1-тақырып. Дүниежүзінің саяси картасы



Саяси картаның мазмұны. Дүниежүзінің саяси картасында елдің әлемдегі орны, саяси-әкімшілік құрылымы бейнеленеді. Сонымен қатар саяси картада басты саяси-географиялық өзгерістер: жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, елдердің саяси мәртебесінің ауысуы, шекаралары мен аумағының, ел атауы мен астанасының өзгеруі және т.б. көрініс табады. Дүниежүзінің саяси картасындағы заңдылықтарды мен өзгерістерді географияның саяси география деп аталатын саласы зерттейді.

Мазмұны жағынан бір қарағанда қарапайым болып көрінетін саяси картада, әдетте, мемлекеттер мен олардың шекаралары, әкімшілік-аумақтық жіктелуі, астанасы мен ірі қалалары бейнеленеді. Мұның негізінде дүниежүзі елдерінің мемлекеттік құрылымы мен басқару үлгілерінің таралу заңдылықтарына, мемлекеттер арасында,ы өзара қарым-қатынастарға, сондай-ақ мемлекеттік шекараларды анықтау мен халықтың қоныстануына байланысты болатын аумақтық қақтығыстарға қатысты күрделі мәселелер жатыр. Дүниежүзінің саяси картасы тарихи кезеңдерде ұдайы өзгеріске түсуде. Оған әртүрлі факторлар ықпал етеді.

Саяси картаның қалыптасу кезеңдері. Дүниежүзінің қазіргі заманғы саяси картасының қалыптасуына қатысты оқиғаларды шартты түрде ежелгі, ортағасырлық, жаңа және ең жаңа кезеңдерге бөледі. Олардың ішінде әсіресе Жаңа (XVII ғасырдан Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін) және Ең жаңа кезең (Бірінші дүниежүзілік соғыстан бүгінгі күнге дейін) деп аталатын екі дәуірдің маңызы ерекше.

Еуропалықтардың орарлау әрекеттері XV ғасырда португалдардың Солтүстік Африкадағы аса маңызды сауда және көлік қатынасы орталықтары болып табылатын Сеута және Мелилья қалаларын жаулап алуынан басталады.

Еуропалық отарлау кезеңі Жаңа Дүние мен Ескі Дүниенің көптеген аумақтарын қамтыды. Еуропадағы жетекші мемлекеттердің жаңа жерлерді бөлісуі және ықпал ету аумақтарын экономикалық, саяси жағынан басқару сипаьы дүниежүзінің саяси картасының едәуір өзгеріске түсуіне алып келеді. Осы өзгерістерге сәйкес, мемлекет құрылымы мен оны басқарудың жаңа формалары пайда болды. Біраз уақыт аса ірі отар иеленуші мемлекеттер – метрополиялар (грекше metropolis – қала) болып есептеліп келген Испания мен Португалияның қатарына кейіннен Ұлыбритания, Франция, Нидерланд, Германия келіп қосылды. Осылайша Америкада, Африка мен Азияда отарлық аумақтар пайда болды. Мысалы, ХХ ғасырдың басына қарай отарлық иеліктер Африка жерінің 90%-ын, Азия аумағының 56%-ынан астамын, Америка жерінің 27%-ын алып жатты.

ХІХ ғасырдың басында Латын Америкасында басталған ұлт-азаттық қозғалыс нәтижесінде Экватор, Колумбия, Венесуэла, Парагвай, Аргентина және т.б. жаңа тәуелсіз мемлекеттер қалыптасты.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында дүниежүзінде жетекші метрополиялар арасында ықпал ету аймақтары үшін күрес шиеленісе түсті. Соның салдарынан әлемді Бірінші дүниежүзілік соғыстың өрті шарпыды.

1914-1918 жылдар аралығында болған Бірінші дүниежүзілік соғыста Антанта (Англия, Франция және Ресей) мен Үштік одақ (Германия, Австрия-Венгрия, Италия) елдері бір-біріне қарсы соғысты. 1915 жылы Италия Үштік Одақтан шығып, Антантаға қосылды. Соғыс мемлекеттік шекараларды қайта орнатып, отарларды қайта бөліске салу мақсатынан келіп туындады. Жалпы алғанда, бұл соғысқа дүниежүзінің 38 мемлекеті (оның 34-і Антанта жағында соғысты) қатысты.

Дүниежүзінің қазіргі заманғы саяси картасының қалыптасуында Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңы мен одан соң болған маңызды өзгерістер, ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы отарлық жүйенің күйреуі, 80-90 жылдарындағы социалистік жүйенің ыдырауына байланысты оқиғалар айрықша рөл атқарды.

1939 – 1940 жылдары Балтық бойы елдері мен көршілес аумақтарды қосып алу есебінен КСРО аумағы кеңейе түсті. Екінші дүниежүзілік соғыс барасында Польша, Югославия, Грекия аумақтары бөліске түсіп, Германия Еуропаның көптеген елдерін басып алды. Соғыста жеңіліске ұшыраған Германияның, сондай-ақ Италияның, Югославияның, Польша мен КСРО-ның мемлекеттік шекаралары өзгеріп, саяси картада Югославия Федеративтік Республикалар Одағы (ЮФРО), ГФР мен ГДР мемлекеттері пайда болды. Румыния, Болгария, Венгрия, Финляндияның соғысқа дейінгі шекаралары қалпына келтірілді. Шығыс Еуропада пайда болған социалистік мемлекеттер біртұтас блокқа бірікті. Еуропада осы жылдары басталған шекараларды қалпына келтіру жұмысы қазірге дейін жалғасын табуда.

