II Бөлім СӨЙЛЕМ ІШІНДЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ· 13-тақырып

Сызықша, оның қойылатын орындары

Сызықша – сөйлемнің мағынасына, интонациясына және синтаксистік ерекшелігіне байланысты қойылатын тыныс белгісі. Ол мәтіндегі ойдың құрылымын айқындап, сөйлемнің мән-мағынасын нақты жеткізуге, кейде кейіпкер сөзінің үзілісін немесе эмоциясын білдіруге көмектеседі. Бұл тыныс белгісі тізбекті сөздер мен мүшелерді бөлуде, диалогтегі кейіпкер сөзін немесе түсіндірмелерді көрсету кезінде де маңызды рөл атқарады.

 

Сызықшаның қойылатын орындары

Бастауыш та, баяндауыш та бір сөз табынан болса

Жалпылауыш сөздің алдынан

Оңашаланған айқындауышта

Салалас құрмалас сөйлемде

Төл сөз бен автор сөзі, диалогте

Сөйлемді ықшамдап қолдануға байланысты

Жырау – ақындық қабілеті бар жай ғана адам емес, ол, ең алдымен, қоғам қайраткері, ақылшы, көсем. (Р.С.)

Дәрмен енді жаңағы Ділдә айтқан сөз барлық үлкен аға, кіші іні – бәрінің де көкейінде жүрген іс екенін білдірді. (М.Ә.)

Мұның артынан ілесе жүгіріп, Исаның екі кішкене баласы – Асан мен Үсен де келіпті. (М.Ә.)

Бардым, – жолыға алмадым. Айтудай-ақ айттым, – көнбеді.

Топқа таянған соң Нұрмағамбет би: – Азаматтар, жалпы амансыңдар ма? – деді. (Ж.А.)

Жақсы сөз – жарым ырыс. (мақал)

 

92-жаттығу. Мәтінді оқып, сызықша қойылған орындарды анықтаңыздар. Әр жағдайда сызықшаның не үшін қолданылғанын талдап, оның сөйлемдегі мағыналық, интонациялық және синтаксистік қызметін айқындаңыздар. Сызықшаның қойылу себебін нақты ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

Бұл күнде қаланы көп жағалайтын, өздері саудагер жас болыстар Темірғали, Айтқазы, Әлі, Рақыш, Оспан – бәрі де мәжілісті қызу, көңілді ету үшін кіршіме ішеді. (М.Ә.) Алыстан әлдекімдердің күбірлеген дауыстарының жаңғырығы естілген сияқтанды, – қай жақтан естілгенін шамалай алмаймын. (С.М.) Ауылда бір жыл құрылыста жұмыс істеп, институтқа келесі жылы барды, өзінің арман еткен оқуына – филология факультетіне түсті. (Н.Ғ.) Тайдай арлан бөрімен шаппа-шап ұстасып өлердей жағаласқаны, табжылтпай ұстап өлтірткені – бәрі де бұл өңірде, бұл заманда болмаған балғын азамат қасиеті боп тарады. (М.Ә.) Алғашқы бурыл шал – Афанасьич, қалған екеудің зор денелі, балуан кеуде сары мұрттысы – Федор, екіншісі, кішілеу денелі, өткір шүңірек көк көзді, түксиген қабақты ақбас шал – Сергей. (М.Ә.) Бұл жағдайды Гүлбану, Хамза, Сапия және оның ері – төртеуі әуелі өздері ақылдасып, бір пәтуаға келіп алды да, сонан соң пікірлерін ауру шешеге жайлап түсіндіріп, ақырындап айтып көріп еді. (Н.Ғ.) Екі көршіні бір-біріне шағыстырып, араз ету, екі малшыны қымызға қыздырып ап төбелестіру, екі сөзуар мылжыңды әдейі қажастырып қойып қырқысқан дауға салу – Әзімбайдың жас күнінен бергі ермегі. (М.Ә.) – Керек емес, ақша керек емес!.. Біз саудагер емес... Ал!.. Мә сүт! – деп, тегін беретінін білдіріп, қолындағы шүмекті шелегінен бір топ әйелге сүтті өзі құйып берді. (М.Ә.)

 

93-жаттығу. Көркем шығармалардан сызықшаның қолданылу түрлеріне кемінде бес мысалдан теріп жазыңыздар. Мысалдарда шығарманың атауы мен авторын көрсетіңіздер. Сызықшаның сөйлемдегі қызметін талдап, қойылу себебін тиісті ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

 

Бастауыш пен баяндауыш арасында

Жалпылауыш сөздің алдынан

Оңашаланған айқындауышта

Салалас құрмалас сөйлемде

Төл сөз бен автор сөзінде

 

94-жаттығу. Сөйлемдерді оқып, олардың мағынасы мен құрылымына қарай сызықша қойылатын орындарды анықтаңыздар, тиісті жеріне сызықшаны қойып, көшіріп жазыңыздар. Сызықшаның қойылу себебін тиісті ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

