Тырнақша, оның қойылатын орындары
Тырнақша – кідіріс пен интонацияға немесе сөйлемнің синтаксистік құрылысына емес, мағынаға негізделіп қойылатын тыныс белгісі. Ол мәтіндегі сөздің ерекше мәнде, шартты атау ретінде немесе бөгде сөз ретінде қолданылып тұрғанын білдіреді.
Тырнақша көбіне төл сөзді беру кезінде, шығарма атауларын, газет-журнал аттарын, ұйым атауларын, ерекше қолданыстағы сөздер мен тіркестерді, ирониялық немесе ауыспалы мағынадағы сөздерді көрсету үшін қойылады. Бұл тыныс белгісі мәтіндегі сөздің стилистикалық реңкін айқындап, автордың көзқарасын, бағасын немесе сөздің шарттылығын білдіруге қызмет етеді. Сондықтан тырнақшаның қойылуы сөйлеу ырғағына емес, сөздің мағыналық, стильдік ерекшелігіне және қолданыс мақсатына тікелей байланысты.
|
Тырнақшаның қойылатын орындары |
|
|
Сөйлем ішінде келген мақал-мәтелдер, афоризмдер |
– «Жасыңда қылжың болсаң, өскенде мылжың боласың», оны да осы бастан ойла. (Ә.Ә.) |
|
Дәйексөз, төл сөздер |
Қаражан ол балаларға көзі түскенде: «Тәйт, Арман, шық!» – деп, шошыта, үркітіп жіберді. (М.Ә.) |
|
Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тізбектері, әріптер, буындар |
«Қоңырәулиенің» үңгірлері біреу емес, бүйірлеп кететін бірнеше қалтарыстар бар еді. (М.Ә.) |
|
Кекету, ажуалау және кері мағынада қолдану үшін айтылған сөз |
Жас күнінде әйгілі Садақ ақынмен айтысып «Бала ақын» деген ат алып, сол Садақты өлең, сөзде мүдірткен осы Қадырбай болатын. (М.Ә.) |
|
Зауыт, фабрика, комбинат, машина маркасы, ұшақ т.б. қойылған аттар |
«Газ-69»-дың брезент төбесіне жаңбырдың тысырлап тиген дыбысы білінеді. (Н.Ғ.) |
|
Газет, журнал, кітап, шығарма, кино т.б. аттары |
«Алыстан сермеп», «Татьяна», «Көзімнің қарасы» – бәрі де Абайдың бірде ел мұңымен күңіренген, біресе жас сырымен шерленген саздары... (М.Ә.) |
|
Кейбір ойын, әдет-салт аттары |
«Орамал тастау», «Хан жақсы ма», «Мыршым», «Белбеу соқ», «Ләппай тутәлә» сияқты күлдіргі ойындар да тегіс ойналды. (М.Ә.) |
88-жаттығу. Мәтінді оқып шығып, тырнақша қойылған сөздерді анықтаңыздар. Әр тырнақшаның сөйлемдегі қызметін талдап, оның не үшін қолданылғанын түсіндіріңіздер.
Машинаны кейін қарай сәл қозғалтып, сонан соң газды молырақ беріп, алға оқыс лықытып қалғанда, дөңгелектердің бұдыр табаны бұтаны тұтып, «Газ-69» саздан қоянша ытқып шығып кетті. (Н.Ғ.) Қайратының молдығын «Түйе балуан» деп, сан кісіге бір өзі төтеп беретін, бұл заманның «дәуі», «батыры» десіп те жүретін. (М.Ә.) – Білемін. Сіздің «Интернатта оқып жүр» деген өлеңіңізді маған Петербург пен Омскіде жатқа оқып беріп, қатты мақұлдаған жастар болған-ды. (М.Ә.) Басқа біреу «баласың» десе, Әділбек мүмкін намыстанар еді, ал анасының сәбиге теңегеніне ол тіпті қуанып, масайрап, өзінің дырдай жігіт болғанын да ұмытып, шешесіне нәрестеше еркелегісі келіп кететін. (Н.Ғ.) Қазір атынан түсіп, таңданып, үңіле қарап жүріп, Арғынның «қос дөңгелек» таңбасын танығанын айтты. Керейдің «ашамай» таңбасын, Найманның «шөміш» таңбасын тағы да кезек-кезек тауып, таңдайын қағып, басын шайқады. (М.Ә.) Бұл қауымға тың болғанмен, барлық орыс жұртына мәлім «Стенька Разин», «Ермак», «Бродяга» сияқты әндерін де тартады. (М.Ә.) Мұндайлық айналма пәленің ашық аты – «Недоймке», «Қарашығын» және биыл түскен «Түндік басы». (М.Ә.) Бүгін түстен бергі жауыздық, қаталдығы үшін Бөкеншінің кедей-кепшігі оны «Қабанқара», «Қабанқарин» деп атандырған. (М.Ә.) Бұл уақыттарда скрипкада орыстың әсем сырлы, сұлу сезімді «Лесная сказка», «Над волнами» сияқты вальстері сызылған. (М.Ә.) «Қорыққанға қос көрінер жалғыз қурайдың» кері ме, кім білсін, әйтеуір мына екі баланы оның үрейі мүлдем жеңіп алды. (Ә.Ә.) – Иә, мен бір кезде Мәдидің асылы да, қасіреті де болған «Мен жаралы жолбарыс ем, сен киіктің лағы ең» деп салған әні неше жылдар бойы зарға айналған Назгүлмін! (Ә.Ә.)
