11-тақырып. Халықтың тығыздығы, орналасу ерекшеліктері мен қозғалысы



Халық тығыздығының көрсеткіші қалай анықталады? Халқының саны аз елдердің барлығында тығыздық төмен бе? Өздерің тұратын облыстың аумағында халық калай орналасқан?

Орналасудың жалпы сипаты. Тығыздығы. Дүниежүзінде халық мейлінше әркелкі орналасқан. Шығыс жарты шарда халықтың 85%-ы, ал батыс жарты шарда 15%-ы тұрады. Сонымен қатар солтүстік жарты шар үлесіне Жер тұрғындарының 90%-ы, ал оңтүстік жарты шар үлесіне халықтың 10%-ы ғана келеді (26-сызбанұсқаны қараңдар). Жалпы алғанда, халық жеке аймақтар бойынша да біркелкі таралмаған. Құрлықтын 30%-ға жуығын ғана алып жатқан Азияда халыктың 61 %-ы тұрады, үлесіне құрлыктьң 6%-ы тиесілі Аустралия мен Мұхит аралдарының халқы дүниежүзі халқының бар болғаны 0,5%-ын құрайды (сызбанұсқаны қараңдар).

Халық саны мен жерінің ауданы арасындағы сәйкессіздік салдарынан аймақтар бойынша халық тығыздығының көрсеткіштері де айырма жасайды. Дүниежүзі бойынша орташа есеппен 1 км2 жерге 49 адамнан келеді. Еуропада бұл көрсеткіш – 32, Азияда – 127, Африкада – 32, ал Аустралия мен Мұхит аралдарында 4 адамға тәң.

Латын Америкасы мен Африкадағы халық тығыздығын есептеп, басқа аймақтардың көрсеткіштерімен салыстырыңдар. Қазакстанда бұл көрсеткіш қаншаға тең?

Халық тығыз орналасқан (1 км2 жерге 100 адамнан артық) аудандар қатарына Батыс Еуропа (солтүстігі мен таулы аудандарын қоспағанда), Үнді-Ганг ойпаты, Оңтүстік Үндістан, Шығыс Қытай, Жапон аралдары, Ява аралы, Ніл анғары және Нигер өзенінің төменгі ағысы, АҚШ-тың солтүстік-шығысы, Бразилия мен Аргентинаның Атлант мұхиты жағалауы жатады. Сахара, Орталық Азия, Арабия, Аустралия шөлдері, климат жағдайлары қатал Канада мен Ресейдің, Еуропаның солтүстігі, калың орманды, батпақты Амазонияда халық өте сирек тұрады.

Халыктың орналасу сипатына ерте кезден бері табиғат жағдайлары ықпал еткен. Климаты жылы, вегетациялық мерзім ұзаққа созылатын, топырағы құнарлы, ылғал жеткілікті болатын немесе қолдан суаруға мүмкіндік бар аудандарда халық ежелден тығыз орналасқан. Адамзат тарихындағы алғашқы өркениеттер осындай аудандарда пайда болды. Қоныстануға ауданның жер бедері де әсерін тигізген; халықтың 80%ы теңіз деңгейінен 500 м-ге дейінгі жазықтарда (құрлык ауданындағы үлесі 28%) тұрады (кестені қараңдар).

Халықтың биіктік белдеулер бойынша таралып орналсуы (% есебімен)

Осыған қарамастан таулы аймақтарында халқының басым көпшілігі тұратын елдер де бар. Табиғат жағдайлары қолайсыз болғандыктан құрлықтың 10%-дан астамын адам мүлде қоныстанбаған.

Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен ауданның көлік қатынасына қолайлылығы да халыктың орналасуына әсер еткен. Қазіргі кезде дүниежүзі халкының 1/3 бөлігі теңізден 50 км-ге дейінгі аралықтағы құрлық жолағында (бұл кұрлыктың жалпы ауданының 12%-ы) шоғырланған. Теңіз жолдары тоғысатын аралдар мен түбектерде де, әдетте, халық тығыз орналасады. Америка мен Африканың жағалауларында халыктың тығыз орналасуы еуропалық отарлаудың ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ал XVII-XX ғасырларда өнеркәсіп жедел өркендеген аудандарда халық тығыздығы артты. Халықтың шоғырлануына өнеркәсіптің белгілі бір саласын дамыту үшін қажетті табиғат ресурстарының қолайлы үйлесуі шешуші ықпал етті. Қазіргі кезге дейін Еуропа мен Американың ежелгі өнеркәсіп орталықтарында көршілес аудандармен салыстырғанда халық тығыз орналасқан.

Атластан Еуропадағы Рур, Эльзас пен Лотарингия аудандарын және АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы өнеркәсіп орталықтарын тауып, ондағы халықтың тығыздығын анықтаңдар.

Жеке елдер аумағында халыктың орналасуына әртүрлі факторлар әсер ететіндіктен, халық тығыздығы туралы біржақты қорытынды жасау қиын. Өйткені халық тығыз шоғырланған елдер қатарына жоғары дамыған елдермен (Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Жапония) қатар, дамушы елдер (Бангладеш, Индонезия) де жатады. Дүниежүзі бойынша ергежейлі елдерді санамағанда, халық тығыздығы ең жоғары ел - Бангладеш; мұнда 2007 жылы орташа есеппен 1 км2 жерге 1054 адамнан келді. Корея Республикасында бұл көрсеткіш 490, Нидерландыда 393 адамды құрайды. Ал халқы сирек елдер арасынан жоғары дамыған Канада, Аустралия, Ресейді және экономикасы артта қалған Моңғолия мен Суринамды атауға болады. Демографиялық, жағдайдың да әсері зор; табиғи өсімнің жоғары немесе төмен болуы ел халкының орналасуы мен тығыздығына елеулі түрде ықпал етеді. Ел халқының орналасуында жергілікті факторлардың ыкпалына байланысты аумақтық айырмашылықтар болуы мумкін. Мысалы, Канада халкының 2/3 бөлігі оңтүстіктегі АҚПІ-пен шекаралас аудандарда, Аустралия халқы, негізінен, оңтүстік-шығыстағы портты қалалар маңында шоғырланған. Ел аумағында халық тығыздығының үлкен айырмашылық жасауы табиғатты қорғау мен табиғат ресурстарын тиімді пайдалану барысына және жекелеген аудандардың шаруашылық игерілуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Халықтың көші-қоны. Халыктың көші-қоны оның орналасуы мен санына, құрамына үлкен ықпал жасайды. Адамдардың қоныс аударуларының барлығын көші-қон, яғни миграция деуге болмайды, адам белгілі бір әкімшілік немесе мемлекеттік шекараларды кесіп өткенде ғана көші-қон қатарына жатады. Халықтың көші-қоны бірқатар арнайы көрсеткіштер арқылы сипатталады (сызбанұсқаны қараңдар).

Өздерің сызбанұсқадан көріп отырғандай, көші-қон сипаты, ең алдымен, оның ауқымына қарап анықталады. Ауқымына қарай ішкі (ел аумағында) және сыртқы (халықаралық) көші-қон болып ажыратылады. Ішкі көші-кон ел ішіндегі әртүрлі деңгейдегі әкімшілік бірліктерді қамтуы мүмкін. Қазіргі кезде Қытай, Бразилия, Индонезия сияқты елдерде халық тығыздығы жоғары аудандардан аз қоныстанған аумақтарға қоныс аудару басым. Көшпілік елдерде ауылдан қалаға қоныс аудару дәстүрлі сипат алған. Дамыған елдердегі ішкі көші-қон экологиялық жағдайы нашарлаған ірі қалалардан қала маңына, тіпті ауылды жерлерге қоныс аудару артуда.

Жекелеген аймақтың немесе елдің халықаралық көші-қон ауқымын анықтау үшін иммиграция (елге басқа мемлекет азаматтарының көшіп келуі) және эмиграция (елден адамдардың көшіп кетуі) түсініктері пайдаланылады.

