Алғы сөз

Адамның көңіл күйі мен сезімін, айтпақ ойын әсерлі әрі түсінікті жеткізуге, синтаксистік құрылымдар арасындағы мағыналық байланыстарды дәл айқындауға қызмет ететін графикалық таңбалар – тыныс белгілері. Тыныс белгілері дұрыс қойылмаған мәтін мен сөйлемнің мағынасы көмескіленіп, кей жағдайда мүлде өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан пунктуациялық нормаларды ғылыми негізде меңгеру мен оларды жазба тілде дұрыс қолдану тіл мәдениетін қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Қазіргі қазақ тіл білімінде пунктуация мәселесіне арналған бірқатар іргелі еңбектер бар. Солардың қатарында Р.Сыздықованың «Емле және тыныс белгілері», Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілі пунктуациясы», А.Қыдырниязованың «Орфография және тыныс белгілері», Қ.Ерғалиевтің «Қазақ тілінің орфографиясы мен пунктуациясы» атты оқу құралдарын атауға болады. Ұсынылып отырған электронды оқу құралы осы зерттеулерді негізге ала отырып, пунктуациялық материалды қазіргі ғылыми көзқарастар тұрғысынан жаңаша пайымдап, оны оқу үдерісінің талаптарына сай жүйеленуімен ерекшеленеді.

Қазіргі оқу үдерісінің жаңартылған мазмұны мен білім алушылардың танымдық сұраныстары аталған электронды оқу құралын әзірлеу қажеттілігін туындатты. Еңбекте теориялық материалдар білім алушылардың қабылдау, есте сақтау және практикалық тұрғыда қолдану мүмкіндіктерін ескере отырып құрылымдалған. Пысықтау тапсырмаларының мазмұндық әрі құрылымдық тұрғыдан әртүрлі берілуі білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, алған білімін жүйелі түрде бекітуге бағытталған. Сонымен қатар тәрбиелік мәні бар мәтіндер іріктеліп, сұрыпталып ұсынылған, олардың тақырыптық аясы қазіргі қоғамның өзекті мәселелерімен үйлесім тапқан.

Оқу құралында қазақ тілі синтаксисінің күрделенуі мен мәтін синтаксисінің қалыптасуына байланысты пунктуацияның теориялық негіздерінде қиындық тудыратын мәселелерге ерекше назар аударылған. Тыныс белгілерінің қойылу заңдылықтары синтаксистік құрылымдармен, мағыналық қатынастармен және мәтіндік деңгеймен тығыз байланыста қарастырылып, теория мен тәжірибенің өзара сабақтастығы сақталған. Пунктуациялық заңдылықтарды осылайша кешенді түрде ұсыну білім алушылардың тілдік талдау жасау дағдыларын қалыптастыруға, жазба тіл мәдениетін жетілдіруге және сауатты жазу білігін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл электронды оқу құралының ғылыми-әдістемелік құндылығын арттырып, оны жоғары оқу орындарының оқу үдерісінде, сондай-ақ практикалық қызмет барысында тиімді пайдалануға жол ашады.