89-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, олардың мағынасы мен контексіне сәйкес тиісті жерлеріне тырнақшаларды қойып, көшіріп жазыңыздар. Әр сөйлемде тырнақшаның қойылу себебін анықтап, дәлелдеңіздер. Тырнақшаның мәтіндегі қызметін, сөйлемнің мағыналық құрылымымен байланысын талдаңыздар.
– Ал бөріктінің намысы бір, мен үшін өзіңіз бір ауыз сөз айтпадыңыз ба сонда? – деді. (М.Ә.) Ертеде Шор шапқан, Найман шапқан, Бура тиген деген сияқты Тобықтының көп руларына үлкен шабуылдар жасаған көрші рулар болған-ды. (М.Ә.) Дауылдың ертеңінде тағы бір апат боп кетер деп малы үшін сескенген Тәкежан енді қыстауға көшкен-ді. (М.Ә.) Оның қызықты, сымбат сырлы дастандарынан Демонды тамашалап оқысып, неше алуан ойлар айтысқан. (М.Ә.) Базаралы, Тәкежан дауы деген бәлеге бүкіл бір ояз, Семей оязының болысы мен жуандары атсалыса бастады. (М.Ә.) Ояз енді Күнтуды орнынан түсірді де, назначениемен Оспанды болыс сайлап қойды. (М.Ә.) Осы жылдар жаңа келген Бурылтай әнін әсем бұралтып, созып жөнелгенде, Әбіштің қасына барған Әлмағамбет әнші шырқап тұрып қосылып кетті. (М.Ә.) Есік алдында жиналған жұрт зымырап кетіп бара жатқан Волганың соңынан көз жіберіп, әлі тарамай тұр екен. (Н.Ғ.) Тұңғыш қазақ тіліндегі баспасөз болып саналатын жергілікті әкімшілік органдары – Түркістан уалаятының газеті, Дала уалаятының газеті, Торғай газеті, Ауылшаруашылық листогі атты газеттер. (Р.С.) Егер жаңағы бір сөзді айтқан Мәдиден басқа біреу болса, Келбет оның есесін осы жерде қайтаратын еді, ол боз айғырына күле қарап: Жылама, жануар, жылама. Сені еліңнен, туып өскен жеріңнен айырып әкеле жатқан өзіңнің ағаң Мәди ғой дер еді, ибасы ондай әзіл айтуға да жіберген жоқ. (Ә.Ә.) Мысалы, ел, жұрт мағынасындағы байтақ сөзі – көбінесе эпостық жырлар мен батыс аймақтарынан шыққан ақындарда кездесетін диалектілік архаизм. (Р.С.)
90-жаттығу. Көркем шығармалардан тырнақшаның қойылатын түрлеріне кемінде бес мысал тауып, көшіріп жазыңыздар. Әр мысалда шығарманың атауы мен авторын көрсетіп, тырнақшаның сөйлемдегі қызметін талдаңыздар, оның не үшін қойылғанын түсіндіріңіздер.
91-жаттығу. Өлең мәтінінен тырнақшалар қолданылған мысалдарды тауып, көшіріп жазыңыздар. Әр мысалда тырнақшаның қойылу себебін талдап, түсіндіріңіздер.
Үлгі:
«Бәйгеге қобызың қос», – деп сұрасқан.
Қалқасы қалың Найман қалаған соң,
Қойлыбайың бәйгеге қобыз қосқан.
Найманның ұлы дүбір сол асында. (М.Жұмабаев)