Леп белгісі, оның қойылатын орындары
Леп белгісі – лепті сөйлемнің соңына қойылатын тыныс белгісі. Лепті сөйлем деп адамның көңіл күйін, түрлі сезімін (қуаныш, реніш, таңдану, өкініш т.б.) білдіретін сөйлемді айтамыз.
|
Леп белгісінің қойылатын орындары |
|||||
|
Лепті сөйлемдерден кейін |
Ұран, үндеу мәнді сөйлемдерден кейін |
Одағай, қаратпа сөз сөйлем басында келіп, көтеріңкі дауыспен айтылса |
Бұйрық, тілек, өтініш мәніндегі бұйрықты сөйлемнен кейін |
Сұраулы сөйлем жасайтын элементтері бар, бірақ ерекше бір сезіммен айтылған сөйлемдерден кейін |
Ма, ме, ба, бе, па, пе шылаулары бар, сәлемдескенде айтылатын сөйлемдерден кейін |
|
– Ендеше, үйге кіріңіздер! – деп, көң-күлімсі сасыған тапал қорасына қарай бастады. (Ж.А.) |
Жасасын бірлік, бейбітшілік! |
– Е, байғұс-ай! – деді Күмсінай арт жағынан келіп. (Ж.А.) |
– Қой, балақайым жақсы, қорқытпа, қорқытпа! – деп басынан сипайды. (Ж.А.) |
Көзі тостағандай, терең, тұңғиық, қандай тамаша десеңізші! (Ш.А.) |
– Ә, інім, саламат па! – деп, Жолмырза Ережепұлы оған қолын беріп, көңілді амандасты. (Н.Ғ.) |
17-жаттығу. Сөйлемдердегі леп белгісінің қойылу мәнін түсіндіріңіздер. Оның сөйлемдегі эмоциялық рөлін анықтап, әр сөйлемде қолданылу ерекшеліктерін талдаңыздар.
Дәркембай әйелі келген соң жұмысын доғарып: – Жаңыл! Үйіңе қонақ кеп отыр. Қандай қонақ! Менің жай-күйімді білем, сәлем берем деп келген ғой Әбіш. Рахым екеуің барып, мал әкел. Қазан-суыңды әзірле! – деді. (М.Ә.) Келісімен Әбішпен жақсы амандасып: – Қалқам Әбіш-ау, қара жерге отырып қапсыңдар ғой! Тұрыңдаршы, орын жайлап берейін! – деп, шапшаң қозғалып, үйден таза сырмағын әкеп жайды. (М.Ә.) – Жоқ, Дәке!.. Жоқ, жеңеше! Малды ауызға алмаңыз. Малды қойыңыз. Біз қайтамыз. Тек шай-май ауыз тисек болды. Тіпті болмаса, әдемілеп сүт пісіріп беріңіз. Мен еттен де кейде қойдың сүтін артық көрем! – деді. (М.Ә.) – Қайт, арман, қоразданбай! Сен Ырғызбай болсаң, мұнда қалың ел!.. Менің елім, менің туысым да досым! Шапқызбаймын, жөніңе көш! Болмаса, Құнанбай баласы алдымен менімен соғысасың! – деді. (М.Ә.) – Әй, Ырғызбай, мынау елді көрдің ғой!.. Өліспей беріспейді. Мен солай ет дедім. Тек соқтығып көр, арындаған Ырғызбай артың ашылады. Басыңа қызыл тақия киіп, бөксеңе шақпақ таңба соқтырып қайтасың. Осылай етуді мен бұйырамын, мынау айыпсыз жылаулар болған жұртыма!.. Тек қазір кейін қайт та, үш кісі жіберіп сөзге кел! – деді. (М.Ә.) – Сөзіңнің бес тиынға керегі жоқ! Мойныңа жал бітіп, кешегі сүмеңдеп жүргеніңді ұмытайын деген екенсің! Байқа, шырақ! Аяғыңды аспаннан келтіремін. Сен менің кім екенімді әлі танымай жүр екенсің! – деді Асан тісін шықырлатып. (Н.Ғ.) Мұқан Асанға қарай ақырын қозғала бергенде, Әділбектің басына осы ой кенет келді: «Жоқ, жігіттер, мен сендерді төбелеске жібермеймін! Бұл – ұят! Бұл – масқара!» (Н.Ғ.) Жас әйел екен, қатты күйініп келген болу керек: – Бұл қай қорлағаның сенің? Умаждап лақтыра салатын шүберек емеспін мен! Көнбеймін мазағыңа! Кімді басынасың! Ашып қара көзіңді! – деп Сүлейменге бірден дүрсе қоя береді. (Н.Ғ.)
18-жаттығу. Төмендегі сұраулы және хабарлы сөйлемдерді лепті сөйлемге айналдырыңыздар. Әр сөйлемді қалай өзгерткеніңізді түсіндіріп, нүкте немесе сұрау белгісі орнына леп белгісін қою себебін көрсетіңіздер. Мәтіндегі эмоциялық мәнді, көңіл күйді сақтап немесе күшейтіп көрсетуге назар аударыңыздар.
