Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша
Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша – сөйлемнің грамматикалық құрылымына байланысты қолданылатын тыныс белгісі. Ол бастауыш пен баяндауыштың тең дәрежеде байланысып тұрғанын көрсетеді және логикалық екпінді дұрыс қоюға, ойды айқын, нақты әрі ықшам жеткізуге мүмкіндік береді. Бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қою сөйлемнің мағыналық құрылымын дәл тануды, синтаксистік ерекшеліктерін ескеруді және грамматикалық нормаларды сақтауды талап ететін маңызды пунктуациялық норма болып табылады.
|
Бастауыштан кейін қойылатын сызықша |
|
|
Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен, заттанған өзге сөз таптарынан болғанда |
Фреймдер – бұл біздің әлем туралы түсініктердің ұйымдастырылған қоры. (Б.Қ.) |
|
Бастауыш жіктеу, сілтеу есімдіктерінен, баяндауыш ІІІ жақтағы зат есімнен болғанда |
Адам өзінің әлін білмесе, бұл – кеселдің жаманы. (Н.Ғ.) |
|
Бастауыш тұйық етістіктен, баяндауыш ІІІ жақтағы жалғаусыз зат есімнен не керісінше болғанда |
Қазақтар үшін құдаларға кит кигізу – сын, ал құдаларынан кит кию – мақтаныш. (Н.Ғ.) |
|
Бастауыш та, баяндауыш та бір сөздің қайталануынан жасалғанда |
Тәкежанның өз үйі – көл жақ шеттегі үлкен абажадай қоңыр үй. (М.Ә.) |
|
Бастауыш та, баяндауыш та сын есімнен не сан есімнен жасалғанда |
Олақ – меншіл, Қызғаншақ – күншіл, Сырғақ – сыншыл. Төрт жерде төрт – он алты. |
|
Бастауыш есімшеден, ал баяндауыш не зат есім, не есімше, не есімдіктен жасалғанда |
Екі жылдан бері елге қайтпай, осы бүгін, енді ғана, «туған аулына келеді» деп ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған – Әбіш. (М.Ә.) |
|
Бастауыш бірі, біреуі, біріншісі, алдыңғысы, соңғысы, көбі деген сөздерден, баяндауыш атау тұлғадағы зат есімнен не қимыл есімінен (тұйық етістіктен) болғанда |
Бұл уақытта Құнанбай баласының дауын ұстап, өз сөзіндей қадағалап жүрген жуанның бірі – Көкен болысы Нұрке. (М.Ә.) |
|
Бастауыш өзінен кейінгі сөзбен тіркесіп, сөйлемнің басқа мүшесімен шатасып кететін болса |
Отыз – үшке қалдықсыз бөлінеді. |
|
Бастауыш зат есім не заттанған басқа сөз таптарынан болып, баяндауыш болымсыздықты білдіретін емес сөзі тіркескен есімдердің бірінен болса |
Жоқтық – ұят емес, байлық – мұрат емес. (Мақал) |
|
Бастауыш пен баяндауышты байланыстырушы дегеніміз, деген, ... сынды сөз тұрса |
Жіктеу есімдігі дегеніміз – сөйлеген кезде сөйлеушінің, тыңдаушының һәм бөгдедегілердің жігін ашатын сөздер. (А.Б.) |
|
Ол – ол ма, бұрынғы – бұрынғы ма, бұл – бұл ма сияқты қыстырма сөз тіркестерінің араларына |
Ол – ол ма, әңгіме одан сайын күшейе түсті. |
97-жаттығу. Ақын-жазушылардың шығармаларынан бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаның қолданылуына қатысты мысалдар тауып, әр түріне кемінде үш мысалдан жазыңыздар. Олардың авторы мен шығарма атауын көрсетіңіздер. Әр сөйлем бойынша сызықшаның қойылу себебін ережемен дәлелдеңіздер.