Азияда бұл кезеңде Индонезия мен Вьетнам, Филиппин, Үндістан, Бирма (қазіргі Мьянма), Цейлон (қазіргі Шри-Ланка) тәуелсіздігін алды.1948 жылы Корея бөлініп, 38° с.е. бойымен жүргізілген демаркациялық сызықтың солтүстігінде КХДР, ал оңтүстігінде Корея Республикасы пайда болды. Осы жылы БҰҰ шешімімен Израиль мемлекеті қалыптасты. 1949 жылы Азияның мемлекеті – Қытайда мемлекеттің құрылымы өзгеріп, Қытай Халық Республикасы жарияланды.

ХХ ғасырдың 50–60-жылдары Азия мен Африкадағы отарлық иеліктердің тәуелсіздік алуымен байланысты саяси картада үлкен өзгерістер болды. Азияда Ұлыбритания мен Францияның иеліктері негізінде бірнеше тәуелсіз мемлекеттер (Мальдив аралдары, Камбоджа, Пәкстан Ислам Республикасы, Банглдеш, Сингапур, Кувейт және т.б.) пайда болды. Осы кезеңде Африкада 40-қа жуық мемлекет тәуелсіздігін алды. Тарихта “Африка жылы” деген атқа ие болған 1960 жылы Африканың 16 елі тәуелсіздігін жариялады.

Еуропаның саяси картасындағы соңғы өзгерістер ХХ ғасырдың 80 – 90-жылдары социалистік жүйенің ыдырауымен байланысты болды. 1989 – 1990 жылдары Болгария, ГДР, Румыния және Чехословакияда тоталитарлық жүйеге қарсы төңкерістер болды. 1991 жылы дүниежүзіндегі аса ірі ел саналып келген КСРО ыдырап, оның құрамында болған 15 республика өз тәуелсіздіктерін жариялады. Балтық бойы мемлекеттерінен басқалары ТМД деп аталатын жаңа одаққа бірікті.

ЮФРО-ның ыдырауы салдарынан саяси картада тәуелсіз Хорватия, Словения, Македония, Босния, және Герцеговина, Югославия Одақтық Республикасы пайда болды.

Соңғы оңжылдықтың өзіне Дүниежізінің саяси картасында бірнеше маңызды өзгерістер болды. 1993 жылы Эфиопияның Қызыл теңіз жағалауында орналасқан провинциясы – Эритрея тәуелсіздігін жариялады. 1994 жылы аралдық Палау Республикасы пайда болды. Камбоджа мемлекеттік құрылымын өзгертіп, конституциялық монархияға айналды. 1997 жылдан бастап Заир Республикасы атын өзгертіп, Конго Демократиялық Республикасы деп атала басталды. Осы жылы 99 жыл бойы Ұлыбритания отары болып келген Сянган (Гонконг) айрықша әкішлік аудан ретінде Қытайдың қарамағына өтті. 1999 жылы португал отары Аомынь (Макао) Қытай құрамына енді.

Саяси картаның қалыптасуында мемлекеттік шекараларды айқындау мәселесі маңыздылығы күні бүгінге дейін сақтап отыр. Елдер арасындағы ұзаққа созылатын екі жақты келісімдерге, халықаралық бітімшарттарға қарамастан, дүниежүзінің бірқатар бөліктерінде шекара дауы аймақтық жанжалдарға алып келуде. Соның айқын мысалы, бүгінгі таңға дейін шешімі табылмаған Израиль – Палестина жанжалы. 1948 жылы БҰҰ шешіміне сәйкес құрылып, шекаралары айқындалған бұл екі мемлекеттің шекаралық мәселесі Таяу Шығыс аймағындағы саяси тұрақсыздыққа негіз болып отыр. Израиль аталған мерзім ішінде шекараларын Палестина аумағы есебінен ұдайы кеңейтумен болды, соның нәтижесінде палестиналықтар өз жерінде босқындарға айналуда.

Дүниежүзінің қазіргі саяси картасында өзінің егемендігін жариялаған 200-ден астам мемлекет бар, олардың арасында халықаралық деңгейде танылған елдер саны 193 ғана. Өйткені елдің нақты тәуелсіздік алып, дербес мемлекетке айналуы тәуелсіздігін жариялаумен ғана шектелмейді. Мысалы, Әзірбайжан құрамындағы Таулы Қарабах өз тәуелсіздігін жариялағанымен, халықаралық деңгейде танылмағандықтан, саяси картада ондай мемлекет жоқ. Керісінше Палестинаны БҰҰ тәуелсіз мемлекет ретінде танығанымен, Израильдің басқыншылық әрекеті нәтижесінде ол өз аумағын қалпына келтіре алмай отыр, яғни саяси картада анықталған шекарасы жоқ.

Сонымен, дүниежүзінің саяси картасы мемлекет пен қоғам дамуы барысында ұдайы жүріп отыратын түбегейлі саяси-әлеуметтік өзгерістерді, әлемдегі елдердің орны мен ауқымын, түр-сипатын бейнелейді.