Бекболат мәнісін сұраған соң, Жылтыр түсіндіріп айтты. (Ж.А.) Мұнша аспаптар қайдан келген? Осының бәрін Төлеген ақшасына сатып алған деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Төлеген мұның бәрін кеңседен алған; кеңсе қаланың байларынан жиналған; өйткені қызылдар келісімен байлардың мүлкін қазынаға көшірген ғой. Төлеген сияқты есебін тапқан қызметшілер қазынадан пайда қылмай тұрсын ба? Төлегеннің алатын да жөні бар ғой. Ол өзі протком (азық-түлік) деген кеңседе кемесардың орынбасары. Өйткені Төлеген жылы жерді біледі ғой. Жақсы киім, жақсы тамақ проткомшылардан табылады ғой. (Ж.А.) Уездік жерде кімдер қызмет қылады? Кімі қалай тұрады? Кімге сенуге, кіммен істеуге болады? Олар немен шұғылданады? Қандай кітап оқиды? Орыстармен арасы қандай? Кедейшілі, байшылы, адалы, арамы қайсы?.. (Ж.А.) Манадан бері Төлеген түк сөйлеген жоқ. Несіне бой көрсетсін? Доға мен Тыпаңнан қалатын сөз бар ма? Оның сенгені де солар ғой. Өзге жолдастардың сөзін тыңдап отырған Ақбала енді өзі сөйлеуге оңтайланды. Ақбала төңкеріс болғалы, топ алдында сөз сөйлеп, көсемдік қылып, ауызға ілініп жүрген жастардың бірі еді. (Ж.А.) Үйездегі қызметкерлердей ел жұмысына араласып, артық былықпаған, параға, ажарға сатылудан аман, нағыз әлеумет қызметкері, нағыз майталман болуға өзін арнаған азамат еді. (Ж.А.) – Сезіп келемін, – деді Мәди ширығып алғысы келгендей атының басын сәл тежеп, – мұның ішінде сені білетін біреу болса, мен білетін зұлымдық та бар секілді. Мылтықты оқтаңдар да, тағы тоқтатыңдар. (Ә.Ә.)
19-жаттығу. Мәтінді мәнерлеп оқып шығыңыздар да, леп белгісінің сөйлемдегі қойылу мәнін түсіндіріңіздер. Лепті сөйлемдерді оқыған кезде өз эмоцияларыңызды қалай қабылдағаныңызды сипаттап, оны жеткізу үшін қандай тыныс белгілерін қолданар едіңіздер, ойларыңызды толық білдіріңіздер.
Осы арам деміммен, арам аузыммен әкемнің иманды жүзіне қалай жақындармын, қайтып оны да арамдармын? Құдайдан қорықпай, оның құтты қадам мешіттей үйіне қалай кірермін? Кәпір сүйген, аймалаған аяғыммен жайнамаз салатын жерін қалай денем шімірікпей басармын? Кәпірді құшақтаған арам қолымды қайтып әкемнің адал дастарқанына апарып, қайтып бір табақтан ас ішермін! Мұны бұрын ойласамшы! Бұларды есіме алсамшы! Шыбын жан құрғырды ойлай беріппін-ау... Япыр-ау! Бұлар мен туралы не ойлайды екен? Мені арамдалмай аман келді деп кім ойлайды дейсің? Әлде менің тірі қалғанымнан да өлгенімді тіледі ме екен? Кім біледі, сөйткен де шығар. Мені көргенде, «Пәленшенің орыс бүлдіріп... кеткен қызы» деп, кім көрінген ішінен ойлап тұрады-ау! Әлде біреу әкеммен, не өзіммен егескен күні айтып та салады-ау!..
Ойбау-ау! Менің күйеуім ше? Ол енді менің маңыма жолар ма? Орыстан қалған салдаманды ол неғылсын? Тым болмаса бұзылмаған қаймағым, соған да бұйырмады-ау!.. Ол алмаса... онда мені кім алады? Мен бір ел-жұртқа әйгілі көзге шыққан сүйел болған екем ғой! Ақылымнан адасқан сорлы мұны білсемші!.. Кеше түнде арам денемді қасқыр боршалап неге жеп қоймады екен?!
(Ж.Аймауытов «Ақбілек»)
20-жаттығу. Көркем шығармалардан лепті сөйлемнің әр түріне үш мысалдан теріп жазыңыздар. Әр мысалда леп белгісінің сөйлемдегі эмоциялық мәнін анықтап, қандай сезімді (қуаныш, таңдану, реніш, өкініш, үрей т.б.) білдіретінін түсіндіріңіздер.
21-жаттығу. М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев туындыларынан лепті сөйлемі бар шумақтарды келтіріп, леп белгісінің қойылу себебін талдаңыздар. Әр ақыннан кемінде екі өлеңді алып, мысал келтіріңіздер.