98-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазып, бастауыш пен баяндауыштың арасына тиісті жеріне сызықша қойыңыздар. Сөйлемнің құрылымын талдап, бастауыш пен баяндауыштың қандай сөз табынан жасалғанын және олардың тұлғалық ерекшелігін анықтаңыздар. Сызықшаның не себепті қойылғанын нақты ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.
Тіл тазалығы дейтініміз ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. (А.Б.) Бұл ауыл Оспанның әйелі, Еркежанның төркіні, Байтас ауылы. (М.Ә.) ХҮ–ХҮІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы тілінен келе жатқан көркемдегіш құралдардың бірі кейбір семантикалық топтағы сөздердің тек қана эпитеттермен жұмсалатындығы. (Р.С.) Осы жауымды қолтығына дым бүркіп, құтыртып отырғанның өзі Абай. (М.Ә.) Тілдік жүйенің құрылымына тереңдеп барудың, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы тілдік таңбаларды, оны құрайтын бірліктер, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау, екінші қыры оларды тілдік емес мәнділіктермен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғысынан бір-бірімен тығыз байланыста зерделеу. (Б.Қ.) Бұл адамды, адам қоғамы мен олардың даму заңдылықтарын зерттейтін психология, когнитология, мәдениеттану, әлеуметтану сияқты ғылымдардың өз нысандарын танып білу үшін тілдің мәні зор екенін сезінудің көрінісі. (Б.Қ.) Хамза бұл ауылда туған-туысқаны жоқ, әке-шешесі ертеректе қайтыс болған, жасында балалар үйінде тәрбиеленген, жалқы жігіт еді. (Н.Ғ.) Бұрын жеткен Кәкітай, Дәрмен және Оспанның бір ұл, бір қызы Әубәкір, Пәкизат. (М.Ә.) Неше жылдан бері недоймке төлемейді, патшаның алымын бермей, қарын шашы алынбай құтырып алған ел Шыңғыс. (М.Ә.) Бұл қабаттың басымы қазақтың жалпы халықтық сөйлеу тіліне ертеден еніп, әбден сіңіскен, қазақтың өз сөздері болып кеткендер. (Р.С.) Ішіндегі есебі кемпірді өз үйіне кіріптар ете түсу. (М.Ә.)
99-жаттығу. Көркем шығармалардан бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықшаға қатысты кемінде бес мысал тауып, көшіріп жазыңыздар. Әр мысалдың авторы мен шығарма атауын көрсетіңіздер. Сызықшаның қойылу себебін нақты ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.
100-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерді оқып, олардың құрылымына және мағынасына сәйкес тиісті жерлеріне сызықшаны қойып, көшіріп жазыңыздар. Сызықшаның қойылу себебін тиісті ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.
Қашқындардың мініп қашқаны елдегі ең жүйрік, ең жарау аттар. (Ә.Ә.) Әкелерімнің екеуінің де қиналатынын сеземін, қиналса да тәуекелім тәуекел. (Ә.Ә.) Ал мынау төменгі отырған жігіт осы ел ішіндегі тынымсыз, қаныпезер қатты ұрының бірі. (М.Ә.) Ұлжандай ананы жоқтап отырған екі келіні Ділдә мен Еркежан екен. (М.Ә.) Ендігі бір таңырқаған дүниесі стол үстіндегі беті бөз орамалмен жабылған әртүрлі ыдыс-аяқтар. (Ә.Ә.) Сол сәтте алдыңғы ақшыл бөрі осы топтың анасы қаншық екен, бара бір саулықты алып соқты. (М.Ә.) Орыстардан үйреніпті дейді, сіз орысша сөйлегенде көмейі бүлкілдеп, орыстардың өзін таңқалдырады екен деседі. Ол ол ма, жұрт сізді атылғысы келсе мылтық, шабылғысы келсе семсер бола кетеді, соның бәрін үйреткен орыстар деседі. Сол рас па? (Ә.Ә.) Баласының ержетіп, азамат атанып, өркені өскенін көру әкеге қандай зор қуаныш болса, әкенің осы шаттығы балаға да сондай үлкен мерей ғой. (Н.Ғ.) Мұның бірі бурыл сақалды, кішілеу шегір көзді, ер мұрынды салмақты адам. Екіншісі сорайған атжақты, көселеу келген, өткір жүзді, ұзын бойлы қара жігіт. (М.Ә.) Кейін орысша ұғатын Базаралыға келгенде, Апанас, Сергей, Шодыр үшеуі, тіпті көп шалағайлықтарды санады. (М.Ә.) Сол кезде Абылғазы өзінің сенімді көретін жігіттері Ержан, Қоске, Шаянбай дегендерге қатты бұйрық етті. (М.Ә.) Шақыртуға келмегені бұғып қалып, бастарын алып қашқаны. (М.Ә.) Мынау дастарқан Сапияның келу құрметіне Құлахметтің осындағы достары жайып қойған дастарқан. Ал, кәні, жолдан келген туысқандар, әуелі сендер жоғары шығыңдар! деп Сейтқасым Құлахметке, Сапияға, Әділбекке қошемет көрсетіп, үшеуін төрге отырғызды. (Н.Ғ.) Қазақ тілінде өзіндік сыры бар байырғы сөздердің бірі күрделі атауларына қатысты тілдік бірліктер. (Б.Қ.)