Сыртқы көші-қонның бағыттары тарихи кезеңдерде ұдайы өзгеріп отырған. VI-VII ғасырларда шығыстағы ғұндардың тегеурініне төзбеген герман, славян және т.б. тайпалар Рим империясы жеріне жаппай қоныс аудара бастады. Тарихта Халықтардын, Ұлы көші деп аталған бұл процесс өз кезегінде Еуропаның қазіргі халқының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Азиядан Еуропаға бағытталған көші-қон XIII ғасырдың ортасына дейін жалғасты. VII-IX ғасырларда арабтардың жорықтары Азияның едәуір бөлігі мен Африканың солтүстігін, Еуропаның оңтүстік-батысын қамтыды. Бұл көші-қон араб халифатының құрылуына және әлемдік өркениеттің өзіндік үлгілерінін, бірі - ислам мәдениетінің таралуына себепші болды. XVI-XVIII ғасырларда миллиондаған адамдар өз еркінен тыс Африкадан Америкаға қоныс аударуға мәжбүр болды. Еуропалықтардың Ұлы географиялық ашылулар кезеңінен соң Америкаға көптеп қоныс аудара бастағанын білесіңдер. Еуропада капитализмнің жедел дамуы жұмыссыздар санын көбейтті; "артық" адамдар күнкөріс мүмкіндігі мол Америкаға, Аустралия мен Жаңа Зеландияға ағылды.

XX ғасырда болған Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар халықаралық көші-қон бағыттарын одан әрі күрделендірді. Соғыстан соң өз отанына қайта оралу басым болды. 1960 жылдары отарлық жүйенін, күйреуі де көші-қон ағындарының ауқымы мен бағытын өзгертті. Жоғары дамыған елдер дамушы елдердің азаматтарын қабылдау тәртібіне неғұрлым қатаң талаптар қоя бастады.

XX ғасырдың соңына қарай сыртқы көші-қонның қаркыны арта түсті. Сыртқы көші-қонның тұрақты бағыттары сызбанұсқада көрсетілген.

Көші-қонға экономикалық, саяси факторлар көп әсер ете бастады. Дамушы елдерден дамыған елдерге тек жұмыс күші ғана емес, кәсіби деңгейі мен білімі өте жоғары мамандар ("ақылдың ағылуы"), өнер иелері және сапалы білім алуға ұмтылған жастар да қоныс аудара бастады. Әрқайсысының үлесіне иммигранттардың 20%-ы тиесілі Еуропа мен АҚШ басты "қабылдаушы" аймақтар қатарында; соңғы жылдары Аустралия мен Мұхит аралдарына қоныс аудару артып отыр. Африка мен Азияның дамушы елдерінде халықтың әл-ауқатының төмендігі, экономикалық және саяси-әлеуметтік тұрақсыздық эмигранттар санын арттыруда. Парсы шығанағының мұнай оөдіретін елдері жұмыс күшін Оңтүстік Азия мен Филиппиннен, Солтүстік және Шығыс Африка елдерінен қабылдайды. Латын Америкасындағы көршілес елдерден Бразилия, Мексика және Венесуэлаға жұмыс іздеп мыңдаған адам қоныс аударуда. Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша, шамамен, 35 млн адам өз отанынан тыс жерде жұмыс істейді.

Көші-қон сипаты мерзіміне қарай қайтымсыз және уақытша болып болінеді. Уақытша көші-қон ұғымына маятникті (адамдардың жұмыс істейтін немесе оқитын орны орналасқан жерге күнделікті барып-қайтуы) және маусымдық (демалуға, маусымдық жұмысқа және т.б. барып-қайтуы) көші-қон түрлері жатады. Көші-қон кейде ерікті және еріксіз (босқындар) деп бөлінеді. Еріксіз көші-қонға елдегі саяси, экологиялық жағдайлар және табиғи апаттар себепші болады. БҰҰ-ның есебі бойынша XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзінде босқындар саны 20 млн адамға жетті.