығып көрмеген, аң сықылды жайылған қазақ, бізді неғып мұндай күйге түскенімізді қайдан білсін

Ата-анадан, туысқаннан, туған жерден кім безейін деп ойлайды Еркін, қызық өмірді, жан тыныштықты кім жақсы көрмейді Сұлу әйелдің от құшағын, тәтті лебізін кім аңсамайды Адам тілегенін істеуге ерікті болса, тұрмысы осындай болар ма еді Біреу ырысты, біреу сорлы болар ма еді Дүниеде тағдыр бар, лажсыз өмірге көну бар: тағдырда бостандық, еркіндік деген жоқ

Тағдыр айдамаса, осынау Қытай шегіндегі Алтай тауына, қазақ арасына біз келер ме едік Мен Тамбау губерниесіндегі бай алпауыттың кіші баласы едім Бабамыз Александр патшаның әскеріне қолбасы болып, түрік соғысында мақтау алған кісі екен Әкеміз соғыс уәзірінде үлкен төре болып, мосқал тартқанда Тамбаудағы ата қонысына келіп, егін салдырып, шаруа құрды Мол жер, бақша-бау, салтанатты сарай, қос-қос арғымақ, солқылдақ арба, жүйрік ат, жүйрік тазы дегендер бізде болушы еді Бір ағам университет бітіріп, атбекет болып, одан соңғы екеуміз әскер академиесін бітіріп, әпесер болып едік Ағайынды төртеуіміздің ішінде ажарсыз мен болсам да, ерлігіммен герман соғысында қол бастап, бір рет шен алдым Патшамыз соғыс ашқанда, ел-жұрт, отанымызды қорғауға біз бардық соғысқа Отанды біз қорғамасақ, орыс күшті жұрт болмаса, осы надан қазақ күн көре алар ма еді Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубе қылу керек қой Анығында, қазақ мемлекетке не пайда келтіріп отыр Түндік басы жылына төрт сом алым төлегені болмаса, әскерге лау, азық бергені болмаса, бұларда не шығын бар Тек қымызын ішіп, қарнын сипап, қатынына қарап, борбайын тыр-тыр қасығанды біледі Патша қазақты қара жұмысқа алам дегенде, қандай қорқып, абыржып, қиратылып қалды Қазақ солдаттан өлгенше қорқады Баяғыда қазақ орысқа қарағанда, қатын патша, қазақтан солдат алмаймын деп, қолхат беріпті-мыс деп, талшық қылады Тегінде, қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді

(Ж.Аймауытов «Ақбілек»)