101-жаттығу. Көп нүктенің орнына сөйлемнің мағынасына сәйкес келетін сөз немесе сөз тіркесін тауып, толықтырыңыздар. Мәтіндегі сызықшаның қойылу себебін талдаңыздар. Берілген мақал-мәтелдердің бірін тақырып етіп, шағын шығарма жазыңыздар.
1) Сөздің көркі – ... , ердің көркі – ... . 2) Көп сөз – ... , аз сөз – ... . 3) Тіл қаруы – ... , сөз қаруы – ... . 4) Ақын – ... ... , шешен – ... ... , батыр – ... ... . 5) Адамның басы – ... ... . 6) Ағаш көркі – ... , адам көркі – ... . 7) Соқыр тауыққа бәрі – ... . 8) Ел құлағы – ... . 9) Баталы сөз – ... ... . 10) Мыңнан біреу – ... , жүзден біреу – ... . 11) Арық қой – тырысқақ, аш адам – ... . 12) Құда – ... , күйеу – ... . 13) Қырықтың бірі – ... . 14) Үйінен қырық қадам ұзап шыққан адам – ... . 15) Ас – ... ... . 15) ... – жеті қазынаның бірі. 16) Арғымақ аттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл, ... ... ... – әрі мырза, әрі құл. 17) Сабыр түбі – ... ... . 18) Малым – ... ... , жаным – арымның садағасы. 19) Емен ағаштың иілгені – ... , ер жігіттің екі сөйлегені – ... . 20) Әдепті адам – ... ... , әдепсіз адам – ... ... . 21) Жоққа – ... , барға – ... . 22) Әке тұрып ұл сөйлесе – ... , шеше тұрып қыз сөйлесе – ... . 23) Сыйға – сый, сыраға – ... . 24) Көз – қорқақ, қол – ... . 25) Жақсы әйел – ... ... , жаман әйел – ... ... .
Қажетті сөздер: Ит, мақал, сақал, көмір, алтын, сөз, ой, ұлттың жүрегі, көптің тірегі, көптің білегі, Алланың добы, жапырақ, шүберек, бидай, елу, балаға азық, көсем, шешен, ұрысқақ, мыңжылдық, жүзжылдық, Қыдыр, мүсәпір, адамның арқауы, Қас жақсының белгісі, жанымның садағасы, сынғаны, өлгені, сары алтын, арлы адам, сорлы адам, салауат, қанағат, ержеткені, бойжеткені, бал, батыр, үйдің берекесі, елдің келекесі.
102-жаттығу. Бастауыш пен баяндауыштың арасына сызықша қойылатын сөйлем құрылымын пайдалана отырып, мамандыққа байланысты қысқа әңгіме құрастырыңыздар. Тыныс белгілерінің сөйлем мағынасына, ой екпініне және эмоциялық әсеріне қалай ықпал ететінін түсіндіріңіздер.