Сол балалардың алдында үй ішінде батыл енген кішкене қара домалақ бала Шөпіш еді. (М.Ә.) Бірі ауылда, бірі көрші ауданда тұратын ұзатқан екі қызы, екі күйеу баласы, жалғыз ұлы Әділбек бәрі үгіттеп, аудан орталығындағы жақсы ауруханаға апарып жатқызайық, тәжірибелі дәрілерлерге қаратайық, емдетейік деп ақылдарын айтқанмен, шешелерін көндіре алмаған. (Н.Ғ.) Бұрыннан келе жатқан жыраулар поэзиясы тіліне тән және бір белгі бір толғаудың өн бойында белгілі бір сөздердің немесе тіркестердің үнемі қайталанып отыруы. (Р.С.) Ол бұрынғы әдеттері сияқты осы күзде де түнгі күзетке құрбыларын малшы-жылқышыларын ертіп бара беретін. (М.Ә.) Қан көрейін демесе, кінегені қолымызға берсін! Қырғын қыламыз!.. (Ж.А.) Қазір бұл ауылдағы күзетші, сауыншы, түйеші, қауғашы, отыншы, асшы атаулы бәрі де жаман жыртық киімдерінен жел азынап, бүрсең қағып бай малының қамында жүр. (М.Ә.) Екі ойланбай-ақ Никифоровты Көкшолақ, Сойқан, Қабанқара үшеуі көндіріп алды да, төртеуі бір-біріне көз қысып, бас изеді. (М.Ә.) Үшінші курста өтілетін педпрактика міне, сол жоғарыға көтеріліп ұшар алдында шығатын тұғырдың бастапқы баспалдағы. (Н.Ғ.) Ол Әбіштің туған елінде, аулында ешкімге айтпаған, аша алмаған сыры. (М.Ә.) Адам басындағы қайғыға ортақтасу әрбір бауырмал, адал адамның әдеті. (М.Ә.) Уа, бозбалалар! Түстерің бұзылып, жүректерің алқынған көрінесіңдер. Шырақтарым, алқынбаңдар, аптықпаңдар. Жүректеріңді басыңдар! «Ашу кәпір, ақыл дос» деген. Аптыққан адам ақыл таба алмайтын... деп бір қойды. (Ж.А.)

 

95-жаттығу. Мәтінді оқып, бұрыс қойылған немесе мүлде қойылмай қалған сызықшаларды анықтаңыздар. Қателерді түзетіп, жаттығуды көшіріп жазыңыздар. Әр түзетілген сөйлем бойынша сызықшаның не себепті қойылғанын немесе алынып тасталғанын түсіндіріңіздер. Сызықшаның сөйлемдегі мағыналық, синтаксистік және интонациялық қызметін талдап, тиісті ережеге сүйене отыра дәлелдеңіздер.

Барлық өсімдік – атаулының топыраққа түскен ұрықтан өніп, сонан соң нәр тартар қорегі табылса, тамырын жайып, бойын көтере беретіні биологиялық құбылыс. (Н.Ғ.) Бұл – жиында тағы да аты құтырып шығып тұрған пәлеқордың бірі Шыңғыстың песірі Жаманкарин. (М.Ә.) ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы көркем әдебиет үлгілерінің тілін сөз ету үшін оларды тақырыбы мен мазмұнына қарай өз ішінен топтастыру керек. (Р.С.) Әнші – құстарға қызықтап қарау үшін осы үйге жиі келетін баланың біреуі Әділбек еді. (Н.Ғ.) Жас шалғыны мол, кең қоныс – Барлыбайда отырған Абай аулы. (М.Ә.) Бірі – орыс, бірі – қазақ екеуінің де қолтықтары толы будаланған қалың қағаздар. (М.Ә.) Кедей атаулының еңбегі, ащы тері, аз тілегі, үміті, жүдеу тірлігі бәрі де – осы тұяқтардың жау тепкісінде тапталды. (М.Ә.) Бүгін – біздің болыстың шетіне Ақтомардағы Бөкенші үстіне кеп түсіпті. (М.Ә.) Әбіш, бұл ауыл Ноғай аулы, Махмұт – ноғайдың аулы! (М.Ә.) – Осыны жылқы алдына шығып аңғарған Әзімбай барлық мырзалары мен құрбыларын, жылқышыларын шақырып алды да: Ал, жігіттер, енді аттан қонып, сабыр табыңдар. Осы арада әңгімелесіп жатайық. Жылқыда өре жоқ, малда тіл жоқ. Қайда басқанын кім білсін!.. Таңертең жиып алармыз! деп арам күлкімен жаман ниет сездірді. (М.Ә.) Бұл – тәсіл қазақ поэзиясы тіліндегі нақтылыққа көше бастауының белгісі. (Р.С.) Бірінің дәлелі қойдың қай қосқа сойылуы, екіншінің дәлелі – қойдың кімнен алғандығы. (Ж.А.)

 

96-жаттығу. Өлеңді дауыс ырғағын, кідіріс пен екпінді сақтай отыра мәнерлеп оқыңыздар. Әр тармақтың мазмұнына, ақынның көңіл күйіне және интонациялық ерекшеліктеріне назар аударып, өлеңді көшіріп жазыңыздар. Мәтіндегі сызықшалардың қойылуына көңіл бөліп, олардың оқу мәнеріне қалай әсер ететінін түсіндіріңіздер.

Жастық – алтын,

Құрып қал салтын,

Салты оның – үйрену,

Өнер қуып,

Бел бекем буып,

Надандықтан жирену!

Тұрма, қарғам, ұмтыл!

Аты өшкірден құтыл!

Білімсіз – есек,

Опасыз десек,

Сөйлеп, күліп жүрсе де.

Өлікпен тең,

Ит-құсқа жем,

Тірі боп ғұмыр сүрсе де.

Сондай болма, қарағым,

Даяр болсын жарағың!

Білген жан – көсем!

Сөйлесе – шешен,

Жұртты аузына қаратар.

Істегені – өрнек,

Қор қылмас ермек,

Нәрсені іске жаратар.

Білімдінің сөзі – ем,

Мейірімі көп, етек кең!

Жұртына мақтаулы,

Сыбаға сақтаулы,

«Пәлі!» деп қарсы алар.

Іс қылар тежеп,

Жан-жүрек өжет,

Бет келгенді арсалар.

Қайда барса – сыйымды,

Білімі – мал, бұйым-ды!

(М.Жұмабаев)